Ұлт­тық тележобалар жылы
29.12.2023
1335
0

    Қазақ телевизиясының қара шаңырағы – Qazaqstan ұлт­тық арнасы биыл 65 жылдығын атап өт­ті. Соған орай ұлт­тық арна мерейтойлық жылын ұлт­тық жобаларға арнады. Тақырыптық деректі жобаларды айтпағанда, бұл бағыт­та «Алтын қақпа» викториналық телесайысы, дәстүрлі әнші, күйші, жыршы-термешілердің қатысуымен өтіп жатқан «Інжу-Маржан» жобасы, «Мергендер мекені» телевизиялық садақшылар сайысы, қазақ жырларының тарихын бейнелеп көрсететін «Жыр-аманат», ұлт­тық тағам түрлеріне арналған «Дала дәмі», мәдениет жауһарларының тарихын түгендеуге бағыт­талған «Гауһартас», Алаш тақырыбындағы теледәрістер топтамасынан тұратын «Ашық академия» жобалары эфирге шықты.
Енді осы жобалар туралы тарқатып айтсақ. 

«Інжу-Маржан» жобасы

Биылғы желтоқсан айынан бастап көрермен назарына дәстүрлі өнер өкілдеріне арналған «Інжу-маржан» телевизиялық жобасы ұсынылды. Жаңа жоба «Қазақстан» телерадиокорпорациясының осыдан бес жыл бұрын шыққан «Ұлы дала сазы» бағдарламасының жалғасы ретінде қолға алынды. Жоба бір сахнаға ән-күй, жыр, терме орындаушыларын біріктірді. Бұған дейін корпорация күйшілерге арналған жекелей «Күй керуен», дәстүрлі музыкаға арналған «Күміс көмей» телебағдарламаларын түсіріп, Qazaqstan және Abai tv телеарналарынан ұсынған болатын.
Түсірілім барысында еліміздің барлық өңірінен 174 өнерпаздың орындауында 302 шығарма жазылып алынған. Жоба әр өңірдің орындаушылық ерекшелігіне қарай «Жетісу сазы», «Сыр мақамы», «Түркістан сазы», «Сарыарқаның ән-күйі», «Ұлытау үні», «Шығыстың ән-күйі», «Көне Тараз мұрасы», «Ойыл-Жем әуені», «Алтай-Тарбағатай ән-күйі» сияқты тақырыптық бағыт­тарда шығады. Жобаның мақсаты – әр өңірдің өзіне тән мұрасын жинақтап, халық қазынасының телевизиялық қорын байыту.
Бағдарламаға Секен Тұрысбек, Елдос Еміл, Абдулхамит Райымбергенов, Ерлан Рысқали, Айгүл Үлкенбаева, Мұхамеджан Тілеуханов, Айгүл Елшібаева, Ардақ Балажанова, Қазыбек Әдікей, Ардақ Исатаева, Айбек Бекбосын, Толғанбай Сембаев, Қайрат Кәкімов, Ғалым Мұхамедин, Клара Төленбаева, Ахат Байбосынов, Қайрат Айтбаев және т.б. танымал өнерпаздар қатысты. Музыкалық жобаның кеңесшісі – белгілі әнші, жыршы Ерболат Шалдыбеков. Бағдарлама 11 желтоқсаннан бастап Abai tv арнасынан күн сайын кешкі эфирден беріліп жүр.

«Мергендер мекені» жобасы

Бұл бағдарлама арқылы Qazaqstan арнасы ұлт­тық садақ ату өнерін қайта жаңғыртып, спорт­тың осы түрімен айналысатын қазақстандықтарды насихат­тауды мақсат тұт­ты. Түсірілімге 2 мыңнан астам кәсіби және әуесқой садақшы қатысып, түрлі қашықтықта бақ сынады. Бағдарламадағы ең жас ойыншы 15-те болса, ең үлкені 68 жаста. Желтоқсан айының соңында өткен финалдық кезеңде жеңімпаздарға демеушілер есебінен Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер, көлік және 5 миллион теңге ақшалай жүлде табысталды.
«ЖЫР-АМАНАТ» жобасы аясында халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы «Ер Қармыс», «Алпамыс батыр», «Жантай батыр» және «Батыр Баян» эпостары көрерменге киноформат­та ұсынылуда. Бағдарламада 30 минут бойы тек жыр оқылып қоймай, әр оқылған жырдың табиғатын ашатын және көрерменге қызықты болатындай түрлі видеолар мен графикалар беріледі.
Аталмыш жобаның мақсаты – төл өнер жыр дәстүрі мен мектептерін қайта жаңғырту. Бағдарламада Арқа, Сыр, Жетісу, Батыс, Шығыс, Оңтүстік, Солтүстік, Орталық, т.б. жыр мектептері қамтылған.

«Гауһартас»

Ұлттық арнаның биылғы жылы көрерменге ұсынған басты жобаларының бірі. Ұлт руханиятын, мұрасын дәріптеуге бағыт­талған бағдарламадан әр жастағы көрермен өзіне керегін тауып, көңіл төрінен мәңгі орын алған кейіпкерлермен қауыша алады. Жобада көрерменге ұлт­тық кино жауһары «Гауһартас» фильмі, «Дос-Мұқасан» тобының, әндері мен фильмі, «Қыз Жібек», «Мұстафа Шоқай», «Біржан сал», «Мұқағали» фильмдерінің өміршеңдігі талқыланып, олардың туындау тарихы туралы құнды ақпарат­тар берілді.
20 жылдан соң эфирге оралған «Алтын қақпа» бағдарламасы қолданыстан шығып бара жатқан сөз тіркестерін қайта жаңғыртып, жаңадан енген ұғымдардың мағынасын ашуға, сөздің орнымен қолданылуын насихат­тауға бағыт­талса, алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісімақованың жүргізуімен шыққан «Ашық академия» жобасы Алаш қайраткерлерінің өмірі мен еңбектеріне қатысты көпшілікке беймәлім, тың тарихи деректерді, жылдар бойғы жинақталып, біріздендірілген ғылыми-зерт­теулер нәтижесін ұсынады.
Эфирге жаңадан жол тартқан «Дала дәмі» жобасы көрерменді ұмыт болып бара жатқан «Жаужүрек», «Қарын көмбе», «Қимай тағамы», «Үлпершек», «Көкпар еті» сияқты ұлт­тық тағам түрлерімен таныстырды. Бағдарламаның мақсаты – көнеден жеткен дала дәмін жаңғыртып, насихат­тау, олардың жасалу жолын көрсету.

«Қазақ тазысы»

Қазақ бағзыдан тазыға ерекше құрметпен қараған. Сондықтан болар, оны жеті қазынаның бірі санаған. Қазақ қоғамында тазының алғыр, мықтысы аса қымбатқа бағаланған. Жақсы тазының құны ат­тың құнынан кем түспеген. Қазіргі мәселе – қазақ тазысын халықаралық аренада танытып, заңнама аясында да қолдауды жалғастыру. Арна ұсынған «Қазақ тазысы» деректі фильмінде осы мәселе қозғалады.
«Қазақ тазысын халықаралық кинологиялық ұйымдарға тіркеу үшін ең алдымен еліміздегі барлық қазақ тазысының унификациясы керек. Яғни елімізде қанша тазы бар, олардың генофонды қандай? Сыр елінің тазысы, Ақтөбенің тазысы деп бөлмей, барлығын бір қалыпқа келтіруіміз керек. Тазылардың репродукциясы әдет­те 2 жыл. Сонда біз 4 жылдың ішінде 2 буын тазы аламыз. Бұл ауқымды жұмыс», – дейді деректі фильмде аңшы, зерт­теуші Әділхан Түкенов.
Тазыға деген құрмет қазақтың бойында әлі де бар. Алайда қазіргі заманауи қоғам және урбандалу үдерісі аңшылық, саятшылық деген ұғымды ығыстырып, олардың мән-маңызын жойып барады. Осылайша, қазақтың аңшылық өнерімен бірге тазы тұқымы да азайып кет­ті. Кейбір деректерге қарағанда, бүгінде елімізде 150-ге жуық тазы иті қалған. Бұл өзекті мәселе қоғамда белсенді көтерілген соң Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 3 қаңтарда «Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы» заңға қол қойды. Ендігіде бұл асыл тұқымды ит заңмен қорғалатын болды. Болашақта атқарылатын жұмыстың бағыты да сан алуан. Ал түпкі мақсаты – тазыны сақтап қалу және көбейту. «Қазақ тазысы» деректі фильмін түсіргенде шығармашылық топ та бірнеше мақсат­ты қамтып өткендей.

Ұлт­тық арна телехикая өндірісінде
көш бастады

Телекорпорация түсірген телехикаялар тізбегінде әсіресе тарихи тақырыптың өзектілігін айтпай болмас. Өткен жылы көрерменге жол тартқан «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, үлкен қызығушылығын оят­ты. Сериалдың фильм нұсқасы кинотеатрларда аншлагпен өткені белгілі. « Міржақып. Оян қазақтан!» бөлек, өткен жылы «Ахмет.Ұлт ұстазы», «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» телехикаялары көрермен тарапынан жылы қабылданды.
Телерадиокорпорациясының биылғы сериалдар өндірісіне келер болсақ, жалпы ұзын саны 182 бөлімнен тұратын 11 телехикая түсірілді. Сериалдың үшеуі тарихи тақырыпқа арналып отыр. Соның бірі – «Қорқыт» биографиялық сериалы.

«Қорқыт» телехикаясы

Тәуелсіздік күніне орай биыл Qazaqstan арнасынан «Қорқыт» биографиялық телехикаясы эфирге шықты. Телехикая сюжетінде түркі халықтарына ортақ тұлға Қорқыт­тың дүниеге келуі, балалық шағы, жеткіншек кезінен бастап, сәуегей, абыз ретіндегі қалыптасу жолы бейнеленді.
Телехикая сценариі әлемдік деңгейде мойындалған «Қорқыт ата» кітабы, атап айт­қанда, «Салор Қазанның үйінің шабылғаны туралы жыр» желісі негізінде жазылған. Хикаяда Қорқыт­тың әр кезеңдегі рөлдерін актерлер Дінислам Нұрмағамбет, Әділ Ахметов және Айдос Бектемір сомдайды. Сонымен қатар негізгі тарихи рөлдерде Еркебұлан Дайыров, Зарина Кармен, Медғат Өмірәлі ойнап шықты.
Отандық сериалдарда бұған дейін VII-VIII ғасырлардағы кезең, сол замандағы тайпалар мен ұлыстардың тұрмыс-тіршілігі қамтылмай келген еді. Бұл – оғыз заманында өмір сүрген түркі әлеміне ортақ аңыз тұлғаға қатысты алғашқы жоба. Сонымен қоса телехикаяда Қорқыт­тың бітімгерлік жаршысы ретіндегі рөлі мен кемеңгерлігі, қобыз тарихы мен қазақ фольклорындағы жыраулық өнері көрініс тапқан. Жоба авторлары Қорқыт образы көрерменге, оның ішінде жастар аудиториясына қызық әрі түсінікті болуы үшін хронологиялық рет­тілікке, биографияға негізделген сюжет құрастырылғанын айтады.
Түсірілім Алматы облысы мен Өзбекстан Республикасының Хиуа қаласында өткен. Сериалда қырғыздың атақты манасшысы Рысбай Исақов пен танымал актері Аскат Сулаймановтың рөлдері бар. Сценарий авторлары – Наргиза Салом, Евгения Палехова, Бекзат Жұмажан, Берік Жүсіп пен Шолпан Батырбаева. Шолпан Батырбаева жоба продюсері ретінде де еңбек ет­ті. Телесериалдың режиссері – Қанағат Мұстафин. Бұған дейін «Рывок», «16 қыз» және бірнеше телехикая түсіріп, елге танылған режиссер Қанағат Мұстафиннің бұл тарихи жанрдағы алғашқы дебют­тік туындысы. Туындыға кеңесші ретінде белгілі этнограф маман Берік Жүсіп тартылды.
Берік Жүсіп сериал түсіріліміне қатысты: «Біз алдымен тарихи, ғылыми деректерді елеп шықтық. «Қазақстан тарихының» бес томдығын, Қорқытқа қатысты түрлі аңыз, әпсана, қария сөз, ғылыми еңбектер, әсіресе Қорқыт жайында айсыз түнде адастырмайтын айғақтар қалдырған Ә. Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Ш.Ыбыраев, Т.Қоңыратбай шығармаларын, сондай-ақ шығыстанушы В.Бартольд бастаған орыс, Еуропа ғалымдарының байламдарын басшылыққа алып отырдық. Дегенмен мұның бәрін телехикаяға пайдалана алмайтынымыз белгілі ғой. Шығармашылық топты осылай бір жарақтандырып алып, Қорқыт жырлаған эпикалық жырға ойыстық. Осы деректерді төңіректеп, соның біріне табан тіредік. Мұнан басқа қазақта ғана сақталған Қорқыт­тың музыкалық мұрасы, керек жеріне қарай оның аңыз-тарихы да қамтылып отырды», – дейді.
«Қорқыт­ты» көрген көрермен телехикаяның өн бойында күнделікті қолданыстан шығып қалған көнерген сөздер молынан пайдаланылғанын байқайды. Сериал сол арқылы киносүйер қауымға көне оғыз заманындағы түркі сарынын естіртуді мақсат тұтқандай.
Төрт бөлімді тарихи драма Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасының телеарналарынан да көрсетіледі.
Тарихи бағыт­та биыл корпорация бұдан бөлек, Қазақ телевизиясының 65 жылдығына арналған «Парыз», өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ руханиятының даму дәуірін арқау еткен «Ерте көктем», қазақтың құсбегілік өнерін дәріптеуді мақсат еткен «Бүркітші қыз» сериалдарын түсірді. Жаңа туындылар көрерменге келер жылы ұсынылады.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір