Бала тәрбиелі болса – қоғам тәрбиелі
02.02.2023
382
0

Бүгінгі қазақ қоғамының басты мақсаты – өмірдің барлық саласында белсенді, адамгершілік тұрғыдан қабілетті, ұлтжанды тұлға тәрбиелеу. Ол үшін бала тәрбиесімен айналысатын отбасы, мектеп және қоғамның тәрбие ісі кіріктіріліп жүзеге асуға тиіс. 

Мектепке отбасы тарапынан қолдау қажет. Педагогтар мен ата-аналардың өзара әрекетінің арқасында ғана оқушы тұлғасын дамыту мәселелерін табысты шешуге болады. Осы өзекті мәселені талқылап, шешімін табу мақсатында «Сенімен болашақ» РҚБ Алматы филиалы Түрксіб ауданындағы №74 мектепте семинар-тренинг өткізді. «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында өткен семинарға ата-аналар қатысып, оларға бірлестіктің ұстанған бағыты айтылып, мақсат-міндеті таныстырылды. Филиал психологы Қ.Қуатқызы бала тәрбиесіндегі үштік өзара жарасымдылық тапқанда ғана оң нәтиже беретінін түсіндірді. Мектепте мұғалімдер баланы білімге баулыса, үйде ата-ана бойына құндылық сіңіретіні, әрбір ата-ана бала тәрбиесіне араласпаса – ол тәрбиені бала басқадан алатыны жан-жақты айтылды. Арнайы шақырылған қонақ – жазушы, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әлібек Байбол ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін мейлінше арттыру, бала тәрбиесіне байланысты мәселелерге көңіл аудару, баланы адамгершілік, рухани жағынан тәрбиелеу төңірегіндегі тұщымды ойларын ортаға салды. Өмірден алынған мысалдарды келтіре отырып, ата-ананы баланы тануға, оның қызығушылықтарын, қабілеттерін анықтап, соны дамытуға шақырды. Тәрбие ісіндегі ұлттық құндылықтар, баланың ортасы мен оның рухани дамуы жайында келелі әңгіме өрбітті. Рухани көкжиегі ашылған ата-аналар оң пікірін білдіріп, баланың тұлға болып қалыптасуына күнделікті ескертпе сөздер емес, ата-ананың шынайы іс-әрекеттері мен мінездері зор ықпал ететіндігін естеріне түйіп тарқасты.

Меруерт Мәулет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір