«ҚАЗАҚТЫҢ ХӘРРИ ПОТТЕРІ» ХАҚЫНДА
05.11.2022
347
0

Бүгінде мектеп жасындағы балалардың кітапқа деген қызығушылығы төмен деп жиі айтылады. Алайда оқушылардың функционалдық сауаттылығын бағалау мақсатында алынған PISA ауқымды халықаралық зерттеуінің кейінгі қорытындысына сәйкес қазақстандық оқушылар едәуір жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бұл салада ҚР Білім министрлігі көркем әдебиеттің қолжетімді болуы бағытында нәтижелі жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ «Өрлеу» БАҰО-ның да еңбегін атап өтпеске болмайды. Мұнымен тоқтап қалмай, балаларды жүйелі түрде көркем мәтінді түсініп оқуға, талдау жасауға баулып отыруымыз қажет.

Осы орайда балаларды көркем әдебиетті оқуға қызықтыру маңызды екені сөзсіз. Сонымен қатар қызықты да тартымды әдеби шығармалар баланың үйдегі кітапханасынан табылуы қажет. Бүгінгі таңда қазақ балалар әдебиетінің әртүрлі жанрларында шығармалар жазылып жатыр. Соның бірі – Зира Наурызбай мен Лиля Калаустың «Бату және оның достары» атты хикаяттар циклі. Бұл шығармалар орыс тілінде жазылғанымен, қазақ тіліне тәржімаланды. Бүгінде «Бату және оның достарының алтын тостағанды іздегені» атты хикаят ағылшын тіліне аударылу үстінде.
Сөзіміздің арқауы – «Бату және оның достарының Барсакелмес елінде бастан кешкендері» атты хикаяттың орыс тіліндегі нұсқасы. Шығарма өте қызықты һәм тартымды, әрі халқымыздың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдері, мифологиясы жөнінде балаларға құнды мәліметтер береді. Бастысы, қазақы дүниетанымның қыр-сырымен жан-жақты таныстырады. Шығармадағы әр кейіпкердің сөзінен қазақ халқының салт- дәстүріне, тіліне, болмысы мен дүниетанымына деген сүйіспеншілік пен құрмет сезіледі. Жас оқырмандар авторлардың осы позициясын түсінеді, әрі шығарманы оқып отырып балалардың бойында төл мәдениеті, тілі, туған елі, жері, тарихы мен салт-дәстүрі үшін мақтаныш сезімі оянады деп сенеміз. Шығармада халқымыздың ырым-тыйымдарының негізінде үлкен мән-мағына жатқанына, қасиетті саналатын қара шаңырақ ұғымына ерекше мән берілген. Хикаятты оқыған жас оқырмандар көне түркі, қазақ мифологиясы, мифтік, ертегілік кейіпкерлер жөнінде де егжей-тегжейлі мәлімет алады. Миф, аңыз, ертегі кейіпкерлері оқиға желісіне белсене араласып, әрқайсысы өз болмысын, мінезін, қасиетін танытады.
Осы тұрғыда шығарма турасында айтып өтуге тұрарлық бірнеше жайтқа тоқталып өтсек.
1. Оқиға солғындау басталады. Әрине, бас қаһармандардың мінезімен, болмысымен, оқиға дамуының алғышарттарымен таныстыру үшін бұл қажет те шығар. Дегенмен шығарманың желісі жас оқырмандарды кітаптың бірінші бетін ашқаннан баурап алса құба-құп. Бірақ ары қарай жас оқырмандарды үйіріп әкетерліктей қызықты, шым-шытырыққа толы әрі тартымды.
2. Құдықшы Қодар – біздің пікіріміз­ше, қарама-қайшылыққа толы бейне. Бұл шығармада ол жағымды кейіпкерлер санатында. С.Қондыбай зерттеулерінің ізімен келгенде хикаяттағы Қодар – көзі қырағы құдықшы, оның шығармада өзіндік рөлі бар. Әңгіме барысында ол Қозы өмірінің әділ жекпе-жекте үзілгенін алға тартады. Бастысы, Қозы мен Баянның мәңгілік, адал махаббатына ештеңе тосқауыл бола алмайтынын мойындайды. Сөзінен өкініштің салқынын байқауға болады. Дегенмен ғасырлар бойы қос ғашықтың махаббат трагедиясына себепкер болған кейіпкердің сөзі мен іс-әрекетінен өкініштің елесін емес, өзекті өртейтін өкініштің отын көргісі келеді-ау оқырманның… Өзі жасаған зұлымдықтың қара дағын кетіру үшін Қодар шығармада халық игілігі үшін шөл даланы кезіп, құдық қазып жүргенін аңғаруға болады. Бірақ оның іс-әрекетінің түбегейлі мақсаты меңзеліп қана жеткізіледі. Ал өмірге максималистік көзқараспен қарайтын жас оқырмандар Қодардың іс-әрекетінен өз ары мен көпшілік алдындағы айы­бын ақтай алмаған, ар азабын тартқан пенденің аһ ұрған өкінішін көргісі келетіні заңды.
3. Кейіпкерлер тілі. Шығармадағы кейіпкерлер тілі – өз алдына қызықты мәселе. Бас кейіпкерлер – еліміздің үлкен шаһарларында тұрып жатқан (орыс тілді) жас жеткіншектердің жиынтық бейнесі. Олар өз замандастарының тілінде сөйлейді. Бұл – сөз жұтаңдығы да, қаламгерлердің кемшілігі де емес, керісінше, шығарманы жас оқырманға лайықтап жазу және жасөспірімдердің өмір салты мен тілін (субмәдениетін) шынайы бейнелеуге талпыну. Әрине, бүгінгі балалардың Қожа не болмаса Аян сияқты сөйлемейтіні анық. Олардың қызығушылығы да басқа. Шығармада қазіргі балалардың қызыға оқитын шығарма кейіпкерлері де сөз болады. Мұның өзі кейіпкерлерді оқырмандарға бір қадам жақындата түседі. Сонымен қатар әр жердің өз тіл ерекшеліктері бары сөзсіз. Шығармада үлкен шаһардың бірінде тұратын Бату әжесін «әже» деп, ал Қызылордада жүрген Қайрат әжесін «апа» деп атайды. «Әже» нұсқасы – әдеби норма әрі кеңінен қолданылады. «Апа» нұсқасы көбінесе Алматы, Жамбыл облыстары аймақтарында кеңінен қолданылып, «әже» туыстық атауын білдіреді. Ал «апа» туыстық атауы Қызылорда мен батыс өңірлерінде «әпке» мағынасына ие. Әр кейіпкердің өз жергілікті жеріне сай тіл ерекшеліктері ескерілсе, шығарманың ұта түсері анық.
Тілге қатысты тағы бір жайт, авторлар шығарманы орыс тілінде жазғанымен, қазақ есімдерін, жер-су атауларын, жекелеген сөздер мен шумақтарды қазақ қаріптерімен жазғанды құп көрген. Мұның астарында басқа тілді оқырмандарды қазақ қаріптерімен және әр сөздің айтылуының қазақша нұсқасымен таныстыру жатыр ғой деп ойлаймыз. Әрине, өзге тілді оқырман қазақ есімдерін не сөздерін дәл солай айта алмас, бірақ мұндай бастама оқырмандардың көзін қазақтың төл әріптеріне үйретіп, қазақша айтылудың өзіндік ерекшелігі бар екенін алға тартады.
4. Шығармадағы басты кейіпкерлер – Бату, Қайрат, Дана, Зигфрид, Саша, Хадиша бейнелері бірін-бірі толықтырып отырады. Олар әр түрлі жағдайда достыққа беріктігін, адамгершілік қасиеттерін жан-жақты танытады. Авторлар олардың мінезін жан-жақты ашып, жандүниесін тереңнен таныту үшін әр баланы бір аң немесе құс бейнесінде сипаттайды. Балалар мифологиялық кейіпкерлер арқылы танылып, бойындағы сол кейіпкерлерге тән басты қасиеттерді оқиға барысында көрсетеді. Қаламгерлер кімнің-кім екенін жас оқырмандарға бірден жайып салмайды. Қызықты оқиғаның бел ортасында жүрген әр мифологиялық бейненің бас қаһарманның бірін танытатынын жас оқырмандар шығарманы оқу барысында әрбірінің іс-әрекеті мен сөздерінен тани бастайды. Қорқыт, Тегеуірін, Жылан Бапы хан, Самұрық, Аспара сияқты ертегі, аңыздар мен мифтерде кездесетін кейіпкерлер оқиға желісіне келісті өріліп, алтын астауды іздестіру жолында бас қаһармандарға қол ұшын бере отырып, жағымсыз кейіп­кер Жекті жеңуге көмектеседі. Бұл пікірді жазу барысында біз басты үш жағымды кейіпкерге ғана тоқталғанды жөн көрдік.
Қайрат бейнесі шығармада түрлі жағдайда әр қырынан ашыла түседі. Бұл бейненің бойында жасандылық жоққа тән. Оның археологиялық экспедицияға келгендегі түбегейлі мақсаты – Қаракөк атты тұлпарын (ата-әжесі сыйлаған бәсіресін) қайтарып алу. Жасына қарамай, ол жігер мен табандылық танытады. Қаланың баласы болғанымен, қара жұмыстан қорықпай, жапан далада күн астында жер қазып, шелектеп топырақ тасып, аяғымен саз илеп, аянбай тер төгеді. Ол Зигфридтің археологиялық экспедициядағы ерекше жағдайына қызыға да, қызғана да қарайды. Қызғаныш сезімі мен бұрынырақтағы түсініспеушіліктер екеуін бас кезінде түйістіріп те қояды. Уақыт өте, оқиға дами келе, достар ескі реніштерін артта қалдырып, Бату, Саша, Дана, Хадиша алтын астауды іздеумен айналысады.
Бату – әр сынып ұжымында кездесетін аса позитивті, не нәрсеге де оптимистік көзқараспен қарайтын, әрдайым көңілді жүретін және жанындағыларды да жігерлендіре, көңілдендіре білетін бала. Ол да табанды. Белгілі бір жағдайға тап болса, сары уайымға салынбайды, салы суға кетпейді. Керісінше, Бату кез келген тығырықтан шығатын жолды іздейді.
Дана бейнесінде ішкі қарама-қайшылықтар бар. Сыртқы жағдайлардың салдарынан оның жан дүниесі алай-дүлей болады. Негізі, авторлар Дананың ішкі жан күйзелісі арқылы ата-аналардың бала өміріне қалай ықпал ететінін көрсетеді. Ата-ананың өзара келіспеушілігінің, қарым-қатынасының шиеленісуінің кесірі балаға тиеді. Өкініштісі сол, өз мәселелерін шеше алмай жүрген ата-анасы бұл жайттың балаларына қатты тигенін, бала жүрегіне жара салғанын байқамай да қалады. Үйдің үлкені Дана ата-анасының арасындағы келіспеушілікке өзін кінәлі санайды. Сондықтан да әкесі мен анасының арасында дәнекер болып, бауырларына қарап, бәрін жуып-шаюға барынша тырысып бағады. Өзі көрген түстің ізімен досының жылан қайысын алып та кетеді. Бірақ ең соңында Дана шығармадағы жағымсыз кейіпкер Жектің жетегінде кетіп, өз мәселесін шешу жолында достарын құрбан ете жаздағанын түсініп, ол ойынан бір айниды. Ол да достыққа беріктігін, мінезінің мықтылығын көрсетеді. Әрине, жылан қайысты алғандағы түбегейлі мақсатын бастапқыда жасырмақ болады, ал кейін достарына айтуға батпайды. Ішкі қарама-қайшылық Дананы әбден әуре-сарсаңға салады, қинайды, өйткені таразының бір басында өзінің бақытты отбасы, ал екінші басында достарының аман-саулығы тұрады. Таңдау жасау қиын болғанымен, Дана достыққа адалдығын, адамгершілік қасиетін танытады.
Қорыта келгенде, «Бату мен оның достарының Барсакелмес елінде басынан кешкендері» атты шығарма жас оқырмандарды қызықты оқиға желісімен көркем өрілген танымдық мәліметтермен ғана қызықтырып қоймайды. Бастысы, оларды төл мәдениетін, әдебиетін, тілін, салт-дәстүрін, дүниетанымын түсінуге, құрметтеуге, дәріптеуге және мақтан етуге үндейді. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде, сондай-ақ оқуға деген қызығушылықты оятуда мұндай заманауи шығармалардың орны ерекше.

Әсел ЖӘКІМ,
философия ғылымының докторы (Ұлыбритания),
филология ғылымының кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір