ҮШ ҒАСЫР БҰРЫНҒЫ ЗОБАЛАҢ
25.04.2023
3076
0

Тарих қалтарысында қалған қалыңдық «дауы»

Үш жүз жыл бұрын, йағный 1723 – қойан жылының дәл көкек айында, қой қоздап, түйе боздап жатқан бейқам кезде қазақ жеріне қалмақтар тұтқыйылдан басып кірген еді. Қалмақтың қонтайшысы – Сеуан-Рабдан, қазақтың ханы Болат болатын. Сеуан-Рабдан қазақтарға неге өшікті, оның ала алмай жүрген қандай кегі бар еді? Біздің тарыйхта қалмақтарға жайылым, қоңды жер керек болды деген себептер айтылады, бірақ ол кезде қалмақтар жеріне сыймай, малы жайылымға сыймай жатқан жоқ еді. Көшпелі халықтардың бір-бірімен соғысыуына ол заманда көбіне намыс пен кек себеп болатын. Н.А.Аристов өзінің «Усуни и киргизы…» деген кітәбінде (Бішкек, 2001) мынандай дерек айтады: «Галдан Бошохты өзін өзі өлтірген соң, орнына жійені Сеуан-Рабдан отырады. 1698 – жылы ол қытай сарайына хат жазып, қазақ ханы Тәукеге Галдан тұтқынға алған адамдары мен Тійбетке жіберген құдаларын қайтардым, бірақ Тәуке хан соларды апарып салған 500 адамымды қырып, жүз үй қалмақты көшіріп әкет­ті депті. Онымен де қоймай, Тәуке хан Сеуан-Рабданның қалыңдығын, йағный Айыуке ханның қарындасын алып келе жатқан жүздікті жазалап тастапты» (сонда, 412 – бет).
Бұл оқыйғаны Қазыбек бек те «Түп-тұқиыйаннан өзіме шейін» кітәбінде және Шәкәрім қажы да өз шежіресінде баяндап өткен. Олардың айтыуынша, қыс ішінде Сеуан-Рабданның қалыңдығын әкеле жатқан топ қат­ты боранда адасып, Тұрпан маңында отырған Матай бійдің ауылына тап болады. Боран басылған соң да олар бораннан қорқып, кетпей қойады. Содан Матай бійдің Төлекей деген інісінен қалыңдық жүкті болып, содан Әмірсана тұуады. Ал тұтқындарды әкеліп салған 500 адамды Тәукенің қырып салғанын қазақ тарыйхы айтпайды. Алайда Аристовтың айтыуына қарағанда, Ақтабан шұбырындының басты себебі сол оқыйға болған секілді. Және Аристов: «1717 – жылы Қайып хан мен Әбілқайыр хан қалмақтардан жеңіліп қашты», – деп жазады (сонда, 413 – бет). «1718 – жылы Түркістан маңындағы Бөген, Шайан, Арыс деген үш өзен бойында қазақтарды ол тағы жеңді, – дейді Аристов (сонда, 413 – бет). – Орыс консұлы А.М.Унковскійдің айтыуы бойынша, – дейді ол, – Сеуан-Рабдан 1722 –1723 – жылдары қазақтарға үздіксіз шабыуыл жасап, Түркістанды да алыпты» (сонда, 413 – бет). 
Бұған қарағанда, қазақтардың қапы қалыуы мүмкін емес еді. Алайда ақылды, көреген, халық қамын ойлайтын, алдағыны болжайтын қазақ ханы болмаған. Жалпы қазақ жайау-жалпы бас сауғалап батысқа қарай босқан сол зобалаң тарыйхқа «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен енді. Сол зобалаң негізінен отыз бес жылға созылды. Екі арадағы соғыс біресе өршіп, біресе байаулап, тіпті бірер жыл тоқтап барып та жалғаса берді. Қалмақтардың алғашқы шабыуылы Сарарқа жерінен басталды. Жау Балқаштың солтүстігінен соқтықты. Мақсаты – қазақ ес жыйғанша Түркістанды басып алыу. Сондықтан ел сійрек отырған араны таңдады. «Ақтабанның» алғашқы жылында-ақ Жетісұу жері – қәзіргі Жетісұу, Алматы, Жамбыл обылыстары –түгелдей жау қолында қалды.
Тұтқын Ренат жасап берген зеңбірегі бар қалмақтар ес жыйғызбай, Түркістан мен Тәшкенді басып алды. Қазақ елі тек 1726 – жылы ғана есін жыйды. Елдің есін жыйғызған – қазақтың үш кемеңгері: Төле – Арыстың Ақ деген баласының ұрпағы, Қазыбек – Арыстың Жан ұрпағынан, Әйтеке (Айтық) – Арыстың Бек деген баласының ұрпағынан. Олардың ақыл-ойын бійлеген бір-ақ мақсат – елді сақтау. Ол үшін ең керегі – бірігіу. Екіншісі – әскер жыйыу. Үшіншісі – әскерді басқара білетін батырларды таңдау. Үш бій осы үш ұлы мақсат­ты да өз мойындарына алды. Және соны абыроймен атқара білді. Ханнан қайыр болмады. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс, орта жүздің ханы Сәмеке (Шахмохамет), кіші жүздің ханы Әбілқайыр, үш ханның үстінен қарайтын Болат та – бәрі үш ауылдың қазағын ел сақтауға жұмылдыра алмады.
Сол зобалаңның басынан соңына дейін қатысқан, 1723 – жылдан 1729 – жылға дейін ұлы жүз қолын басқарған Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқыйыннан өзіме шейін» ат­ты кітәбіндегі естелігіне қарағанда, тек кіші жүз ханы Әбілқайыр Абдолла ұлы ғана жау әскерінің десін басып, бетін қайтара алған. Сондай алмағайып жағдайда қазақтың үш данышпаны – Төле, Қазыбек, Әйтеке (Айтық) – ешбір ханға ашық қарсы шыққан жоқ, қайта оларды бетке ұстап, қазақтың үлкен, орта және кіші ауылдарын біріктіре білді. Соның нәтійжесінде, 1726 – жылы, көкек айының басында, кейін Ордабасы аталып кеткен жерде (қәзіргі Түркістан обылысы Ордабасы ауданы) қазақ хандары мен батырлары, ійгі жақсылары мен бійлері бас қосқан үлкен кеңес өт­ті. Оны Болат хан басқарды. Кеңестің ұйғарыуымен қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып Әбілқайыр хан тағайындалды.
Қалмақ әскері негізінен Шұу бойына шоғырланған. Сондықтан қазақ әскері мен қалмақ қолының алғашқы шайқасы да сол Шұу алқабында көкек айында өт­ті. Ол ара Айрантөгілген деп аталады екен. Атына қарағанда, мыңғырған қой жайылатын, айраны асып-төгіліп жатқан жазық жер болса керек. Жау қолы 45 мың, қазақ қолы одан бір мыңы кем болады: 44 мың. Шайқас төрт жерде өтетін болып келісіледі. Қазақ қолын Әбілқайыр (7 мың), Қазыбек бек (17 мың), Қанжығалы Бөгенбай (бір түмен), Қаракерей Қабанбай (бір түмен) – төртеуі төрт бөліп соғысады. Қазыбек бек басшылық еткен ұлы жүздің 17 мың қолы Бұланты өзеншесінің бойында болған алғашқы жекпе-жегін Шапырашты Сатай батыр бастап, сегізі жеңіп, тоғызыншы батыр ғана мерт болады. Жекпе-жек үш күнге созылады. Қазыбек бектің қасында Жолбарыс хан мен Төле бій әрі кеңесші, әрі жөн сілтеуші болып отырады.
Елі үшін, жері үшін жан қыйыуға серт еткен қазақ сарбаздары жанқыйарлық ерлікпен соғысады, қалмақтар қат­ты қырылғандықтан, сол Айрантөгілген даласы кейін «Қалмақ қырылған» атанып кетеді. Аман қалған қалмақтар Хан тауына қарай ығысады.
Бұл жеңіс Әбілқайырға үлкен абырой әкеледі. Болат хан ұзаққа созылған сырқат екен. Оның ел басқарыуға енжар араласыуына ол да себеп болса керек. Ол өлсе, оның орнына ұлы хан болармын деген Әбілқайырда айрықша үміт болады. Ондай үміт орта ауылдың ханы Сәмекеде де бар-ды. «Кімді бас хан етсек, дұрыс болады?» деген болжам Төле, Қазыбек, Әйтеке бійлерде де бар еді. Жауға қарсылық жасау жағынан Әбілқайырдың алдына шыға қойар ешкім жоқ-ты, бірақ Әбілқайырдың менмен мінезі әсіресе Әйтекеге ұнамайтын, Төле мен Қазыбек те соның ыңғайына қарай жығылатын. Қалмақ қырылған шайқасы қазаққа да, қалмаққа да оңай тіймеген-ді, екі жақ та ес жыйып, етегін жапқанша екі-үш жыл өте шығады. Қалмақтар Хан тауының төңірегіне қайтадан топтаса бастайды. Екі жақ бір-бірін аңдып, ұзақ арбасады. Өз жерінде ертерек ес жыйған ұлы жүз қолы 1729 – жылы ерте көктемде Ұзынбұлақ бетінде қалмақтармен тағы шайқасыуға бекінеді. Қалмақ қолбасшысы Жадамба мен қазақ қолының басшысы Қазыбек бек бұрыннан бір-бірін білетін батырлар еді.

Қалмақтың бел омыртқасын үзген жеңіс

Жекпе-жекті Қазыбек бектің досы Мүйізді Өтеген батыр бастап жеңсе, дода соғыста да қазақтар жеңіске жетеді. Бұл шайқасқа бүкіл қалмақ қолы қатыса алмаған-ды, енді олар күн сайын көбейіп, Хан тауының бауырында ашықтан-ашық сайран сала бастайды. Бұл жағдай Төле бійдің де, Жолбарыс хан мен Қазыбек бектің де көкірегін тырналап, мазасын кетіреді. Ұлы жүз қолы аз еді, алайда аз болса да, амалсыз соғысқа әзірленеді. Жағдайын айтып, Төле бій досы Қазыбек бійге сәлем жолдайды. Халқының да, досының да жаны қысылғанын жақсы ұққан Қазыбек бій өз дегенінен шықпайтын Бөгенбай батырдың қолын және өзі бастаған аз қолды бастап, Жетісұу жеріне жедел жетеді. Бөгенбай алдағы шайқасқа бас қолбасшы болып белгіленеді. Өзімізді жау басып алады деп қорқса керек, Сәмеке Бөгенбайға қайта-қайта: «Қайт!» – деп бұйырса да, Қазыбек бій Бөгенбайды жібермейді. Батырдың өзі де: «Бармаймын!» – деп, бекем жауап қайырады. Кейін «Аңырақай шайқасы» аталып кеткен бұл ұрысқа, әлі осы өңірде – Қордай маңында – жүргенмен, Әбілқайыр хан қатыспайды.
Себебін не аңыз, не жазба дерек айтпайды. Алайда ол өзінің ағасы саналатын Жолбарыс ханды жақтырмайтын. Себебі оның шын төре емес, асыранды бала екенін білетін. Осындай өз басының жағдайын бәрінен жоғары қойатын өр мінезі оны үнемі қыйас қылықтарға ійтермелейтін. Бүкіл қазақ әскерінің бас қолбасшысы саналатын адамға бұндай қылық, әрійне, абырой әкеле қоймайтын. Пендешілік тұрғыдан қарасақ, ол ұрысқа бас қолбасшы болып Бөгенбайдың бекігенін білген соң, бәлкім, шамданыуы да мүмкін. Қазақ қолы бұл шайқаста қалмақтан мың сарбазға артық болды.
Ұрыс алдында Бөгенбай түн ішінде өзі барлау жасап, бір қалмақты тұтқындап, жаудың ертеңгі жоспарын біліп алады, соның арқасында, қалмақтардың сыртқа өтіп алмақ болған жоспарын болғызбай тастайды.
Негізгі шайқас жекпе-жектен басталады. Алғашқысына Сатай батырдың үлкен ұлы саналатын немересі Бөлек батыр шығады. Қарсыласы – Аңғырақ деген қалмақ батыры. Бөлек Аңғырақты әскерій ойын көрсете жүріп жеңеді. Қалмақтың Аңғырақтай әйгілі батыры өлген жер кейін Аңғырақай (Аңырақай) аталып кетеді. Ол арада соғыс барысын бақылап отырған Жолбарыс ханның, Төле мен Қазыбек бійлердің жотасын жергілікті жұрт күні бүгінге дейін қәдір тұтады. Аңырақай шайқасында он мыңнан астам қалмақ жер құшады. Қазақ қолы да ойсырайды. Жұрт айтып жүргендей, жекпе-жекте емес, дода соғыстың үстінде әлі ешкімге белгісіз Әбілмансұр қалмақтың Шарыш батырын найзамен шаншып өлтіріп, аты шығады. «Абылайлап» ұрандап, Абылай атанады. Қойгелдінің: «Атасы басқа, ат­тан түс!» – деп, міңгестіріп әкеле жатқан баласын түсіріп тастап, атынан айрылған інісі Ақшаны мінгестіріп алатыны да осы ұрыста. Шайқаста шәйіт болған атақты батырларды Далатаудың солтүстігінде созылып жатқан таудың жота-жоталарына жерлеуді бұйырады бас қолбасшы – Бөгенбай (Манаш Қозыбаевтың дерегі). Сол тас белгілердің жыйырмадан астамы Аңырақай бекетінің батыс жақ бетіндегі жоталардан пойыз терезесінен де көрініп тұрады.
Ақырында жеңілген жау екі бөлініп қашады, Іленің оң жағалауындағысын Бөгенбай, сол жағалауындағысын Қазыбек бек өкшелейді. Аңырақай жеңісі – қалмақтың бел омыртқасын үзген жеңіс. Қаһарына мінген қазақтың енді дес бермесіне қалмақтың көзі жет­ті.
Қазыбек бек үлкен көрегендік жасап, енді ұлы жүз қолын басқарыуды жас батыр Наурызбайға тапсырады. Оны барлық батыр бірауыздан қолдайды. Наурызбай қалмақ қолбасшылары Қаскелең мен Шамал ханды жекпе-жекте жеңген соң, бірден атақты батырға айналады.
Сеуан-Рабданның, оның орнына отырған Қалдан Сереннің өлімі қалмақ арасында таққа талас тұуғызып, алауыздықтарын өршітіуі қазақ үшін тыныс алып, елдің етек-жеңін жыйнауына мүмкіндік берді.
Екі арада он бес жылға жұуық ірі соғыс болған жоқ.1745 – жылы көктемде Наурызбай батыр қол жыйып, елдің шығыс шегарасын басып жатқан қалмақтарға қарсы соғысты өзі бастайды. Сол жылы Ырайымбек батыр он беске толған болатын, бірақ ол ұрысқа қатыса алмайды, жылқы күзетінде жүріп, естімей де қалады. Қарқарадан қалмақтарды құуып тастаған соң, елді азат етіу майданы одан ары жалғасады. Енді бүкіл қазақ әскерінің жорығын Абылай басқарады. Оның үш қолбасшысы – Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай. Соғыса-соғыса олар 1757 – жылы Алакөлге де жетеді. Жеңілістен жеңіліске ұшырап, үш қолбасшының біріккен майданынан әбден берекесі қашқан, жігері жасыған қалмақтар әскерінің еңсесін көтеріу үшін, бабаларымызға жүз жыл бұрын жасаған үлгіні тағы қайталамақ болады.
Орбұлақ шайқасында ойсырай жеңілген қалмақтар соның кегін қайтарыу үшін, 1652 – жылы егде тартып қалған Салқам Жәңгірге қарсы жас жігіт Ғалдама батырды арнайы дайарлап, әдейі жекпе-жекке шақыртады. Жас батыр қазақ ханын найзамен сойып өлтіреді. Алайда, кейбір тарыйхшылар айтып жүргендей, қазақ қолы ол ұрыста жеңілмейді, ханның кегін алып, жауды Қорғасқа қарай құуып тастайды да, Жәңгірді сол қаза болған жеріне, бұл күнде Үйгентастың белі аталып кеткен жайлауға жерлейді. Қазақ ол ұрыста жеңілсе, ханның сүйегі жау қолында қалмас па еді? Сол әдісті қайталамақ оймен қалмақтың жас бытыры Арқауыл 67 жастағы Қабанбай батырды жекпе-жекке шақырады. Абылай да, өзгелер де, ондайды күтпегендіктен, әуелгіде мүдіріп қалады. Абылай да, Наурызбай да Қабанбайдың орнына мен шығайын деуге дейін барады. Бірақ Қабанбай батыр қасқайып өзі шығады. Сол жекпе-жекті өз көзімен көрген Қазыбек бек Тауасарұлының жазыуынша, Арқауылды Қабанбай дәл бір ойнап жүрген адамдай масқаралап жеңеді, әуелі Арқауылды атынан аударып түсіріп, артынша жайау қалған жас батырдың басын қылышпен қағып түсіреді. Сол жекпе-жек Ақтабан шұбырындының соңғы жекпе-жегі екен, содан кейін бір жағынан қазақ, екінші жағынан қытай қыспаққа алған қалмақтар өз мемлекетін жойып тынады. Бұл соғыстың біраз ерлігін абыз жырау Бұқар бабамыз жырлап, біразын Қожаберген жырау жазып кет­ті. Абылайдың аты, оның үш қолбасшысының аты қазақ халқының ең қәдірлі атына айналды. Өзінің естелігінде Қазыбек бек: «Мен оларға – Қабанбайға, Бөгенбайға, Наурызбайға – қазақтан шыққан арыстандар деп қарадым, құрмет тұт­тым», – дейді («Түп-тұқыйаннан…», Алматы, 2009, 323 – бет). Бұл – шексіз сүйіспеншіліктен шыққан шынайы баға. Өз замандастарына мұндай бағаны кіршіксіз адам ғана бере алады.

Жоңғар мемлекеті қалай жойылды?

Отыз бес жылға созылған «Ақтабан шұбырындыны» қазақ жеңіспен айақтады. Ол жеңістің басты себебі елдің, елді ерте білген үш бійдің, ел батырларының біріге біліуі еді. Қалмақ елінің ішінде тұуындаған таққа талас пен содан өрбіген алауыздық та қазақтың жеңіске жетіуіне көп үлес қосты.
Сеуан-Рабдан өлген соң оның орнына Қалдан-Серен отырды, ол өлген соң орнына оның ұлы Доржы, ол өлген соң орнына Лама-Доржы отырды, 1751 – жылы таққа Әмірсананың қолдауымен Даватсый отырды. Алайда өзара келісе алмай, Даватсый мен Әмірсана екеуі бір-бірімен соғысып қалады. Абылай қазақтан тұуған Әмірсананы жақтайды және қалмақтардың өзара жанжалын қазақ пайдасына шешіуге тырысады. Алайда тарыйхта «Жоңғар мемлекеті» аталып жүрген қалмақ мемлекетін жойған – қытай әскері. Ал оған себеп болған – қалмақ қонтайшысы Сеуан-Рабданның қазақтан тұуған баласы Әмірсана.
Даватсыйды жеңіуге шамасы жетпей бара жатқан соң, Әмірсана 1755 – жылы қытайлардан көмек сұрайды. Қытайдың көктен сұрағаны жерден табылады. Қайта-қайта соғысып, қайта-қайта мазасын ала беретін қалмақтардан кек алыудың іреті келе қалған еді, сондықтан қытай әскері қалмақтарға лап қойады. Халқын қырып-жойып бара жатқанын көрген Әмірсана енді өзі қытайларға қарсы шығады. Қытай зерт­теушісі Мэн –Гу – Ю – Лу – Цзидің жазыуынша, 1755 – жылы Ілеге құйатын Қас өзенінің бойында Әмірсананың қоршауына түскен қытайдың Бонь – ди деген әскербасы мен О – Жунь – Ань деген міністірі өздеріне қол жұмсап қаза болады. («Маңғолдардың көші-қоны жайындағы жазбалар», С.– Петербург, 1895 – жыл, 473 – бет). 1759 – жылы Қас жері қытай елінің құрамына қарайды. Осындай жолмен бүкіл Жоңғар мемлекетінің жері қытай мемлекетінің қолына өт­ті.
Қытайлардың тұтқынынан қашып шыққан Әмірсана қазақ елінен пана іздейді. Оны біліп қойған қытайлар Абылайдан Әмірсананы ұстап беріуді талап етеді. Әмірсана орыс жеріне қашып барып, сонда шешек ауырыуынан қаза табады (Н.А.Аристов «Усуни и киргизы…», Бішкек, 2001, 418 – бет).
Сөйтіп, 1758 – жылы жер бетінен Жоңғар мемлекеті жойылады. Қазаққа қәуіп енді қытайдан төне бастайды.
1756 – жылы қытай әскері қазақ жеріне басып кіреді, оған қарсы Абылайдың өзі шығады. Бірақ жеңіске жете алмайды. Н.А.Аристовтың жазыуынша, Абылайдың Қожабергенге (Ходжа – берген) Әмірсананы өзімен бірге Нұраға алып кетіуді тапсырғаны айтылады (сонда, 435 – бет). Бұл Қожаберген – Сегіз серінің бабасы Қожаберген жырау. Аристов тағы Қожаберген жырау қолының алдыңғы шебі жау қолымен (қытайлармен) ұшырасып қалып, қаша жөнелген адамша жауды алдап қоршауға түсіргенін де жазған (сонда, 435 – бет). Десе де қытайлар жеңеді, қазақтарды Нұраға дейін құуып, 500 адамын өлтіреді, бір батырды қолға түсіреді. Қожаберген Әмірсанамен бірге екі мың қолмен қытайларға қарсы соғысып, 340 адамынан айрылады. Әмірсана қашып құтылады. Бұған қарағанда, Абылай өзі ашық араласпай, Әмірсананы қолдауды құпыйа түрде Қожаберген жырауға тапсырған болып шығады. Тағы бірде қытайлар қаракесектің жүз адамын өлтіреді. Абылай да қашып, тағы екі жүз адамынан айрылады (сонда, 435 – бет). Абылай енді қытайлармен келісімге келіп, Әмірсананы ұстап беріуге уәде етеді. 1757 – жылы Абылай қытайларға Әмірсананың қасындағы екі батырын ұстап береді. Қытайға бағынатынын білдіреді (сонда, 435 – бет).

Шегара үшін шайқастар

Бұл деректерге қарағанда, Ақтабан шұбырындының айақталыуы қазақ пен қалмақ үшін де аса қыйын болған. Қазақ пен қалмақ садақ атып, қылышпен шауып, найзамен шаншып соғысса, қытайлар тек мылтық атып соғысқан. Сондықтан Абылайдың да, Қожабергеннің де қолы қытайларға айтарлықтай қарсылық көрсете алмаған. Сондықтан Абылай қытайларға қарсы алдау сайасатынан басқа ештеңе істей алмаған. Сол себепті қазақ басшылары орысқа арқа сүйеуден басқа тійімді жол таба алмаған. Басында орысқа бодан болған Әбілқайырға қарсы шыққандар бірте-бірте бәрі де сол жолға түсе бастаған. Әбілқайырдың кінәсі сол: ол орысқа бодан болыуды тездет­ті, дұрысы – сөзбұйдаға салып тежей беріуі керек еді.
Ал енді Ырайымбек батыр мен оның серіктерінің және Бердіғожа батырдың шығыстағы ел шебінде соғысыу жағдайын жақсырақ түсініу үшін, ол кезде қалмақтардың қай араға дейін ійелік еткенін білген жөн. Н.А.Аристовтың жазыуына қарағанда, қытайлар өз шегарасын ХVIII – ғасырдың 2 – жартысында Шарын мен Бұурақожыр (Көктал) өзендеріне дейін белгілеген, ал шегарасының солтүстік батысын Жоңғар Алатауынан Тарбағатайға ұштасатын тұсына дейінгі аралықты, Балқаш пен Алакөлге дейінгі жерлерді белгілеген екен (сонда, 433 – бет). Мұның бәрі, шынында, ежелгі қазақ мекені, тек кезінде қалмақтар басып қалған жерлер еді.
Осының бәріне ой жүгірте қарасақ, Ақтабан шұбырындының негізгі ауыртпалығы Жетісұу жеріне түскені байқалады. Ол аздай, 1758 – жылы жер бетінен Жоңғар мемлекеті жойылып кеткеннен кейін де Жетісұу жерінде қалмақтарға қарсы соғыс жалғаса береді. Оның басты дәлелі – Ырайымбек батыр мен Бердіғожа батырдың шайқастары.
Қабылбек Сауранбаев деген ағамыздың мемлекет­тік мұрағатқа тапсырған «Ырайымбек батырдың шайқастары» ат­ты зерт­теуінде Хангелді немересі Ырайымбек Түке – ұлының ерліктері тек жау басып алған жерлерді азат етіу жолына қатысты екені айдан анық айтылған. Ырайымбек өзінің ұлт-азат­тық күресін 1745 – жылы он бес жасынан бастайды. Қабылбек ағамыздың жазбасында оның серіктері албан батырлары және жалайыр Қапай, Бақай мен сұуан Аралбай, Сатай, Бөлек батырлар, сондай-ақ шанышқылы Бердіғожа батырлар болғаны айтылады. Алайда Бердіғожа батырдың ғана ерлігіне нақты тоқталмайды. Соған қарағанда, Ырайымбек екеуінің бірлесіп соғысыуы бола қоймаған-ау, бірақ бірін-бірі білген, бәлкім, қолдаған да болыу керек деп ойлаймын.
Қабылбек ағамыздың жазыуынша, Ырайымбек қазақ жерін қалмақтардан азат етіу соғысын Түрген өңірінен бастап, Үсек өзенінің бойындағы Түргенкент бекінісін алыумен айақтаған, сол екі араға 25 жыл өмірін арнаған. Анықтап айтқанда, шайқасын 1745 – жылы бастап, 1770 – жылы айақтаған. Түргенкент шайқасында ұулаған жебеден жаралы болып, қанды көйлек досы Бақай батыр үйге көтеріп кіргізіп, үйден көтеріп шығаратын дәрежеде болған. Ондай хәлдегі адамның тым ұзақ жа­сауы, әрійне, күмәнді болса керек.
Ырайымбектің әулійелігі – әділдігінде. Жеңілген қалмаққа қазақ жерін босатып көшіп кетіуі үшін бірер жыл мәулет берген, сол мезгілде үуәдесін орындамағанда ғана шауып алатын болған. Және қалмақша кійініп, жау ішіне аз топ­пен өзі араласып кетеді екен. Белгілі бір уақыт­та: «Ырайымбек! Ырайымбек!» – деп, ұрандатып шыға келгенде, жақын маңда тығылып тұрған серкітері лап қойатын болған. Олар да: «Ырайымбек! Ырайымбек!» – деп ұрандайды. Өз орталарындағылар да, сырт­тағылар да: «Ырайымбек!» –деп ұрандатып, қайсысы жау, қайсысы өзі екенін ажырата алмай, қалмақтар қат­ты сасып, кімге қарсы тұрарын білмей былығады екен. Жеңілген қалмақтардан соғыс шығынын алған кезде, Ырайымбектің өзі өз үлесін кембағалдар мен еркегі қаза болған үйге таратып береді екен.

Қалмақтар Ырайымбекпен келісімге келіп, Іленің оңтүстігіндегі шегараны Қорғаспен, сол жағындағы шегараны Сүмбемен белгілеген. Мұны қытай мемлекеті кейін мойындамады. Алайда 1871 – жылы Калпаковский Құлжаны басып алып, 1881 – жылы С. – Петербұрг келісімі бойынша ғана қазақ елінің шегарасы Қорғас пен Сүмбеге дейін ұзартылды. Бұл оқыйғаның бәрі мемлекет­тік мұрағат­та «Құлжа ісі» деп аталады.
Ал енді Шанышқылы Бердіқожа батырға келсек, Н.А.Аристов оның ауылында 300 үй бар екенін, олар Іле бойын қыстап, жазда шығыс жаққа ұзап кетіп қалатынын жазады («Усуни и киргизы или кара киргизы», Бішкек, 2001 – жыл, 439 – бет). Шанышқылы Бердіғожа 1785 – жылға дейін Айагөз маңын он бес жылдан астам жайлағанынан да дерек келтірген (сонда, 440 – бет). «Левшиннің айтыуына қарағанда, – дейді Аристов, – 1785 – жылы Бердіғожа қырғыздардан жеңіледі. Семей қаласынан 500 адаммен келе жатып, қытай әскерімен бірге қара қырғыздарды шабады. Ұрыс Айагөз маңында болады. 1786 – жылы қаңтарда тағы қара қырғыздарға қарсы шығады. Түн болып кеткен соң, соғыс ертеңге қалады. Қырғыздарға жақын жерге келіп түнейді. Әскері 80 адамдай болса керек, бәрі ұйықтап қалады. Түнде қырғыздар келіп, бәрін тұтқындап алады. Бір қырғыз Бердіғожаны артына мінгестіріп алады. Қырғыздар тұтқындарын Жетісұуға қарай алып жүріп, Лепсі өзенінің бір саласына дейін әкеледі, содан Қараталға қарай жүреді. Қырғыздар азаптап өлтіреді, одан да бірден өлтірсін деген оймен, тығып жүрген пышағын алып, мінгестіріп әкеле жатқан қырғызды Бердіғожа бауыздап жібереді. Қырғыздар оның басын шауып алады. Қарнын жарып, айақ-қолын шауып алады да, бәрін қарнының ішіне салып тастайды. Батыр Бердіғожаның ажалы осылай болады» (сонда, 443 – бет). Ғалымның жазыуынша, Бердіғожаны ауылына әкеліп жерлепті (сонда, 444 – бет). «Ол өлген жер, шамамен, Лепсі өзенінің бір қорысты саласында болыу керек», – дейді ол (сонда, 444 – бет). Бұған қарағанда, Бердіғожаның бір бармағын ғана жерлепті деген деректің тек аңыз екені байқалады. Және ол Тәшкент маңында тұуыпты деген де жай дақпырт болып шығады. Оның ауылы Іле бойын қыстайтынын Аристов анық жазған. Демек, ол – осы өңірде тұуып, осы өңірде өлген адам. Жетісұу обылысында Аристовпен қатар қызмет істеген П.П.Румянцевтің «Лепсі үйезі» деген кітәбінде осы үйезде «Үйсін ауылы» деген ауыл бар екенін, онда Ақтамберді жырау тұратынын жазады. Бердіғожа да сол ауылмен аралас-қоралас өмір сүрген болыу керек.
Бердіғожа 1708 – жылы тұуып, 1786 – жылы өлген деген дерек ырас болса, ол 78 жасында өлген болып шығады. Бірақ ондай жастағы адамның қырғыздармен қысы-жазы шайқасып жүріуі ыйландырмайды. Ол тіпті Ырайымбекпен жасты болған күннің өзінде, 1786 – жылы 56 жаста болар еді. Ырайымбек өмірден өтіп кеткен заманда да елдің шегарасын қорғап алысып жүргеніне қарағанда, ол Ырайымбек батырдан да біршама кіші болыуы мүмкін. Өйткені Әбілқайыр бас қолбасшылық жасаған Қалмақ қырылған соғысына да, Бөгенбай басшылық жасаған Аңырақай шайқасына да ол қатыспаған. Оңтүстік өңірден шыққан Сеңкібай мен Шойбек және Қойгелді батырдың, ұлы жүз қолбасшысы болған Қазыбек бектің, Бөгенбай мен Қабанбайдың қолында да соғысты деген дерек жоқ. Егер жасы Ырайымбекпен қарайлас болса, онда ол шығыс өңірінен шыққан Қабанбай батырдың қасынан табылыуға тійіс емес пе? Ондай да деректің болмауы оның ол кезде әлі жас болғанын дәлелдесе керек.
Еліміздің шығыс жақ шегарасын қорғаудағы Бердіғожаның ерлігі мен батырлығына ешкім күмән келтіре алмайды. Соған қарамастан, оның ерлігі мен батырлығына ойдан бірдеме қосыудың, меніңше, ешқандай қәжет­тілігі жоқ. Қытай әскеріне қарсылық көрсетердей күш Бердіғожада болмады, сондықтан олармен ол ымыраға келіп, кейде оларды қырғыздарға қарсы пайдалана да білді. Кейде бірігіп соғысты да.
Тарыйх өңдеуге, жөндеуге келмейді, көнбейді. Оған ашшы да болса көзіңді ашып қарау керек. Солай қарасақ, ұзаққа созылған Ақтабан шұбырынды, оған жалғасқан шегара үшін шайқас қазақты қат­ты қалжырат­ты. Бес қарыуы садақ, найза, қылыш, айбалта, шоқпар болып келген қазақ мылтықпен қарыуланған қытай батыстан, орыс шығыстан қыспаққа алғанда, орыстарға арқа сүйеуді дұрыс санады. Бұл – шындық. Ақтабан шұбырындының айағы қазақты осыған ұшырат­ты.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ – ҰЛЫ,
ҚР Мемлекет­тік
сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір