ҚАЛАМҒА У БОЛСА ДА СИЯ ТӘТТІ…
Қазақтың әйгілі ақыны Несіпбек Айтұлының өмірден озғанына да қырық күн болып қалыпты. Көзінің нұры, көңілінің сыры сіңген жеті томдық еңбегін парақтап, алақанда аялап қоямыз. Өзі айтатын: «Ескен желдей, көшкен селдей» өмір ғой. Иман байлығын берсін.
Несіпбек ақынның жоспарлары көп еді. Ауырарынан бір ай бұрын бір хабарласқанымда: «Мәшһүр Жүсіп жайлы дастан жазу ойда бар, Ғалым, саған бөтен ел емес қой, Алтынбек Нұхұлы бауырың үшеуміз, сәтін салса, атаның басына барып қайтайық», – деген еді. Сәтін салмады…
Енді ұлы Нұрат, ақын інісі Қабиден үшеуміз ақылдасып, жарияланбаған жырларын «Қазақ әдебиетіне» ұсынуды жөн санадық.
Несіпбек ақын «Шұбартау» жайлы дастанға кіріскен екен. Өзі «Өлеңмен ерте әуестендім» деген мақаласында: «…Ойлап қарасам, мені ақындыққа алып келген ең алдымен ақ бесігім тербелген туған тауым – Тарбағатай және өскен ортам – Шұбартау топырағы. Шұбартау – Шыңғыстаумен көршілес тау. Абай ауылымен аралас, қойы қоралас ел», – дейді. Осынау махаббатпен қолға қалам алған дастанын толық жазып шығуға үлгермеді. Өмірдің соңы – өкініш… Ақынның соңғы нүктесі қойылып үлгермеген поэмасы мен баспа бетін көрмеген, сиясы кеппеген бір топ жыры сіздердің назарларыңызда!
Иә, қазақ жырының ғажайып тұлғасы Несіпбек Айтұлының екінші ғұмыры басталды. Мәңгілік болғай!
Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын
Барамыз біз де азайып…
Қанатты көбелектей күнге жайып…
Ғұмырды бастан кештік бір ғажайып.
Сиреген құмай тазы тұқымындай
Барамыз бірте-бірте біз де азайып.
Сырыңды жеткізе алмас таратып ой,
Тағдырдың көрсеткенде бөгеті бой.
Жамандар, кәкір-шүкір көбейгенде –
Жақсының азаятын әдеті ғой.
Қоғамның бетті шарпып шаң-тозаңы,
Жақсылар азайғанда ел тозады.
Құтырып дүбәра мен дүрегейлер,
Жерініп жатырынан ұлт азады.
Емхана. 28.05.2023 ж.
Шұбартау
(поэма)
І
Мен өзі Шұбартауда өсіп-өндім,
Бұйырған дәнін теріп несібемнің.
Төлеу мен Уәйістердің ізін қуып,
Өлеңнің ұлан-асыр көшіне ердім.
Бола ма шыққан жерді жырламасам,
Бұл өмір опа берген кімге қашан?
Барады дөңгеленіп мына дүние,
Артыма көз жіберіп бір қарасам.
Құландай жалғыз жортқан, үйірі жоқ…
Өкінем өзегіме құйылып от.
Шықсаңыз Шұбартауды шыр айналып,
Шырмалған шуда жіптей шиыры көп…
Кең дала мұнартады қиыры жоқ,
Ойнайды дауыл соқса құйын үдеп.
Қаптайды жемтік көрсе қарға-құзғын,
Жатқандай жемқорлардың жиыны боп.
Үн-түнсіз тарих жатыр ескі жұртта,
Шелектей түсіп кеткен тас құдыққа.
Бауырым, бір кездері бұл далада
Болғанын бір қауым ел әсте ұмытпа!
ІІ
Өмір жоқ жаратылған өзгермеске,
Көп дүние көшіп кетті көз көрмеске.
Құлпырған қызыл-жасыл дүрия дәурен…
Тіккенмен қайта келмес сөзден кесте.
Шұбартау – өз алдына болған аудан,
Басынан күндер кешкен алуан-алуан.
Көршіге бір қосылып, бір бөлініп,
Тағдыры талай рет саудаланған…
10.05.2023
Не берсең де, Құдайым…
Көктем келер, соңынан жаз да келер,
Жабырқаған жаныңды сазға бөлер.
Күз де келер қоңырқай мұңын алып,
Қыс келгенін бұрқырап көз де көрер.
Келген мезгіл қасымда аз бөгелер,
Өлсе түбі ақындар сөзден өлер.
Уақытым жоқ күтетін бұрынғыдай,
Не берсең де, Құдайым, тез бере көр…
Су берсең де өзің біл, у берсең де,
Жаңбыр жаудыр кеудемде тұрған шөлге.
Сонан кейін кетсем де арманым жоқ,
Сайдан төмен сырғанап жүрген селге.
13.01.2023
Маңайым маза бермей…
Ризамын өлең жазған ойлы күнге,
Маңайым маза бермей қойды мүлде.
Қым-қуыт, ию-қию дүниеде
Елігіп, елеңдейсің қай дүбірге?
Арзымас айғай-шудан тұнды құлақ,
Ол үшін кінәлайсың кімді бірақ?
Бүйірің қызғанменен бүлк етпейсің,
Қожайын қаһарланса құл құрымақ.
Қар жауып, боран ұрып, мүлгіді бақ,
Жаз бойы сарқыраған тынды бұлақ.
Сары аяз саясаты – сақылдаған,
Қақаған қашан осы күн жылымақ?..
26.04.2023
Өмірде, шыққыр көзім, көрмедің не?
Өмірде, шыққыр көзім, көрмедің не?
Отырсың үрке қарап енді өлімге.
Сан рет жұтқаныма куәгерсің,
Сайтанның у құйылған шөлмегін де.
Көрсем де небір сұмдық қияпатты,
Өлең кеп жүрегіме ұя сапты.
Адамға ащы шарап балдай татыр,
Қаламға у болса да сия тәтті.
Жамырап бізден соң да өмір келер,
Жадырап қас-қабағы көңілденер.
Арымас көптің жүгін көтеруден –
Қара нан, қара суға семірген ер.
Таң атса көк аспанды күн кезеді,
Ай туар келген шақта түн кезегі.
Біреулер: «Құдай көкте», – деп айтады,
Кім білсін түсетінін кімге көзі?
06.06.2023
Бәрі жерде
Көк аспанға самғағанмен құс күнде,
Табан тірер тиянақ жоқ мүскінге.
Тірінің де, өлінің де тұрағы –
Мәңгі-бақи қара жердің үстінде.
Артық айтсам, кеше көрсін Алла өзі,
Ақындардың асқақтайтын бар кезі.
Ей, күнәһар, қарғыс оғы бір атар,
Қия бассаң құтқармайды ел көзі.
Бұл жалғанның басы менен аяғы
Қусырылып, қыл көпірге таяды.
Қармен бірге кететұғын түрі жоқ,
Қызыл қанды кімдер жуып-шаяды?
Жермен-жексен етіп жатыр көрші елді,
Жердің жүзі қақ жарылып теңселді.
Жазықсыздан қаншама жан қырылды,
Қанша миллион жанып тұрған шам сөнді.
Бар адамзат – бір Құдайдың пендесі,
Соғыс деген – салып қойған әуресі.
Болса көкте Ғайса жерге түспей ме,
Тажал төккен тоқтатпай ма
қанды осы?
Ықылымның жұмбақ сырын
шешкім кеп,
Ой теңізін қиялменен кештім көп.
Тылсым, терең тұғиықтың төріне
Құс жолымен барып қайтқан ешкім жоқ.
Ей, молдалар, сұрап көрші күллі елден,
Ызыңдаған шыбын жанды кім көрген?
Жаның – қаның жүріп тұрған тәніңде
Ешнәрсе жоқ кеткен ұшып бұл жерден.
Дүние қашан жаралғаны жоқ есте,
Еріп келдік аңыздағы елеске.
Ғайса көкке кетсе – кетті, кім білсін,
Ал Мұхаммед жерде жатыр емес пе?
Көкте Құдай тұрса тұрған шығар-ау,
Бәлкім, Құдай жайнап тұрған күн анау!
Құдіреттің хикметінің шегі жоқ,
Жауабы оның – арғы жағын сұрамау.
Қаңтар кетіп, келеді әлі көктемдер,
Мейірленіп сүйіседі көк пен жер.
Бәрі – жерде, жерге табын, жерді сүй,
Аспан жаққа үйір болып кеткендер!..
12.01.2023
Бір заман келе жатыр…
Жұртым-ау, мін тағасың маған несін,
Мен бе екем түзететін заман көшін?
Әйтеуір мені туған қазақ – осы,
Еркінде жақсы десін, жаман десін.
Іздесе тал бойыңнан не табылмас,
Кәпірлер мұсылманға бата қылмас.
Етіме ащы таяқ тисе кейде
Енесі тепкен құлын еті ауырмас.
Ақ көңіл, аңқылдаған елім менің,
Алшайып отырмады төріңде кім?
Төбеңе шығарудан жалықпадың,
Кер ауыз келімсектің көрінгенін.
Тамызып уызыңды таңдайыма,
Бес елі бақ сыйладың маңдайыма.
Мен дайын, менен туған ұл да дайын,
Салсаң да қызыл өрттің қандайына.
Бір дәуір артта қалды төңкеріліп,
Қаншама қырғын өтті қан төгіліп.
Қайтеміз, «бастан құлақ садақа» деп,
Сан соғып қала бердік жер тебініп.
Иттігін ата жаудың сан кешірдік,
Қазақты құртқан осы тәубешілдік.
Қылтиып қар астынан бас көтеріп,
Жамырап жауқазындай енді ашылдық.
Бір заман келе жатыр санап күнді,
Жат бауыр, шадыр мінез, шолақ тілді.
Сауысқан шықылықтап
шыбжың қағып,
Бозтарғай бөктергіні қонақ қылды.
Базарда – қатын, бала-шағаларым,
Арқадан тастаған жоқ ала қабын.
Тіршілік – аунап жатқан асау толқын,
Шырылын құлаққа ілмес шағаланың.
Беттесіп арпалысқан теңізбенен,
Мен де бір шағаламын жем іздеген.
Сәбидей шырқырайды қайран жүрек,
Шешесі уақытымен емізбеген.
19.01.2023 ж.
Дәм-тұзыңды
белгілер
Сыртылдаған сағаттар уақытты ұрлап,
Аққан судай өтеді өмір зырлап.
Топыраққа жамбасың бір тиеді,
Төсенсең де астыңа алтын сырмақ.
Болғанына тәубә қыл мал-басың көп,
Тәңір өзі бергенін алмасын тек.
Мына жарық дүние әу басында
Әкелмеген пендесін сорласын деп.
Дәм-тұзыңды белгілер тағдыр сенің,
Құны қымбат бұйырған әр күлшенің.
Көзің тоймай өлердей өңмеңдесең –
Үзіледі бір күні өндіршегің.
Тәтті беріп баладай алдандырған,
Өмір қандай, шіркін-ай,
шөл қандырған!
Үзіп алып жұлдыздан тамған нұрдан
Қас қарайса үйіңе шам жандырған.
Сәуле төгіп тұрғанда күн төбеңнен,
Жасырылмас ұрлығың бүркегенмен.
Қайырылып артыңа қарасып қой,
Қайыршыға кірпігі сіркеленген.
Байыз табар көңілің сонда ғана,
Тар қапастан шыққандай кең далаға.
Қайыры жоқ қазынаң, жан қысылса
Жазылмайтын жараңа ем бола ма?..
22.01.2023 ж.
«Жазба», – дейді…
«Жазба», – дейді бір досым мына маған,
Жазбай қалай, қалқам-ау, тұрады ағаң?
Торыққанда түңіліп айтқан шығар,
Тұлпар ақын – тұяғы тұралаған.
Жас ботадай жүрегім жылағанда
Дәтім менің, Құдай-ау, шыдаған ба?
Таңдайда тіл барында, көмейде сөз…
Үнсіз қалу қасірет тірі адамға.
Анаған да жүгіріп, мынаған да,
Алқынғандар халыққа ұнаған ба?
Өлең деген періште жоламайды
Құрақ көрпе құр сөзден құрағанда.
Қара өлеңді тыңдайтын құлақ бар ма,
Жауап беріп сан түрлі сұрақтарға?
Жаңғырады жартас та жағадағы
Таудан төмен сарқырап су аққанда.
Өлең жазу – әркімге міндет емес,
Күнде барып істейтін қызмет емес.
Түбі терең, сиқырлы бір дүние…
Құдық емес, түсетін қылует емес.
Тамырлары жалғасқан тереңменен,
Жапырағы жанымның – өлең деген.
Құпясын ғұмыры сезе алмайды,
Рахатына сезімнің бөленбеген…
17.01.2023 ж.
Көппен бірге…
Көппен бірге өмірге мен де келіп,
Күпіршілік қылмаппын пенде болып.
Бала кезде көкжиек көз алдымда
Сақинадай тұратын дөңгеленіп.
Жұмбақ сырын білетін – Құдай ғана,
Дөңгелейтін дүние шыр айнала.
Содан бері келемін дөңгеленіп,
Қарай-қарай көктегі күн-айнаға.
Көрсін деп бұл ғажайып кереметті,
Күн де нұрын аямай себелетті.
Қуалаумен барады ғұмыр өтіп…
Үміт деген сиқырлы көбелекті.
11.01.2023 ж.
Көрсем деймін
Армандарым ойымда бар қаншама,
Жетер ме екен бойымда қалған шама?!
Қой үстінен ұясын бозторғайдың
Көрсем деймін қыс келіп қар жауса да.
Көрсем деймін қу бұтақ бүрлегенін,
Ғажайып қой, қарғам-ау, бұл дегенің!
Кетер еді дүние гүлдей жайнап,
Болып тұрса тілегім күнде менің.
Тамырлардың құтқарып тұншыққанын,
Көрсем деймін тастарға гүл шыққанын.
Құзғындардың кекіріп тойынғанын,
Тырнақтыға жем болмай
шымшықтарым…
Ұшып түссе бір сорлы жар басынан,
Табылғым кеп тұрады дәл қасынан.
Көрсем деймін кемтардың жүгіргенін –
Атып тұрып отырған арбасынан.
Көрсем деймін жақсылық көріп елім…
Сары аязда көк мұздың ерігенін.
Қара жүрек, қатігез қанішердің
Бауырынан баласы жерігенін.
Көрмегеннің барлығын көрсем деймін,
Күн соңынан құлындай ерсем деймін.
Кереметтің көкесі алда білем,
Артта қалды дегенге мен сенбеймін!
16.01.2023 ж.
Қара өлең
Не ойладым, не жаздым…
Бетінде тұр қағаздың.
Қара өлеңнің сарқытын
Сарқып ішкен сабазбын.
Мойындама, мойында,
Болсын сөзім ойыңда!
Қаным менің – қара өлең –
Ағып тұрған бойымда.
Қыбырлаған қозғалып,
Тіршілікке көз қанық.
Әкең өлген – түк емес,
Атасы өлген сөз – ғаріп.
Қара өлеңсіз күн бар ма,
Қара өлеңсіз құн бар ма?
Қара өлеңге толғатқан
Анам мені туғанда.
Әкем де осы – қара өлең,
Шешем де осы – қара өлең.
Қара өлеңім тұрғанда…
Қалай ғана мен өлем?!
28.01.2023 ж. Сағ. 02:34.
Қорыққанға қос көрінер
Сөз айтты демеңіздер ұшқары бір,
Ұшпаққа шығармайды қысқа ғұмыр.
Қанаты үлбіреген құс көңілім
Қалтырап жылы жаққа ұшқалы жүр.
Болғанша қара тұяқ, қара құлақ,
Бесікте маза бермес бала жылап.
Түндігі қараша үйдің желпілдейді
Іргеңнен соққан кезде жел аңырап.
Көрсе де өз көзімен келген-кеткен,
Жаныңды қайдан ұқсын шер меңдеткен?
Қазақтың өз қайғысы – өз басында –
Шулаған шындық іздеп жер мен көктен.
Сақшының әдісі жоқ басқа білер,
Басынса басқа шығып, төске мінер.
Қит етсе түрме жаққа сүйрелейді,
Қорыққанға деген осы қос көрінер.
Әркімге мол жетеді өз ақылы,
Белгісіз кімнен кімнің озатыны.
Жазықсыз кеткендерге жар бол, Құдай,
Айтпаймын бұзақы мен тозақыны.
Қысады қиналғанда өкпе-жүрек,
Жастардың шетел асып кеткені көп.
Кез болдық дүркіреген бір заманға,
Өзендей күркіреген, өткелі жоқ.
Жібектей жұмсақ еді сөздің басы,
Моншақтай мөлдірейді көздің жасы.
Күрсінген, күңіренген қалың елдің
Тәуелсіз Қазақстан өз мұңдасы.
18.01.2023
Өксиді ішін тартып…
Қарқылдап күлетұғын жылап алып,
Жазғырған Абайды да мына халық.
Өксиді ішін тартып өткінші өмір,
Борандай қайта соққан тына қалып.
Тіршілік тұрмаған соң бірқалыпты,
Мін тағып, кінәлайды кім халықты?
Патшадан парасат пен қадір кетсе,
Көрінер қайыршы да, құл да мықты.
Қарайтын үнсіз әрбір құбылысқа,
Мылқаудың ақылы ұзын, тілі қысқа.
Тұнғанмен қомағайдың көзі қанша,
Сыймайды астың бәрі бір ыдысқа.
Адамға еңбек пенен сауда – кәсіп,
Түбінде ынсап пенен тәуба – нәсіп.
Биікке жанталасып өрлегенмен,
Төменге құлдырайды таудан асып.
Жаймасаң жамыраған елге құшақ,
Қайтесің уағыз айтқан молда құсап.
Шошынба шуылдаған қалың топтың
Ішінен суырса бір пенде пышақ.
Жібітіп таңдайыңды сусындатқан,
Жалған-ай, жез қанатын сусылдатқан!
Бұрқаған алай-дүлей үсті мына,
Алапат, асты – жұмбақ тылсым жатқан…
14.01.2023
Саясатқа сипаттама
Дәруіш дүниенің баяны жоқ,
Қолында сүйенетін таяғы жоқ.
Сусылдап, сұмаңдаған сұр жыланның
Бауырында жалтыраған аяғы жоқ.
Саясат дегеніңіз дәл осындай,
Сапырған қатығы жоқ қара судай.
Көзіңе көрінбейтін, ұстатпайтын –
Сайтанның сан сапалақ баласындай.
Жасаған талай-талай сайтандығын,
Көрдік қой саясаттың сойқандығын.
Ішіне кіргеніңмен сарайының,
Ашарсың құлыптаулы қай сандығын?
Еліңнің еске алмасаң қайғырғанын,
Топырлап бекершілік той қылғаның.
Қасқырдан күзет қойсаң, иттен безіп,
Бір түнде қырып салар қойдың бәрін.
Айтасың қай құрбанды арғы-бергі?!
Аштықтан қанша қазақ қаңғып өлді.
Бергісіз ескерткішке тастан қойған –
Жүректе өшпейтұғын қалды белгі.
Ойына қайдан келсін елді аямақ,
Шақшабас құбыжықтың қарғадай-ақ.
Әлемдік саясаттың тажалдары
Құтырды күллі жұртты қанға бояп.
Түгі жоқ талдан иген бесігімнің,
Топсасы сықырлайды есігімнің.
Саясат дегеніңіз – ең қатерлі
Қаруы қолданатын осы күннің…
20.01.2023 ж.
Тексіздік
Дүниені барласам,
Оймен шолып шарласам –
Жеткізбейді шексіздік.
Біздің зұлым заманда
Шексіздіктен бар, бірақ
Өтіп кеткен бетсіздік.
Оның аты – тексіздік.
Емхана. 10.01.2023
Жасыратын жоқ түгім
«Шаршадың-ау, –
дейді маған кемпірім, –
Толтыра алмай тіршіліктің кемтігін»…
Қара жердің құшағына кіргенше,
Қайдан білсін таппайтынын ер тыным?
Дала кезген баласы едім малшының,
Балдыр басқан бұлақ көзін аршыдым.
Ержеткелі кешуменен келемін
Сұм жалғанның балшығы мен
шалшығын.
Тигенде ұшы тағдыр тартқан
қамшының,
Кірпігімде мөлдіреттім таң шығын.
Ар алдында жүрегімді жазалап,
Қайғы деген қара таспен жаншыдым.
Татпадым деп айта алмаймын
бал шырын,
Өлең бірақ таңдайдағы талшығым.
Жамағаттан жасыратын жоқ түгім,
Ақ қағаздың бетінде тұр бар шыным.
Осы менің, ей, ағайын, жан сырым!
Халқым үшін қара табан жалшымын.
Көк бөрідей орып түстім, кейбіреу
Айтақтаған қызғаныштың қаншығын.
Қиналғанда құба шөлдей қаңсыдым,
Көктен түсер сәтін күтіп тамшының.
Сенбегендер жүре берсін жайына,
Саңырауға шырқап салған ән шығын.
11.01.2023
ПІКІРЛЕР1