Америкадан келген аудармашылар
14.12.2023
259
0

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі , жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері Сәуле Досжан бастап және «Қасірет пен Тағдыр» кітабының АҚШ Чикагодан келген аударма­шылары Немец-Игнашева Диана Осиповна мен Дотлибова Анна, әдеби агент Анар Қабдулина рухани сапармен Семей қаласында болды.
Алаш қаласына келген қонақтардың алғашқы қадамы, Алаштың білім ордасы М.О.Әуезов атындағы педогогикалық колледжінен басталды.
Кездесу барысында Сәуле Мағаз­бек­қызы­ның өмірі мен шығармашылығы кеңі­нен әңгіме болды. Ел басындағы қайғы мен қасірет, Семей полигонының зардабы мен зауал жайлы «Қасірет пен тағ­дыр» диалогиясы туралы жан-жақты сөз қозғалды.
Сонымен қатар кездесуге қатысып отырған студенттер өздерінің сан түрлі сұрақтарын қойып, әрі тұшымды жауап алды, пікір алмасты. «Қасірет пен Тағдыр» кітабы қалай жазылғаны және қайсар ананың рухы мен қайтпас өрлік сияқты құндылықтарды Сәуле Мағазбекқызы әңгімелеп берді.
Жазушының басқа да шығармаларын шетелге танытып жүрген аудармашылар мен әдеби агенттер шараның салмағын арттырды. Туған жеріміздің қасіретті тарихы жайлы көркем, әдеби тілмен жазылған әрі нақты деректерге құрылған романды автор колледж басшысы, ф.ғ.к. Шағангүл Алдамжарқызына және колледж кітапханасына табыстады.
Сонымен қатар қонақтарға «Шетел тілі» ПӘК оқытушылары білім ордасы бойынша экскурсия жүргізіп, колледж тарихымен таныстырды.
Әдеби, ғылыми сапарда жүрген делегация келесі Ұлылар мекені – Абай ауданына барды. Ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу мақсатында келген профессорлар Абай жолындағы алғашқы асу – Күшікбай батыр бұлағынан бастап, Бөрілі, Еңлік-Кебек, Ақшоқы, Жидебай,Қарауыл бағытына экскурсия жасады. Жазба әдебиетінің қара шаңырағы – Семей қаласының ру­хани мұраларына шет елден келген шығар­ма­шыл қонақтар зор баға берді. Бөрілідегі Әуезов музей-үйіндегі экскурсия кезінде ерекшк таңданған қонақтардың аузынан, «тұтастай қазақ әдебиетінің дәуірі көз алдымыздан өтті» деген пікірлерді де естіп қалдық.
Сәуле Мағазбекқызына серік болып, Семейдің тарихымен танысып жүрген ғалымдарды тағы бір ерекше толғандырған жер кіндігі Жидебай еді. Алыптар жатқан қасиетті өлке алыстан келген әдеби сапардағы қонақтарға ерекше әсер етті. Абайдың рухын сезініп, шығармашылығымен бұрын да таныс ғалымдар, Абай заманын, тұрған үйін, тұрмысын көріп тағы да таңдай қақты. «Айдаладағы қазақ өркениеті мен мәдениеті осындай дәрежеде болғанын білмедік, қазақ халқы өрісі кең, өресі биік халық болған екен ғой», – деген сөздерді Чикагодан келген аудармашылары Немец-Игнашева Диана Осиповна мен Дотлибова Анна жарыса айтты.
Абай даласына Америкадан келген ғалым-аудармашылар қазақ мәдениетінің қалыптасу кезеңдері мен жазба әдебиетінің дамуы жайлы ғылыми дүниелер жазып, қазақ даласының қасіреті мен қасиетін де қалыс қалдырмаймыз деген уәдемен аттанды.
Ғылыми-әдеби делегация құрып, шығар­маларына арқау болған өңірге бір топ ғалымдар мен аудармашыларды бастап келген жазушы Сәуле Досжанға Абай елінің алғыстан басқа айтары жоқ.

Мерей ҚАРТ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Абай облысы филиалының төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір