АҚЫНҒА САҒЫНЫШ
ҚР «Ғылым ордасында» поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» атты жыр кеші өтті.
Жиында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ғайникен Бибатырова: «Мен Фаризаны сағынып жүрмін, халық та сағынады. Осы шараны сондықтан өткізіп отырмыз», – деп өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, ақын жайлы біршама жақсы естеліктер айтты. Шара барысында Г.Қазақбаева өлең оқып, Н.Өнербаев, А.Мақашева, Ж.Жексен, Е.Әбдіхалықова, т.б. өнер саңлақтары поэзия падишасының сөзіне жазылған әндерді шырқап, кештің көркін аша түсті. Күйші А.Үлкенбаева Фариза Оңғарсыноваға арналған «Ақжелкен» күйін орындап, жұрт ризашылығына бөленді. Шығармашылық жиынды Байғали Есенәлиев пен Гүлмира Нәлібай жүргізді. Кеш әнші Роза Әлқожаның «Фариза» әнімен аяқталды.