«ЖАҚСЫ ОҚЫРМАН БОЛСАҚ ТА ОЛЖА»
Кез келген бетінен ашып оқи беруге жарайтын кітаптар болады. Кәдімгі өлең сияқты. Қат-қабат қалың шаруаның ара-арасындағы бір қалт етпеде немесе жайбарақат демалыс сәтінде, көлік үстінде кетіп бара жатып, яки диванда шалжиып жатып-ақ бір мезгіл қолыңа алып, назар салсаң әп-сәтте басқа дүниеден баз кешіп, қаламиенің (автордың) парасат-пайымына ілесіп кете барасың. Кеудеңе бір нұр сәуле құйылып жатқандай, жаның жадырап, бойың сергіп жүріп береді. Иә, бар ондай кітаптар, бар болғанда қандай!
Жақында солардың бірі қолыма тиді. Әуелгіде, жаңа өзім айтқандай, кез келген бетін ашып жіберіп, көз жүгіртіп қарап едім, кітап өзінің әрі қарапайым, әрі шырайлы шындығымен баурап, елітіп ала жөнелді. Содан соң алғашқы бетінен бастап, бас алмай оқуыма тура келді. Бұрын бәрі дерлік мерзімдік баспасөзде (негізінен, «Жас Алаш» және «Алматы ақшамы» газеттерінде) жарияланған, кезінде басым көпшілігін өзіміз де оқыған, оқып тұщынған көзге таныс, көңілге ыстық журналистік жазбалар бір ауқымда бас құрап, «Шал мен шындық» дейтін атпен тым тәуір басылымға айналыпты. Авторы – белгілі қаламгер, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбай.
Көзіқарақты оқырман біледі: Қали Сәрсенбай – өрелі мәдениетіміздің сан-сапа мәселелерін жан-жақты қозғап, жалықпай қаузайтын қаламгер. Оның әдебиет пен өнер саласындағы тарландарымыз туралы үнемі тереңнен тартып, өзі айтатындай, «шын ақтарылып, шырайын шығарып, ой теңізін кешіп, маржанын сүзіп» жазатын дүниелері (эсселері) әлдеқашан-ақ тұрақты оқырмандарын тауып, рухани байлығымызды үстемелеумен келе жатқаны ғанибет. Бұл орайда оны соңғы жылдары қауырт өркен жайған осы жанрдың Мырзатай Жолдасбеков, Жанболат Аупбаев, Құлбек Ергөбек, Бауыржан Омаров, марқұм Таласбек Әсемқұлов сынды майталмандарының санатына емін-еркін қосуға болатын шығар.
Кітаптағы «Жақсы адам көп, жақсы қазақ аз», «Түлен түрткендер мен түнде көлеңке іздейтіндер», «Қоғамның байлығы – талантты адамдар», «Жәнібековтер көп. Жәнібеков – жалғыз», «Бірін бірі бөле жармаған қазақтың жақсылары-ай!», «Теңіздей тереңдерім», «Бір күні Таласбек кіріп келді», «Үш ағыс», «Даланың өзіндей, дананың көзіндей» дейтін және тағы басқа да естеліктер мен эсселер, мақалалар, әредік беттерге шашырата берілген келісті де кемел ойлар әрі тартымды, әрі тағылымды. Соның бірер мысалдары мынадай.
«Ешқандай мерейтойларға қарамай-ақ Шәмшіге, Шәмшілерге оралып отыру керек».
«Ұлтшыл болмасаң іс бетпейді. Қалай ұлтшыл болмайсың – қазақты қорлау әлі де бар».
«Тойды еуропалық дәстүрмен өткізу өріс алып барады. Ортаға тәтті торт әкелініп, жан-жағына шырақ жағылады. Әлгі шырақты жастар жабылып өшіреді. Өз отын өзі үрлеп өшірген қазақты көріп пе едіңіз? «Шырағың сөнбесін, қазаның оттан түспесін» демеуші ме еді қазақ?!».
«Елге барса алдымен әкесіне емес, әкімге сәлем беретіндер бар».
«Алматының дүкендерінен іздегенін табатын орыс неткен бақытты еді».
«Уақыт тауып, аптасына небәрі екі күй тыңдаған қазақ ұсақ-түйек сырқатқа сыр бермейді. Қазір бұл тәсілді жапондар қолға ала бастады. Оларда бұл тәсіл сазбен емдеу деп аталады. Оның құрамында біздің Нұрғиса Тілендиевтің де әндері бар деп естідік. Ғажап қой».
Тағы бір көлемді мысалды келтірмесем болмайтын сияқты, әйтпесе тіпті әруақ аттағандай болармын: «Түркияда Фатима Керік деген актриса бір сәтте дүние жүзіне танымал болды. Неге? Әкесі ерте қайтыс болған Фатима анасының қолында жалғыз өседі. Тұрмыс тауқыметін тартады. Жоқшылықты көп көреді. Бір күні Голливуд киностудиясы түрік қыздары арасында киноға түсуге байқау жариялағанын естіп, соған қатысып бағын сынайды. Айтқандай, өзі сұлу әрі сұңғыла он алты жасар түрік қызы Фатима байқауда топ жарып, 1 миллион долларды жеңіп алады. Осынау ғажайып оқиға әп-сәтте дүниенің төрт бұрышына тарайды. Алайда, Голливудқа кеткен қыз көп ұзамай қайтып оралады. Журналистер «Түрік аруы Фатима 1 млн. доллардан неге бас тартты?» деп жазды. Бір күні Фатиманы Түркия Президенті шақырып, сонша қыруар ақшадан неге бас тартқанын сұрайды. «Бақсақ, бақа екен» демекші, мәселе былай болған. Фатима ойнайтын кейіпкер өз нәпсісіне ерік беріп, тәнін жалаңаштайтын көрініске түсуі керек екен. Сонда Фатима «мен түрік қыздарының арына дақ түсірмеймін, намысын таптамаймын» деп киноға түсуден бас тартады. Қыздың осынау намысқойлығына, патриоттығына дән риза болған Түркия Президенті 5 миллион доллар бөлгізіп, оған және киностудия ашып беріпті».
Міне, өсер елдің өнегесі! «Оны білер ұл қайда, ондай атты күн қайда!» демекші, бұған тек таңданғаннан басқа біздің қолдан келер қайран жоқ.
Кітап авторының тәуелсіздік қарсаңында және оның алғашқы жылдарында қазақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға кім-кімнен де артық, өлшеусіз үлес қосқан ардагер азамат Өзбекәлі Жәнібековке деген сүйіспеншілігі тебірентпей қоймайды («Өз-ағаң: өнеге мен өкініш», «Жәнібековтер көп. Жәнібеков – жалғыз»). Өзағаңның көзін көрген, өнегелі істерінен аз да болса хабары бар кім-кімнің де осындағы: «Біреулер өмірінде халқына бір-ақ мәрте ғана пайдалы іс жасап, шамасы соған ғана жетуі мүмкін. Ол үшін оны кінәлауға болмайды. Ал Жәнібековтің толайым өмірі халқына бірыңғай жақсылық жасаудан тұрады ғой», – деген тұжырымға ойланбастан қол қояры хақ.
Сондай-ақ, Қалидың Шерхан Мұртаза мен Зейнолла Қабдолов секілді ұстаздарына, «Екеуін қатар көрген сайын ұлт абыройы қол ұстасып келе жатқандай күй кешесің» деп пір тұтқан «теңіздей терең» ағалары – Сәбит Оразбай мен Асанәлі Әшімұлына деген қылаусыз көңілі, інілік ілтипаты кісі қызығарлықтай.
Темірхан ақын Медетбек туралы эссесінде: «Өне бойы жақсы дүние жаза бермейсің, шимайлағанның бәрі шедевр болып шықпайды. Сондай күндерде оқуға тура келеді. Жақсы жазбай жүрген күндері жақсы оқырман болсақ ол да өзің үшін олжа. Жақсы дүниені оқып, соның қызуымен жүру де бір бақыт. Былайша айтқанда, адами бақыт», – деп өзі айтқанындай, Қалидың осы кітабы кім-кімді де көктем шуағындай әсерге бөлейтініне кәміл сенімдімін.
Бекболат ӘДЕТОВ.