ӘР БЕЙНЕСІН МАЗМҰНДЫ ЕТКЕН ЕСАҒАҢ
Өткен ғасырдың 60-жылдары М.Әуезов театрының актерлік құрамы бір топ дарынды жаспен толығып, бірден өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Асанәлі, Фарида, Раушан, Әнуар, Сәбит, Райымбек, Матан, Есболғандар сахналық кейіпкерлердің өзіндік қырын ашып, сапалы жаңа белеске көтеруге ерекше үлес қосты. Өмірден ерте кетіп, сағынышқа айналған сахнагерлердің бірі – көзі тірі болса сексен беске толатын Есболған Жайсаңбаев еді. Өнер иесінің қысқа ғұмырында ойнаған рөлдері көптігімен емес, қызықты кейіпкержандылығымен әлі күнге дейін көз алдымызда. Ширек ғасырлық сахналық шығармашылығындағы: «Беу, қыздар-айдағы!» – Серке, «Еңлік-Кебектегі» – Жапал, «Аңсаған менің әнімсіңдегі» – Сейіт, «Ана – Жер анадағы» – Бекташ, «Қарақыпшақ Қобыландыдағы» – Қараман, «Асауға тұсаудағы» – Грумио т.б. көптеген бейнесі өзіндік ерекшеліктерімен көз алдымызға келіп, есімізге түсері анық. Фәни – жалған, өмір – өтпелі болғанымен, өміршең өнерді жасаған суреткерлердің рухы мәңгілік екеніне көзің жетеді.
1966 жылы театр студиясының студенттері болған біз, Асекең (А.Әшімов), Әнуар аға (Ә.Молдабеков) және Есағаңдардың ағалық қамқорлығын көп көрдік. Тіпті көлеңкесі құсап соңдарынан қалмаушы едік. Тетелес өскен інілеріндей, ақша таусылып, қарнымыз аша қалса да соларға міндетситінбіз. Есағаңның ақкөңіл, сәбидей сенгіш тазалығы өнерінің өзегі еді. Қандай рөл ойнаса да, бекзаттықтың лебі есіп тұратын. Шын талант ұлттық қасиеттерді бойына жинап қана қоймай, оның зерттеушісі де бола білу қажет. Ол үшін тынымсыз ізденуі, көп нәрсені көңілге түйе білуі керек. Оның «Жаяу Мұсадағы» шағын эпизодтық рөлі Қаспақбай, тұтқындалған Жаяу Мұсаның қолын байлап жатып: «Жаяу, сенің арқаңда мен Омбыны көретін болдым!» – деп мәз болатын бір көрініспен-ақ көрерменнің есінде мәңгі қалды деуге болады. Есболған аға осы эпизодтағы қазақы аңқаулық пен пендешілік надандықты күлкімен көмекере отырып жеткізеді. Әр сөзі мен әр іс-әрекеті елдің езуін жидырмас күлкіге кенелткен арманшыл Жапалдың Еңлікпен қоштасар сәтінде көз жасына ерік беріп, «апатайлап» еңіреген сәтінде көрерменді де еңірететін. Бұл – актердің жай ғана күлкінің құрбандығына айналмай, бейненің әлеуметтік жүгін, қойылымның айтпақ ойын тереңінен пайымдауы әрі байытуы. Комедиялық кейіпкердің іс-әрекеті көбіне қарама-қайшылықтарға, әртүрлі жағдай немесе көңіл күй арасындағы қақтығыстарға негізделген. Сахналық ойында осы қарама-қайшылықтарды ашып көрсету – кез келген актердің қолынан келе бермейтін, тек Жайсаңбаев сынды ерекше дарындылардың үлесіне тиген жанр. Бұл рөлді С.Телғараев, Т.Жайлыбековтерден кейін Есағаң өзгеше бір балалық тазалықпен сомдады. Өнердің өзгелерге шапағаты мол болғанымен, өнер адамына ауыртпалығы мен азабы аз емес, құлағаныңды күтіп тұрар тұңғиық тәрізді. Таңдаулы дарындылар ғана соны соқпақ салу арқылы өте алады, болмаса тұңғиыққа кеткенің… Кейде сондай із қалдырған тұлғаларымызды елемеуге, байқамауға шеберміз-ау! Қараймыз, бірақ көрмейміз… Қайран, пендешілік-ай! Ел ықыласына бөленсе де, Үкімет тарапынан әділ бағасын ала алмай кеткен өнер саңлақтары қаншама?..
1967 жылы режиссер Қадыр Жетпісбаев Сәкен Жүнісовтің «Ажар мен ажал» спектаклін қойды. Сондағы Олжатай рөлін Есболған аға мен маған тапсырды. Спектакль мен репетиция және сабақтан тыс уақыттың барлығын Есболған аға екеуміз ел көзіне көрсетпей қызу дайындыққа арнайтынбыз. Біріміз – Олжатайды, екіншіміз – өзге сахналас кейіпкерлерді ойнайтынбыз. Осы тұста Есболған әріптес аға ретінде де, тәжірибелі актер ретінде де маған мол қамқорлық жасады. Сондай «жасырын» дайындықтарымыздың кейде үстінен түсіп қалатын Әнуар аға Молдабеков: «Қуларын қара! Давай покажите!.. Здесь верю!.. Здесь не верю!..» – деп төрелік етіп, бағыт-бағдар көрсететін. Қызу талқылау, түрлі жорамалдар айтылып, соңында басқаша ізденіспен дайындыққа кірісетінбіз. Екеумізде де шаршау деген ұғым жоқ… Актер үшін репетиция жасаудан асқан ләззатты шақ жоқ болар! Ізденесің – зерттейсің, қателесесің – түзейсің, қайталайсың – қалжырайсың, қайтадан ізденесің! Өнер – мәңгілік ізденіс! Ізденіс тоқтаған жерде өнер жоқ!
Менің 1979 жылғы дипломдық жұмысым – Оралхан Бөкейдің «Текетірес» қойылымында пьеса бойынша Деліқұл деген жағымсыз кейіпкер болатын. Жұмыс барысында оны халықтық даналықты бойына сіңірген, қойылымдағы оқиғалар мен адамдар арасындағы қақтығыстарға пәлсафалық баға беретін бейнеге айналдыруыма тура келді. Ораз қарапайым қазақы ертегілер мен мысалдарды айтып жүріп, ортаға түйінді ой тастайтын күрделі кейіпкерге айналды. Осы рөлді Есболған аға аса бір құлшыныспен, тереңдікпен сомдады. Айтылар сөздегі ойдың философиялық қат-қат астарын ашып, нысанасына дөп тигізе көрерменге жеткізуде көп тер төкті. Баяғы «Ажар мен ажал» тұсындағы ізденіс процесін қайтадан бастан кештік. Мақсатым – Деліқұл арқылы көрерменнің ойын бір сәтке босаңсытпай тебіреністе ұстап отыратын кейіпкерге айналдыру еді. Ол үмітімді Есағаң толығымен іске асырды. Премьера кезінде көрермендер де, тіпті автор Оралхан да таңданысын жасыра алмады. Өйткені бұл бейне – Есағаңның бұрынғы ойнағандарының ешқайсына ұқсамайтын ерекше кейіпкер еді.
Мәскеу түсірген «Ақ бақсы» («Белый шаман») фильміндегі Ятчель рөлі – Есағаңның ең соңғы жасаған әрі бір қомақты дүниесі. Кейде біз: «Осы түсіп жатқан «Ақ бақсы» фильмі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алатын болыпты, ал Ятчель образын «жоғарыдағылар» тізімінен сызып тастапты», – деп әзілдегенімізде өзінің сәбилік таза күлкісіне салып: «Ой, Әукен-ай! Ол әрқашан солай ғой. Бізде комедиялық образдар мен жағымсыз кейіпкерлерді қаншама шыңына жеткізе ойнасаң да ескермейді. Санатқа қоспайды. Түкке тұрғысыз «заманымыздың ерлерін» ойнасаң, атақ-даңққа бөленесің. Неге? Себебі ол кейіпкердің «қызыл билеті» (партбилетті айтады) бар…» – дейтін. Иә, бұл сөз ұзақ жылдар дарындылықтың деңгейін бағалайтын «өлшем» әрі әлі күнге өзгеріссіз қағида болып келгені – ащы шындық. Өнер мен әдебиет жайлы, тарих пен тағылым жайлы Есағаңмен ұзақты күн айтыссаң да, әңгімелессең де жалықпайсың. Себебі сұхбаттасар әріптесіңнің білгір болғаны бір ғанибет емес пе! Мұндай көп қасиеттер Есағаңның бойында баршылық. Сырлассаң – дана, әзілдессең – бала мінез еді. Ол кісі дүние салғанда мен Ташкентте едім. «Ақ бақсы» фильмінің премьерасы болып жатқан. Хамза атындағы театр артистерінің: «Ятчель дүниеден өтіпті, қандай дарынды жігіт еді», – деп, қабырғалары қайыса қайғырғанының куәсі болдым. Сонда Есағаңның – Ятчелі үш күннің ішінде қаншама көрерменнің көңіліне жол тапты десеңізші!
Сахна – азаматтық ойды көрерменге жеткізер құдіретті де қасиетті орда екені белгілі. Бірақ оның құпиясына қану үшін мәңгілік ізденіс, тоқтаусыз толғаныс, қажымас қайрат, қайтпас қайсарлық керек екенін тек театр адамдары ғана сезіне алады. Есболған Жайсаңбаевтай театрды есепсіз сүйіп, еңбек ету – ерлік! Автор әлеміне бойлау – актер үшін драматург болып зерттеу, сахналық бейне жасау режиссермен бірлікте іздену, тер төгу, толассыз еңбектену. Екі сағат көрерменнің көз алдында кейіпкер болып «өмір сүру» – әрі азапты, әрі рухани ләззатқа бөленер, не жер болып өлер шағың. Осы талап тұрғысына адалдығымен өлшеусіз үлес қосқан Есағам! Қазақстанның еңбек сіңірген артисі – Есболған Жайсаңбаев!
Әубәкір РАХИМОВ
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
профессор, режиссер