АУДАРМА ЖӘНЕ АУДАРМАШЫЛАР ХАҚЫНДА
Алдымен өзімді жөндеп таныстырайын: мен публицист, әрі аудармашымын. Осы екі салада бірталай табысым бар, бірақ алматылық БАҚ-тарды мазаламай, тыныш жатқан жетпістегі қаламгермін. Бұрынғыдай анда шауып, мұнда шауып, кез келген тақырыпты жұмарлап тастайтын ширақтық бізден кеткен сыңайлы, сондықтан заказбен жұмыс істей алмаймын.
Өткен ғасырдың 60-80 жылдары дәйім қос тілді, әрі аптасына үш рет шығатын аудандық газеттерде істедім. Ол кезде тәртіп мықты, әлгілер уақтылы сақылдап шықты да тұрды. Тек мұндай басылымдарды көбіне кадр тапшылығы қинайтын, өйткені, әлділері облысқа қарай жылжитын, нашарлары ауылда қалып қоятын. Мен тәржіма жөніндегі ешқандай курс, арнайы оқу дегенді өткерген емеспін – күнделікті тәжірибемен шыңдалдым. Егемендік алғалы бері аудармашыларға сұраныс жоғарылады. Астана мен Алматыдан тура хабарым жоқ, тек Қарағандыдағы тәржімашылардың халін тілге тиек ете кетейін. Мен өз басым тура жетпіс деген жастың жалынан ұстап тұрмын. Арманым, біз болсақ базардан қайттық, енді кейінгі ұрпақтың күні не болмақ деген әңгіме ғой баяғы. Өз басым Қарағандының өзінде, облыстың қойнау-қойнауында қанша аудармашы бар екенінен бейхабармын. Олар бірін-бірі шала-шарпы біледі, бірінің-бірі не істеп жатқанынан еш хабарсыз.
Мынадай бір ғажап бар. Егер тәржіма тартымды шықса, оны түпнұсқаға «жатқызады», ал сәтсіздеу болса, онда аудармашыға «жабады».
Өз басым «мынаны кім аударған, өзі?» деп, оқырман кіржіңдемесін дегенге жанымды салатын пендемін. Арманым – Буниннен басталған Нобель сыйлығы лауреаттарының дүниелерін топтастырып, жеке кітап етіп шығару.
Бұл күнде әр елден шыққан 14 нобелианттың әңгімелерін аударып, тыныстап отырған жайым бар. Міне, олар – Бунин, Хемингуэй, Хименес, Камю, Кабавата, Солженицын, Белль, Юнсон, Канетти, Маркес, Махфуз, Оэ, Найпол, Памук… (мен бұларды сыйлық алған жылдарына сай тізбелеп отырмын). Қайсы керек, мархаба! Ал, Мо Яньнің еш кітабы жоқ, ал жіберсеңдер, оны да көрейін.
Әрі П.Коэльо («Алхимик») бастаған нобелиант болмаса да, өз алдына ерен мықтыларды аудардым. Олардың ішінде Паустовский, Зощенко, Битов тәрізді әлді орыстар да бар. Бірақ осы дүниелерімнің (аудармаларымның) бағын жандыршы деп, ешбір баспаның есігін қаққан емеспін. Ұнатса – жіберемін. Әдеби газет-журналдардың мүмкіншіліктері белгілі, олар романдар мен повестердің аудармаларына жиі көңіл бөле алмайды.
Қазір біздің елде аудармашылардың орны нақтыланбаған, еңбектері де тиісті дәрежеде бағаланбайды. Бұл аударманың сапасына кері әсер ететіні түсінікті. Сондықтан қазақ халқын әлем әдебиетімен таныстыруды жолға қоямыз десек, аударма ісін жүйелеп, аудармашылардың қаламақы мәселесін бір жолға қоятын уақыт жетті. Сайып келгенде, аударма мен аудармашы турасында айтарымның бір парасы осы, оқырман…
Марал ХАСЕН.
Қарағанды.
ПІКІРЛЕР3