ЖАЛҒАН АҚПАРАТҚА ТОСҚАУЫЛ КЕРЕК
03.04.2023
193
0

Ағылшынтілді ауған жазушысы Халед Хоссейнидің бестселлерге айналған «Батпырауық қуған бала» атты романында мынадай эпизод кездеседі. Қорқынышты түстей боп өткен кейінгі оқиғалар әбден жанына батқан бала Әмір (оқиғаны баяндаушы бас кейіпкер) туған күн кеші дүркіреп өткеннен кейін Әлидің (хазартекті үй қызметшісі) лашығына ұрланып кіріп, әкесі сыйлаған қымбат сағат пен аздаған ақшаны Хасеннің (Әлидің ұлы, өзінің досы) төсегінің астына жасырып кетеді. Содан соң әкесіне сағаты мен ақшасын Хасен ұрлағанын айтады. Бұл оқиға Әли мен Хасеннің үйден кетуімен аяқталады. Иә, жалған ақпарат басқа амалдың жоғынан немесе байқамай, болмаса керісінше, қасақана, белгілі бір мүддені көздеп айтылуы мүмкін – бірақ тексерілмеген теріс ақпарат опа бермейтіні анық.
Жалған ақпараттың қоғамға келтірер зияны орасан. Шындыққа жанаспайтын ақпаратқа сүйеніп, өмірде жаңылыс қадам басқан адамдар аз емес. Фейкке сеніп, пайдасынан зияны басым дәрі-дәрмек, шөп-шалаң тұтынғандар денсаулығына зиян келтірсе, түрлі алып-сатарлардың айласына арбалып, қолында барынан көз жазып қалғандар қаншама.  Қарақан басының қамын күйттеген делдалдардың интернетке жариялап қойған өтірік хабарлауына еріп, қалтасы қағылғандар да көп.
Жалған ақпарат тарату үшін түрлі ақпарат көздері қолданылады. Олардың қатарында – газеттер мен журналдар, радиохабарлар, сайттар мен түрлі әлеуметтік желілер бар. Әсіресе әлеуметтік желіде таралатын фейк жазбалар әлеуметтік ортада жиі талқыланып, көптеп жарияланып кетеді. Мамандардың айтуынша, адамның өзінде жалған ақпаратты тани алатын таным, сауат болғаны жөн. Бұған баулитын курстар мен сабақтар, ақпарат тексеруге арналған платформалар да жоқ емес. Одан қала берді фейкті ары қарай таратпайтындай тоқтам керек.
Қазақстанда жалған ақпарат таратқандарға 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеу­ден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
Ақпарат тұтынушылардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмайды. Әсіресе апатты және төтенше жағдайлар, саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар көптеп тарайды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар жазаланады. Десе де, көп адам мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан бейхабар. Жоғарғы сот­тың ақпараттық базасындағы мәліметтерге сенсек:
2015-2016 жылдары – 2 іс;
2017 жылы – 4 іс;
2018 жылы – 1 іс;
2019 жылы – 3 іс бойынша жазалау шаралары қолданылған. Берідегі үш жыл көлемінде де бұл көрсеткіш өспесе, азайған жоқ. Жалған ақпараттың жолына тосқауыл болуды әр азамат өзінен бастағанда ғана, фейктен опық жейтін жандар азаймақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір