«Қазақ әдебиетінің» әр беті – тұнған тарих
12.01.2024
123
0

Әдеби апталық әмәнда
ұлттың шамшырағы болсын

90 жыл қазақ сөз өнерінің көшін өрге сүйреп келе жатқан, 90 жыл толағай табыс пен тозбас өнерге қызмет қылған ата басылым – «Қазақ әдебиеті» газеті.

Бұл қасиетті шаңыраққа қазақтың қай жақсысы бас сұқпады дейсіз?! Кешегі сері Сәкен мен құлагер Ілияс, кербез Ғабит пен қара нар Бейімбет аталарымыздың аяғының ізі, қаламының табы қалды.
Одан кейін де газеттің басында қазақтың кіл арғымақ ұлдары, қадірлі қаламгерлері отырды. Сырбай Мәуленовтен Әзілхан Нұршайықовқа, одан Шерхан Мұртаза мен Сайын Мұратбековке жалғасқан салқар керуен ұлттық әдебиеттің ұлы көшін тынбай алға сүйреп келеді.
Осы газет қаншама буынды қалып­тастырып, қанша қыранның томағасын сыпырды. 90 жылдан бері тақырыбы ауқымды, талабы биік, өресі үлкен әдебиет қалыптасса, оған осы ата басылымның еңбегі ересен. Сауатты оқырман, салиқалы жанашыр қауым түлесе, ол да осы ата басылымның арқасы.
90 жылдық той құтты болсын! «Қазақ әдебиеті» әмәнда ұлттың шамшырағы болсын! Қаламгерлерге шалқар шабыт, мол табыс тілеймін!

Берік УӘЛИ,
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы

Мерейлі басылым

Жиырмасыншы жылдарының аяқ шенінде Қазақ АКСР-ның астанасы Қызылорда қаласынан Алматы шаһарына ауысқаннан кейін қазақ ақын-жазушылары мәдени өмірге белсене араласты. Сол қазақ елі үшін қайта өрлеу дәуірі болып есептелетін өткен ғасырдың отызыншы жылдарында біздің зиялыларымыз көркем әдебиетті дамытуға бар күштерін салды 1933-1934 жылы іргесі қаланған театрлар мен студиялардың басы-қасында біздің аса талантты жазушыларымыз жүрді.

1934 жылдың 10 қаңтарында тұңғыш рет «Қазақ әдебиеті» газетінің ашылуы мәдени орта үшін үлкен тарихи оқиға болды. Көркем әдебиет газетінің тұңғыш редакторлығына сол кездің өзінде көрнекті жазушы ретінде танылған Ғабит Мүсіреповтің тағайындалуы да жаңа ашылған газетке көп үміт артылғанының белгісі еді.
Жаңадан ашылған «Қазақ әдебиеті» газеті шын мәнінде болашақ іргелі қазақ әдебиетінің рухани штабына айналды. Қолына қалам ұстаған барша қазақ қаламгері жаңа басылымның маңайына топтасып, әңгімелері мен өлеңдерін жариялай бастады. Жаңа газет жыл құсындай бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап кетті.
Соңыра 1934 жылдың 12-18 маусым аралығында Алматыда Қазақстан Жазушыларының I съезі дүрілдеп өтіп, Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Оның тұңғыш төрағасы болып ұлы ақын Ілияс Жансүгіров сайланды. Бас-аяғы үш жылдың ішінде қазақ әдебиеті қаулап өсіп, жаңа өлеңдер, поэмалар, әңгімелер, повестер мен романдар жарыса жазыла бастады. Бар болғаны үш жыл ішінде Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, тағы басқа көрнекті жазушылар бұрын-соңды болмаған сүбелі шығармалар жазып, Қазақстанның атын Одаққа танытты.
Амал не, қасіретті 1937 жыл келді де қазақ қаламгерлерінің көпшілігін шығармаларымен қоса қуғын-сүргіннің құрбанына айналдырды. Олардың өздерінен де, шығармаларынан да қазақ оқырмандары ұзақ уақыт ажырап қалды.
Ал 37-38 жылғы дүрбелеңнен кейін екінші дүниежүзілік соғыс басталардан бір жыл бұрын (1940-54 ж,ж) қазақтың маңдайына басқан жалғыз әдеби газеті біраз уақытқа жабылып қалды. Сөйтіп 1955 жылдың қаңтар айынан бастап қайта шыға бастады. Екі жылдан кейін Қазақстан Жазушылар Одағы жаңа ғимаратына көшкеннен кейін (күні бүгінгі Жазушылардың қасиетті шаңырағы) «Қазақ әдебиеті» де бірге қоныс тойын тойлады.
«Қазақ әдебиеті» газеті, міне, тоқсан жылдан бері қазақ әдебиетінің ақын-жазушылары мен оқырмандарына адал еңбек етіп келеді. Осы басылымның бетінде қаншама талантты дүниелер жарияланып, жаңа есімдер танылды. Қаншама қазақ қаламгерлерінің ең мықты дүниелері жарық көрді. Бүгінде 90 жылдық мерейтойын абыроймен атап өтіп отырған сүйікті газетіміздің ғұмыры мәңгілік, мерейі үстем болғай!

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының Төрағасы

Қазақ баспасөзінің
асыл тасы

Құрметті «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы! Сіздерді газеттің жарық көргеніне 90 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!
«Қазақ әдебиеті» газеті – ұлт тарихында орны бөлек басылым. ХХ ғасырда «Ауыл тілі», «Жұмысшы», «Ұлан» сынды газеттерінің жалғауын жалғап, қазақтың төл баспа сөзін өркендете түскен дәл осы газет.

Шын мәнінде, сол кезде жарияланған мақалалардың бәрі ұлттық мүддеге та­бан тіреді. Қазақ даласындағы өзекті мәселе­лер ашық жазылды.
Осы күнге дейін өзіндік ерекше мазмұны бар басылым қанатын жайып, өмір сүруін тоқтатпаған. Газеттің қабырғасында тіл мен әдебиетке, мәдениет пен руханиятқа, тарих пен дәстүрге қатысты дүниелер тұрақты түрде жариялануда.
Осылайша, «Қазақ әдебиеті» газетін шығарудың басы-қасында болған Ғабит Мүсірепов, ақылдастар алқасында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов сияқты ұлт қайраткерлері сөз еркіндігімен бірге елдің де әлеуетін арттыруды мақсат тұтты.
Бүгінде еліміздегі іргелі басылымдар­дың біріне айналған «Қазақ әдебиеті» газеті қазақ баспасының асыл тасы десек, еш артық бола қоймас.
Қазіргі таңда басылым Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту және қалың бұқараның ауызбіршілігін арттыру жолында маңызды рөл атқарып келеді. Алдағы уақытта да жетістіктерге жете беріңіздер.
Мерейтоймен құттықтай отырып, Сіз­дерге зор денсаулық және шығармашылық табыс тілеймін!

Ізгі ниетпен
Нұртөре ЖҮСІП,
ҚР Парламенті
Сенатының депутаты

Ұлт баспасөзінің темірқазығы

Құрметті Дәурен Қасенұлы!
Сізді және өзіңіз басқаратын ұжымды қазақ руханиятында өзіндік орны бар ұлт баспасөзінің темірқазығы – «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Отандық әдебиеттегі барша үдерістің жаршысындай болған газет осы уақыт бедерінде өзіндік дара жолы бар беделді басылымға айналды. 
«Қазақ әдебиеті» газетінің қалыптасуы мен дамуына, нық ұстанымын айқындап, оң бағытын түзуге, талғампаз оқырманының жыл санап артуына басылымның бастауында ұлт руханиятының көрнекті өкілдері Ғабит Мүсірепов, Сәбит 
Мұқанов, Бейімбет Майлин, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей сынды айтулы қаламгерлердің тұруы, сол жолды үзбей жалғап келе жатқан бүгінгі ұжымның ерен еңбегі себеп деп білеміз.
 90 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, газет тарихында елеулі із қалдырған баспасөз ардагерлеріне зор денсаулық, қазіргі жас та жігерлі ұжымға шалқар шабыт пен шығармашылық табыс тілеймін.
Құрметпен, Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай  

«Казак адабияты» – улут рухунун алтын ордосу

«Казак адабиятына» 90 жыл. Улут маданиятынын өзөгү, кайнар башаты адабият. Бүгүнкү казак интеллектулдык бийиктигин «Казак адабиятысыз» элестетүү кыйын. 90 жыл аралыгында өлконүн маданияты, адабияты руханий тарыхы менен, тагдыры менен жашаган адабий тулга элдин жүрогүндө жашады. Атактуу Абайдан, Мухтарга чейин, Мукагалиден, Олжаска, Улукбектен келечек урпактарга чейин улуттун уңгусун, көөнө сөзүн муундан муунга улап, руханий аң-сезимдин барометрине айланды.

«Баарынан мурда сөз болгон…» бул улуу миссияны «Казак адабияты» аткарып келди. Адабият менен маданиятты бир куштун эки канатындай мезгилден мезгилге, доордон доорго откөрүп келген бу адабия басылмада казактын жаны, казактын ой-санаасы, казак сөзүнүн энергетикасы, улуттук көркөм ойдун асыл бермети жашады. Бүгүн – «Казак адабияты» улут көркөм дүйнөсүнүн күзгүсүнө айланды!
90 жылдык рух тулгабыздын келечеги кылымдарга айлансын, маараке кут болсун! Алтын сөздүн алтын майданы, акыл дүйнонүн зергери – «Казак адабияты»!

Султан РАЕВ,
ТҮРКСОЙ эл аралык уюмунун
Баш катчысы,
Кыргыз эл жазуучусу,
Токтогул атындагы
мамлекеттик сыйлыктын лауреаты

Qazaxıstan Respublikasının
«Qazax ədəbiyyatı» qəzetinin
baş redaktoru Dəuren Quatqa

Məktub
Hörmətli Dəuren bəy!
Sizi qardaş Qazaxıstanın ən öncül və tarixi qəzetlərindən olan «Qazax ədəbiyyatı» qəzetinin 90 illik yubileyi münasibəti ilə ürəkdən təbrik edir, qəzetin kollektivinə bundan sonrakı fəaliyyətdə də uğurlar arzulayıram.

Sayğılarla,
İntiqam Yaşar, DGTYB başqanı

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір