БАНК САЛАСЫН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТКЕН АҒАРТУШЫ-ҒАЛЫМ
Жалпы қазақстандық банк саласы кешегі Кеңестер Одағы құрамында болған тұста ашылған банктердің қызметімен тікелей байланысты екенін бәріміз білеміз. Ол кездері банк саласының мамандарын еліміздегі екі жоғары оқу орны – бірі Алматы халық шаруашылығы институты (қазіргі Нархоз) және Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ғана даярлайтын. Алайда тәуелсіздік алғанға дейін аталған оқу орындарындағы банк ісін ұйымдастыру мамандығында сабақтар орыс тілінде жүргізіліп келді. Себебі Қазақстан аумағындағы банктер кешегі КСРО банктерінің республикалық бөлімшелері ретінде ашылғандықтан, олардағы іс-құжаттарының бәрі дерлік орыс тілінде бір орталықтан даярланып алдын ала бекітіліп қойылған еді. Ол кездері ауылда банк бөлімшелері болмағандықтан да ауылдың балалары бұл мамандыққа сирек баратын. Сол себепті де ауыл квотасы бойынша ауданнан берілетін мақсатты жолдамалар тізімінде «Қаржы және несие» мамандығы, оның ішінде банк ісіне мамандану болған емес.
Еңбек жолын өз ауылында бастаған Серік Мақыш 10 ай бойы кеңшардың ірі қара малы үшін егілген жүгері сабағын жинау, шөп шауып, престеу, мал бордақылау, етке өткізу, қой қоздату науқандарына қатысып, өзіне сеніп тапсырған жұмыстарды атқарады.
1988 жылы бағын қайта сынап, өзі таңдаған «Қаржы және несие» мамандығына оқуға түседі. Содан
1-курста Кеңес әскеріне шақырылып, борышын 2 жыл өтеп келіп, оқуын қайта жалғастырады.
1994 жылы оқуын бітірген соң, оны Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен «Банк ісін ұйымдастыру» кафедрасына жас маман ретінде алып қалады. Ол әуелде оқытушы болып қабылданып, кафедрадағы доцент және профессорлардың ассистенті ретінде практика және семинар сабақтарын жүргізеді. Кейінен аға оқытушылық лауазымына ауысып, жоғары курстың қазақ тобының студенттеріне дәріс оқиды. Сол жылдары қазақ тілінде оқулықтардың болмауы жас маманға дәріс сабақтарын өткізуде бірқатар қиындық тудырады. Сөйтіп, ол өзінің бос уақытын құр жібермей көп ізденіп, Алматы қаласындағы барлық кітапханаларда өткізіп, дәріс материалдарын қолымен жазып дайындайды. Сол жылдары университет қабырғасында ұйымдастырылған, шақыртумен келген шетелдік ғалымдардың банк саласы бойынша өткізген бірнеше біліктілік курстарына қатысып, кейін КИМЭП базасында арнайы ұйымдастырылған Жазғы мектептерде оқып, білімін жетілдіреді.
1995 жылы күзде ол «Қаржы, ақша айналысы және несие» мамандығы бойынша аспирантураның сырттай бөліміне оқуға түседі. «Қазіргі несиелік механизм және оны жетілдіру жолдары» деген тақырыптағы диссертациялық жұмысын «Қаржы және несие» оқу-ғылыми кешенінің проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА академигі Ғ.Сейітқасымовтың ғылыми жетекшілігімен 1999 жылы 14 сәуірде Нархоздың қарамағандағы Диссертациялық кеңесте қорғайды және экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне қол жеткізеді.
2002 жылы басшылықтың арнайы шақыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қызметке ауысып, онда алғаш рет қазақ тілінде «Банк ісі» оқулығын жазады. Бұл оқулық арнайы Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің грифімен қазақстандық жоғары оқу орындарында «Қаржы және несие» мамандығында оқитындар және осы пәннен сабақ беретіндер үшін негізгі оқулық ретінде ұсынылады.
Сол жылы оның «Кәсіби өсудің жоғары мектебі» баспасының тапсырысымен қазақ тілінде кезекті оқу құралдары, оның ішінде, «Ақша айналысы және несие»кітабының екінші қайта өңделген нұсқасы, «Коммерциялық банктік операциялар», сондай-ақ «Қаржы-банк терминдерінің түсіндірме сөздігі» жарық көреді.
Нархоздың қабырғасында экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ғ.Сейітқасымов пен экономика ғылымдарының докторы, профессор Р.Елемесовтің ғылыми кеңесшілігімен 2009 жылы 23 қаңтарда докторлық диссертациясын сәтті қорғап, экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне қол жеткізді. Сол уақытта да ол, банк саласы бағытында алғаш рет қазақ тілінде диссертация жазып қорғаған ғылым докторы болатын.
2010 жылы өзінің алғашқы монографиясын да қазақ тілінде дайындайды. 2011 жылы ол өзінің авторлығымен «Ақша, несие, банктер теориясы» деген келесі оқулығын шығарады.
2012 жылдың тамызынан бастап, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті басшылығының шақыруымен «Қаржы» кафедрасының меңгерушісі, экономика факультетінің деканы, басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор лауазымдарында әкімшілік қызметтерді атқара жүріп те қазақ тілінде бірнеше, оның ішінде Қазақстан ұлттық валютасының 30 жылдық мерекесіне орай, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, қаржы министрі
Е.Жамаубаевпен бірге редакциясын басқарып, «Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі» оқулығын даярлады.
Серік Биханұлы Мақыш осындай игілікті істерді бүгінгі күні Астанадағы Есіл университетіне Бірінші проректор-академиялық мәселелер жөніндегі проректор қызметін атқара жүріп те жалғастыруда. Нәтижесінде соңғы 2 жылда ҚР Ұлттық банктің бірінші төрағасы Ғалым Байназаровпен бірге жалпы редакциясын басқарып, «ҚР Ұлттық банкін ұйымдастыру» оқулығын және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор Б.Бейсенғалиевтің жалпы редакциясын басқаруымен «Халықтың қаржы сауаттылығын арттыру» сияқты оқу құралдарының жарыққа шығуына мұрындық болды.
Осылайша елімізде қазақ тілінің білім және ғылым тіліне айналуына зор үлес қосқаны үшін ведмостволық деңгейде оның еңбегі жоғары бағаланып, таяуда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің А.Байтұрсынұлы медалімен марапатталды.
Сонымен қатар осы бір сәтті пайдаланып, банк саласындағы қазақ тілінің дамуының жанашыры болған әріптесім,экономика ғылымдарының докторы, профессор Серік Биханұлын мерейтойымен құттықтап, оған зор денсаулық, баянды бақыт тілей отырып, әлі де ғылым мен жоғары білім үшін жазарының таусылмауын тілеймін.
Дәуренбек МӘЖИТОВ,
ҚР Ұлттық банкінің еңбек
сіңірген қызметкері,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
«Қаржы» кафедрасының
профессоры,
экономика ғылымдарының
кандидаты