Қоян жылы қандай жыл?
20.01.2023
3899
0

Жыл сайын жаңа жылды қарсы алғанда «биылғы жыл жақсы жыл», «биыл өте жақсы жыл болады» деген сияқты тілектерді үйдегі дастарқаннан бастап, той, астарда айтып жатамыз. Әрине, жаңа жылда жақсы тілек айту дұрыс шығар, бірақ бұрынғы замандарда қазақтың төл жаңа жылы – Наурызда жақсы тілектермен қатар жұлдызнамашылар мен есепшілер әр жылдың ерекшелігін, жақсылығы мен қатар қауіп-қатерін қоса айтуды өздеріне парыз санаған.
Қазақтың жыл қайыруында тышқан жыл басы, содан кейін сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз.
Әр жылдың өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, «жылқы жылы ұрыс», «қой жылы тыныс», «жылан жылы жылыс» дейді. Осылардың ішінде халқымыз, әсіресе қоян жылына қат­ты дайындалған. Себебі, қазақ жеріндегі атақты жұт­тар қоян жылы болған. 1867-1868 жылы «жалпақ қоян» – Қазақстанның көпшілік облыстарын қамтып, мал мыңдап, миллиондап қырылған. 1879-1880 жылдары «ұлы қоян», 1891 жылы «кіші қоян», 1915-1916 жылдары «тақыр қоян», «ақ қоян», «ақ сүйек қоян» секілді айырықша жағдайлармен есте қалған.
Қоян жылдарының ішіндегі ең қатерлісі 1879-1880 жылдардағы «Ұлы қоян» жылы болды. Орал облысының 80% малы қырылған, атақты Есенгелді байдың 9000 жылқысынан тігерге тұяқ қалмай, тоқалының жылу жинағанын халық әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Ырғыз, Торғай уездерінің 59% малы, Сырдария облысының төрт уезіндегі малдың 56% шығынға ұшыраған, яғни 2,5 млн мал қырылған. Бұл деректердің бәрі шын. Неге десеңіз, Ресей империясы Екатеринаның тұсынан бастап статистикалық мәлімет жүргізіп отырды. Санақ жүргізуде Германиядан үйреніп қана қоймай, империяның бүкіл есептеу жүйелерінде неміс шенеуніктері отырды, кейіннен олардың орыстанған ұрпақтары жалғастырды. Сондықтан да Ресейдің статистикалық мәлімет­терінің дәлдігі мен шыншылдығын Еуропа экономистері мойындаған.
«Қоян жылынан қазақтардың қорыққаны соншалық, жаппай шөп шауып, мал азығын дайындауға кірісті» деп жазады орыс зерт­теушілері. Шамасы келгендер атқа жегетін шөп машинасын, ат­тарақтарды сатып алып, кедейлер шалғы, орақтарды орыс қоныстанушыларынан айырбасқа алып, шөп орған. Ең қызығы, орыс деректерінде «куянжыл» деп тек қоян жылының қазақша транскрипциясын берген, әрбір 36 жылда келетін қоян жылы өте апат­ты деп есептелген.
Кеңес өкіметі кезінде колхоз-совхоздардың ауылшаруашылық техникасы мықты еді ғой. Бір жылы Шығыс өңірінде қуаң­шылық болып, Батыс Қазақстан облысына 20 эшелон жиылып, әр совхоздан шөп дайындауға барады.
Жарма ауданы «1 май» совхозы­ның партком хатшысы Еркін Жұмағұлов марқұм сол оқиғаны былай еске алады. «Батыс Қазақ­стан облыстық ауылшаруашылық хатшысымен кездес­­кенде мән-жайы­мыз­ды сұрастырып жатып: «Не өзі бүкіл Семей көшіп келгеннен сау­—мысыңдар?» – деп күлді. Шапқан шөптерімізді вагондарға тиеп, жаз бойы елге жіберіп тұрдық. Бізден басқа Алматы, Жамбыл облысы шөпшілері де Батыс Қазақстаннан малға азық дайындады».
2021 жылы Қазақстанның батыс облыстарында, әсіресе Маңғыстау, Атырау жақта, Қызылорда облысында қат­ты қуаңшылық болды. Теледидардан жылқылардың өліп жатқанын көрген өскемендік фермер М.Асылханов: «Отбасымыз жұмыла кірісіп, екі мая шөп дайындап берейік. Батысқа жеткізіп беріңіздер» – деп жергілікті әкімшілікке ұсыныс айтыпты. Әкімшіліктің не дегенін білесіз бе? «Шөбіңізді шауып, дайындап өзіңіз жеткізіп…» деген. Фермер сонда жүк таситын вагонның жоқ екенін, барының бәрі жеке компанияларға тиесілі екенін ұққан. «Отыз жыл бойы не істегенбіз? Құр айғай, мақтан, той өткізуден басқа?» деп қынжылды фермер.
Міне, ресми күнтізбе бойынша, қоян жылы да басталды. Қытымыр қысқа дайындығың қалай еді, ағайын?!

Ахмет ТОҚТАБАЙ,
тарихшы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір