Тұлғасын ту еткен ұрпақтар
Жуырда И.А.Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасының жылдық мәдени іс-шаралар жоспарына сәйкес кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Абай атындағы ҚазМПУ-дің физика-математика факультеті ғимаратында жақында ғана ашылған М.Дулатов атындағы аудиторияда Алаш қайраткері, қазақ баспасөзінің негізін қалаушылардың бірі, ағартушы ұстаз, еркіндіктің жаршысы Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл толуына орай әдеби портреттік кеш өтті. Сондай-ақ Міржақып Дулатовқа арналған кітап көрмесі жиынның мәнін аша түсті.

Іс-шараға «Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияның 7-сынып оқушылары мен Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі Актер бөлімі, Қуыршақ жанрының 2-курс студенттері, Абай атындағы ҚазМПУ-дің физика-математика факультетінің бірқатар ұстаздары, ұлт өркениетінің гүлденуіне қалтқысыз қызмет етіп жүрген танымал тұлғалар қатысты.
Қазақ әдебиетінің ірі өкілі Міржақып Дулатовтың өмірі мен шығармашылығын, еңбектерін кеңінен насихаттауды, өскелең ұрпаққа жазушы шығармаларын таныстыруды мақсат тұтқан жиында Абай атындағы Педагогикалық білімді дамыту орталығының директоры Алма Есімбекқызы, педагогика ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Бағдат Мақұлбекұлы, педагогика ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, геометрия оқулықтарының авторы Есенгелді Алыбайұлы мен Міржақып Дулатовтың шөбересі Іңкәр Ернарқызы ой-пікірлерін ортаға салып, тұлға ғұмыры мен шығармашылығы жайлы талдауларын бөлісті.
Тәуелсіздік алғаннан соң М.Дулатовтың денесін елге әкелуге арнайы комиссия құрылып, бірқатар ғалымдармен, эксперттермен қатар кинорежиссер Қалила Омаров та Ресейге аттанған болатын. Осы ауқымды шараны көзбен көріп, бейнетүсірілім жасаған Қалила Нематұлына оқушылар сұрақ қойып, сапар жайлы кеңінен білді. Экраннан Міржақып Дулатов жайлы бейнероликтер мен қызы Гүлнәр Міржақыпқызының сұхбаттары, сағынышқа толы ыстық естеліктері көрсетілді. Оқушылар мен студенттер Алаш арысының туындыларын нақышына келтіре оқыса, кеш соңында кітапхана қызметкері әрі кештің ұйымдастырушысы Айгүл Төребекова ел тәуелсіздігінің мерейін асқақтатар әнді қазақтың қасиетті домбырасымен әуелете орындап, жиналған қауымға айрықша әсер сыйлады.
И.А.Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасының жетекшісі Қ.Исаханқызы қорытынды сөзінде іс-шараның өзектілігіне тоқтала келіп, кешке қатысушы барша оқушылар мен студенттерді көрсеткен үздік өнерлері үшін алғыс хаттармен марапаттады.