«Інжу сырға»
Орхан ПАМУК
1975 жылдың маусым айының басында, атастырылу рәсіміне тоғыз күн қалғанда, бейсенбі күні әкем екеуміз Эмиргандағы Абдолла эфендінің мейрамханасында түскі ас іштік. Сол күндері көңілсіздігімен анамды уайымдатқан әкем: «Атастырылу рәсімінің алдында екеуміз бір жерде отырып тамақтанайық, саған айтатын әңгімем бар еді», – деген болатын. Көлік ішінде әкем жалған дүние, сатқындық пен достық туралы әңгімеледі. Қызметтес жолдастарымды өмірлік достар ретінде қабылдамауым керек екенін айтты. Әкемнің әңгімесін тыңдап отырып машинаның терезесінен буырқана толқып жатқан Босфор көріністеріне, бұйра толқындардың сұлулығына, қаздай тізілген кемелерге және түскі уақыттың өзінде жартылай қараңғы болып көрінген жағалау қорықтарының көлеңкесіне қызыға қарап келе жаттым. Менің ақылгөй әкем тап бала кезімде ақыл-өсиет үйреткеніндей, жалқаулықтың дарақылыққа апаратынын, қиялдың билікке қарсы екенін ескертіп, маңдайға жазылған қамшының сабындай қысқа ғұмырда адаспай, өзіңді-өзің алдамай өмір сүрудің өзі мықтылық екенін баяндап, сөзін жалғастыра берді.
Он жыл бұрын, текстильдің экспортының арқасында отбасылық кәсібіміз қарқынды дамып байып кеткен жылдарымызда әкемнің бір жолдасы сыйлық ретінде Академияның мұғалімі, мүсінші Сомташ Йонтучке тапсырыс беріп, әкемнің бюстін жасатқан болатын. Әкемді еуропалық ретінде көрсеткісі келіп, мұртын қысқартқан бұл мүсіншіге өзімше қарсылық білдіріп, бюстке пластик мұртты жабыстырып қойғанымда әкем: «Бұл не қалжыңың?» – деп қатты ұрысқан еді. Содан бері әкем сөйлеген сайын оның қою қара мұртына қарайтынмын. Әкем білімге тым қатты берілгеннен өмірдің нағыз әсем шақтарын байқамай өткізіп алуым мүмкін екенін айта отырып, «Сатсатта» және басқа компанияларда жасаған жаңалықтарыма ризалығын жасырмады. Ағам Османның да біраз жылдар бойы атқарып келе жатқан жұмыстарына көңіл бөлуім керегін айтқанда мен де оған компаниямыздың барлық жұмысын атқаруға құштар екенімді, бірақ ағамның көптеген дүниені талқылауда ұяңдық пен босбелбеулік танытатыны барлығымызға зиян келтіргенін жеткізгенімде әкемнің ғана емес, көлік жүргізушісі Четиннің де езуіне күлкі үйірілді.
Абдолла эфендінің мейрамханасы, бұрын Бейоғлыда, Аға мешітінің жанында болатын. Бір кездері бұл атақты кісілер мен бай адамдар түскі асқа баратын мейрамхана еді. Бірнеше жыл бұрын мейрамхананың тұрақты клиенттерінің көбі бір-бір көлікті тізгіндеген кезде Абдолла эфендінің бұл мейрамханасы Босфор жанындағы әдемі жерге көшті. Әкем мейрамханаға кіре сала көңілі көтеріліп, Абдолла эфендінің көптен бері өзіне таныс даяшыларымен амандасып шықты. «Үлкен залда отырған қонақтардың арасында таныс адамдар бар ма екен», – деп ол жаққа да көз тастады. Бас даяшы бізге үстелімізді көрсетіп жатқанда әкем басқа үстелдердің бірінде отырған таныстарына жақындап барып амандасты. Тағы біреуге алыстан басын изеді. Үшінші үстелде менің қалай тез өскенімді, әкеме қатты ұқсайтынымды және кішкентай кезімде өте сүйкімді болғанымды айтып, әдемі қызымен бірге тамақтанып отырған әлдебір ханыммен қалжыңдасты. Бала кезімде мені «кішкентай мырза» дейтін, ал қазір байқамай «Кемал мырза» деген даяшыға әкем су бөрегі мен лакерда (қақталған балық) секілді тағамға және екі ракыға тапсырыс берді.
– Сен ішесің ғой, иә? – деп сұрады менен. Одан соң: – Қаласаң, темекі де шек, – деді.
Жанында отырып темекі тарту мәселесі Америкадан оралған кезімде екеумізді де қинап, ақыры бір мәмлеге келген едік.
– Кемал мырзаға күлсалғыш әкеліңізші, – деді әкем даяшылардың біріне.
Мейрамхананың саяжайында өсірілген кішкентай қызанақтарды шанышқысына іліп алып иіскеп, ракыны үсті-үстіне төпелетіп ішіп, бірдеңе айтқысы келгенімен оны қалай бастарын білмей отырғанын сездім. Бір сәтте екеуміз де терезеден сыртқа көз тастадық. Жүргізушіміз Четиннің есік алдында қожайындарын күткен басқа автокөлік жүргізушілермен әңгімелесіп тұрғанын көрдік.
– Четиннің қадірін біл, – деді әкем салмақты үнмен.
– Білемін.
– Білмейсің, шынымен де, білмейсің. Оның үнемі айта беретін діни хикаяларына да күлме. Четин – өте адал кісі, тәрбиелі адам. Жиырма жылдан бері білем. Бір күні маған бірдеңе бола қалса, оны өзіңнен алыстатпа. Кейіннен байыған байлар құсап көлігіңді де үнемі ауыстыра берме. «Шевролет» те – жақсы көлік. Бұл – Түркия, үкімет жаңа шетелдік көліктерді әкелуге тыйым салған соң, Ыстамбұлдың бар жұрты он жыл бұрынғы ескі Америка көліктеріне ауысты, дегенмен көңіл бөлме, ең жақсы көлік жөндеушілері де – бізде.
– Мен сол көліктің ішінде өстім, әкетай, сен еш алаңдама, – дедім.
– Жарайсың! – деді әкем.
Әңгіме басталды, енді негізгі тақырыпқа көшерміз деп ойладым.
– Сибел – ерекше, өте сүйкімді қыз, – деді.
Бірақ негізгі тақырып бұл емес еді.
– «Жақсы әйел – ердің бағы». Жақсы әйелді бағалай білу керек. – Сол сәтте әкем бірдеңеден ұялғандай жүзі күреңітіп кетті де, сабырсызданып: – Ана әдемі қыз есіңде ме? Баяғыда Бесікташта бізді бірге көрген болатынсың. Оны көргенде не ойладың? – деді.
– Қандай қыз?
Әкем ашуланды.
– Жаным-ау, он жыл бұрын Бесікташтағы «Барбарос» саябағында менің бір әдемі қызбен әңгімелесіп отырғанымды көріп едің ғой.
– Жоқ, есімде жоқ, әкетайым.
– Қалай есіңде жоқ, балам-ау? Менің жанымда бір әдемі қыз отырған еді.
– Сосын не болды?
– Сен әкеңді ұятты жағдайға қалдырмау үшін назарыңды басқа жаққа аударып, көрмеген боп кете бердің. Енді есіңе түсті ме?
– Жоқ! Әке, есімде жоқ.
– Жоқ, сен бізді көрдің! – Саябақтағы кездейсоқ кездесуді расымен есіме түсіре алмадым, мұны әкеме дәлелдеу қиынға соқты. Бәлкім, мен оларды көрсем де тез ұмытқым келген шығар. Бәлкім, олар мен байқап қалды деп қысылған болуы керек. Негізгі тақырыпқа осы сөздерден кейін көштік.
– Сол жанымда отырған сұлу қыз он бір жыл менің көңілдесім болды, – деді әкем тақырыптың ең маңызды сәтін бір сөйлемге сыйғызып. – Маған көптен бері айтқысы келгені, сол әйелдің сұлулығын өз көзіммен көріп куә болуым немесе одан да зоры, өзім куә болған сұлулықты ұмытып қалғаным әкемнің мазасын кетірді. Ол қалтасынан ақ-қара түсті фотосурет шығарды. Фотосуретте – «Шехир Хаттан» кемесінің артқы палубасында тұрған, жүзі мұңды, қараторы келген жас әйелдің бейнесі.
– Мынау сол қыз, – деді әкем. – Біз танысқан жылы түскен болатын. Бейшара өте мұңды кейіппен түсіпті, әдемілігі білінбей қалыпты. Қазір есіңе түсті ме? – Үндемедім. Әкемнің «ескі әңгіме» болса да, маған қандай да бір көңілдесі туралы айтқаны жыныма тиді. Алайда үндемедім. – Көзіме тік қара, осы айтқандарымды ағаңа айтушы болма, – деді әкем фотоны ұқыптап қалтасына салып жатып. – Оның діні қатты, түсінбейді. Сендей сезімтал емес. Сен – Америка көрген адамсың, сенің мазаңды қашыратындай нәрсе айтып жатқаным жоқ қой. Түсіндің бе?
– Әрине, әкетайым.
– Тыңда онда, – деген әкем ракысын бір ұрттап қойып, әңгімесін жалғастырды.
1958 жылы қаңтар айының аппақ қар жапалақтап жауып тұрған бір күнінде суреттегі сұлумен танысыпты. Сұлулығы әкемді есінен тандыра жаздаған қыз он жеті жарым жыл бұрын әкемнің жаңадан ашқан «Сатсат» компаниясында жұмыс істеген екен. Алдымен қызметтес болыпты, кейін араларындағы жиырма жеті жылдық жас айырмашылығына қарамастан, шынайы сезімдері махаббатқа ұласыпты. Қыз сымбатты бастығымен (әкемнің сол кезде қырық жеті жаста болғанын бірден есептедім) жасырын байланысына бір жыл толғанда, әкемнің өтінішімен «Сатсат» компаниясынан шығып кетіпті. Әкемнің көмегімен басқа жерге жұмысқа кіріп, Бешікташта әкем алып берген бір бөлмелі пәтерде «бір күні үйленеміз, қол ұстасып бірге ғұмыр кешеміз» деген ертегідей арманмен өмір сүріпті.
– Жүрегі таза, ақылды жан еді, – деді әкем, – басқа әйелдерге ұқсамайтын. Несін жасырайын, жас кезімде бірнеше жасырын «кездесуім» болған, бірақ ешбіріне дәл бұлай ғашық бола алмадым. Ол қызға үйленуді де көп ойладым, балам. Бірақ анаң не болар еді, сендер не болар едіңдер? –Арада үнсіздік орнады. – Мені дұрыс түсін, балам, «сендер бақытты болсын деп өз сезімімді құрбан еттім» дегім келмейді. Негізінде менен гөрі оның сезімі күштілеу еді. Маған тұрмысқа шыққысы келді. Мен оны жылдар бойы: «Күт, күт!» – деп өтірік алдаусыратып жүрдім. Басқа амалым жоқ еді. Одан бөлек өмірді елестете алмайтынмын, оны көрмей қалсам қатты сағынатынмын. Мен, шынымен де, ғашық болдым. Бұл жан ауруымды ешкімге түсіндіре алмадым. Бір күні ол маған: «Таңдауыңды жаса!» – деді. Анаңнан ажырасып өзіне үйленуімді қалады. Егер олай етпесем, менен кетіп қалатынын айтты.
– Сосын не болды?
– Анаңнан, сендерден айырылмағаннан кейін мені тастап кетті, – деді әкем жанары жасқа толып. Осы сөздерді айту оны қатты шаршатқанымен, бір жағынан, жанын рахаттандырғаны да сезіліп тұрды. Үстінен ауыр жүк түскендей қатты күрсінді.
– Сол кезде қатты қиналдым. Ағаң үйленген болатын, сен Америкада оқуда едің. Жан азабымды анаңнан жасыруға тырыстым. Ұры секілді бір бұрышта тығылып отырып қайғы шегудің азабын айтпай-ақ қояйын. Анаң ақылды адам еді, менің ішкі жан дүниемде болып жатқан алапат арпалысты сезсе де, сезбегендей сыңай танытты. Мейірбан, жайбарақат мінезінен бір танбады. Үйде анаң, қызметшілеріміз Бекри, Фатма – төртеуіміз отбасы пародиясын жасағандай өмір сүріп жаттық. Мазасыздық пен махаббат сезімі бойымды билегенде, жанымды қоярға жер таппай қиналатынмын. Бұлай жалғаса берсе, жынданып кететінімді ойласам да, бір шешімге келе алмадым, отбасымды қия алмадым. Сол күндері ол да (әкем әйелдің атын айтпады) өте мұңды болатын. Өзіне бір инженердің сөз салғанын, егер мен шешім қабылдамасам, сол жігітке күйеуге шығатынын айтты. Мен оның бұл сөзіне сенбедім. «Тек мені ғана сүйеді, басқаға көңілі ауып кетуі мүмкін емес», – деп ойладым. Күйеуге шығу туралы ойы маған біртүрлі күлкілі боп естілді. Сол жылы жазда Измирге, Көрмеге бардық. Көлікті Четин жүргізді. Қайтар жолда оның тұрмысқа шыққанын естідім. Төбемнен біреу бір шелек су құйып жібергендей есеңгіреп қалдым. «Мені мұңға батыру үшін әдейі өсек таратқан болар», – деп өзімді жұбатуға тырыстым. Менің телефоныма жауап бермеді, шақырған кездесулерімнен үзілді-кесілді бас тартты. Алып берген үйімді де сатып жіберіп, белгісіз бір жаққа көшіп кетіпті. Іздедім, бірақ таппадым. «Шынымен, тұрмысқа шықты ма, күйеуі инженер ме, балалары нешеу екен, қайда жүр, жағдайы қалай екен, бақытты ма екен» деген сұрақтар төрт жыл бойы жанымды жегідей жеді. Анығын білсем, қайғымның арта түсетінінен қорықтым, бірақ ештеңе білмеу де, ештеңе естімеу де одан өткен қорқынышты еді.
«Ол Ыстамбұлдың бір жерінде өмір сүріп жатқан шығар», – деп үнемі ойлайтынмын. Газеттерді оқып отырып: «Ол да бір жерде газет оқып отырған шығар», – деп теледидар бағдарламаларын көріп отырып: «Ол да теледидардан осы бағдарламаны көріп отырған болар», – деп ойлайтынмын. Шай ішіп отырып, оның да бір жерде шай ішіп отырғанын көз алдыма келтіретінмін. Мен оны есімнен шығара алмадым. Жаныма жабысқан сағыныш па, мұң ба, әлде өкініш пе, білмеймін, бір сезім жылдар бойы уысынан босатпады. Әйтсе де, фабрикадағы жұмысымыз жақсы жүріп жатты. Бизнесіміз күн сайын өрлеп, құлашымыз кеңейе түсті. Өміріміз қуанышты, бақытты болатын. Үйімізде мамыражай тыныштық… Балалар мен немерелер де өсіп-жетіліп жатты. Шырайы келіскен тату отбасымызға көрген жұрттар қызыға қарайды. Анаңды, балаларым – сендерді мақтан тұтатынмын. Менің жанымның емшісі – сендерсіңдер.
Бір күні мен оны сондай көргім келді. «Тым құрыса, дауысын естісем ғой», – деп қатты аласұрдым. Анасының үйінің телефонын тауып алып, түс кезінде телефон шалдым. Анасы менің кім екенімді сырттай білетін, дегенмен көрмеген еді. «Мектептегі сыныптас құрбысының күйеуі едім, әйелім ауырып ауруханада жатыр, оны көргісі келеді, әйелімнің сөзін жерге тастамай келіп кетсінші», – деп жалындым. Анасы біраз үнсіздіктен соң кемсеңдеп жылай бастады: «Балам, менің қызым қайтыс болды ғой жақында. Обыр ауруынан», – деді. Жүрегім қан жылап қоя берді. Жылап қоймайын деп ернімді қатты тістедім де телефон тұтқасын қоя салдым. Ол инженер-пинженерге де тұрмысқа шықпапты. Мені сүйіпті! Мені күтіпті!.. – Өткен шақтан құралған хикаяның біткенін, әкемнің де көңілі орнына түскенін іштей сезіп отырмын. Бірақ бұл хикая маған ұнамады. Әкемнің жанарынан аққан жас тамшылары бетін жуып жатты. Оны осындай халде көру мені ыңғайсыз күйге түсірді. Не дермін?..
– Мейлі, – деді әкем, сәл үнсіздіктен соң есін жинап, көз жасын қол орамалымен сүртіп жатып: – Сені бүгін қайғымды айтып, көңіліңді түсіру үшін шақырғаным жоқ, балам. Атастыру рәсімін жасап, Себилге үйленгелі жатырсың, осы қайғылы хикаямды білуіңді, әкеңді бұрынғыдан да жақсы тануыңды қаладым. Саған тағы да бір сыр айтқым келеді. Түсіндің бе мені?
– Не айтқыңыз келді, әке?
– Қазір қатты өкінемін, – деді әкем. – Оған жақсы сөздерді аз айтыппын. Сондай сұлу екенін, мен үшін қымбат жан болғанын айтпағаным үшін өкінемін. Асыл жүрегі бар, кішіпейіл, ақылды әрі сондай көркем жан еді. Әдемі әйелдердің бәріне тән бір мінез бар, өз көркіне өзі қызыққандай мақтанып, өздерін жоғары санайды. Сұлулығын бұлдап еркекті өзіне кіріптар етуді қалайды. Мұндай бейшара мінездерден ада еді ол қыз. Ол періште қыз еді, жауапсыз махаббатының бар азабын үн-түнсіз жүрегімен көтеріп, менің отбасыма, балаларыма өзінің мына өмірде бар екенін сездірместен өз жөнімен кете барды. Оны жоғалтып алғаным үшін, оған жақсы қарай алмағаным үшін, оны түсіне алмағаным үшін арада қанша жыл өтсе де қатты қайғырамын. Біз, еркектер, кейде өзімшілміз ғой. Өз сезімімізді жоғары қоямыз. Әйелдерге кейде қолдағы ойыншықтай қараймыз. Арманымыздағы әйел құстай болып, қолымызға қонса да ұшып кетеді-ау деп ойламаймыз. «Қайда кетер?» – дейміз. «Менен артық кім бар?» – дейміз. Балам, жақсы әйел кездессе, оның бағасын білу, сыйлай білу нағыз еркектің ғана қолынан келеді. – Әкем қалтасынан қызыл матаға оралған ескі қобдишаны шығарды. – Мұны Измирдегі Көрмеге барғанда сыйлыққа деп сатып алғанмын. Оған бұйырмады. Кездесулерден бас тартты ғой. Бір күні кездесе қалсам, берермін деп сақтап келдім. – Әкем қобдишаны ашты.
– Бұл інжу тасты сырға өте қымбат тұрады. Құлағына тақса, сұлулығын асырар еді, қайтейін. Жылдар бойы үйдің бір бұрышына тығып, жасырып келдім. Мен өлгеннен кейін анаңның тауып алғанын қаламас едім. Сен бұл сырғаны ал. Мен көп ойландым. Бұл сырға Сибелге қатты жарасады.
– Әкетай, Сибел менің жасырын емес, некелі әйелім болады ғой, – дедім де, қобдишаның ішіндегі інжу сырғаға көз салдым. Әдемі екен.
– Айтпа мұндай бос сөздерді, – деді әкем, – Сибелге сырғаның хикаясын айтпассың, сонымен бұл тақырып жабылар. Сырғаны таққанда мені есіңе аларсың. Бүгін саған айтқан насихаттарымды да ұмытпағайсың. Сибелді сыйла, ол – жақсы қыз. Кейбір еркектер әйелдерге немқұрайлы қарайды, кемсітеді. Сен олар сияқты жаман болма, сыйлай біл, аялай біл, әйел де – дос, жанашыр ғой. Бұл сырғаны саған аманаттаймын. «Құлағыңа інжу сырға!» – деген сөз құлағыңда қалар сыр болсын. – Османлы пашаларынан қалған ескі бір әдетпен садақа бергендей қобдишаны ұстатты да, даяшыға: – Балам, бізге біраз ракы мен мұз алып келші, – деді. – Қандай тамаша күн! Мына жер қандай тамаша! Көктем мен фикус ағашының иісі шығып тұр, – деді маған қарап.
Сағатыма қарасам, Пүсінмен жолығуға келіскен уақыт таяп қалыпты. Әкеме жұмыста маңызды бір кездесуімнің бар екенін айтып, «Сатсатқа» қожайыны ретінде әкемнің телефон соғып менің кездесуімді кері шегергені дұрыс болмағанын түсіндірумен болдым.
– Жұмыстың аты – жұмыс, – деп, кездесуге уақытында баруым керегін жеткіздім.
– Америкада жұмыс тәртібін үйренген болдың ғой. Жарайсың! – деді әкем.
Бір жағынан ракы ішіп отырып, әкемді де қимай, екінші жағынан, сағатыма қарап, Пүсін сұлумен болатын кездесуіме асығып отырдым.
– Асықпашы, балам, шамалы отырайықшы, қарасаңшы, әке мен бала болып мұңымызды шағып отырмыз. Енді сен де үйленесің де кете барасың бізден алыстап! – деді әкем маған қимастықпен қарап.
– Әкетай, басыңнан өткен оқиғаларды түсінемін, маған берген қымбат насихаттарыңызды да ешқашан ұмытпаймын, – дедім орнымнан тұрып жатып.
Жасы ұлғайған сайын, көңілі босағанда әкемнің еріндерінің жиегі өздігінен дірілдей бастайтын. Қолымды ұстады да бар күшімен қысты. Мен де оның қолын дәл сондай күшпен қысқан едім, әкемнің жанарынан жас тамшылары бетін айғыздай төгіліп кетті. Бірақ лезде есін жиып алды. Әмірлі үнмен даяшыдан есеп сұрады. Бір мінез көрсеткісі келген болар. Үйге қайтар жолда Четиннің баппен айдаған көлігінің артқы орындығында отырған әкем ұйықтап қалды.
Мен көліктен түсе сала, Пүсінді құшағыма қысу үшін екеуміз кездесетін мекен – махаббат мекеніміз «Мерхамет» тұрғын үйіне қарай құстай ұштым. Екеуміздің құшағымыз айқаса кетті. Еріндеріміз желімдей жабысты.
Құмарымыз қанған сүйістен соң ол маған:
– Аузыңнан арақ исі шығып тұр, – деді.
Қалтамнан қобдишаны шығардым.
– Ашып қарашы!
Пүсін асықпай қобдишаны ашты.
– О, інжу сырға! Қандай керемет! Бұл – қымбат, құнды дүние ғой.
– Ұнады ма?
– Менің сырғам қайда?
– Жоғалған сыңар сырғаңның рухы ретінде, меніңше, бұл інжу сырға – сенің сырғаң болсын, жаным.
– Мен өз сырғамды қалаймын.
– Бұл – саған арналған сыйлық! – дедім.
– Қымбат қой! Мен мұны таға алмаймын. Барлығы қайдан алғанымды сұрайды.
– Тақпа онда. Бірақ қолымды қайтарма.
– Бұл – менің сырғамның орнына келген зат. Ескі сырғамды жоғалтпағаныңда, бұл інжу сырғаны сатып алмаған болар едің ғой. Шынымен де, жоғалттың ба?
– Бір күні үйден табылып қалар.
– Бір күні, – деді Пүсін, – қалай жайбарақат айта саласың? Жауапкершілігің қайда? Қашан? Қанша уақыт күтемін енді?
– Көп емес. Бір күні ата-анаңның алдына барамын, – дедім қалжыңдап.
– Күтемін, жаным, сол күнді. Сүйем сені, – деп күлімсіреді Пүсін.
Ернін ерніммен жаптым. Сүйісуіміздің соңы шөліркеген құмар ойынымызға жалғасып, мұң да, көңілге қонақтаған кірбің де – бәрі-бәрі от сезімдер құшағында жұтыла еріп бара жатты…
Түрік тілінен аударған
Маржан ЕРШУ