Австралия сапары: маңызы мен әсері
05.01.2026
81
0

Әлемнің алтыншы құрлығына сапарымыз ойламаған жерден басталды. Қырғыз ақыны Атантай Акбаровқа қазақ-қырғызға ортақ ақын болып кеткен Саят Қамшыгер хабарласып, штаб пәтері Австралияның Сидней қаласында  орналасқан Халықаралық ақындар ПЕН клубының (PoetsInternational Pen Club – PIPC) ұйымдастыруымен кезекті әлемдік поэзия фестивалі өткелі жатқанын, фестиваль аясында әлем ақындарына әр түрлі аталым бойынша марапаттар берілетінін, соған алдын ала шығарма жолдауға, құжат тапсыруға болатынын хабарлады. Осы РІРС-тің басқарма мүшесі, сонымен бірге аталған ұйымның Қазақстан филиалы­ның төрағасы, танымал қазақ ақыны Дүкен Мәсімханұлы Орталық Азиядан, соның ішінде Қырғызстанның атынан қырғыздың атақты ақыны Атантай Акбаровтың қатысуын жөн көріпті. Атантай Акбаровтың құжаттарын, ағылшын тіліндегі өмір­баян, өлеңдерін, жаңа кітабы жайлы мәліметті комиссияға дер кезінде ұсындық. РІРС комиссиясының шешімімен Атантай Акбаровқа «Жүрегім сынды тана алмаймын» жыр жинағы үшін «Жылдың үздік ақыны» сыйлығы берілгені белгілі болды. Сөйтіп, біз Қырғызстан Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары, ақын Атантай Акбаров екеу­іміз Сиднейге бару үшін Бішкектен Алматыға келдік.

Алматы әуежайында  қазақ ақыны, аудармашы-ғалым, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры Дүкен Мәсімханұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ақын,  «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, ол кісінің жары, ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің қызы Махаббат Айбергенова, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгермен жолығысып, алтауымыз Орталық Азия ақындарының делегациясы болып 3-желтоқсанда Сидней сапарына аттандық.
РІРС-тің Сиднейде өтетін бұл жиынына қазақ ақыны Б.Жақып аталмыш әлемдік  поэзия ұйымының Халықаралық марапат жөніндегі комиссиясының  мүшесі ретінде, ақын Д.Мәсімханұлы аталған ұйымның ең жоғары марапаты «Алтын қалам» сыйлығын алуға, ақын Саят Қамшыгер Әзербайжан тіліне аударылып, Баку қаласынан шыққан «Qarabaq» атты поэма-кітабына берілген «Жылдың ең үздік жыр жинағы» сыйлығын алуға шақырылған екен. Қазақ пен қырғыздың туыстығының бір дәлелі, біз Алматы әуежайында кездесе салып-ақ тез шүйіркелесіп кеттік. РІРС-тің арнайы шақыруымен алдын ала виза жасатып, құжаттарды рәсімдеуіміздің өзі – бөлек бір мақалаға жүк боларлық әңгіме. Оның машақаты мен қызық-шыжығын Сиднейге жеткенше жыр ғып айтып бардық.
   Алматыдан Гуанчжоуға 6 жарым сағат, одан ары келесі ұшаққа мініп, 9 жарым сағат ұшып Сиднейге жеттік. Үнді мұхитының үстімен ұшып, Тынық мұхитының жағалау­ындағы Австралияның Сидней қаласына табан тіредік. Талантты ақын бауырымыз Саят Қамшыгер ұшақта «Сиднейге ұшқан ақындар» деген өлең жазыпты. Өлеңді оқып, сүйіндік.
Қазақстан мен Қырғызстанның ақындары бірге Орталық Азияның атынан делегация болып Австралияға алғаш ұшқан шығар. Бұрын-соңды «ит арқасы қияндағы» әрі материк, әрі мемлекет Австралияны кім көрген? 2000 жылы Сиднейдегі олимпиадаға қатысқан қазақ боксшылары Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбрайымов чемпион атанып, Мұхтархан Ділдабеков, Болат Жұмаділов, велоспорт тарланы Александр Винокуров, балуан Ислам Байрамуков күміс алған, олимпиадаға қатысқан 199 елдің ішінен Қазақстан 22-орын алған жемісті жылды әлі ұмытқан жоқпыз. Қазақстанның сол кездегі жетістігіне Қырғыз халқы ақ қалпағын аспанға лақтыра қуанған болатын. «Сидней» деген қала аты сол кезден санаға берік орнығып қалған ғой.
    Тұтас Австралияда 27 миллион халық бар болса, соның 5 жарым миллионы Сиднейде өмір сүреді екен. Сидней – Австралияның ең ірі қаласы. Ұйымдастырушылар әуежайдан жолаушы-делегат ақындарды қарсы алып, қонақүйге орналастырып, мейрамханаға қонақасына апарды.
  Желтоқсанда бізде қыс мезгілі басталса, Австралияда жаз екен. Біз барғанда ауа райы 30 градустан жоғары болып, Сиднейдің ағаштары гүлдеп, гүлдері жайнап, жайқалып тұр екен. Сидней бізді жатсынбай, жатырқамай қарсы алды. Бірден қысқы киімдерімізді жиыстырып қойып, жазғы киімдерімізді киініп, жадырап шыға келдік. Оның үстіне Сидней уақыты бізден 6 сағат алда екен.
  Сиднейге барған күннің ертеңінде әйгілі Балморал жағажайына барып, Тасман теңізіне суға түстік. Балморал – Сиднейдегі 100-ден аса жағажайдың алғашқы бестігіне кіретін жайлы жағажай. Толқындары жуас, суы таза, құмы да керемет екен. Ыстық күнде Тынық мұхитымен шектесіп жатқан Тасман теңізінде рақаттана дем алдық. Тек Тынық мұхитында ғана тіршілік ететін барракуда дейтін балығының  дәмін тату да осы жағажайда нәсіп болды.
 7-желтоқсанда ЮНЕСКО қорғауына алынған, әлем жұртының арманына айналған әйгілі ғимарат – Сидней Опера театрының Ялламунди залында РІРС-тің кезекті поэзия фестивалі мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда басталып кетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ақындармен қоса австралиялық жергілікті ақындардың да  қарасы мол болды.
  Марапаттау рәсімінде РІРС марапаттау жөніндегі комиссиясының шешімімен үш ақынға «Алтын қалам» сыйлығы берілді. Олар – Жаңа Зеландиядан келген ақын Док Драмхеллер, Қазақстан ақыны Дүкен Мәсімханұлы, Қытай ақыны Ю Нуң. Бұл сыйлық – РІРС-тің ең жоғары һәм ең басты сыйлығы. Жаңа Зеландия ақыны Док Драмхеллерге сыйлықты қазақ ақыны Бауыржан Жақып пен РІРС вице-президенті Хуан Ячжоу тапсырып, марапат иесінің поэзияға қосқан үлесі туралы арнайы сөз сөйледі. Бір айта кетерлігі, Бауыржан Жақып сөзін ешқандай аудармашысыз, ағылшынша өзі сөйлегенде бәріміз риза болып, мақтанып қалдық.
Дүкен Мәсімханұлының поэзиядағы жетістігі туралы Сингапур ақыны мен Австралия ақыны сөз сөйлеп, «Алтын қалам» сыйлығын тапсырған соң, марапат иесіне арнайы сөз берілді. РІРС-тің жұмыс тілі ағылшын және қытай тілдері болғандықтан, Д.Мәсімханұлы өз әсерін қытай тілінде жеткізді.
– Ардақты ақындар!
Құрметті қонақтар!
Ең алдымен, Халықаралық ақындар ПЕН клубының бағалаушыларына және бүгінгі салтанатты кешке қатысып отырған барлық қонақтарға Қазақ елінен жалынды сәлем!
Мен – Орталық Азияда орналасқан Қазақстан Республикасы дейтін елдің азаматымын! Бұл  жиынның жұмыс тілінің бірі – қытай тілі болғандықтан, сөзімді қытай тілінде айтуға  рұқсат етіңіздер.
Залда отырған көпшілік, біреуіңіз білерсіз, біреуіңіз білмессіз… Менің туған халқым Қазақ ұлтының өзіне ғана тән дара, өте бай ұлттық мәдениеті бар. Тіпті қазақ халқының өнер, мәдениет, әдебиет туралы ой-пікірлері де өзгеше! Мәселен, «Өнер алды – қызыл тіл» дейді қазақ мақалы, яғни қазақ халқы сөз өнерін барлық өнер-мәдениет салаларынан жоғары қояды. Сол үшін де тарихта қазақ қоғамында ақын-жазушының орны мен рөлі айырықша болып келді. Соған байланысты болса керек, ертеректе қазақ жастары арасында ақын-жазушы болуды армандайтындар өте көп болатын. Алайда ақын-жазушы болу армандағанның бәрінің басына қона беретін бақыт құсы емес еді. Өйткені қазақ халқының ұғымында сөз өнері  киесі де, иесі де бар құбылыс болып есептеледі. Демек, қазақ халқының қаламгері болуға «еңбек» пен «таланттың» үлес салмағы 50/50 болуға тиіс. Атап айтқанда, біздің халықта басын тауға да, тасқа да ұрып, өлермендікпен «ақын-жазушы» болғысы келетін «талапкерге»  жол жоқ. Алайда соңғы ширек ғасырда  интернеттің адамзат өміріне дендеп кіруі, одан қала берді ЖИ-дің өз күшіне енуі таза адами парасатпен жасалатын шығармашылыққа белгілі деңгейде нұқсан келтіріп отырғаны жасырын емес. Соның кесірінен аққу мен ақ қазды, мыс пен алтынды айыру қиынға түсіп барады. Дегенмен мен, адамзат бұл мәселені шешудің де бір жолын табады деп сенемін!
Қазір де, тіпті бұрын да қасиетті «поэзия атызын» арамшөптер басып кеткеніне қарамастан, талантты ақындар ешқашан сол қасиетті «поэзия атызынан» баз кешіп кеткен емес.  Тіпті таза таланттар өзінің әлеу­меттік жағдайы тым мүшкіл халде болса да немесе байлық пен мансапқа мелдектеп отырса да,  қаламын бір сәт  те қолынан тастаған емес! Бұның сыры неде?!
Бұл сұраққа қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы «Сөз өнері дертпен тең» деген анықтама берген болса, қазақтың тағы бір талантты ақын-композиторы Біржан Қожағұлұлы «Өнерді бойға біткен іркіп болмас» деп жауап берген болатын. Демек, сөз өнері –шығармашыл тұлғаға атаның қанымен, ананың ақ сүтімен келетін, қазіргі тілмен айтқанда, ген арқылы берілетін  ұлы қасиет!
Ал ген арқылы сөз өнері дарыған шығармашыл тұлға ғана қаламды қолға алады делік… Ендеше, ол өлеңді (немесе  проза) зады  неге, не үшін жазады?! Бұл да әлемдік әдебиетші ғалымдар мен шығармашылық психологиясын зерттейтін ғалымдар арасында әлі күнге дейін нүктесі қойылмай келе жатқан мәселе!
Бұл мәселеде мен орыстың әйгілі ақыны Н.Некрасовтың «Ақын болу-болмау – өз еркің, азамат болу – борышың» деген ұстанымын толықтай құптаймын! Өйткені ақын осыны түсінгенде ғана   өзінің адам ретіндегі, азамат ретіндегі  міндетін толық сезініп,  адамдық ар-ожданын асқақ ұстап, ақын  деген атқа лайық болуға ұмтылады. Демек ақын болу – ойыншық емес! Қазақ халқының аса талантты тағы бір ұлы ақыны Төлеген Айбергенов ақын болудың қиындығын:                    
Ақын боп өмір кешу оңай дейсің бе,
қарағым,
Аузында болу, бұл өзі сыздаған
барлық жараның , –
деп сипаттаған болатын.
Бұл ретте, ақынға жеке басын ғана күйттеуді былай қойып, өз ұлтын ғана сүю, туған халқының ғана мұңын мұңдап, жоғын жоқтаудың өзі аз!  
Өйткені  Жер шары  – адамзаттың ортақ үйі! Тағдыр әртүрлі нәсілдерді, этностарды және тілдерді жаратқанымен, адам баласы көптеген ортақ құндылықтарға және ортақ тілге ие. Мысалы, барлық адамдар қуанғанда күледі, қайғырғанда жылайды, ашуланғанда қабағын түйеді… және барлығы жас ұрпақты аялайды,  ата-аналарын құрметтейді. Барлық адам  бейбіт өмірді және өз Отанын жақсы көреді. Қолына қалам ұстап жүрген әр қаламгер, өзін саналы азаматпын деп есептейтін әрбір тұлға  бұл қағиданы  білуі  керек және жер бетіндегі әрбір адам,  әрбір ұлт бір-бірін түсінуі керек десек, бұл тұрғысынан келгенде, мәдени алмасу мен әдеби шығармашылықтың рөлі мен қозғаушы күші өте маңызды.
Себебі әдебиет – ақынның ішкі сезімі ғана емес, ұлттың үні! Адамның жан дауысы. Осы себепті түрлі елдерде өмір сүріп жатқан  адамдар көбінде   бір-бірін әдебиет арқылы түсінеді. Әдебиеттің өз ішінде өткір және кемел  стилімен жазылатын поэзия ерекше рөл атқарады. Сондықтан қазақтың ұлы  ақыны Абай айтқандай, қай елдің ақыны болмасын, ол талантты ғана емес, сонымен қатар адам баласының бәрін  «өз бауырым» деп сүйе білуі керек!
Ендеше,  біз бұған қалай қол жеткізе аламыз?!
Бұл мәселеде де  поэзия бізге көмектесе алады, өйткені поэзияның шынайы мәні – қарапайымдылық пен талғампаздық. Поэзия – жауынгер жанр емес, идеялар мен эмоцияларды білдірудің тиімді тәсілі.
Сондықтан әлемнің ақындары,  біздің  бәрімізді өлең  байланыстыра алады. Әсіресе бүгінгі адамзат бұрын-соңды болмаған күрделі жағдайда өмір сүріп отыр. Біз ортақ – үйіміз Жер шарына қауіп төндіріп отырған  кикілжіңдерге, экологиялық апаттарға,  мазасыз және дүрбелең дәуірге қалай ықпал етеміз? Қазақ ақыны һәм сіздердің достарыңыз  ретінде айтарым,  біздің миссиямыз – өзіміздің поэзиялық шығармаларымыз арқылы бүкіл әлемге, күллі адамзатқа өзінің алаңсыз өмірін, бір-біріне деген ізгілігі мен  махаббатын қайтару!
Менің поэзиямның  бұған дейін де осы бағытқа көбірек арналғанына қарамастан, алдағы күндерде осы мақсатқа арнап, тұтас бір жыр кітабын жазу жоспарым бар. Оны да ерте ме, кеш пе,  күллі адам баласының назарына ұсынғым келеді. Осы мақсатпен мен бүгінгі  орайлы сәтті пайдалана отырып,сіздерге «әлем ақындары, бірігейік!» деген ұран тастамақпын.
Сөзімнің соңында, Халықаралық ақындар ПЕН клубына, оның басшылығына, клубтың «Алтын қалам» сыйлығын тағайын­дау жөніндегі комиссиясына шын жүректен алғыс айтамын!
Залда отырған барлықтарыңызға  зор денсаулық, шығармашылық мол табыс тілеймін! – деп аяқтады өз ойын ақын Д.Мәсімханұлы.
«Жылдың үздік кітабы» сыйлығы берілген төрт ақынның бірі  – ақын Саят Қамшыгер. Оның Әзербайжан тіліне аударылып, Баку қаласында шыққан «Карабах» кітабы осы марапатқа лайық саналыпты. Саятқа да сыйлығын австралиялық ақын мен жаңазеландиялық екі ақын тапсырды. Оған да арнайы сөз берілді.
«Жылдың үздік ақыны» сыйлығын алған бес ақынның бірі ретінде қырғыз ақыны Атантай Акбаровтың аты-жөні аталды. АҚШ, Австралия, Косово, Қытай ақындарымен қатар ол да сахнаға шығып, марапатын алып, сөз сөйледі.
Орталық Азиядан – Қазақ, Қырғыз елдерінен барған үш ақынның еңбегі бағаланып, әлемдік деңгейдегі жүлдеге ие болып жатқан  сәттегі әсеріміз бен қуанышымызды тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.
 9-желтоқсанда Пальмата қалалық әкімшілігінің ғимаратында, яғни Жаңа Оңтүстік Уэльс Парламент үйінде «Поэзия туралы пікір алмасу және өлең оқу» жиыны өтті. Ол жерде қытай ақыны, профессор Хуан Ячжоу «Классикадан қазіргі заманға дейін: бүгінгі поэзияның дамуы туралы, қазіргі саяхат жырлары» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. АҚШ-тың Нью- Йорк қаласынан келген ақын, профессор Сұлтан Катто «Менің саяхат жырларым» атты баяндама жасады. Сұлтан Катто бала кезінен Америкада өскен, қазір жасы 79-ға келген өзіміздің түбі бір туысқанымыз екен. Ұлты – қарашай.
Бұл пікір алмасу жиынынан аңғарғаным, бүгінде әлемде саяхат, сапар жырларының кең өріс алып, дамып келе жатқаны. Бұрынғыдай емес, саяхаттап, жан-жаққа, түрлі елдерге баруға әлем құшағы ашық, мүмкіндік мол. Ақындар да саяхат барысында әсерленіп, шабытты шақта тұрғанда жыр жазып, көбіне сол барған елдерінен топтама өлең жазып келетіні рас. Осындай саяхат, сапар жырлары арнайы зерттеу нысанына айналып келе жатқанына риза болдық. Өзге емес, дәл осы жолғы Сидней сапары кезінде ақындар Бауыржан Жақып, Дүкен Мәсімханұлы, Саят Қамшыгер үшеуінің де тамаша жырлар жазғанына куә болдық.
Жыр кешінде ақындар кезек-кезек өз өлеңдерін әсерлене оқып, Парламент ғимаратын жаңғыртты. Әр ақын өлеңін өз тілінде оқыды, соңынан ағылшын тіліндегі аудармасын алдын ала дайындалған арнайы аудармашы оқып беріп тұрды. Жыр мерекесінен бәріміз ерекше шабыттанып шықтық.
   Осы ғимаратта түстен кейін РІРС басқарма мүшелерінің кеңейтілген жиыны өтті. Жиынды ұйымның Бас хатшысы жүргізіп отырды. Жиынның нәтижесінде жылдық есеп тыңдалып, алдағы жоспарлар талқыланды. Басқарма мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде РІРС  Президенті болып австралиялық ақын Дэвид Масгрейв сайланды. Вице-президент болып Жаңа Зеландия ақыны Док Драмхеллер, Қазақ ақыны Бауыржан Жақып, АҚШ ақыны Сұлтан Катто, Қытай ақыны Хуан Ячжоу сайланды. Басқарма мүшелері де қайта толықтырылып сайланды. Бұлардың ішінде Дүкен Мәсімханұлы Қазақстанның, Атантай Акбаров Қырғызстанның атынан басқарма мүшесі болды. РІРС Бас хатшысы болып Хань Циңчэн қайта сайланды, Бас хатшының орынбасары болып қазақстандық Саят Қамшыгер сайланды. Ал Дүкен Мәсімханұлы РІРС Қазақстан бөлімшесінің басшысы, Атантай Акбаров Қырғызстан бөлімшесінің басшысы болып белгіленді.
Жиын қорытындысы бойынша РІРС-тің келесі фестивалі 2026 жылы Оңтүстік Азия елдерінің бірінде, 2027 жылы Қытайдың Хайнань аралында, 2028 жылы Орталық  Азия елдерінің бірінде өтетін болып келісілді.
Фестиваль мен жиыннан басқа күндері ақындарға мазмұнды да қызықты мәдени-демалыс бағдарламасы жасалыпты. Оның ішінде әйгілі Бондай жағажайы, Әулие Мәриям ғибадатханасы, Гайд саябағы, Сидней университеті, Елизавета ханшайым ғимараты, Корольдік ботаника бағы, Харбор теңіз жағалауына барып, кемемен саяхат жасау сияқты бағыттар қамтылған. Барлығына арнайы автобуспен апарып, өз істерінің маманы – гидтер таныстырып, аралатып жүрді.
Әлем ақындарының Халықаралық ПЕН клубының бағдарламасы аяқталған соң да Орталық Азия делегациясы 2-3 күн аялдап, Сиднейдің көрікті жерлерін өз бетінше аралады. Sea Life Sydney океанариумы су асты әлемімен танысуға қолайлы, қызықты, танымыңды кеңейтетін орын екен. Wild Life Sydney зообағынан әдетте басқа жерден көре бермейтін кенгуру, коала, ему түйеқұсы, пингвиндерді тамашаладық.
 Австралия музейіне барғанымыз да Сидней сапарындағы ұмытылмас сәт болды. Музейге кіру тегін. Ежелгі адамдар мен көне мәдениетпен танысудың орайы жақсы келді. Бізге ерекше әсер еткен нәрсе – аборигендер пайдаланған қайық, ескек, құрал-жабдық, қарулар, күнделікті өмірге қажетті заттар. Музейді тамашалап жүріп аң-құс, жануарлар залына қалай өтіп кеткенімізді байқамай да қалдық. Австралиядағы барлық жануар түрінің сүйегі мен бейнесі қойылыпты. Австралияның ежелгі халқы – аборигендердің фотолары көрген жанның аяушылық сезімін туғызбай қоймайды екен. Көздерінде мұң тұнған аборигендер – жоғалып бара жатқан халықтың көрінісі. Қазірде мемлекет қарамағына, қамқорлығына алынған аборигендер 500 мыңнан асады екен, барлығы алыс аралдарда, ну жыныс ормандарда тұратын көрінеді. Өз тілі мен салт-дәстүрінен айырылып, жаһандану аранына жұтылып бара жатқан халықты ойлап, жаның ашымауы мүмкін емес.
   Сидней – жап-жасыл қала. Біз бұрын-соңды көрмеген ағаштар мен өсімдіктің түр-түрі өседі. Барлығы жап-жасыл, жайқалып тұр. Өзінен-өзі қабығы түсіп түлейтін алып ағаштар, тамыры адырайып, жердің үстіне шығып кеткен, әудем жерге дейін көрініп тұратын беймәлім ағаштар, сақалды ағаштар, ертегіде естіген мыстан кемпірдің үйіндей болған ағаштар… Барлығы біз үшін қызық. Өзге құрлықтың табиғаты, өсімдік, жануарлары да айрықша болады екен ғой! Кей жерде көшеде көріп қалған саусақтай тарақандары, саябақта  қойдай жайылып жүрген тырна сияқты құстары, теңіз жағалауында күнге қыздырынып жатқан шағалалары, ағаштардың арасында көлеңкелеп тұрған түрлі-түсті тотықұстар, бұрын-соңды біз көрмеген қызылды-жасылды гүлдер, бәрі-бәрі таң-тамаша қалдырады. Қала тап-таза, ауасы да керемет.
Адамдары еркін. Австралиялықтар деген өзі қырық темірдің қылауы екен. Оларды «мынау жергілікті», «мынау сырт­тан келген» деп жыға тану мүмкін емес. Елде ағылшын, итальян, француз, неміс, жойттардан өзге, Үндістан, Пәкістан, Қытай, Малайзия, Тайланд, Тибет, Вьетнам сияқты елдерден келген адамдарды да көптеп ұшыратуға болады. Бізге гид болған қыздың айтуынша, тұтас Австралияда соңғы жылдары қытайлардың саны күрт өсіп келе жатқан көрінеді. Қазірдің өзінде бұл елде екі миллион қытай өмір сүріп жатқан болса, соның бір миллионы Сидней қаласында тұрады екен. Сонымен бірге көптеген адал тамақтандыру нүктелерін ашып тастаған түрік ағайындарды көріп, қуанып қалдық. Олардың Сиднейдегі санының өзі 200 мың мөлшерінде екен. Сырттан келгендер көбіне такси жүргізушісі, аспаз, даяшы, қонақүйдің тазалық қызметшісі, сатушы, гид сияқты қызметтерді атқарады. Айтпақшы, қонақүйде екі қазақ әйелін көріп қалдық. Кемемен круиз жасап, Малайзия, Сингапур, Жаңа Зеландия сияқты елдерді аралап, Австралиядан түсіп, Сиднейде 2-3 күн қыдырып, Гуанчжоу арқылы Алматыға ұшуға әуежайға қарай шығып бара жатқан беті екен. Шұрқырасып табысып, сөйлесіп кеттік. Ақтөбеден екен екеуі де. Ақын Төлеген Айбергеновтің қызы деп Махаббат Айбергенованы таныстырып жатсақ, біреуі Ақтөбедегі Төлеген Айбергенов көшесінде тұратын болып шықты.
Сидней театрынан шығып бара жатқан кезімізде екі жігіт, екі қызбен ұшыраса қалдық. Төртеуі де қазақ жастары. Нұрбол мен Нұршуақ Моңғолияның Баян Өлгейінен келіп, Сиднейде құрылыста жұмыс істейді екен. Олармен естелік үшін суретке түстік. Олар да бірден видеоға түсіріп, «Сиднейдің Опера театрында жеңімпаз болып, әлемдік сыйлық алып жатқан қазақтар мен қырғызды көріп қуанып жатырмыз, міне, қараңыздар», – деп туыстары мен достарына жіберіп жатыр.
    Сидней сапары да аяқталды. Қайтарда Сиднейден Куала Лумпурға дейін 9 сағат ұшып, одан бері Алматыға дейін тағы 9 сағат ұшып аман-есен жеттік. Қазақ пен қырғыз ақындары болып Сидней төріне барған сапарымыз ұмытылмастай болып, көңілге жылу сыйлап тұратыны сөзсіз.

Өктем Қалиева,
Қырғыз Республикасының мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер,
Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі,
 Бішкек – Алматы – Гуанчжоу – Сидней;
Сидней – Куала Лумпур –
Алматы – Бішкек,
2025 жыл, 3–14 желтоқсан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір