Ақынсыз ғасыр – тұл ғасыр
Алуан-алуан пенде бар, әліне қарай – амалы. Ал ақын – екі дүние елшісі. Оның кейде пенде қатарына түсіп, кейде періште қанатында ұшып жүретін себебі сонда. Алланың сол азат құсы аспаннан жерге түсіп, азапты ғұмыр кешсе – қанатының қайрылғаны, талабының майрылғаны. Күндердің күнінде ол бәрібір өзінің көгілдір әлеміне қайта ұшып кетеді! Абайдың әлемін, Мағжанның мақамын, Мұқағалидың мұңын, Төлегеннің төркінін түсінген, түйсінген жұрт ақынын әл-қадірінше ардақтап, абзалдап бағады. Ал бүгінгі күннің ақыны кешегінің ақыр-тақыр ақабасы емес екенін де еске салуға тура келеді. Серкеге серік, еркеге елік, елге сенім бола алатындай абыз да нағыз ақберен ақындар қазір де аз емес! Қожа Ахмет Ясауиді Әмір Темір, Әлішер Науаиды Хұсейін Байқара, абыз Бұхарды хан Абылай кезінде кез-кезегі келгенде осылай әспеттеген, ардақтаған, айқалаған. Ал біз…
Имани, рухани рәуіштегі Құраныңыз да өлеңмен жазылған. Ішкі әуен-сазы, иірім-ырғағы мақпал мақаммен қырағаттап оқуды қалайды. Жаратқан ие ең әуелі Сөз жаратқан десек, Ібілістің азғыруымен күнәһарланып жұмақтан «жер аударылған» Адам ата мен Хауа ана сол Сөздің төркінін таныған алғашқы ақындар болған деседі. Бәлкім, аңыз шығар, дегенмен аңыздың түп атасы – Ақиқат. Ақын рухының Аллаға жақын болу себебін осыдан сезінсек керек.
Иә, айтып-айтпай не керек, ақынсыз адами заттың күні қараң. Ақынсыз ғасыр – тұл ғасыр.
* * *
Кеше біз көп едік. Ақындарды айтам. Сол кешегі күні Олжас Сүлейменовтың «Америкада ақын-жазушылар алтау-жетеу-ақ, ал бізде жеті жүз, іліп алары аз…» деген сөзіне ерімізді астымызға ала тулап, «Қит етсе Американы өнеге тұтатын ауруға душар болдық!» – деп өзеуреп өре түрегеліп едік. Одан бері де көп өте қойған жоқ. Уақыт бәрін өз орнына қойды. Әлгі жеті жүз қаламгердің құрығанда жүзі азуын Айға білеген ақындар болатын. Солардан аз жылда ат төбеліндей-ақ ақындар қалды. Қалғаны қайда? Ерте көз жұмған еркесі мен серкесі, Құдайға шүкір, ел есінен шыға қойған жоқ. Ал ет пен терінің арасындағы жел-құзды жеңсік еткен көпшілігі көзден ғайып болды. Бірі үйде, бірі түзде… Батыр қаруын тастаса, тыныштық орнағаны. Ақын қаламын тастаса, ырыс-құт орнағаны… жо-о-оқ, ұйқасты қоя тұралық, не қартайғаны, не ортайғаны. Әзірге сыр алдырар емес, нендей күй кешсе де іштерінде. Ал іште…ақпандағы азынаған аязды қайдам, қызылшақа иттей қыңсылаған қыжыл бар…
Уақыт та бір, қызыл қырда сусыған құм да бір. Құм ішінен көз арбап, көкей тескен алтын жалқынын іздеп табу оңай емес. Оны кез келгеннен гөрі кеніштегілер жақсы біледі. Алмас кездіктің қын түбінде жатпайтыны сияқты алтынның да адым жерден табыла бермесі анық. Алтын – сонысымен алтын. «Алтындай ардақты, күмістей салмақты» десе, қазақ оның қадір-қасиетін білгендіктен айтады. Абай талап қойған «іші алтын, сырты күміс сөз сарасы» да алдымен ақын табиғатынан табылуы тиіс қағидат. Олай болмайынша сөзден сөл, өмірден өң қашады. Адамзат баласы атам заманнан-ақ ақынына қарап елін таныған, батырына қарап ерлігіне табынған. Бізде бұл тараптан үлгі мен үрдіс жеткілікті. Сөйте тұрғанмен…әлі күнге дейін барымызды бағалай алмай, жоғымызды шамалай алмай келе жатқанымыз жасырын емес, айдан анық.
* * *
…Абай тойы әлі есте. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші ай, ай жарым бұрын Алматы көшелеріне көлденеңінен ілінген ақын өлеңдеріне көз сүрініп: «Е, ел болайын деген екенбіз» деп ішімнен тәңірге тәубе айтқанмын. «Көз көрсе, жүз ұялады» демекші, бірде құлқы, бірде ғұрпы жетпей жүрген қазақ мынау бадырайып-бадырайып тұрған өлең жолдарын әрлі-берлі өткен сайын оқып жүрсе, ең бірінші – Абайын таныр, одан қала берді өзін таныр» деп ойлағам. Той өтті. Дүрмек-думан басылды. Апта өтпей жатып әлгі көше бойындағы Абай өлеңдері түгелімен ұшты, күйді, жоғалды… Міне, біздің «Абайтануымыздың» айқын бір үлгісі.
Ақынның бақыты – оқушысының бары. Өлеңнің бақыты – бағалаушысының бары. Екеуінің арасына қытай қорғанын орнатпақ түгілі саңылаудай сызат қалдырып сына қағудан асқан қылмыс пен қиянат жоқ. Ақынсыз – халық қамсоз, оқырмансыз – өлең жетім. Жетімнің көз жасына қалған жан о заманда бұ заман оңып та, оңалып та көрген емес. Аллаға да, пендеге де әу бастан аян ақиқат – жұмаққа, бір барса, Ақын ғана бара алады! Ал жұмаққа барады екен деп жұмған аузын аштырмай асығыс-үсігіс аттандырып жіберу амалына кіріскен екенбіз, қолмен істегенді мойынмен көтере білейік.
«…Айтсаңызшы, ағасы, ан-а-у-у жаққа,
Жүдеді ғой, жүдеді жұмағыңыз!» деген оқырман сауалына Қадыр (Мырза Әли) ақынның қалай жауап бергенін білесіз бе:
«Жаңғырығы жоғалды биік таудың.
Қойдым мен де сол тауға
жуықтауды.
Естімейді
Бір емес –
Миллионды,
«Анау-у жақтың» құлағы
құлыптаулы.
Бақалар мәз,
Құдыққа құлан құлап.
Көбейді тез құмды шөл,
Жыланды бақ.
Бұзар едім құлыбын құлақтардың,
Барлығын да тастаған пломбылап!
… Жалтақтаған, әрине, оңбас өнер!
Уақыт келді-ау
Сөзге емес,
Қолға сенер.
Қарағым-ай!
Ауыз да бақытсыз ғой,
Еститұғын құлағы болмаса егер!»
Иә, азды-кем ықшамдағанымыз болмаса, еститұғын есті құлық, елпетпе құлаққа осы да жетер. Ордалы жыландар алтын басып жатқанда, Айдаһар ақынның бұлайша шамырқануы тегін емес.
* * *
Тегінде, ақынның шабына ши жүгіртпеген жөн. Текті тұлпар тебініп тұрмағанымен, мұндайда тексіздікті кешіре алмайды. Егер өлеңге, оның түпата иесіне осылайша немкетті һәм немқұрайды қарап қам-қаперсіз отыра берсек, күндердің күнінде кім-кімнің де қиянаттың қияпатына ұшырауы әбден анық!!! «Анау-у жақтың» не істеп, не қойып отырғанын жан-түйсігімен сезініп, іші қара қазандай қайнап, ұрынарға қара таппай отырған Ақын жүрегінде бір-бір жанартау бұғып жатқанын біреу біліп, біреу білмейді-ау, сірә!.. Әсілі, жан тылсымының жанартауымен ойнамаған жөн болар. Менің пайымдауымша, «Помпейдің ақырғы түні» бізге де – мынау марғау, маңғаз қауымға да, міне-міне, жақындап келе жатқанға ұқсайды. Ана бір жылғы астамсып аспан тіреген Нью Йорк сауда орталығының, одан кейінгі «Нотр-Дам» (Париж) ғажайып кешенінің обыр отқа оранған опатын көзге елестетсек те жетер. Ақын мен оқырман арасын алшақтатудың небір айла-шарғысын амалдауына қарағанда «Анау-у жағыңыз» осы жанартаудан өте-мөте қорқатын болуы әбден ықтимал. Әйтпесе, ақындарын (өздері онша көп те емес) осыншалықты Мәжнүндей зарлатып, зағиптай запыран шектіріп қоймас еді ғой?! Мысал керек пе? Саусағыңды бүк те санай бер: Қазір қайыршы да бір, қаламгер де бір. Айырмасы: қайыршы көшеде, не базарда, ал қаламгер үйқамақта. Мұны дұрыс түсініңіз. Жаратқан ие жан-дүниесін тек жазу-сызумен жарылқаған соң осылайша жан бақпағанда қайтуші еді бұл жанкештіңіз? Ал Жаратқанның жарылқауы анау-мынау кәсіп те емес, нәсіп те емес – тұпа-турасында аманаттың өзі болса, қайтпек керек?! Айтыңызшы, хан болып, патша болып, яки, пенде болып, пендеден де кенде болып дәл осы бір ахуал-аужайды ертелі-кеш қауашағыңызға құйған, құлағыңызға ілген кезіңіз болды ма? «Әй, қайдам-ау, қайдам…» деймін мен түннің бір уағында ақ қағаздан көзімді ала бере құйтақандай құжырама Құдайға мың шүкірана айтып, ұзарған түнге қызарған көзімді ұзатып…
Қалталы мен шенеуніктің аужайы әубастан белгілі. Оларда бір қубақай қулық бар. Кездесе қалсаң, жылыұшырап сәлем бергенсиді. Сөйте жүріп, ізетіне ақы алғысы, қызметіне құлша жеккісі және бар. Қазір ауыл, қала «ақындарының», ол аздай айтыскер ағайындардың біразы солардың ығына еріп, ыңғайына көшкен. Амалың қанша, құлқыны құдық қу дүние кімдерді мәжбүр етпеген?..
Тағы бір кеселіміз – ақын атына тарының тар қауызындай қысық көзбен, не қиғаш қабақпен қарайтындығымыз. Қазір кез келгеннің аузынан: «Ақындар саясатқа араласпай, тым-тырыс үйкүшіктеніп алды, баяғы белсенділігі қайда?» деген сөзді жиі еститін болдық. «Мыңға жуық ақын-жазушымыз бар екен, солардың бәрі жұмақтан дәмелі» депті бір сабаз жалпақ жұртқа жар салып. Ұшқары пікір кімді ұжмаққа кіргізіп, ұшпаққа шығарған?! Әйтпесе, осы оқырманымыз Э.Хемингуэйдің: «Менің ойлайтыным бәрінен бұрын өз жайым, өз жұмысымның жайы, содан соң отбасымның қамы. Қала берсе, көршіме көмектесем. Ал мемлекет пен саясат дегенде менің шаруам жоқ», – деген өмірлік қағидасын оқымады деймісіз? Одан да, оқырман мен тыңдарманды ортақ ойға жүгіндірем десе, әлгі бауырымыз «менмін» деген қазақ ақынының тым құрса біреуін «жекпе-жекке» шақырмай ма? Жекпе-жек деп отырғаным – байыпты сөз, басалқы әңгіме, әрі-беріден соң әлдеқашан пісіп-жетілген пікірсайыс. «Мен жыламаймын, мен жыласам, әйелден де асырып жіберер едім…», – деп Ғабең (Ғабит Мүсірепов) айтпақшы, бетпе-бетте ақын, жекпе-жекте батырдың кім екені, неге «тым-тырыс» жатқаны ел алдында анық-қанық айтылмас па еді?!
* * *
Өзіңіз ой жіберіп көруіңізге болады, қазір ақын атаулы естен де, есептен де шықты десе болғандай. Баспалар мен газеттердің жай-күйін жоғарыда айттық. Кез келген мемлекеттік маңызы бар салтанатты жиындар былай тұрсын, ағымдағы атаулы мерекелерге ақындар шақырылмайтын болды. Шақырылмаған соң көбік сөз көбейіп, аз сөз, алтын сөз – өлең оқылмайды. Кез келген үлкенді-кішілі мерекені алсаңыз да осы. Асырып та жасырып айтсам, Құдай кешірсін, бірақ шындықтың аты – шындық. Әбден саясиланып біткен сан-санақсыз «сары прессаны» айтпағанның өзінде, бұл радиоңызға да, әлгі теледидарыңызға да тікелей қатысты. Қайсыбір жылдардағы марқұм Бейбіт Құсанбайдың Ұлттық арнадағы «Өмір-Өзенін» жұрт әлі естен шығара қоймаған шығар. Қайран, қағілез де хас сыншы Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен Парызы» қайда бүгін? Ашылғанына біраз болған «Абай» арнасында («Руханият», «Сарасөз», «Үркер», «Соңғы муза», т.б.) арнайы хабар-ошардың бәрі бар да ақындарға тиесілі бір «аужар» жоқ. Тым құрығанда, кешегі жақсыны бүгін жалғастырып әкетуге болмас па еді? Кеше мен бүгіннің рухы мен аруағы үшін. Бұл – өкпе емес, реніш. Алыпқашты сөз емес, ақиқат.
«Айналайын» десең бала екеш бала да жылауын қоя қояды. Еркелетер, есіркер, ескерер ел болса, ақын да бір бала. Ал дана болатын кезі мен тұсын сіз айтпасаңыз да өзі біледі. Кешегі Желтоқсанда Қайрат баламыз азапты шақта ақын болып кетсе, бұл кездейсоқ емес. Анау бір жылдардағы Абай азабы, Қасым қасіреті, күні кешегі
Мұқағали мұңы, Қадыр қайғысы, Жұмекен ішқұсасы бізді оймақтай болса да ойға қалдырмағаны несі деймінде.
* * *
Ұшқары сөз ұшпаққа апармайды. Ақикөзге ақиқаттың ауылы алыс. Шындықты шырақ алып іздер болсаңыз, шыңнан да, шыңыраудан да бұрын ақын жүрегінен табар едіңіз! Құлқыңызбен құп алып, құлақ түре қалсаңыз заман зарын, қоғам ызғарын олар өз ынтызарымен кез келген уақытта айта білген, айтып та келе жатыр, айта береді де! Өйткені, ақынның бойында батырдың қаны бар, батырдың бойында бәрі бар! Сенбесеңіз, назар аударыңыз: Желтоқсан дүмпуі, Жаңаөзен оқиғасы, тағысын тағылар… Жаспен шыланып, қанмен жазылған Қасіретнама – ән мен жырлар, дастандар аспаннан жауған жоқ, ақын жүрегінің азанамасы. Кешеден бүгінге жалғасып келе жатқан бұл «Тағдырнамада» сіз де, біз де бармыз, ағайын… Мысқалдай мысал:
Жұбан Молдағалиев:
«Мен бүкіл көркемәдебиет сияқты поэзияның да мейлінше азаматтығын, солдаттай ер, әйелдей сұлу болуын көксеймін…»
Сырбай Мәуленов:
«Көз жетпейді десек те,
Таудың шыңы бар.
Көз жетпейді десек те,
Теңіздің түбі бар…
Таудан биік,
Теңізден терең
Сенің жүрегіңді кім ұғар?..».
Асқар Сүлейменов: «Бағы қашса – асылдың күйік шығар, бағы тасса – масылдың биік шығар тұстары болмай қоймаған…».
Өтежан Нұрғалиев:
«Кімнің халқы күшті – соның ақыны аспандайды. Шекспирді ешкім ақын демеуші еді, қазір жұлдызы жанып тұр. Неге? Себебі, бүгінде ағылшындар соңғы сөзін Шекспир арқылы айтып отыр…».
Жарасқан Әбдірашев:
«…Туғандаймыз уақыттан ерте дара:
Ортаға да түсеміз, алқаға да!
Ерке бала көнбейді қақпайлауға,
Таяқты да көп жейді ерке бала…».
Кеңшілік Мырзабеков:
«…Менің бір тұтам өмірім
Тартсам созылар тарамыс болсайшы.
Бірде бай, бірде жұтаң көңілім
Жүйткіп жазылар қаламұш
болсайшы…».
Жұматай Жақыпбаев:
«… Жетпеспін сонау арманға,
Жеткенмен менде құдірет;
Ақынның тілін алған ба
Адамзат ауылы бір рет?!».
Тынышбай Рахимов:
«Қырым ет жоқ жағыңда,
неге?» дедің,
Қайталап та сұрадың, елемедім.
Жырдың дерті жаныңды
жегідей жеп,
Ойдың жүгін көтерсең,
көрер едім!..»
* * *
Жә, жетер, «теңіздің дәмі тамшыдан». Дегенмен, қайсысын алып қарасаңыз да, алдымен қоғамға, оның бір өкілі – қазақы атауға қаратып айтылғандай әсер қалдырады. Көрдіңіз бе, қайсыбіреулер айтқандай, ақындар «тым-тырыс» қалмапты, керісінше, қоғамға да, қауымға да қаратып айтар назы мен наласы аз емес екен. «Қоғамның тәнінен адамның жанын іздеген суреткер» (тағы да Асқар Сүлейменов) Құдайға шүкір, бізде де аз емес, тек дер шағында көре білер көз болса… Әрине, алдымен, (ғайыптан тайып), әлгі… «анау-у жақтың» көзі көретін болса!.. Амал не, «Поэты рано расплачиваются за свои скромные судьбы, а награждаются потом, потом…» – деп Григорий Поженян айтқандай, кеш өкініп, кеш опынып жататынымыз жанға батады да.
* * *
Қазір ақындарымыз сиреп, тым сирап қалды. Егемендіктің емін, тәуелсіздіктің ебін танып, таба алмаған соң қайсыбірінің ел көзінен елеусіз қалып отырғаны рас. Бірақ бұл «тым-тырыстық» емес. Өтпелі кезеңнің (сағыздай созылып бара жатқан) бір сәтін саясатшылар мен нарықтық экономиканың «реформаторларына» беріп уақытқа безбен болып отыр. Халықтың қайыршы халі жүрегін қансыратып, қанын тамшылатып жатқаны да жасырын емес. Ақынның жанайқайын естімек болсаң, не жанына жақында, не жаныңа тарт. Ханға да, қарашаға да, әкімге де, оған жақынға да, баспаға да басқаға да айтар уәж – осы. Есіңізде болсын: Қоғамның тас қамалы мен Ақынның қас-қабағы ешуақытта үйлесім тауып көрген емес!
«Ақындар саясатқа беттемей, қоғамнан шеттеп жүр» деген сөз де бекершілік. Өлең жазбау – ақынға қылмыс, жазған жырды жарияламау – жақынға ұят, оқымау – жамағатқа сын! Көкірек көзі көмілуге айналған жанның көзіндегі шелді сылып тастау – бүгінде Алатауды тескеннен де, Қаратауды кескеннен де қиын болып тұр. Жылдар бойы құлқына құлып салынып, рухани құнысқа айналған ұрпақ, буынның арқасына салмақ салу – одан да қауіпті, кез келген жерде аманат әдірем қалып, жүк ауып қалуы әбден ықтимал. Олай болмас үшін жас ұрпақты сөз атасы – өлеңмен асырайық. Жасамыстан қайран жоқ.
Анық-қанығы сол: «қазақ» сөзінің бір баламасы – ақын. Ақын жоқ болса, қазақ та жоқ!
Тағы бір басы ашық нәрсе өлең жазылып жатыр. Әзірге ол ақынның қойын дәптерінде, одан қала берді қылқаламының ұшында! Тәңірім оның тағдырын таршылықтың тартпасында қор етпегей!..
Айна-қатесіз ақиқат – қазақ – қазақ болғалы қара сөздің қаймағы, қара өлеңнің байрағы – ақын мен батырдан кемдік көрген емес. Қазақ әйелі аман болса, тәнін сырқат, жанын жара жайламаса, әлі талай айбозымдарды дүниеге әкеледі! Олай болса, алдымен аналарға жақсылық жасайық, Дуалы ауыз ағаларымыздың бірі Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтсақ, «Адамның байлығы – жиғанында емес, иманында». Әйгілі Ақмолла ақын сүйікті шәкірті Ақсұлуға былай деп ақ батасын беріпті: «Ақын үш нәрсені – адамгершілікті, сұлулықты, батырлықты міндетті түрде жырға қосуы лазым». Қай заманда да қазақтан осы үш қасиет қашпасын деп тілейік. Сонсоң аманат арқалар ақындарымыз саламат болсын деп тілейік! Жаныңда ақын жүрсе – жанарыңа періште елестейді. Бұл, ашып айтамын: ұшқары да тысқары сөз емес…
* * *
…Бірде Абылай хан ортаға ой тастай отырып: «Қазына қайда?» – деп сұрапты тосыннан. Сонда қасындағы ақылманы Бұқар жырау бөгелместен: «Бәсі жеткен жігіттің бір езуі – алтын, бір езуі – күміс, ал ауызы – қазына емей немене?!» — деген екен.
«Бабадан қалған өсиет – балаға бүгін қасиет» демегенде не дейік. Рас қой, бәсімізді ел білмегенде кім білсін!..
Исраил САПАРБАЙ
ПІКІРЛЕР2