Қызыл кітап – табиғатты сақтаудың алғашқы қадамы
«Біздің табиғи байлығымыз – ұрпаққа қалдырар аманат.
Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктер
ерекше қорғауды қажет ететін ұлттық мұрамыз.
Олар тек экологиялық тепе-теңдік емес,
сондай-ақ біздің ұлттық байлығымыздың бір бөлігі.
Табиғатты сақтау – әр азаматтың борышы.
Мемлекет бұл бағытта нақты шаралар қабылдап келеді
және алдағы уақытта да бұл жұмыс жалғасын табады».
Қ.Ж. Тоқаев,
ҚР Президенті
Қазақ елінің шығысы сонау Сібір жерінен бастау алған ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныс орман тізбегі осы жерге жете жығылып, одан әрмен қарай жазира жоталар мен көз ұшында сағым құшқан кең дала жазықтарына ұласатын өлке. Шығыс Қазақстан жерінің жиегін жиектей көмкерген Алтай тауларының табиғатының көркемдігі ерекше екені бәрімізге мәлім. Осы орайда айта кететін бұл өңірдің табиғатының құпия сырларын адамзат баласы зерттеп, танып білген сайын өзінің тұңғиығына тартып көркемдік ғажаптығы өзіңді қалай баурап алғанын сезінбей қаласың. Неғұрлым жұмбақ сырларын білуге ұмтылған сайын алдыңнан жаңа бір тылсым құбылыстар шығып таңғалдырудан таңған емес.
Осы өңір кезеңшелер мен жоталарды көмкерген қалың орман мен үзеңгіліктен келетін шалғын ішін мекен еткен қымбат бағалы аңдар, ерекше қорғалатын жануарлар мен өсімдіктер әлеміне бай. Қай кезде болмасын ну орманның үнсіз тылсым тыныштығын бұзатын таң бозынан ән салған құстардың сазды үні ғана емес пе?.. Жадағай жазық сайын дала дидарында аппақ сақалды селеу теңіздей тербелген кезде сыңси салған мұңлы үні сонау алыста қалған ескі әуенді еске түсіргендей күйде боласың. Осындай биологиялық әртүрлілікті сақтау экожүйенің тұрақтылығына маңызды үлес қосады. Өкінішке қарай, сыртқы әсерлер мен экологиялық апаттар түрлері тиісті қорғау шараларын немесе қалпына келтіру бағдарламаларын жасауды және облыс аумағындағы сирек кездесетін, қатерге ұшыраған және жойылу қаупі жоғары түрлерді анықтау арқылы экологиялық мониторинг жүргізуді қажет етеді.
Қызыл кітап халық арасында экологиялық мәдениетті насихаттау, табиғатты қорғауға шақыру және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін таныстыру мақсатында да маңызды рөл атқарады. «Шығыс Қазақстан облысының «Қызыл кітабы» облыстың флорасы мен фаунасындағы сирек, қатерге ұшыраған және қорғауға мұқтаж түрлерді систематикалық түрде жинақтап, олардың жағдайын бағалауға, сақтау және қорғау шараларын әзірлеуге бағытталған ресми құжат болып саналады.
Солардың бірі – өсімдіктер әлемінен емдік қасиеттері ежелден белгілі, әсіресе халық медицинасында қолданылатын алтын тамыр (Rhodiola). «Алтын тамыр» атауы халықтық атау, тамыр түсінің алтын түске ұқсауына байланысты берілген. Грекше атауы раушан деген мағЫнаны білдіреді, себебі оның тамырын кескенде раушан гүлінің иісіне ұқсас хош иіс шығады. Ғылыми зерттеулер оның антиоксиданттық, қабынуға қарсы, ми белсенділігін арттырушы қасиеттерін растаған. Алтын тамырды ежелгі тибет емшілері мен Шығыс Қазақстанның халық емшілері дәрі ретінде қолданып, табиғи энергия көзі деп атайды. Кеңес дәуірінде ғарышкерлер мен әскери қызметкерлерге шаршауға қарсы дәрі ретінде ұсынылып отырған.
Шығыс Қазақстанда Сауыр, Тарбағатай, Қатонқарағай, Алтай жоталарында өседі. Биіктігі 10–30 см, сабағы тік, жапырақтары сопақша, гүлдері сары немесе алтын түстес келетін өсімдік Қазақстанның, Шығыс Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Қазіргі кезде жинауға, сатуға тыйым салынған, себебі оны жинаушылар тамырын толық қазып алып, өсімдіктің қайта өсуіне мүмкіндік бермейді. Жойылу қаупі де шектен тыс жинаудан, табиғи өсетін аумақтың тарылуы, жайылым, жол салу, климат өзгерісінен туындайды. Табиғи популяциясын сақтау үшін бүгінгі таңда тұқымынан және зертханалық әдіспен көбейту жұмыстары жүргізілуде. Қатонқарағай ұлттық паркі сияқты қорғалатын аумақтарда бақылауға алынған. Қазақстандағы популяциясы ең сирек әрі экологиялық тұрғыдан маңызды болып саналады. Катонқарағай, Марқакөл, Бұқтырма маңында өсімдікті көруге арналған ботаникалық маршруттар бар. Ол осы таулы аймақтардың экологиялық бренд ретінде қарастырылған. Сонымен қатар осы өңірлерде экологиялық ағарту жұмыстары кезінде оқушылар мен туристерге осы алтын тамырдың маңызы мен ерекшеліктері өз деңгейінде таныстырылатын экотуризмнің жоспарына енгізілген. Осы қызыл кітапқа енген Шығыс Қазақстан облысының фаунасы мен флорасын таныстыруда және әлемдік деңгейге шығаруға өз үлесін қосып жүрген Оралхан Бөкей кітапханасы ұйымдастыратын экологиялық сабақтар мен экологиялық сағаттардың өзіндік рөлі ерекше. Бұл экосабақтар мен экосағаттар облысымыздың экотуризмін дамытудың ең жүйелі де алғы- шарттары іспеттес.
Жануарлар әлемінен таулы экожүйенің жоғарғы жыртқышы мысық тұқымдасына жататын Қар барысын (Panthera uncia) айтуға болады. Ол – Қазақстанның және бүкіл әлемнің ең сирек кездесетін, ерекше қорғалатын жыртқыш жануарларының бірі. Қазақстанның Қызыл кітабына ғана емес, Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) да Қызыл тізіміне енгізілген. Ол тәуелсіздіктің, батырлықтың, еркіндіктің мәдени символы, түркі халықтары үшін қасиетті аң саналады. Әлем бойынша 12 елде ғана кездеседі: оның ішінде Қазақстан(Шығыс Қазақстан), Қытай, Ресей, Үндістан және т.б. Бұл елдер 2013 жылы Бішкек декларациясын қабылдап, қар барысын сақтау үшін арнайы стратегия жасады. Қазақстан да осы бастаманың белсенді қатысушысы. Денесінің ұзындығы – шамамен 1,2 метр, салмағы – 30–50 келі шамасында болатын жүні қалың, ақшыл сұр түсті, денесінде қою қара дақтары бар қыстың суығында да биік тауларда еркін өмір сүре алатын бұл аңның табиғаттағы саны жылдан-жылға азаюда. Оның басты себептері: Браконьерлік (заңсыз аулау) – терісі мен сүйектері үшін аңшылардың аулауы, табиғи мекенінің бұзылуы – адам қолымен таулардағы табиғаттың өзгеруі, азықтарының – таутеке мен елік санының азаюы.
Қар барысы тек биік таулы жерлерде тіршілік ететіндіктен Шығыс Қазақстан облысындағы Сауыр, Тарбағатай және Қатонқарағай тауларында кездеседі. Сонымен қатар Қазақстан бойынша Оңтүстік Алатау, Жоңғар Алатауы сияқты аймақтарда да аз мөлшерде кездеседі.
Қар барысының Қазақстандағы жалпы саны 130–150 дарақ шамасында ғана. (Бұл деректер Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы (ACBK) мен халықаралық ұйымдардың (WWF, IUCN) зерттеулерінен). 2020–2023 жылдар аралығында жүргізілген фототұзақ пен GPS бақылаулар арқылы нақтырақ сандар анықталды. Сондықтан елімізде ерекше қорғалатын жануар. Аулау, мазасын алу – заңмен тыйым салынған. Бүгінгі күні оны қорғау үшін бірнеше шаралар жүзеге асырылып жатыр. Қатонқарағай ұлттық паркі мен басқа да қорықтарда бақыланады. Ғалымдар қар барысына GPS-белгілер тағып, қозғалысын зерттеуде. Экотуризм мен ақпараттық жұмыстар арқылы адамдардың жануарға деген көзқарасын жақсарту шаралары қолға алынған.

Қар барысының қазіргі таңда Қазақстанда және нақтырақ айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында кездесетін саны туралы мәліметтер өте шектеулі, себебі бұл аң жасырын өмір сүреді және сирек кездеседі. Дегенмен соңғы ғылыми зерттеулер мен есептерге сүйене отырып, мынадай ақпаратты айтуға болар еді. Шығыс Қазақстан облысындағы саны Сауыр, Тарбағатай, Қатонқарағай тауларында шамамен 30–40 қар барысы тіршілік етеді екен. Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі қар барысын қорғау мен зерттеу жүргізілетін басты аймақтардың бірі болғандықтан фототұзақтар арқылы 15–20 дарақ барысы ресми түрде тіркелген. 2022 жылы осы паркте орнатылған камералар бірнеше барыс аналығы мен олардың күшіктерін түсіріп алған. Бұл – түрдің осы аймақта көбейіп жатқанын көрсететін жақсы белгі. Қар барысының нақты санын білу қиын, өйткені ол адам көзіне сирек түседі әрі таудың қия шатқалы мен қар басқан шың құздарында тіршілік етеді. Дегенмен ғылыми мониторингтер арқасында оның тіршілік ету аумағы мен популяциясы жайлы көбірек мәлімет жинақталып келеді.
Қар барысы — Қазақстан табиғатының асыл мұрасы. Оны қорғау — әр азаматтың, сонымен бірге болашақтың борышы. Егер біз табиғатты аяласақ, келер ұрпақ та осы ғажайып аңды көре алатын болар еді.
Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – қар барысынан басқа аю, бұғы, марал сияқты жануарларды да қорғау аймағы. Оларды заңмен қорғау, яғни Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген жануарларды ату, аулау — заң бойынша қатаң жазаланады (айыппұл немесе қылмыстық жауапкершілік). Сонымен қоса халық арасында экоағарту жұмыстарын жануарларды сақтау, табиғатты қорғау туралы насихат жүргізілу қажет етеді. Осыған орай жануарлар мен өсімдіктер әлемінен қазіргі таңда жойылып бара жатқан, жойылуға жақын тұрған түрлер туралы қаламыздағы Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметкерлері Қазақстанда аналогі жоқ Шығыс Қазақстанның Қызыл кітабының электронды нұсқасын жасап шығарды. Онда түр туралы ақпараттан басқа толық мәлімет алу үшін аудио-бейне жазбалар да берілген. Дәстүрлі Қызыл кітаптан электронды нұсқасының ерекшелігі тек қала тұрғындары ғана емес алыс аудан, ауылдағы мұғалімдер, оқушылар мен осы саланы қызықтыратын оқырмандар үшін де қол жетімділігінде. Бұл, әрине, жеріміздегі жануарлар мен өсімдіктер дүниесін тек жергілікті тұрғындар ғана емес, Қазақстан бойынша танып білуіне көп мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстанда «Қызыл кітап» 1984 жылы басылып, 2015 жылы өте аз таралыммен қайта басылып шықты. Ал электронды нұсқасы 2023 жылы Оралхан Бөкей кітапханасының басшылығымен жарық көрді. Омыртқалылардың 66 түрі мен түр асты өкілдері кіреді: балықтар – 4; қосмекенділер – 2; жорғалаушылар – 7; құстар – 38; сүтқоректілер – 15. Өсімдіктердің 47 түрі енгізілген. Әлі де толықтыру үстінде.
«Шығыс Қазақстан облысының «Қызыл кітабы» – табиғаттың құнды мұрасын сақтап қалуға бағытталған маңызды құжат. Ол сирек кездесетін, қатерге ұшыраған түрлер мен экожүйелерді жүйелі түрде тіркеп, олардың жағдайын тұрақты мониторинглеуге, сондай-ақ қорғау шараларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Облыстың экологиялық ахуалы мен табиғи әртүрлілігін сақтай отырып, экологиялық мәдениетті көтеру, ғылыми зерттеулерді қолдау және заңнамалық негізде табиғатты қорғау – осы құжаттың басты міндеттері болып табылады.
Тоқтар Мағзұмов,
Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері,
Өскемен қаласы