ҚАЗАҚ МИФОЛОГИЯСЫ ӘЛЕМ ЭКРАНЫНДА
28.11.2023
349
0

Биылғы қыста «Алас» веб-сериалы көрерменге жол тартқан еді. Бұл – Қазақстан­дағы мифологиялық хоррор жанрында түсірілген тұңғыш туынды. Идея авторы – қазақтың мықты дипломаты, қазақ ұлтшылы Болатхан Тайжанның немересі, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжанның қызы Ажар Тайжан.
Жиырма бес жастағы Ажар Тайжанның осы веб-сериалы әлем бойынша беделді кинофестивальдерде олжалы оралып жүр. Мәселен, «Алас» веб-сериалы «Terror In The Bay Film Festival» деп аталатын Канаданың солтүстік-батысындағы Онтариодағы ең қорқынышты фильмдер фестивалі мен Лондондағы кинорежиссерлер өткізетін «Unlimited View Horror Film Festival» атты фестивалда «Үздік веб-сериал» номинациясына ие болды. Сондай-ақ, аталмыш туынды Американың Аризона штатындағы Тусон қаласында өткен қорқынышты фильмдер фестивалі «HorrOrigins Film Fest-те» «Үздік пилоттық эпизод» номинациясын жеңіп алды.

 

Осындай бәсі биік жүлделерге ие болған сериалдың оқиғасы да шым-шымтырық. Аса ауқатты отбасы балалы болу үшін «құрсақ-ана» (суррогат-ана) жалдап, бәрі қала сыртындағы үйге көшіп барады. Жан баласы тұрмағанына ұзақ уақыт болған бұл баспана өте үрейлі көрінеді. Кейіпкерлер үй ішіндегі жағымсыз құбылыстардан кейін болашақ балаларын бәле-жаладан қорғау үшін қолдан келгенінің бәрін жасайды. Жас ана баласына көзінің сұғын қадаған Албастыға қарсы тұрады.
Голливуд пен Болливудтың кино тарихында мифология тақырыптары жиі көтеріліп келеді. Сондықтан олардың мифологиялық кейіпкерлері көпшілікке жақсы таныс. Ал өзіміздің мифологиялық кейіпкерлеріміз бен тылсым оқиғалардың санамыздан өшіп бара жатқаны жасырын емес. Осы ретте, «Алас» сериалының қазақ мифологиясы мен тылсымдар туралы түсінігін әбден зерттеп-зерделегені және қазақы танымды әлемге таныстырмақ ниеті қуантады-ақ.
Нью-Йорк кино академиясының түлегі – Ажар Тайжанның шығармашылық жолына табыс тілейміз. Қазақ кино өнерінің мәртебесі биік болғай!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір