«Қазынаның» құтты қадамдары
09.04.2024
533
0

Шымкент қаласында 1989 жылы әл-Фараби атындағы Мәдениет институтының негізінде құрылған «Қазына» би ансамблі бұл күндері қазақтың би өнерін әлемге танытып жүрген танымал топқа айналған. Би тобының алғашқы жетекшісі – Сәуле Балбарақова мен көркемдік жетекшісі – ҚР мәдениет қайраткері, марқұм Мұса Жарқынбеков өнер ұжымының нағыз кәсіби мамандардан құралуына аса көңіл бөлген екен.

Қазіргі таңда ансамбльдің көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Зауре Бекембайқызы осы үрдісті жалғастырып келеді. Үздік би ансамблі бұл күндері өңірді былай қойып, республикалық, шетелдік талай додаларды бағындырып, әлемге еліміздің атын әйгілеп жүр. Бас балетмейстер Зәуре Әжібекованың айтуынша құрылғанына 35 жыл болған ансамбль­дің мерейтойы қазірден бастау алып, жыл бойы жалғасын табады екен.
– Мерейтойды республика көлемінде және шетелдерде өткізу жоспарымызда бар, – дейді З.Бекембайқызы. – Осы іс-шара барысында «Қазына» би ансамблін қалыптастырудағы мамандардың үздік іс- тәжірибесімен бөлісу, жергілікті қолөнер мен ұлт­тық киім тігу шеберлерінің еңбегін көпшілік назарына ұсыну – біздің басты мақсатымыз.
Айта кетейік, «Қазына» би ансамблінің құрылғанына 35 жыл толуын атап өту аясында ұжымның шығармашылық даму жолын айшықтау, би қойылымдарында тақырыпты ашу, сахналық бейнені қалыптастыруда кәсіби біліктіліктерін арттыру, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін би өнері арқылы қайта түлетуді көздейтін ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір