Қағазға дос, қаламға ес болғанмен…
23.05.2024
428
1

Дәулетбек Байтұрсынұлы

КЕМЕ ҒАНА…
Адам өмір сүрмейді бір ізбенен,
Қартаяды, тозады уыз денең.
Дархан жандар арқаңнан қақса қостап,
Қораш пенде тырнақтан кір іздеген.

Адам өмір сүрмейді барлықпенен,
Алдына өзі келмейді, бал күткенмен.
Жас өседі жалған да, жарлы байып,
Өзгермейді Хан айт­қан жарлықпенен.

Адамдардың жоспары меже ғана,
«Перғауындар керемет, – деме, – Дара».
Тіршілікті жалғайды Алла әмірі,
Нұх пайғамбар жасаған Кеме ғана!…

КҮПІР
Танысаң бармас едің асылыққа,
Айтасың ойпыл-тойпыл, асырып та.
Шыққан сөз жүрегіңді көрсетеді,
Ешқашан қала алмайсың жасырып та.

Алламен айтысатын сен кім едің?
Жазғанға екі шумақ желбіредің.
Жан болып жүргендігің кімге керек,
Сезбесең ғалам тілін, жер жүрегін.

Надандық қанша қалың, болса түнек,
Ешқашан жүре алмайсың жол сәтімен.
Аллаға сыйынумен өткізесің,
Басыңа мың бір сынақ қонса түмен.

Сен болсаң жазғырасың Жаратқанды,
Әлемге мейір-шуақ таратқанды.
Меңгеріп отыр Ұлы Жаратушы,
Күн батып, қайта айналып таң атқанды.

Шайтанның тәкәп­парлық соры болды,
Тозаққа жағар отын орып оны.
Жүргендер Алла алдында тәсілім боп,
Шүбасыз екі әлемде жолы болды!..

АДАМ БАЛАСЫ
Адам баласы жаралғалы бері,
Екі жүз алпыс мың жыл аунады дейді.
Ұшқыр уақыт қайырылмай бір сәт,
Жарық жылдамдығымен заулады дейді.
Кейбір құрлықта туып өскендер,
Саңырау құлақтай қаулады дейді.
Ашкөздік жеңген құлқын құмарлар,
Бір-бірін жойып жаулады дейді.

Адам ата мен Хауа анамыздан,
Отыз ұл, отыз қыз келді дейді.
Құдай Тағала көбейту үшін,
Айқыш үйлендіріп тізген-ді дейді.
Жар таңдау үшін бұйрыққа қарсы,
Абыл мен Қабыл «ізденді» дейді.
Алғашқы өлім қызғаныштан туып,
Әкесі күдер үзген-ді дейді.
Өмірдің көктем, жазы аяқталып,
Ызғарлы қыс пен күз келді дейді.
Сол бабалардан бүгінгі күнге,
Жалғастырыпты біздерді дейді.

Болмайды кейде алаңдамасыма,
Жолығып жүреміз жаман жаласына.
Адам ата мен Хауа ана солай,
Бастау болыпты адам баласына.
Күллі халықтың тегі бір – нүкте,
Жайылып кеткен тарам даласына.
Иеңді ұмытып жолыңнан тайсаң,
Жолығасыңдар бабаң наласына!

ЕЛДІ АРАЛАҒАН ЕКІ АЙ
Ұлытау, маңғаз – Маңғыстау,
Атырау одан алыстау.
Бірде көк, бірде жер үсті,
Көлігім желмен жарысты-ау!…
Қызылжар – қайың кең дала,
Қателік болар таныспау.
Өскемен, Абай шығыста,
Алтайым заңғар таныс тау.
Бұйыртса, Алла ат­танам,
Мүмкін емес қой тағы ұшпау?!
Батысым Орал, Ақжайық,
Шығысым – Ертіс, қамыс-бау.
Отаным оқшау жер ұйық,
Біздегі мақсат – Шам ұстау!..

ҰСТАЗДЫҢ ІЗІ
ӨШПЕЙДІ
(Алма Қыраубаева
ұстазға)

Өмірі толған үлгі, даралыққа,
Тағдыр бар елу үш жыл аралықта.
Жаны нұр, ойы жаңа ұстаз болды,
Жол тартқан ізденіспен даналыққа,

Қосылған біліміне парасаты,
Тектілік тереңдікпен жарасатын.
Көретін көңіл-дүрбі алыстан-ақ,
Шәкірт­тің бұлақ көзін дәл ашатын.

Жүрегі мейірімнің мекені еді,
Тың жолға қанша жасты жетеледі.
Әулет­тің әңгімесін қоя тұрып,
Ел жүгін ерден бұрын көтереді.

Тұратын әлсіз көрсе егіліп Ол,
Арманы биік еді сенімі зор.
Ұрпаққа ұлт­тық Лицей ашқан алғаш,
Көрсеткен мектеп аты «Сенім»-і жол.

Шынымен «Сенім» – жаңа бағдарлама,
Арманға қанат еді аңғарғанға.
Рухы Алма ұстаздың өшпек емес,
Туады, ол аңсаған таңдар жаңа!…

Ашқарақ ғылым десе, тоймайтындар,
Туады жұрт­тың қамын ойлайтындар.
«Сенім» мен Алма апаның жолын ұстап,
Туады ұлт намысын қорғайтындар!..

БІР СӘТ
Қағазға түссе суреті,
Айнымай көңіл күйімнің.
Бірақ та сезем сөздердің,
Жазылуының қиынын.
Бабымен бағам өлеңді,
Қанғанын күтем иінің.
Сараптап санап тіземін,
Ол менің тозбас «бұйымым».
Хатқа түсірем харіптеп,
Дәл шешсем ойдың түйінін.
Кітап етіп шығарам,
Жұмсалар соңғы тиыным.
Жалтақтап қайтем жалғанға,
Тоқ жүрсін солай бүйірім.
Басылмай қалды «анау» деп,
Қалмасын саған күбірім.
Бұрылмай бөтен кетсе де,
Іздейді мені үйірім.
Қызмет жасап тұр міне,
Жүрек – Ильһам, Ми – Ілім.
Алдыма келе береді,
Жақындап менің қиырым.
Қайырып қойып бос сөзді,
Жырларым саған шүйілдім.
Ғибадат, амал тоқтамас,
Өзіңе Алла, сиындым.
Өзіне тартып кеткенше,
Ажал деген – Иірім!…

МАҢҒЫСТАУДА

ПІР БЕКЕТ
Құдайдың сүйген құлы – әулиелер,
Сыйлайды даналарын тәрбиелі ел.
Өміріне Уалилердің назар салсақ,
Басына қонған екен сан киелер.

Қасиет берген екен Ұлы Раббы,
Озыпты ортасынан құны, мәні.
Алланың ақиқатын жайған екен,
Таралар Жаратқанның нұры мәңгі.

Жарқырап жартасында Оғландының,
Шуақ боп таралыпты толған ғылым.
Өзіңнің таңғажайып тағдырыңмен,
Артыңа атанға артар том қалдырдың.

Бел асып Бекет ата, пейіл бердім,
Жанымды Жаратқанға бейімдедім.
Құдайдың құдіретіне басымды идім,
Келмейді кері тартып ке­йіндегім.

Алланы шын таныған сүйіп ғажап,
Әулие саясы мол биік Дарақ.
Құлшылық жасап келген ғасыр-ғасыр,
Бастарын Бір Аллаға иіп Қазақ.

Отыз жыл естіп келем, оқып келем,
Болатын сәтін күтіп тосып келем.
Зиярат жасамаған жылдарыма,
Бір сәтке арылмады опық менен.

Кітапқа қызмет ет­тім Алла қалап,
Пайғамбар, Әулиені жанға балап.
Дәм тат­тым «Қара шаңырақ» ордамыздан,
Бастым мен қадамымды алға қадап.

Құранның хикметін көрдім анық,
Ниетпен зияратқа бөлдім уақыт.
Аллаға жүрген сайын жақындаймын,
Алдымнан аңсап күткен келді бақыт.

СУЫҚ ҚАЛА

Суық қала, суық көше, сұсты жұрт,
Адамдар жүр жылауға шақ қыстығып.
Қара жердей қайғысы ауыр жолаушы,
Автобустар тарта алмайды ышқынып
Мейірімдер жүректерден суалып,
Дәурендеген заман ғой бұл күштілік.
Қала сондай қабағынан қар жауып,
Тұрғындардың үрпе-шүрпе ұсқыны.
Тыңдайтын жан табылмайды ем үшін,
Әділет­ті құлағына қыстырып.
Қожайындар қоқаңдайды зілденіп,
Әлсіздердің қара қанын құстырып!…
Көктем келмей көп кешіккен секілді,
Пенделердің жүрегіне қыс кіріп.
Жаратқаннан бір жақсылық күтемін,
Жаздың таңын әкеледі құштырып!…

ТОПАНСУ

Топансудың ең зоры –
ауырлаған жер жүгі,
Пайғамбар Нұх ежелгі заманынан белгілі.
Арғы тарих аңыз бен риуаят­тан келеді,
Біз білеміз көз көрген бастан
өткен бергіні.
Қалың қардың арқасын қыздырғанда Күн нұры,
Оған жаңбыр қосылып су көлкіді ендігі.
«Топан», «Тасқын», «Қызылсу»
деп айтып жүр халайық,
Жалғыз сөзге жинақтап «апат»
дейсің сен мұны!…
Жерге сіңер саңлау жоқ,
ерімеген тоң жатыр,
Бойға тартар тамыр жоқ,
ашылмады жер жігі.
Қар еріді, жерде тоң, жаңбыр жауды
аспаннан,
Үйлер құлап, мал ағып, асқынуда
ел мұңы.
Дала жазық болған соң ағып кетер
жыра жоқ,
Таулы өлкедей ол жақта болмаған
соң өр-қыры.
Айдап малын алысқа кететінге жоқ биік,
Енді қайтып төленер суда қалған
төл құны?!..
Баспанасы жарамсыз, барар жері
тым шалғай,
Құс қанаты талады бұл даланың кеңдігі.
Сақтанғанды сақтайды, Әкім қайда,
басшысы,
Осындайда байқалар ақылының кемдігі.
Батыспенен солтүстік қиын болды қыс соңы,
Атжалдатып су кештің, малмандай
боп терлігі.
Су қаптаған далаға суық қарап тұрмайық,
Бәсеңсімес деп білем іргелі елдің ерлігі.
Бұл да Тағдыр сынағы, қайырлысы
болады,
Айықса екен басынан халқымыздың
шер-мұңы!…

«ЖАЯУ МҰСА»

Түнгі сағат он екіде мүлгіген,
Кетіп барам жүрісіммен ілбіген.
Алпыс жасқа жаяу жеткен бейбақпын,
Ал ол үшін кіналаймын кімді мен?!.

Қағазға дос, қаламға ес болғанмен,
Жүрек шіркін рух-байлыққа толғанмен,
Көп көліктер зу-зу етіп тоқтамай,
Жаяу қайтып келе жатам жолдан мен.

Қаламгермін, өзімше ойлап ел мұңын,
Жүргеніммен, қайыршыдан кем құным.
Қазақ жерін топан судай тоғытқан,
Көкіректе көлкіп жатыр шер мұңым.

Ауызашар, кез­десулер, жиындар,
Бір пақырмын жолын күнде шиырлар.
«Жаяу Мұса» секілдімін сенделген,
Бірақ жылы, Жұмақ сынды үйім бар.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.05.2024 | 15:33

Орташа

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір