ДОСТЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН АҚЖҮРЕК АҚЫН
26.06.2024
123
0

Қазақ­станды мекен еткен этностың бірі – ұйғыр халқы. Қазақ­стан халықтары секілді ұйғырлар да қазақ халқымен достық қарым-қатынаста өсіп-өркендеуде. Қазақ елінде тұратын этностардың көпшілігі мектепте оқитын балаларына өз ана тілінде білім береді. Ұйғырлар да бақыт­ты халықтардың бірі ретінде балаларын ана тілінде оқытуда. Мектепте оқылатын ұйғыр тілі мен ұйғыр әдебиеті оқулықтарында арғы-бергі ұйғыр қаламгерлерінің шығармалары оқытылса, қазіргі ұйғыр поэзиясының көрнекті өкілі Патигүл Мәхсәтованың «Бақыт­ты балалық», «Ана бақыты – балада», «Добым», «Аяз ата», «Әппақ қар», «Хайуанат­тар бағында», «Шөже», «Лағым», «Көбелек», «Құмырсқа», «Қораз», «Ақ кептер» сияқты жырларымен мектеп оқушылары жақсы таныс. Сонымен бірге Патигүл Мәхсәтова – 5, 8, 10 және 11-сыныптарға арналған «Ұйғыр әдебиеті» жаңартылған оқулықтардың және оқу құралдарының авторы, Қазақ­стан Жазушылар одағының Ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрайымы.

Кезінде қазақ әдебиетінің классик­тері С.Мұқановтың «Қашқар қызы», Ғ.Мүсіреповтің «Кез­деспей кеткен бір бейне» шығармаларын ұйғыр жазушысы Зия Самади өз ана тіліне аударған болатын. Осы бір әдеби шығармашылық байланыс ХХІ ғасырда да қазақ және ұйғыр қаламгерлері арасында дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Ж.Бөдеш, Д.Әшімхан, Қ.Жұмаділов, М.Айтхожина, Қ.Қожахметов, Д.Байтұрсынұлы тәрізді қаламгерлер ұйғыр әдебиетін қа­зақ тілінде сөйлетуге көп үлес қосты.
Бүгінде қазақ әдебиеті классиктерінен үйренген ұйғыр әдебиеті даму, өркендеу үстінде. Қазіргі таңда Ахметжан Ашири, Әкрәм Садиров, Абдуғопур Қутлуқов, Илахун Һошуров, Илахун Жәлилов, Жәм­шит Розахунов, Патигүл Мәхсәтова, Тельман Нурахунов, Ахметжан Исрапилов сынды қаламгерлер ұйғыр әдебиетін өрге қарай сүйреп келеді. Ұйғыр поэзиясының, балалар әдебиетінің көркеюіне үлес қосып жүрген ақынның бірі – Патигүл Мәхсәтова. Оның қазақ ақыны Ж.Бөдешұлы тәржімалаған «Өмір – керуен» ат­ты шоғырлы өлеңдеріне «Ақ қайыңдар», «Мәңгілік сызық», «Жақсы ит», «Қош, балалық», «Қазақ досыма» ат­ты лирикалық өлеңдері енген.
Патигүлдің «Ақ қайыңдар» өлеңінде қайың мен адам өмірі параллель сурет­телген. Ақ қайыңмен сырласқан лирикалық кейіпкер: «Ақ қайыңдар, сүт­тей ақ, ақ қайыңдар, Ақ тәніңе қарасам қара дақ бар», – деп оның бойына қара дақтың қайдан түскеніне таңырқайды. «Әлде Тәңірім осылай жарат­ты ма? Әлде, әлде белгісіз дерт­тен бе екен?» – деген риторикалық сауал тастаған ақын адам жанының жапырақтай сарғайғанына көңіл аударып, жүрекке түскен жараны қалай сылып тастауға болатынына көңіл аударады. Ақ қайыңға түскен қара дақ пен адам жүрегіне түскен жараны параллель бейнелеген ақынның авторлық ұстанымы – ақ тәннен қара дақты сылып тастауға саяды.
«Қош, балалық» өлеңінде ақын есейген шағында өткен балалық шағымен ғана емес, көгілдір көктемімен қоштасады. Ақынның балалық шағын көгілдір көктемге балауы қалыптасқан дәстүрдің жалғасы ретінде танылады. Адам жасының кезеңдерін жылдың төрт мезгіліне балау поэзияда бұған де­йін қалыптасқан дәстүр болса, ақын осы дәстүрді өз поэзиясында: «Пәк қарындай бір жауған қарашаның, қош бол, қош бол, күнәсіз бала шағым», – деп жалғастырып отыр.
Ал «Мәңгілік сызық» өлеңінде өмір мен өлім туралы философиялық ой жатыр. Құстай ұшқан уақыт­тың тез өтуінен күннен-күнге тірілердің қатары азайып, қабірстан көбейіп бара жатқаны – тірі пенделерге ой салатын көркемдік деталь. Зират­тағы қара тасқа түскен суық жазуды екі өмірдің арасын мәңгілікке бөліп тұрған сызыққа балаған ақын өмір мен өлімнің арасы жақын екенін жадымызға салса, «Жақсы ит» өлеңінде иесіне қалтқысыз қызмет еткен ит­тің қартайған шағында жоғалып кеткенін арқау еткен. Ақын «Жақсы ит­тің өлігін көрсетпейтінін» еске сала отырып, адамзат баласын философиялық ойларға жетелейді. «Адамдар да, ит­тер де ақырғы рет, Жақсылығын қалдырып өледі екен» – деген авторлық ұстаным адам баласына үлкен міндет жүктеп тұрғаны рас. Ит екеш ит те иесіне адалдық танытып, өмір бойы мал қораны күзетсе, адам баласына жүктелер міндет­тің одан әлдеқайда көп екені айтпаса да түсінікті.
Қазақ жерін мекен еткен өзге халықтардың барлығы Қазақ­станды өз Отандарына балайтыны анық. П.Мәхсәтованың «Қазақ досыма» өлеңі – осының жарқын мысалы. «Менің туған Отаным – Қазақ­стан, Кіндігіммен өзіңе байланғанмын» дейтін ақын қазақ халқы тәуелсіздік алғанда, қазақ тілі мемлекет­тік тіл болғанда бауырларымен бірге шат­танды:
Тәуелсіздік, еркіндік ту алғанда,
Қазақтың ақындары қуанғанда –
Мен де бірге қуандым достарыммен,
Қолым еркін жеткендей бұл арманға.
Қазақ халқымен тағдырлас ұйғыр ақынының қазақ пен ұйғыр халқы ара­сын­да достығын береке мен бірлікке балауы орынды.
Ана тілінің болашағы қай халықты да алаңдататыны белгілі. Патигүл Мәхсәтова – тіл жанашыры ретінде танымал. «Тілім барда» өлеңінде ұйғыр халқының сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін ана тілінің бүгінгі мүшкіл халіне алаңдайды. Ақын тілден айырылған халықтың болашағы болмайтынын түсінгендіктен, ана тілін сақтауға бар күш-жігерін жұмсап, сол жолда аянбай қызмет етіп келеді.
Бар халықтың ақындары бірінші кезекте өз ұлтының салт-дәстүрімен әдет-ғұрпын мақтан етеді. Ұйғыр ақыны да өз халқының ұлт­тық мінез-құлқын, әдет-ғұрпын әлемге паш етуге да­йын. «Ұйғыр дастарқаны» өлеңінде өз халқының меймандостығын жырға қосты. Қазақ пен ұйғыр бірлесе суын ішкен Шелек өзені қос елдің ақындарының шығармаларынан үлкен орын алса, «Қазақ даласының жүрегі» өлеңінде қазақтың даласы сияқты пейілінің кеңдігін жырға қосқан ақын жыр алыбы Жамбылды қазақ даласының жүрегіне балайды.
Еліміздің егемендік алуы дінімізді қайта оралт­ты. Кез келген адамның бірін­ші кезекте Алланы ауызға алатыны сияқты Патигүл ақын да жыр жинағының беташарына «Өлеңімнің анасы – ұлы Алла» жырын ұсыныпты. Кез келген істі бір Аллаға сыйынып бастайтынымыз тәрізді ақынның: «Анасы өлеңімнің – бір ұлы Алла, Қолыма қалам берді құдірет­теп», – деп бастауы орынды. Қаламмен бірге төзімділікті қоса берген Аллаға ақынның алғысы шексіз:
Өсек пен басбұзарлар қол байлады,
Таба алмай ақиқат­ты алпарыстым.
Алланың бастауында жол жайнады,
Ұрығын ектің өзің бар табыстың.
«Ақ бантигім ақ гүл боп кеткені ме?», «Қайда сол жалаң аяқ жүгірген қыз» деп балалық балдәуренін іздейтін ақынның «Қош, балалық», «Жүректе ыстық құмның табы қалды» өлеңдерінен бақыт­ты шағын көрсек, «Менімен қаласың», «Азайды жылда мені күтер жандар», «Жылдарды қартайт», «Жоғалып кетпес дерексіз», «Өмір қоңырауы», «Сәбиің болып қалайын», «Келмесін деме», «Кетіпті жылдар байқатпай өтіп», «Өткен жылдарда» өткен күндерге деген сағыныш менмұндалайды.
Кез келген қаламгер үшін кіндік кескен жері – жер жәннаты. Патигүл де үлкен қаланың даң-дұңы мен айғай-шуы­нан шаршаған кез­де туып өскен ауылы Қоржыға («Аңсайды жүрек»), Ұзынтамға («Жүректесің, Ұзынтамым») қашып кеткісі келеді. Адам бойындағы тереңдікті туған жердің жыңғылынан («Шөл қадірін жыңғыл білер») іздесе, енді бірде хош иісті жидесін («Күт­тің бе сен мен дөңдегі жиде») сағына еске алады. Ақын поэзиясындағы кіндік қаны тамған Ұзынтамға деген махаббат келе-келе туған жер, Отан, Қазақ­стан деген кең ұғымға ұласты. «Шыдаймын» өлеңінде:
Сен – менің бақытымсың қолым
еш жетпеген,
Сен – менің тағымсың шықпаған
көк төбем.
Сен – шабыт көзісің алыстан дем
берген,
Бір сәт­те ойымнан бөлініп кетпеген, – деп Отанға, елге деген махаббатын жыр жолдарына сыйғызса, «Жүректесің әрқашан, Ұзынтамым!» деп туған жерге тағзым жасайды. Осы ой «Жер-мейірі» өлеңінде толыға келіп, адамзатқа пана болған Жер-анаға құрмет етеді.
Патигүл Мәхсәтованың поэзиясынан туған жерге, анаға, сүйген жарға деген махаббат жырлары біраз орын алған. «Мені күтер анам жоқ», «Анамның өсие­ті», «Сен жоқсың» өлеңдерінде анаға деген сағыныш орын алса, «Екі үйдегі бір дертке» қарт­тар үйінде терезеге телмірген ананың тағдыры арқау болған. «Махаббат­ты алып ұшамын», «Ғашықтық дерті», «Қал мәңгі ғашығым», «Қайда қалдың он сегіз?», «Алғашқы вальс», «Мен сені өлеңіме қосып алдым» өлеңдері махаббат жырларын толықтырады. Махаббат­тың тек қуаныш пен шат­тықтан тұрмайтыны сүйген жарға деген сағыныш саздарынан анық көрінеді.
Өмірден көргені мен түйгені, қоршаған орта, замандас туралы ойлары ақынның төрт­тағандарына (дара шумақ­тарына) арқау болған. Біз өмір сүріп отыр­ған қоғамдағы замандастарының әділет­сіздігінен төмендегіше ой түйген ақын:
Момындарды желкелейді бұл заман,
Ақиқат­тың бетін қан ғып тырнаған.
Талантсызды даурықтырып көтеріп,
Өнерліні әурелейді шырғалаң!
Енді бірде:
Жақсылықтың ашпай өтпе есігін,
Мейіріммен тербет сәби бесігін.
Жаратқанның рахымына бөленіп,
Қалсын инсан адам деген есімің!, – деп тағылымға толы ғибрат­ты ойларымен бөліседі.
Сөз құдіретіне бас иген ақынның бір топ жырларынан өлең-сөзге деген құрмет орын алған. «Қашан тоқтар қаламым Алла білер», «Әр өлеңім – бір гауһар», «Өлеңім өзегіңе көшсе», «Өлеңге сіңді мұңым, көңіл күйім…», «Жаза алмаған өлеңім, кешір мені», «Кімге керек жақсы сөзің өлгенде», «Өлеңім – өмір кітабы», «Өлеңім өзгелерге ұқсамаған», «Өмірімді жырларыма сіңіремін», «Өлеңімді қорлама», «Жер ананың ұлысың» жырларында сөз өнерін жоғары бағалаған ақын «Ақындарды тірісінде ардақта, Олар жасар ел, Отан деп әр уақта» деген түйін жасайды. Шын мәнісінде оқырманды да, өскелең ұрпақты да патриот­тық рухта тәрбиелейтін – ақын-жазушылардың шығармалары. Отанын, елін, жерін, халқын шынайы сүйген ақынның патриот­тық өлеңдері арқылы жастар елді, жерді, Отанды сүюді үйренеді.
Жоғарыда сөз болған ақынның сыр­шыл лирикасына өзі өмір сүрген қоғам туралы ойлары топтастырылған. Өзін «қазақ елінің төл перзенті» санайтын ақын қазақ пен ұйғыр халқының арасындағы достықты, туысқан елдің қазақ халқына деген құрметін көркем сөзбен жеткізуге тырысты. Сонымен бірге ол өмірдің сан сауалына жауап іздеді, оны иман нұрынан тапты. Әр жетістігін Алланың сыйы деп қабылдаған, қазақ пен ұйғыр халқының достығын жырлап жүрген, қазіргі ұйғыр әдебиетінің көрнекті өкілі, Патигүл Мәхсәтова апамызға толағай табыс тілеп, шыққан тауыңыз биік болсын дейміз!

Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институты Тәуелсіздік дәуірдегі
әдебиет және көркем публицистика
бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір