Аштық зобалаңы әлем назарында
07.10.2025
113
0

Ұлыбританияның радио және телехабар тарату ісіне басшылық ететін British Broadcasting Corporation медиакорпорациясына қарасты BBC World News телеарнасының журналистері Моника Уитлоп пен журналист-аудармашы Роза Құдабаева Лондоннан арнайы іссапармен Қазақстанға келді.

Іссапардың басты мақсаты: қазақ тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі — ашаршылық қасіретін тереңірек зерттеп, оны әлемге таныстыру.
Журналистер өз жобалары аясында Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубаймен көлемді сұхбат жүргізді. Сұхбат барысында ашаршылық жылдарының ауыр шындығы, халықтың басына түскен қасіреттің ақиқаты айтылды. Сонымен қатар әңгіме барысында жазушының «Ақ боз үй» кітабында суреттелген тарихи оқиғалар сөз болды. Бұл шығарма шетелдік мамандардың назарын ерекше аударып, қазақ халқының сол бір ауыр жылдардағы тағдырын тереңірек сезінуге ықпал еткенін айта кетуіміз керек.
Смағұл Елубай сұхбатта қазақ халқы басынан өткерген үш ашаршылық туралы, сонымен қатар өзге елдерде болған ашаршылық жайын да атап өтті.
Сұхбат қараша-желтоқсан айларында BBC радио­сында жарияланбақ. Бұл – халықаралық деңгейде мойындалған, ықпалы зор медиа орталық болғандықтан, қазақ халқының басынан өткен ең үлкен қасірет – ашаршылық жайлы әңгіме енді тек ел ішінде ғана қалмай, шекара асып, әлем тыңдармандарының да құлағына жетеді десек те болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір