Әлем кубогынан олжалы оралды
02.06.2026
60
0

Қазақ спортында былғары қолғап шеберлері жанкүйерлерін жерге қаратпай елімізді дүниежүзіне танытып, әлемдік додаларда көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды асқақтатып жүргені рас.

Бразилия төрінде World Boxing ұйы­мының қолдауымен өткен Әлем кубогының алғашқы кезеңі Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталғаны сөзіміздің дәлелі болмақ. Олай дейтініміз құрыш білекті, шойын жұдырықты жігіттеріміз бен нәзік жанды боксшы қыздарымыз бұл жолы ерледі.
Аталмыш халықаралық додада спортшыларымыз барлығы жеті медаль жеңіп алып, жалпы есепте жоғары нәтиже көрсетті. Жарыс барысында Сұлтанбек Айбаров (85 келі), Виктория Графеева (60 келі) және Валерия Аксенова (+80 келі) қарсыластарынан басым түсіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Күміс жүлде 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Аида Әбікееваның еншісіне тиді. Сонымен қатар Алуа Балқыбекова (51 келі), Жібек Жарасқызы (80 келі) және Диас Молжігітов (80 келі) Әлем кубогының қола медалін иеленді.
Жарыс қорытындысы бойынша ұлт­тық құрама қоржыны 3 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлдемен толықты.
Айта кетерлігі, World Boxing ұйымы аясындағы келесі жарыстардың кестесі де белгілі болды. Алдағы уақытта боксшылар маусым айында Қытайдың Гуйян қаласында, ал қараша мен желтоқсан айларының аралығында Өзбекстан астанасы Ташкентте өтетін кезеңдерде шеберлік байқасады. Бразилияда басталған бұл сериялық турнирлер спортшылардың әлемдік рейтингтегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан құрамасы осы жетістігі арқылы халықаралық аренадағы бокс мектебінің деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ендігі кезекте жаттықтырушылар штабы мен спортшылар алдағы Қытай мен Өзбекстанда өтетін маңызды кезеңдерге дайындық жұмыстарын бастайды.
Олай болса Қытай мен Өзбекстанда өтетін маңызды кезеңдерде былғары қолғап шеберлерінің бақтары жана берсін, шыққан биік тұғыры еш төмендемесін дегіміз келеді.

Өз тілшіміз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір