Сан қырлы қаламгер
Атқарып жүрген шаруасы мен елмен араласу үлгісіне қарап бой түзеген ағалардың бірі – Созақта туып-өсіп, бар ғұмырын ауылда өткізген, әлемдік білім құнарын бойына жиған, белсенді өмір салтын ұстанған сирек талант иесі Дулат Тұрантегі еді. Студент кезімізде Алматыда Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменовтерге жолыққанда ол азаматтар ауылдың амандығын сұрап, әуелі Дулат Тұрантегінің есімін ауызға алатын. Оқыған-тоқығаны көп, кез келген тақырыпта ойын жүйелеп жеткізе алатын, білімді азаматты еске алуы – оның қабілет-қарымы мен ойшылдығын бағалағаны деп түсінетінбіз.

Ол ағаларымыз жыл аралатып Созаққа жолы түскенде де Дулат ағаға сәлем беріп, әңгіме-дүкен құрғанды ұнататын. Ол кезде Дулат Тұрантегі аудандық партия комитетінде жауапты қызмет атқаратын. Асқар Сүлейменов кабинетінде отырып, қағаздан бас көтермейтін жолдасына: «Мына қажырыңмен нар түйенің жүгін көтеріп жүріп, бұл шаруаның ұштығына шығар ма екенсің?» – деген екен. Сол кезеңнің саясатын күйттеп, міндетін атқармауға шарасы жоқ, жоғарғы жаққа партия комитетінің бар қағазын сауатты жазып, жөнелтуді жүктеп қойған Дулат Тұрантегінің көп жылы партиялық қызметте өтті. Сарылып қағаз жазудан қолы босамайтын жолдасының жай-күйіне жанашырлық танытқан Асекеңнің ойын енді түсінгендейміз. Партиялық қызметте жүріп те әлемдік өркениет жаңалығынан тысқары қалмады, мәдениет пен әдебиеттегі, ғылым мен тарихтағы, озық ой, ағымдарды Мәскеу мен Алматыдан шығатын газет-жорналдардан, кітаптардан оқып, уақыт көшіне ілесуге ұмтылып бақты. Созақта туып-өскелі ауасын жұтып, суын ішіп, осы өңірдің кешегісі мен бүгінінен хабары мол Дукеңді ауданға келген журналист пен ғалым, көне өлкенің тарихын білгісі келген көкірегі ояу жанның бәрі тауып алатын.
Партия тараған кезде Дулат Тұрантегі аудандағы Сұлтанбек Қожанов атындағы тарихи өлкетану мұражайын ашуға көп күш жұмсап, құнды жәдігерлермен қамтуға күш салды, алғашқы директоры болды. Созақтың көне тарихына қатысты құнды деректерді жинақтап, ғылыми ізге түсіріп берді. Созақтық зиялы қауымының бел ортасында Дукең жүреді. Осы елдің өткені мен бүгіні, келешегі туралы сөз қозғалған алқалы жиындарда Дукеңнің ойы көптің көңілінен шығып жататын. Аудан басшылары озық ойлы азаматпен кеңесіп, ақыл-ойын қаперге алатын. «Шіркін-ай, Дулат ағамыз да кешегі Асқар мен Төлеген достарымен бірге Алматыға кетіп қалғанда қазақ әдебиеті көшінің белортасынан лайықты орнын алған болар еді-ау!» деген ой қылаң беретін. Үздіксіз оқып-тоқудан бөлек, қазақтың өңшең ығайы мен сығайы бас қосқан зиялы ортада, көркем шығарма жазудың бәсекелестігі қызған жерде көркемдік ой шыңының біраз белесіне көтерілер ме еді? Жаратылысынан тума талант, ағыл-тегіл ақылдың кені ауылдың бітпейтін шаруасына шырмалып қалып қойғандай көрінетін.
Дулат Зикенұлы Тұрантегі орта мектепті ауылда бітіріп, Алматыдағы мемлекеттік Абай атындағы педагогикалық институттың тіл-әдебиет факультетіне оқуға түсті. Ауданның Жуантөбе, Шолаққорған орта мектептерінде мұғалім болып еңбек жолын бастап, комсомол қызметіне ауысты. Бөлім меңгерушісі, бірінші хатшы болды. 1962–1964 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыды. Ізденуші ретінде философиядан кандидаттық емтихан тапсырды. Тұрмыс жағдайына байланысты елге оралып, 1964–1994 жылдары партия қызметінде болды. Шығармашылық жұмыспен студенттік кезден айналысты. Алғашқы өлеңдері 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде, 1956–1958 жылдары «Жұлдыз» журналында жарияланды. Әлемнің классик ақындары Гете, Шиллер, Гейне, Гюго, Петефи, Тагор, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Фет, Тютчев, Есенин, Блок, Пастернак, Мандельштамм, Гамзатов, Вознесенский, Рождественский, Высоцкийлердің үздік өлеңдерін аударды. Көптеген тәржіма өлеңдері «Әлем әдебиеті» журналында жарық көрді.
Ол көркем шығарма жазуға келгенде аса қатаң талап тұрғысынан, жауапкершілікпен қарады. Кітап баспалары мен газет-журналдарға жазғандарын орынды-орынсыз тықпалай бермеді. Ұзақ жыл Созақтан шыққан көрнекті жазушылар Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов, Керімбек Сыздықов, Рахманқұл Бердібай тәрізді айтулы қаламгерлермен әдебиет пен өнер жайлы пікір алысып, сұхбаттасқанының пайдасы болар, әр жылдары «Сыншы, ғалым Рахманқұл Бердібай», «Асқар әлемі», «Сыншы Төлеген Тоқбергенов» атты әдеби портрет кітаптарын жазды.
Шығармашылық қызметін өлең жазудан бастады. Көкейге түйген ойларын өлең шумағымен өрнектеуді қолайлы көрді. Алғашқы жыр жинағы 1994 жылы «Көкейтесті» деген атпен жарық көрді. Ақын өлеңдерінің бейнелі, өрнекті болғанына мән береді. Табиғат туралы жазған екен деп ойласақ, ол өлеңнің табиғаттың көркем суретімен шектеліп қалмай, сол сұлу көріністі адамның жан дүниесімен қабыстырып, философиялық ой түйетін ерекшелігі байқалады. Ақын өлең жазуды бейнелі ойлау деп түсініп, әрдайым осы көркемдік кредосынан айнымайды. «Бесін ауып барады» өлеңдер жинағы Дукеңнің поэзия әлеміндегі өзіндік үні мен қолтаңбасын көрсетіп берді.
Дулат Тұрантегінің қалам қуаты тарихи тақырыпқа құлаш ұрудан байқалады. Ұзақ жылдық ізденісінің жемісі ретінде 1996 жылы «Баба Түкті Шашты Әзіз», келесі жылы «Шоғырдағы жарық жұлдыз» (мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов туралы), «Қайран қарттарым» (поэма) кітаптары өмірге келді. «Жандауыс» (поэмалар жинағы саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналды), 1998 жылы «Тарихи тұғыр» (Созақ ауданының тарихы), 1999 жылы «Ысқақ баб» (исламның қазақ даласына келу тарихын зерттеу очерктері), 2003 жылы «Көне де жаңа Созақ» (публицистикалық альбом), 2005 жылы «Біз жауынгерлік парызды өтедік», 2006 жылы «Тарихтың таң шапағы» (Баба Түкті Шашаты Әзіз туралы), 2008 жылы «Тарихы терең» – Созақ ауданының тарихы, 2009 жылы «Бақ жұлдызы жоғары» эссе-роман кітаптарын шығарды. Көптен бері көркем әдебиет сынымен де айналысып, эссе-сын кітаптарын, мерзімді баспасөз бетінде «Егер мен сыншы болсам» және «Талғам таразысы» атты мақалалар жазды.
Оның шығармалары туралы әр жылдары танымал сыншы-ғалымдар Р.Бердібай, Н.Ғабдуллин, Т.Кәкішевтер баға беріп, К.Сыздықов, З.Серікқалиев, Т.Тоқбергеновтер кітаптарына алғысөз жазып, жағымды пікір білдірді. Профессор ғалым Н.Ғабдуллин «Сыншы, ғалым – Рахманқұл Бердібай» атты әдеби портрет кітабына жазған алғысөзінде: «Бұл еңбегі Дулат Тұрантегін тағы бір қырынан танытқандай. Ол бұл туындысында маман зерттеуші атқаратын іске қол артқан… Бұл еңбекке тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасынан хабары мол, талғамы биік зерделі оқырманның адал лебізі деп қараған абзал» деген ғылыми баға береді. «Дала бүркіті, қоңыр ұл», күйші Сүгір туралы «Күйші-Қызыр», «Атабай сақы», өзге де поэмалары енген «Жандауыс» поэмалар жинағына белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев: «Дулат Тұрантегі – Созақ өңірінде жастайынан жауапты қызметтерге белсене араласып, өз парызын абыроймен атқарып келе жатқан, өмірдің өзінен оқып, әрлі-берлі рухани асыл қазыналарды өз бетінше іздене жүріп білімін байытқан зиялы азаматтардың бірі. Тағдырдың өзіне берген сыйы Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов сияқты күні кешеге дейін тіршілік қызығын бірге бөліскен аяулы арыстардың жүрегімен, жанымен баяғыда-ақ Дулаттың тұла бойында тұнған көмбенің ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір ашылатынын, күн көзіне көрінетінін сезгенмін. Алысқа шабар сәйгүліктің сырын сақтар сәтінің де шегі болады. Тума талант қауызын жарды.» («Жас Алаш» газеті, 3 наурыз, 1993 жыл).
Дулат Тұрантегі таланты әдебиеттің барлық жанрынан көрініс тапқан. Оның қаламынан туған «Ит терісі», «Тарғыл тастардың көз жасы», өзге де бір актілі драмалық шығармалары бар. Тарихи драмаларында әйгілі Созақ көтерілісі, саяси қуғын-сүргін зобалаңындағы оқиғалар арқау болған. Олардың біразы жергілікті халық театрында сахналанды. Бұрынғы Калинин атындағы кеңшар мәдениет үйінде өнерпаздарды жиып, пьесасын сахнаға шығарған кезі де есте. Қойылымды өзі жазып, режиссері де өзі болып, рөлдерге лайық жандарды таңдап, әуре-сарсаңға түсіп жүріп, сахналаған пъесасы діттеген жерден шықты ма, шықпады ма, сол кезде Дулат ағаның өнер десе ішкен асын жерге қоятын жан екеніне көзіміз жеткен еді.
Қаламгер ағамыз жасының ұлғаюына қарамастан өнімді еңбек етіп, аса өзекті, қоғамдағы зәру тақырыптарға қалам тербеп, әдеби сын, публицистикалық мақалалар жазды. Тарихта белгілі Созақ көтерілісі туралы деректі хикаяттарын «Жұлдыз», «Ақиқат», «Қазығұрт», «Әлем әдебиеті» журналдарынан кезіктіруге болады. Көп жылдық зерттеу еңбегінің нәтижесі – «Созақ» атты көлемді тарихи-танымдық еңбегі.
Соңғы кезде ауылға телефон шалып, Дукеңді іздегенде, Ресей жаққа сапарлап кеткенін білдім. «Сексеннің сеңгіріндегі ауыл қариясы шалғай елге не үшін барды екен?» деген де ой келген. Баяғы ұзақ сапарлап, мұрағаттарда сарылып отыратын дағдысымен жүріп-тұруға жарайтын кезде Омбыдағы қазақтарды іздеп барады. «Омбыда жақындарыңыз бар ма еді?» деген сауалымызға: «Шет елде тұратынның бәрі – менің жақыным, бауырларым!» – деп жауап берді. Омбыдағы Қазақстан консульдігінен бастап, қазақ мәдени орталығында, Шоқан Уәлиханов көшесіндегі тарихи тұлғаның еңселі ескерткішіне, жас кезінде оқыған Кадет корпусында, «Шоқан жолы» қоғамдық ұйымында, «Zamandas» газетінің редакциясында болғанын, Алаш ардақтылары туралы тың деректер тапқанын қызықты етіп әңгімелегенде жасының ұлғайғанына, ұзақ жол азабын тартып, зейнетақысын шығындағанына қарамастан, Ресей жеріндегі қандастарымызбен жүздесіп, Омбы қазақтарының ертедегі тарихына қатысты құнды деректер тауып, рухани азық алып қайтқан еді. Осы Ресей сапары туралы жазбалары «Жұлдыз» журналының екі нөмерінде жарық көрді.
Дулат ағаның жекелеген әңгіме-очерктері, ел құрметіне бөленген Теріскей азаматтары, соғыс майданында ерлік көрсеткен ардагерлер туралы жазған шығармалары әр жылдары шыққан ұжымдық жинақтарға енді. Кейінгі кезде «Ой кешу» атты публицистикалық, әдеби сынның өзекті мәселелеріне арналған мақалалар жинағы, әлем ақындарының озық өлең үлгілерінен аудармалар «Антологиясы», соңғы жылдары жазған өлеңдері, туған өлкенің жеті қат жер астындағы қазба байлығын өндірудің жай-күйін зерттеген «Құт дарыған өлке» қолжазбасы қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазылып, жарыққа шығарар демеуші күтіп тұрған жайы бар. Дулат Тұрантегінің осы кезге дейін 21 кітабы жарық көрген екен. «Егемен Қазақстан» газеті сыйлығының, Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасының, Президент Алғыс хатының және 8 медальдың иегері, Созақ ауданының Құрметті азаматы Дулат Тұрантегінің есімі «Республиканың атақты азаматтары» кітабына енген.
Дулат ағаның Созақта өткен 50-60 және 70 жылдық мерейтойында болып, қуанышына ортақтасқан едім, 80 жылдық мерейтойын өткізуді жоспарлағанымен отбасы жағдайына байланысты сәті түспеді. Көп ұзамай өзі де соңына мол мұра қалдырып, келместің кемесіне мініп кете барды. Осындай сирек талант иесінің Жазушылар одағына мүшелікке өту туралы берген өтініші отыз жыл бойы ескерусіз қалып келгені өкінішті. Дулат аға Одаққа мүше болмаса да арлы қаламгер ретінде халқына қажетті қыруар шаруа тындырып кетті.
Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ
ПІКІРЛЕР1