ОБАЛЫҢ КІМГЕ, ОҚУШЫ?..
17.10.2023
153
0

Дүниежүзілік банк сарапшылары «Қазақстан: инклюзивті және тұрақты өсуге қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыны күшейту» атты жаңа баяндамасында Қазақстанның білім сапасы туралы сөз қозғады.
Баяндамада еліміздің жалпы мемлекеттік мектептеріндегі балалардың 64,2 пайызы функционалдық сауатсыз екені айтылған.
Сонымен қатар, сарапшылар 2000-2018 жылдары Қазақстанның білім беруге жұмсаған шығыны ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнім – ред.) 2,3-3,9 пайызын құрағанын алға тартты. Бұл – табысы ортадан жоғары елдермен салыстырғанда төмен көрсеткіш.
Сарапшылардың сөзінше, қазақстандық оқушылардың шамамен үштен екісі заманауи әлемде табысты жұмыс істеуге дайын емес екен. Ең сорақысы, баяндамада Атыраулық оқушылардың НЗМ-дегі құрдастарынан орта есеппен төрт жылға артта қалып отырғаны да келтірілген.
Қазақстанның білім сапасы шынымен-ақ төмен бе? Бұған нендей жағдайлар әсер етіп отыр? Біз осы ақпаратты алға тартып педогогтардан бүгінгі қазақ мектебінің хәлі туралы сұраған едік.

Аятжан АХМЕТЖАН, педагог:

Барлық салада өтірікке батып қалдық…

«Дүниежүзілік банктың сарап­шылары арнайы зерттеулерге сүйеніп, «Қазақстанның мемлекеттік мектептеріндегі балалардың 64,2 пайызы – функционалдық сауатсыз» деп таныпты» дейсіз. Шындап келгенде, жағдайымыз сарапшылардың айтқанынан да қиын болуы мүмкін.
Мұндай қорытындыға келуге бірнеше себеп бар, талдап көрейік.
Біріншіден, жалған есеп беру, өтірік пайыз қуу дертіне ұшырадық.
№90 гимназияда үш жылға жуық мектеп директоры болғанымда білім сапасына қатты мән бердік. Бірақ kundelik.kz-тегі (электронды журнал – ред.) білім сапасы бойынша Астанадағы мектептердің ішінде ең төмен сапаны көрсеттік. Неге? Себебі мұғалімдерді пайыз қуғызып, бір сабақтан «үш», бір сабақтан «төрт» алғандар болмасын деп өтірік сапа жасатпадық, қатаң түрде әділ бағалауға тырыстық. «Екі» деген бағаға да рұқсат бердік. Есесіне, Білім басқармасының талай жиналысында таяқ жедік. Сол кезде басқа мектептердің көрсететін пайызына таңғалатынмын. Өйткені біраз мектептің алтын белгіге үміткері мен үздігі ҰБТ-ға дайындалу үшін QAZBILIM-ге келгенде сол сапаны көрсете алмайтын, іштей «мынау оқушы қалай үздік атанып отыр?» деп ойлайтынмын.
Кейін біраз мектептің қағаздағы білім сапасын көргенде, пайыздық жарысын көргенде жағамды ұстадым да қойдым. Ал сол мектептерге сырттай тәуелсіз бағалау жүргізсеңіз, жалған пайызының жартысының да үдесінен шыға алмайтыны анық еді. Өкінішке қарай, бұл ауру бүкіл өңірде бар.
Бәрінде социалистік жарыс. Осындай қолдан жасалған өтірік сапалар түбімізге жетеді. Ең ауыры, балам «төрт» пен «беске» оқып жатыр деп ата-ана алданады.
Екіншіден, екі-үш ауысымды мектептер, сыйымдылығынан әлденеше есе артық баланы оқытып отырған мектептер мемлекеттік стандартты да толық орындауы қиын.
Сол үшін оқушылар жаппай қосымша сабаққа жүгінеді. Ал ақылы қосымша білімге біреудің шамасы келсе, біреудің шамасы келмейді.
Үшінші себеп – сапалы білімге түрткі болатындардың сапасы: оқулық сапасы, бағдарлама сапасы, кадр сапасы.
Бізде бұл сапалар да көңіл көншітпейді. Білім сапасы қашан да мұғалім сапасынан биік болмайды. Білім сапасы бағдарлама, оқулық, әдістеме сапасынан биік болмайды. Өкінішке қарай, бізде бұлар да шынайы сападан гөрі жалған рейтинг пен бітпес қағаздағы керексіз көрсеткішке бейімделген.
Біз барлық салада жауырды жаба тоқып келе жатырмыз. Біз барлық салада өтірікке батып қалдық. Сондықтан дүниежүзілік банктің 64,2%-ына таңғаламыз. Әйтпесе, әлемдегі ең қарапайым емтихан қатарына кіретін ҰБТ-да 140 балдан 50 балл деген шектік балды (50 балл – жалпы балдың 35%-ы ғана, тіпті ұят жағдай) 2022 жылы 33% оқушы, 2023 жылы 17% жинай алмады. Ал 11-сынып оқушылары жаппай қосымшаға баратынын ескерсек, шынайы білім сапасының қандай екенін елестетуге болады.
Төртіншіден, мемлекетте ешқандай әділетті сырттай бақылау жоқ.
Бар сырттай бақылаулардың өзін ойыншық жасайды. Біреу біліп тұрып алдайды, біреу алданғанын біліп тұрып алданады. Екеуі де бір-біріне қарап қойып, білім сапасы дұрыс деп отырады.
Бесіншіден, Мемлекеттік емтиханның өзін адал, таза өткізетін қауым некен-саяқ.
Мемлекеттік емтихан, сырттай бақылау болады десе, оқушылар апайлар көмектесетін емтихан деп сенеді.
Жалпы, бізде шынайы білім сапасы туралы ойланатындар өте аз: бәрі тыныш болсын, ешкім шуламасын дегенмен өмір сүреді.
Осыдан шығады да, қоғамды біліксіздік жайлайды…
Құзырлы органдарға ұнамасам да, шындық – осы. Тағы біраз нәрсе айтуға болар еді, тілімді осы жерден тістей салайын.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, мұғалім:

Қазақстан білімінің түбіне жалған
есеп жетеді

Сарапшылардың пікіріне толық келісемін. Неге десеңіз, еліміздің білім сапасына әсер ететін мәселелер шаш- етектен. Мұндай мәселелерді мен ғана емес, ұстаздар мен ата-аналар да, тіпті балалардың өздері де жақсы біледі. Соның кейбіріне тоқталып өтейік:
Жалған дипломды, жалған санатты «педагогтар» барлық дерлік өңірлерден анықталып жатыр. Анықталмағанының саны қанша екенін ешкім тап басып айта алмайды. Осындай жағдайда білім сапасы туралы әңгімені ауызымыз барып қалай айтамыз?!
Электронды журнал – заман талабы. Бірақ біздің интернет жылдамдығы заман талабына жауап бере ала ма? Ауылды жер түгілі, үлкен қалалардың өзінде кейде интернет шабандап қалады. Жуырда Түркістан облысы Қазығұрт ауданының мұғалімдері интернетке кіру үшін ауыл маңындағы төбе үстінде жүргені жарияланды. Мұндай жағдайда сапа туралы қаншалықты айтуға болады?
Оның үстіне, мұғалімдерді күн
са­йын әрбір ҚМЖ-сын (қысқа мерзімді сабақ жоспары) электронды күнделікке жүктеуге міндеттеп қойды. Ол уақытылы жүктелемесе мектептің рейтингі құлайды. Мектеп рейтингі төмендесе, оған кінәлі мұғалім сөз естиді. Мұғалім, сапалы сабақ өтуге ме, электронды күнделікті уақытылы толтыруға ма қайсысына уайымдайды?
1500 оқушыға арналған мектеп ғимаратында 3 мың, 4 мың, тіпті кейде 5 мың оқушы оқып жатқан жағдайлар жетерлік. Бұл жерде де сол сұрақ – сапа туралы әңгіме болуы мүмкін бе?
Оқу-ағарту министрлігінің әлеу-­­
мет­­­тік желілердегі парақшаларын оқысаңыз, біздің балалар халықаралық пән олимпиадаларында ешкімге дес берер емес. Ал дүниежүзілік банк сарап­шыларының айтуы әлгіндей.
«Ауруын жасырған өледі» деген мәтел бар. Аталған мәселелерді ертерек қолға алуға тиіспіз. Олай болмаса, Қазақстан білімінің түбіне жалған есеп жетеді-ау деген қаупім бар…

P.S: Біз осы мақаланы дайындау барысында Оқу-ағарту министрлігіне бірнеше рет хабарласып, дүниежүзілік банк сарапшыларының мәліметіне ведомствоның қалай қарайтынын білгіміз келді. Бірақ байланысу мүмкін болмады. Оқу-ағарту ісіне қатты алаңдайтын, осы саланың мәселесін шешу үшін бас көтермей жұмыс істеп жатқан Министрліктің телефон тұтқасын көтеруге қолы тимеді. Біз, әрине «үнсіздік – келісімнің белгісі» деп қала бердік.

Бетті әзірлеген
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір