ҚОҒАМНЫҢ КӨЛЕҢКЕЛІ ТҰСТАРЫН АРҚАУ ЕТКЕН «ӘППАҒЫМ»

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Ymyrttagy kitaphana» жобасы аясында жазушы, театр және әдебиет сыншысы, «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Т.Жармағамбетов атындағы әдеби жүлденің иегері Сағадат Ордашеваның «Әппағым» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті.
Алғашқы әңгімелері «Жас толқын» жас қаламгерлер жинағында жарық көрген, «Кек жуған» әңгімелер жинағы мен «Жұмадағы раушан» аудио-кітабының авторы Сағадат Ордашеваның әңгімелері, сыни мақалалары баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрады. Кітап таныстырылымына жазушының қаламдас достары, әріптестері, мәдениет саласының қызметкерлері мен жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім меңгерушісі Назимат Бекқазықызы жазушыны жаңа кітабының жарыққа шығуымен құттықтап, жаңа кітаптың оқырманының көп болуын тіледі. Ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлімай Әбішқызы құттықтау лебізінен кейін жаңа кітаптың лентасын қиып, тұсауын кесті. Кеш барысында Сағадат Ордашева өзінің шығармашылық жолы, арман-мақсаттары туралы әңгімеледі. Әйел тағдыры, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты қоғамдағы келеңсіз оқиғаларды шығармасына арқау еткен автор осындай келелі мәселелер жөнінде оқырмандарымен пікір алмасты. Жас ақын Әсел Еркінқызы Сағадат Ордашеваның «Дұға» өлеңін нақышына келтіре жырласа, Әйгерім Жасанова, Қарлығаш Ержігітқызы, Жансұлу Елубаева сынды кітапхана қызметкерлері «Әппағым» кітабынан «Монолог» оқыды.
Сөз арасында облыстық Халық шығармашылығы орталығының директоры Гүлзира Қалиева, ақын, сазгер Орал-Қосай Байсеңгір, жас жазушы Әлихан Жақсылық жазушыны құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Кеш барысында «Авторын іздеген кейіпкер» кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырман назарына ұсынылды. Кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова жазушыға шығармашылық табыстар тілей отырып, кеш қонақтарына алғысын жеткізді.
Балагүл БАКИЕВА