OXFORD QAZAQ DICTIONARY СӨЗДІГІ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тұңғыш рет қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылған Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің таныстырылымы өтті. Сөздікті құрастырып шығару жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып отыр. Кітапты шығаруға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары, Freedom Holding компаниясы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары атсалысты.
Жиынға ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі, ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова, Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, оқу ордасының тіл мамандары мен тілші ғалымдар қатысты. 60 мыңнан астам сөз қамтылған 1300 беттік сөздік екі бөлімнен тұрады.
Сөздіктің тұсаукесер рәсімінде ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки сөз сөйледі. «Аталған сөздіктің шығуына атсалысқан барлық мамандарға министрлік атынан ризашылығымды білдіремін. Бұл сөздік аудармашыларға, ғалымдарға үлкен көмек. Бүгінде қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылып жатқан сөздер көп. Ал солардың мазмұндық жағынан дұрыс аударылуына бүгінгі жарық көрген жинақ көп септігін тигізеді деп есептеймін», – деді вице-министр.
Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова: «Бұл – еліміз үшін елеулі оқиға. Oxford сөздігі лексикографияның әлемдік стандартының символы ретінде білім мен ғылымның ажырамас бөлігіне айналды. Ауқымды жұмыс атқарған тіл мамандарының, филологтардың және зерттеушілердің күш-жігерінің арқасында аса құнды анықтамалық кітап қазақ және ағылшынтілді аудитория үшін құнды болатыны анық. Бұл сөздік ұлттық тіл мен мәдениетті сақтауға, дамытуға елеулі үлес қосады», – деп сөздіктің маңыздылығы жайлы айтып өтті.
Жиында сөз алған Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы кітаптың екі ел үшін де зор мәнге ие екенін тілге тиек етсе, Институт директоры Анар Фазылжан Oxford Qazaq Dictionary сөздігін құрастыру жұмыстары төрт жылға созылғанын айтты.