АДАМЗАТ АЛДЫНДА XIX ҒАСЫРДЫҢ ҚАНДАЙ АЙЫБЫ БАР?
22.08.2023
287
0

   Адам баласының қажеттіліктеріне орай  өнер туындылары да түрленіп отыратыны – шындық. Руханият құбылып, құндылықтар құлдыраған уақыттың эстетикасы қалай өрнектелуі мүмкін? Бұл туралы  филология ғылымдарының докторы Айгүл Үсен өзі оқыған еңбектер мен кітаптар арқылы ой түзеді.

Мені ХХ ғасырдың соңы мен  ХХІ ғасыр бастауындағы өнер туындылары  ерекше қызықтырады. Өйткені қазіргі кезеңді  түсіну үшін ең әуелі  оның рухани дамуы мен өнерін түсіну қажет.  Осы бір алуан  бағыттар мен ағымдар  араласып кеткен, жанрлар өзгерген, көркемдік сапасы мен эстетикасы күрделенген, идеясы мен ойы сан-саққа  жүгірген кезеңді танып, түйсіну философтар мен өнертанушыларға, жалпы оқырманға да қиындық келтіріп отырғаны даусыз. Зерттеуші ретінде, оқырман ретінде заманауи руханияттағы құбылулар мен түрленулерді бағамдау қазіргі ізденісімді айқындайды. Бұрынғы өзіміз  қыр-сырына әбден қаныққан   классикалық әдебиеттің заманауи шығармаларда формасы өзгеріп, идеясы түрленіп, танымы мен талғамы мүлде жаңарған. Қазіргі кезең тынысы мен сан тарапты, құндылығы өте күрделенген қоғам мен адам болмысын көркемөнер қалай бейнелеуде?  Менің қазіргі сұрағым осы. Осы сұрақтың жауабын табу үшін философия,  әдебиеттану салаларындағы еңбектермен қатар баспасөз беттеріндегі, әлеуметтік желілердегі  шығармаларды оқып, тыңдап жүрмін.
         Испан философы Хосе Ортега Гассет «Өнердің  дегуманизациялануы»  еңбегінде  ХХ ғасырға дейінгі өнер, яғни классицизм үрдісіндегі өнер жалпыға түсінікті, эстетикалық ләззаты  мен этикалық ықпалы күшті болды. ХХ ғасырда модернизмнің келуімен өнер жалпыға емес, белгілі бір ортаға не таңдаулы адамдарға ғана түсінікті болып, эстетикалық сипаты анық сезілмей, этикалық сипаты маңызды болмай қалды. Бұл үрдіс әсіресе сурет,  мүсін өнерлерінде анық көрінді.  Бұрын өнер адамды сұлулыққа,  адамдық қасиеттер  мен  ізгілікке  бағыттаса, ендігі өнерде сұлулықтың, гуманизм мен моральдің құны түсіп кетті. Поэзияда символизмнің пайда болуы, өнерде дадаизмнің орын алуы мәнді  артқа итеріп, мәнсіздікті, антиэстетика мен  дегуманизацияны  ұсынды. Осы тұста Хосе Ортега Гассеттің «Тобырдың бас көтеруі» деген әлеуметтік-философиялық еңбегі өнердегі осы үрдістің себебін табуға бағыттайды. Бұл эмоционалдық-экспрессивтік реңкі қалың еңбек қазіргі қоғамдағы құндылықтардың жойыла бастаған кезінде жазылған. Философ өз қоғамы мен болашаққа болжам жасай отырып, адамзат өзі құрған өркениеттің тұтқынына, құрбанына айналатынына жаны күйеді. 
         Өзгеден ерекшеленбейтін, болмысы мен сипатын жоғалтқан және ол  жоғалтуына  күйінбейтін, керісінше ештеңеге қарамастан көңілі тоқ жан…  Ол ештеңе іздемейді, себебі бәрі оның алдында.  Ол ойланбайды, өйткені оған оның қажеті жоқ. Оған жайлы өмірі, алатын рахаты мен қызығы ғана керек, ішіп-жегеніне мәз, жауапкершілік дегенді сезінбейді. Бұл қауым өзіне ұқсамайтындарды, өзгеше ойлайтындарды қабылдамайды, жек көреді.  Осындай тобырдың жаппай  бас көтеріп, гуманизмнің құлдырауына, өнердің адамнан алыстауына автор ХІХ ғасырды кәналайды. Бұл кезде Еуропада өндіріс дамып, үлкен жұмысшылар тобы, өмір салты, көзқарасы  ұқсас топтар қалыптаса бастады. Бұрын  әлем  жалпы мен жалқыдан тұратын, қазір жалқылар жалпыға сіңіп,  көрінбей кетті. Жалпының, яғни ойсыз тобырдың үстемдігі күшейіп, сол мазмұндағы құндылықтың мәні артты.  Жаңа  дәуір туралы  Гегель: «Тобыр басып келеді», –  десе, «Бүкіл әлемдік нигилизм ағымын көріп  тұрмын», – деп Ницше күңіренеді. Біз қазір сол массаның ең  гүлденген шағында өмір сүріп жатырмыз. Техникалық прогресс  қарыштап дамып, адамдардың рухани болмысы әлсіреп барады. Өнерді кез-келген адам жасай алатын күн туды. Талантсыздар да таласып, елдің алдына шығып, тобырды табындыратын болды. Олардың  өнерін  талғам мен танымнан алыс тобырлар жоғары  бағалап, алдыңғы қатарға шығарды.
         Модернистер жаңа дәуірдің болмысын тауып, көрсету үшін бір-біріне ұқсамайтын дүниелер ұсынуда. Олардың бәрі  классиктер айқындаған биік эстетикалық жүйеге сай емес, оған сай болуды қажетсінбейді де. Хосе Ортега Гассет тобырдың пайда болуына либералды демократияның, эксперименталды ғылым мен  өндірістің ықпал еткенін атап көрсетеді. Тобырдың бас көтеруін  вертикальді  «жабайылану»  деп бағалайды. Автордың  бұл ойымен келісуге болады, өйткені бүгінгі уақытта елдің алдына шыққан адамдар кімдер? Сахна мәдениетін сақтамайтын, ойына келгенді жасап, аузына келгенді айтатын мәдениеттен  жұрдай адамдар жастарды  неге тәрбиелеп жатыр? Әндердің мәтініндегі сорақылықтарды айта-айта шаршадық… Бұл – жаппай жабайыланудың  бір көрінісі. Өнегелі сөз,  ғибратты тәмсілдің емес, жеңіл әзіл, қысыр әңгіменің салмағы артты емес пе? Сондықтан да болар, көпшілік театрға,  балет пен  операға  баруды ұмытты.  Тобырлық психология адам рухының жеңіліс табуына әкеледі. Адамзат рух пен  денеден тұратыны белгілі. Рухтың қалауы емес,  тәннің  қалауы басым түскенде  рухани әлсіздік, рух тапшылығы орын алады. Қазір адамзат осындай тапшылықты сезінуде.

         Саф өнер адамды өсіреді, емдейді, дұрыс жолға салады. Қазақ поэзиясындағы негізгі сарын дидактика болған. Ол Абай мен Шәкәрімде шарықтау шыңына шықты. Қазіргі ақындарда  бұл сарын жоқ десем, қателеспеймін. Сол үшін де Абай  мен Шәкәрім –  біздің дәуірде  де ерекше  өзекті.  Қазіргі ақындар не  жазады, олар өнерден не іздейді, олардың мақсаты не? Көптеген талантты ақындардың шығармашылығын шолып, олардың қайғысы – адами  рухты  жоқтау, рухтың  жеңіліс табуы екенін байқадым. Абай қазіргі ақындардан гөрі әлдеқайда оптимист болған, себебі оның мақсаты – «адамды түзету» еді, яғни ақында  адамды түзетуге болады деген үміт сәулесі  өшпеген. Білім мен ғылым арқылы адамды парасатты тұлға деңгейіне жеткізіп, заманды түзету ұлы  ақынның шығармашылық кредосы болды. Ал қазіргі  барлығы сауатты, ғылым мен өндіріс  дамыған кезеңде  адамзат парасат биігіне шыға алмады. Қайта кері кетіп, азғындап, өзі  тозып,  қоршаған әлемді де тоздырып барады. Қазіргі  поэзия мен прозада,  жалпы өнерде жарық сәуленің әлсіздігі, пессимизмнің  тереңіне батуы рухтың  шалажансар күйінен деп ойлаймын.
             Талантты  ақын Ұмтыл Зарыққаның «Қоңыр көлеңке» атты  жыр жинағына енген  «Теректер құлаған түн»  реквием-поэмасындағы жолдар испан философының поэзияда көрінген жанайқайы емес пе?
…«Біз бәрібір адасқан ұлмыз»  дегенмін сонда мен
(өзіме өзім)

«Қайта оралар ұямыз да,
Қайырыла қауышар анамыз да жоқ енді,
Біз құрбандыққа қимайтын не қалды!
 – деп,
Ышқына айғайлағаның
Есімде.

«айтшы…
Күмбезді болашақ па?
Тозған  лентадай әуені»

Мен осы қалада сан рет болғанмын,
Осы далаға сан рет қонғанмын.
Мен осы пәниге мың рет келгенмін.
Мен осы пәниден мың рет кеткенмін,
Келместей болып.
Қайта-қайта қыстай беретіні несі екен?
Бірімен бірі  жүйткіп,
Сабылысқан
Көлік.

         Поэмадан Мағжанның «Мені де,  өлім, әлдиле» деген символдық өлеңінің әуені естіледі. Оралханның табиғатпен үндескен дүниетанымы байқалады. Адамзат мына шексіз ғаламда өзін-өзі іздеумен болады. Оның тұрақтар мекені Жаратушының ізгі әлемі болса керек. Ал қазіргі адамзат өмір сүрудің орнына  жалған  дүниенің соңында жанын, арын салып, адасып  жүр. Материалдық құндылықты құдай көрген адамзат рухынан айырылып, айуан қалпына түсуде. Онда хаос орнап, тіршілігінде береке болмай, өзін де, өзгені  де  жоқ етеді. Ақын осы рухсызданған  қоғамның трагедиясын сезінеді, жалпымен күресуге Жалқыда дәрмен жоқ. Бұл жалпы адамзт қоғамын топан судай қаптап, құрдымға тартып барады.  Адамзат  ақын сөзін ұғып, өзгере ме,  белгісіз. 

Заманауи тұрмысты, құлық пен ниетті  бейнелеп,  адам мен қоғамның келбетін танытып  жүрген авторлардың бірі – талантты жазушы Есбол Нұрахмет. Автордың  «Жар басындағы алтын тақ» атты  жинағындағы әңгімелер – қазіргі  өміріміздің пазылдары сияқты. Әсіресе, «Жазушының өлімі» деген әңгімесі рухтың езілген жантүршігерлік халін, өнердің құнсыздануын, ақша мен  дүниенің құдіретіне бас иген, кері кеткен қоғамның шыңдығын жеткізеді. Қазіргі жазушылардың махаббат туралы әңгімелері махаббатты емес, махаббатын  жоғалтқандарды жазады. Бір-бірімен сөйлесе алмайтын, түсінісе алмайтын, жан дүниесі жұтаң, адамдығы аласарған жастардың алдамшы сезімін арқау етеді. Өткен ғасырдағыдай бір-бірі үшін  өлімнен де қорықпайтын, жалынды, сезімді жастар басты кейіпкер болудан қалған.   Ұлы Абайдың: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген терең байламын  қазіргі өмір шындығы дәлелдеп отыр. Адамзаттың мүмкіндігі көбейіп, байып, жетілген сайын оның қайғысы да күшейіп, проблемасы артты.

       

  Айгүл ҮСЕН

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір