ҒАСЫР ЖЫРЛАҒАН ҒАЖАП АҚЫН
Халық поэзиясының алыбы атанып, жүз жыл жасаған Жәкеңнің шығармашылығы түпсіз теңіздей терең, мұхит айдынындай кең. Саралап айтқанда, екі ғасыр, екі қоғамды қатар көріп, заманында осы екеуінің де жақсылығы мен жамандығын бір кісідей танып білген сөз зергері.
Жазушы Мұхтар Әуезов Сүйінбай ақынды «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп бағалаған. Сүйекеңдей жыр тұлпарының алдын көрген Жамбыл да талай ақынды сөзден жаңылдырған айтыскер атанды. Жал-құйрығы сүзілген сәйгүліктей өз заманының ақтангер ақындары атанған Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағамбет, Шашубай, Құланаян Құлмамбет сынды жел жетпес жүйріктерімен айтысқанда, мерейі әрдайым үстем түсті.
Жамбыл– қазақтың айтыс өнерін ел ішінде ғана емес, өзге ұлт өкілдеріне де таныта білген өнерпаз. Көршілес қырғыз халқының ірі ақындары Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақын-жырау, манасшылармен өнер сайысына түсіп, қазақ-қырғыз поэзиясының тағылымын ағайындас екі елге кеңінен танытты.
Шынын айту керек, Жамбылдай жыр сүлейін тереңнен танып, қадірін білген Кеңес одағы және сол қоғамға өткен ғасырдың бел ортасына дейін беделді қызмет көрсеткен ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері еді. Кеңестік дәуір кезіндегі Жамбыл шығармаларының тақырыбы әр алуан, мазмұны терең, идеялық ой-мақсаты айқын болуына сол заманның басты идеологтары жол көрсетіп отырды. Кеудесі алтын сандық, жыр маржанға толы жырау социалистік қоғамның қарышты дамуында күн сайын атқарылып жатқан жаңа құрылыстар мен жетістіктерді қалт жібермей жырға қоса білді. Жамбыл ақынның аузынан шыққан өлең-жырларын қалт жібермей хатқа түсіруді арнайы бөлінген хатшылары қасында жүріп жазып алды.
Енді қазақ поэзиясының қос шыңындай қатар тұрған Абай мен Жамбылдың халықтың рухани байлығына айналған өлең-сөздері, екеуінің замандастығы туралы да айта кеткен орынды болар. Әрине, мен зерттеуші емеспін. Алайда, бұл ойыма Жамбылдың көзін көріп, өлең-жырын өз құлағымен тыңдаған классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің мына сөзі дәлел болса керек.
«Сол кезге көз салсаң (ХІХ ғасырды айтып отыр Ә.Қ), Абай мен Жәкең бір мақсатқа, бір тілекке ақындықтың екі түрлі саласын өрлей аттанған сияқтанады: бірі – жаңа әдебиет өнегесін жазу арқылы, бірі халықтың байырғы өнегесі – сурыпсалма ақынның жолы. Бірақ екі ұлы ақын атамыз тоғысар жерін совет дәуіріне байлаған екен» деуі, өте шынайы берілген баға дер едім.
Жамбыл бабамыздың жүрегін жарып шыққан қандай өлеңін алсаңыз да тек ел бірлігі, ұлт намысы, бір-бірімен тату тұрып, ынтымақтаса еңбек еткен қарапайым халықтың мұңын мұңдаған, жоғын жоқтаған, жеткен жетістігіне балаша қуанған туындылар. Ешқашан үстем тап өкілдеріне жағымпазданбаған. Құлдық ұрып, жөнсіз мадаққа бармаған текті ақын болды.
Қазақ халқының басына қасірет әкелген Ақ патшаның 1916 жылғы «Июнь жарлығын» «Зілді бұйрық», «Патша әмірі тарылды» деген өлеңдерімен әшкерелеп, залым патшаның «әскердің қара жұмысына қазақтан солдат алу туралы» жарлығын жеріне жеткізе сынайды. Патшаның бұл ісін керісінше мадақтауды бұйырған Верный әкімдерінің сөзіне құлақ аспай, халық жағына шығады.
Ал социализмнің халық игілі үшін атқарып жатқан елеулі ісін жеріне жеткізе жырлай білді. Әсіресе, Жамбыл бабамыздың жұлдызын жарқыратқан 1936 жыл – ерекше жыл болды. Осы кезеңнен бастап ақын өмірі мен шығармашылығы Одақтағы барша жұртқа тарады. Республикалық ақындар слетінде айтқан жаңа жырлары қазақ әдебиетінің алтын қазынасына айналды.
Осы жылы Жамбыл Жабаев қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өткен он күндігіне қатысып, онда Кеңес елінің аса көрнекті партия және мемлекет қайраткерлерімен кездеседі. Ақынның әйгілі «Халықтың сәлемі», «Дастарқан жыры» осы сапарда туған еді. Ал мәскеуліктер мен Одақтың үкімет басшылары ақын шығармашылығын жоғары бағалады. Нәтижесінде СССР Жоғарғы Советінің Президиумының Указымен Жамбыл атамыздың кеудесіне «Еңбек Қызыл Ту» орденін «Бүкілодақтық староста» М.Калинин ақсақал өзі тақты.
(Жамбыл көз жұмған уақытта тоқтаған сағаты.)
Қазақстанның әдеби-мәдени өмірін Бүкілодаққа танытқан осы әйгілі сапардан кейін, Жамбыл бабамыздың да шығармашылығы шырқау биікке самғады. Отанға деген сүйіспеншілік, бірлік пен достық, туысқандық пен ауызбірлікті шабыттана жырға қосты. Ақынның 75 жылдық шығармашылық тойы Бүкілодақтық деңгейде өтті. Оған Совет Одағының барлық одақтас және автономиялық республикаларынан көптеген ақын-жазушылар, ғалымдар қатысты. Ал ақын атына сансыз алғыс хаттар мен құттықтаулар түсті. Тіпті, сонау Америка, Австралия, Франция, Чехословакия елдерінен де жеделхаттар келді. Соның ішінде дүниежүзінің ұлы ақын-жазушылары Мартин Андерсен Нексе, Ромен Роллан, Анри Барбюс, Рабиндранат Тагор, Катерина Сусанна Ричард сынды әлем таныған қаламгерлердің «миллион жолдық жырларды жатқа білген» Жамбыл Жабаевқа жүрекжарды лебіздері ерекше болды.
Енді Жәкеңнің ақындық қарымын, абырой-атағын аса жоғары бағалаған осы жеделхаттар ішінен бір мысал келтірейін. Атақты француз жазушысы Ромен Роллан: «Батыстағы Альпі тауларының жүрегінен қазақ далаларының жүрегіне – қазақ халқы мен осы заманғы адамзаттың жыршысы Жамбылға туысқандық сәлем !» – деп, ізгілікке толы лебізін жолдаған екен.
Шынында, бұл – тек Жамбыл бабамыздың ғана емес, жалпы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ұлы мейрамы болған ұмытылмас күн еді.
Осы жолы жыр алыбы – Жамбыл Жабаев СССР Жоғарғы Советінің Президиумының Указымен отандық ең жоғарғы награда – Ленин орденімен наградталады.
Ал 1938 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің тұңғыш сайлауы өткізілгенде, ақын Жамбыл Жабаевты Қазақстан еңбекшілері бірауыздан Жоғарғы Советтің депутаттығына сайлайды. Жамбыл атамыз осы жолы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 1938 жылғы 15 июльде шақырылған алғашқы сессиясын өлеңмен ашып, халықтың алғысына бөленген еді.
Көптеген өлеңдері Кеңес Одағына кірген барлық халықтардың тілдеріне, бұдан тыс ағылшын, француз, неміс, испан, чех, поляк, венгер, болгар, моңғол тілдеріне аударылып, әлем әдебиетінің қорына қосылды.
Ғасыр жырлаған ғажап ақын бүгінгі жасампаз ұрпағына тамсана оқитын таусылмас дариядай жырларын қалдырып кетті. Осыншама биікке көтерілген данышпан бабамыз «Жамбыл менің – жай атым, Халық менің – шын атым» деген қарапайым өсиетімен туған елімен бірге жасап келеді. Жәкеңнің Алатаудай асқақ даңқы бұдан ары да ғасырдан-ғасырға ұласып, келешек ұрпақтарымен мәңгі жасай беретініне біздер нық сеніммен қараймыз!
Әділ ҚҰРЫҚБАЕВ,
ҚР Жоғарғы сотының судьясы.