Халықаралық театр фестивалінің жүлдегерлері анықталды
12.11.2024
181
0

Астана қаласының әкімдігі мен Мәдениет басқармасының, Музыкалық жас көрермен театр­ының ұйымдастыруымен үшінші рет өтіп, бұл жолы жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекет­тік сыйлықтың лауреа­ты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова драматургиясына арналған «Театр АLL» фестивалі табысты аяқталды.
Фестиваль шымылдығын 28 қазанда М.Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық драма театры «Мәңгілік бала бейне» спектаклімен ашты. Қара шаңырақ театрда көрнекті режиссер Б.Атабаев осыдан отыз алты жыл бұрын сахналап, бүгінде классикаға айналған бұл спектакльді белгілі режиссер Е.Нұрсұлтан қайта қалпына келтірген болатын. Театрдың орта және жас буыны қатысып, байқаудан тыс, мерейтойға тарту ретінде көрсетілген қойылымды көрермен ерекше қошемет­теді. Фестивальда тоғыз республикалық және қырғыз, әзербайжан сахнагерлері ұсынған спектакльдерді Халықаралық сарапшылар – белгілі сыншы Ә.Бөпежанова, белгілі театртанушы-ғалымдар И.Исрафилов (Әзербайжан), Ж.Құлмамбетов (Қырғыз республикасы), А.Мұқан және А.Еркебайлар талқылап, кәсіби пікірлерін білдірді. Мазмұнды да жарқын фестивальдың қорытындысы төмендегідей болды.
– «Үздік қойылым» (1000000 теңге) – Түркістан музыкалық драма театрының «Фариза» драмасы, режиссері Ф.Молдағали;
– «Үздік режиссура» (1000000 теңге) – режиссері – А.Кыдырмышев. Ж.Сейдакматова атындағы «Тунгуч» жастар театрының «Жесір» драмасы. Қырғыз Республикасы, Бішкек;
– «Үздік актерлік ансамбль» (500000 теңге) – Астана қалалық Музыкалық жас көрермен театрының «Қызжылаған» драмасы, режиссері – А.Максим;
– «Үздік ер адам бейнесі» (500000 теңге), «Шатыр астындағы Мен» спектакліндегі Анти-Шрек рөлі үшін Х.Гянджали, Газах мемлекет­тік драма театры, Әзербайжан Республикасы, Газах қаласы;
– «Үздік әйел бейнесі» (500000 теңге), «Бопай ханым» тарихи драмасындағы Бопай рөлі үшін ​Лейло Бекназар, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлт­тық музыкалық драма театры, режиссері – Ж.Жұманбай;
– «Үздік әйел бейнесі» (500000 теңге), «Ешкім де кінәлі емес» спектакліндегі Асыл рөлі үшін Дина Заитова, C.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры, режиссері – Б.Киекбаев;
– «Сахналық жаңа форма табудағы ізденістері үшін» (300000 теңге), А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының «Мәңгілік бала бейне» спектаклі, режиссері – Ә.Оспанбаева;
– «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» (300000 теңге), «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі депутат рөлі үшін Дархан Муслимов, Астана қалалық Қуыршақ театры, режиссері – Қ.Ешмұратова;
– «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» (300000 теңге), «Қаралы сұлу» спектакліндегі қызметші кемпір рөлі үшін Гүлжиян Шынтемір, Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, режиссері – А.Шәріп.
– «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» (300000 теңге), «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі Қатира рөлі үшін Айжан Садықова, Астана қалалық Қуыршақ театры.
Фестиваль аясында Қ.Қуанышбаев атындағы Ұлт­тық музыкалық драма театрында Р.Мұқанованың «Жарық дүние» ат­ты шығармашылық кеші өт­ті. Мерейтой иесінің жары, көрнекті жазушы-драматург Ә.Тарази және астаналық ақын-жазушылар қатысқан кеште ҚР Сенатының төрағасы М.Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­тықтау хатын оқып, өз тарапынан Р.Мұқанова шығармаларының қалың көпшілік, жас ұрпақ үшін маңызын атап өт­ті. «Бопай», «Сарра», «Фариза», «Сен», «Мәңгілік бала бейне» драмалары бойынша спектакльдерден үзінділер көрсетілген мазмұнды да көркем кеш жиналған қауымға ерекше серпіліс сыйлады.
– Түркі дүниесіне есімі танымал жазушы-драматург Р.Мұқанова драматургиясындағы рухани құндылықтарды өскелең ұрпаққа дәріптеу, өзіміздің және шетелдік театрлармен шығармашылық әріптестікті нығайту мақсаты орындалды және қалың көрермен шынайы театр атмосферасын сезінді, – деді фестивальді ұйымдастырушы Астана Музыкалық жас көрермен театрының директоры, белгілі режиссер А.Маемиров.
Ал фестиваль Сарапшылар ал­қасы­ның төрайымы, белгілі сыншы Ә.Бөпежанованың пікірінше:
– За­манауи қазақ драматургиясы көшбастарлары­ның бірі – Роза Мұқанованың драмалары елдік, халықтық аса өзекті мәселелерді үлкен ауқымда көтеруімен, адам жанына сергек үңіліп, рухани-адамгершіліктік құндылықтарды тереңнен әрі нәзік қозғауымен ерекшеленеді. Фестиваль драматург шығармаларын тереңірек сезінуге, алдағы уақыт­та жаңа сахналық формалар іздеуге бастайды. Демек, алда көркем де заманауи спектакльдер қатары өзімізде, шетел театрларында көбейе түседі.
Кәсіби сахнагерлермен қатар Астана көрермендері мен қонақтары да Р.Мұқанова әлемін бір апта бойы спектакльдерде танып, өздері ой түю, зерделеу мүмкіндігін алған бұл фестиваль жарқын аккордтармен аяқталды. Мұндай мерейтойлар – ұлт­тық әдебиетіміздің, өнеріміздің мәртебесі.

Мөлдір Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір