Ел болашағы үшін бүгін әрекет етпесек, ертең кеш болады
23.10.2023
288
3

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев мырзаға
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы
М.С.Әшімбаев мырзаға
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы
Е.Ж.Қошанов мырзаға
ҚР Бас прокуроры Б. Н. Асылов мырзаға

Ашық хат

Елімізде діни-радикалдық бағыттар күш алып келеді. Соңғы кездері олар тіпті қарқынды түрде дамуда. Оған дәлел – ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық ерекшеліктерімізге айрықша шабуылдар жасалуда. Бұдан былай мемлекет тарапынан нақты шараларды қолға алмаса, мүлде кеш болатыны сөзсіз.
Оның үстіне, Өзбекстан мен Қырғызстан салафиттік-уаһабиттік жат идеологияға тыйым салуды қолға алды. Өзбекстан заң шығарып та үлгерді. Егер біздің елімізде де мемлекет нақты заң қабылдамаса, көрші елдердегі теріс діни ағым өкілдері Қазақстанға қарай ағылады. Сондықтан Мемлекет тарапынан заң қабылдау жөнінде шешім шыққаны көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр.
Осы күндері туыстар, жастар, тіпті бір отбасы мүшелері дін мәселесінде бір-бірімен араздасып, бір дастархан басында отыра алмайтын жағдайға жетті. Бұл ұлтты бөлшектеу салдары ұлттық қауіпсіздікке де орасан зор нұқсан келтірмек.
Теріс діни ағымдар ислам діні атына кір келтіріп отырғанын да баса айтуымыз керек.
Алда қайта қаралатын заң жобасына қатысты ғалымдар, ұстаздар, ақын-жазушылар, журналистер, өнер адамдары, жалпы қоғам белсенділері өзіңізге төмендегідей ұсыныстар жолдайды:
1. Қоғамдық орындарда ниқаб, паранжа (бетті толықтай бүркеп жауып) киіп жүруге тыйым салынсын;
2. Салафилік белгідегі мұртсыз сақал қоюшылар, қысқа балақтылар қатаң қадағалауға алынсын;
3. Мемлекеттік органдардың, сол мекемеге қарасты жартылай мемлекеттік ұйымдардың діни үгіт-насихатпен айналысуына тыйым салу қажет. Себебі қандай бағыттың нақты дұрыс екенін білместен-ақ әрбір мекеме өздерінше насихаттық жұмыстар жүргізеді. Бұл – заңға қайшы. Көңілі таза, ниеті дұрыс жас толқын арандатушы топтардың қармағына топырлап түсіп жатыр. Діни ағымдардың мүддесін көксейтін мемлекеттік қызметкерлер бар болса, олар қызметтен кетуге тиіс;
4. Әлеуметтік желідегі әртүрлі діни ағымдардың ұлттық идеологияға қауіп төңдіретін үгіт-насихаттарына тоқ­там жасау керек. Әсіресе, әлеуметтік желі­лер­дегі теріс діни ағымдарға жасалған үгіт-насихаттар қатаң қадағалануға тиіс. Әлеу­меттік желідегі уағыздар тексеруден өтуі қажет;
5. Әртүрлі діни ағымдарға сырт елдер­ден қолдау жасалып отыр. Олар дың қаржы көздерін анықтап, шеттен қаржыландыру жолдарына тыйым салынуы керек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті батыл әрекет жасауын талап етеміз;
6. Соңғы 30 жылда ұлттық идеология­ның орнын діни идеология басып, жас­тар өз тамырынан, өз тегінен, ұлттық болмысынан жеріп жатыр. Сол себепті ұлт­тық құндылықтарды дамытатын ар­найы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қажет. Соның аясында жүйелі, нақты жұмыстар жүргізілуі керек;
7. Елді дамытатын, көгертетін сала – ғылым мен білім. Ғылым мен білімге жастарды тартудың, қызықтырудың әдіс-тәсілдері зерделеніп, ғылым мен білім саласын насихаттайтын жобалар жүйелі іске асуға тиіс;
8. Бүгінде идеология саласы бос қал­ғандықтан, оның орнын әртүрлі діни ағым жетекшілері, уағызшылар толтыруда. Блогерлер мен әншілер, уағызшылар жастар еліктейтін тұлғаларға айналып барады. Соның орнын елді нақты дамытатын ғалымдар, тарихшы-этнографтар, кәсіпкерлер, жалпы еңбек адамдары басуға тиіс. Арнайы осы бағытта жобалар іске асырылып, барлық БАҚ ұйымдасқан түрде жұмылдырылуы керек;
9. Елімізде жыл сайын мешіттер қарқынды түрде салынып жатыр. Кей жағдайда бұл құрылыс жұмыстарына мемлекеттік қолдаудың да бар екені сезіледі. Бұдан әрі мешіттердің ор­ны­на балабақшалар мен мектептер, уни­верситеттер (жатақханалар) са­лын­уы керек. Балабақша жетіспейді, кезек­те тұрғандардың саны есепсіз. Мектепте балалар 2-3 ауысымда оқиды. Университеттердің жатақхана мәселесі де – өте өзекті. Студенттердің тек 1-курста оқитындары ғана жатақханада тұра алады. Оның өзінде әлеуметтік жеңілдіктері бар студенттерге ғана жатақхана беріледі. Қалған жастар жамбаспұлын төлеп, жеке пәтерлерді жалдайды. Былтырғы жылғы есеп бойынша Алматы қаласында сол 1-курс студенттерінің небәрі 40 пайызы жатақханамен қамтылған. Ал мешіттер аптасына бір күн ғана, оның өзінде сол жұма күнгі түс мезгілінде ғана пайдаланылады. Ғылым мен білім алуға тиіс жастар пәтерақысын төлеу үшін оқудың орнына жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Толық білім алу үшін оларды толықтай жатақханамен қамтамасыз ету қажет. Кәсіпкерлерді осы бағыттағы құрылыс жұмыстарына ынталандыру керек. Мемлекет тарапынан қолдау қажет;
10. Мемлекеттік мекемелерде (әсіредін­шіл­дер­дің жетекшілері бір кездері құқық қорғау органдарымен кездесулер өткізіп жүрді), университеттерде, мектептерде (әсіресе, спорт мектептерінде) дін өкілдері­мен кездесулер өткізуге тыйым салынуы қажет. Олардың орнына тарихшы-этнографтармен, ақын-жазушылармен, ғалымдармен, еңбек адамдарымен кездесулерді көбейткен дұрыс. Атаулы мекемелерде діни рәсімдер, діни іс-шаралар өтуіне де тыйым салынуы керек. Аш құрсақ студенттерге жатақханада ауыз ашар жасап беріп, уағызшылар әсіре діншілдік қақпандарына жас­тар­­ды оп-оңай түсіреді. Бүгінге дейін осы жағдай қалыптасып отыр.
Әр ауылда – екі мешіттен. Екеуі де бос, қаңырап тұрады. Тек жұма күні түсте біреуіне ғана кісілер жиналады. Бірақ сол ауылдарда мәдениет ошақтары жоқ. Жол нашар. Қауіпсіз бассейн жоқ. Жыл сайын жазда балалар суға кетіп, опат болуда;
11. «Talim tv», «Халық арна» сияқ­ты телеарналар жабылып, оның орны­на ғылым мен білім туралы те­леар­на­лар көптеп ашылуы қажет. Мем­ле­кет­тік ақпарат құралдарындағы («Қазақс­тан», «Қазақ радиосы» сияқты) діни бағдарламалар жабылып, орнын ғылым туралы жобалар басуы қажет. Бұл бағдарламалар қазірдің өзінде заңға қайшы жұмыс істеп тұр. Мемлекет дінге қаражат салмауы керек. Дін уағыздары тек мешіт пен медреседе ғана айтылуын жіті қадағалаған жөн;
12. Мешіттерге садақадан, зекеттен түсетін қаражаттарға ашықтық жүйе арқылы бақылау орнатылғаны дұрыс. Себебі елдің қаражаты қандай да бір террористік ұйымдарды, радикалдық топтарды қаржыландыруға жұмсалуы әбден мүмкін. Халықтың да мешітке беріп жатқан өз қаражаттарының қалай жұмсалып жатқанын көріп-біліп отыруға толықтай құқығы бар;
13. Спорт саласындағы салафиттерді анықтап, қатаң бақылауға алу керек. Спорттағы салафиттер дайындықтан өткен «халифат әскерлері» екенін жақсы түсінуіміз керек. Спорт саласындағы әсіре діншілдікті тоқтату үшін жас спортшыларға ұлттық құндылықтар дәнін егу керек. Және қоғамдық спорт түрлерін дамытып, ауылдарда спорт кешендерін көптеп салуды қолға алуға тиіспіз;
14. Түрмедегі салафизмнің дамуына тоқтау салынуға тиіс. Абақтыда тәрбие құралы ретінде ұлттық құндылықтар негізге алынғаны жөн. Түрмедегі са­лафит­тік ағым өкілдері де дап-дайын «халифат әскерлері» екенін бір сәт те естен шығармау керек. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке төніп тұрған үлкен қауіп. Осы күні түрмедегі намазхандар абақ­тыға қамалған педофилдер мен қыз зорлау­шыларды қорғауларына алып, қамқорлық жасайтындықтары да ашық айтыла бастады;
15. Әскерилер арасында да әсіре діншілдердің пайда болғаны жайлы ақпараттар тарап жүр. Полиция, кеден қызметкерлері, жалпы құқық қорғау саласы мамандарының, әскерилердің арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, қатаң тыйым салып, қадағалау керек. Оның орнына, ұлттық тарих пен салт-дәстүрді, батырлар жырын оқытып, олардың бойындағы отансүйгіштік қасиеттерді дамытуға көңіл бөлінуге тиіс;
16. Діни кітаптар қайта сүзгіден өтіп, зерттеліп, сарапталып қана ұсынылуы керек. Радикалдық идеялар таратып жүр­ген кез келген кітаптың кітап дүкен­­деріндегі сатылымы тоқтатылып, кітапханалардан да жойылуы керек;
17. Оң мен солын танымайтын, 18 жасқа толмаған жастардың мешітке баруына қатаң тыйым салыну керек. Мектеп жасындағы балалар мектептегі білімді бірінші орынға қоюы қажет. Тиісінше, медреселерге шәкірттерді мектеп бағдарламасын оқып шыққан соң ғана қабылдайтын жаңа жүйе қажет. Себебі медреседе дінге баса назар аударылып, адамға қажетті жалпы білім дұрыс оқылмай қалады. Сондықтан молдалар санаға сыймайтын, қисынсыз уағыздар айтады;
18. Имамдардың білім деңгейін әр кез көтеріп отырған жөн. Оларға отан­дық тарих, салт-дәстүр, фольклор және тағы басқа ұлттық құндылықтар оқы­тылуы керек. Жаратылыстану ғылым­дары бойынша да курстардан өтіп, сауаттылықтарын арттыру қажет;
19. Әйелдердің құқықтық мәртебесін көтеру. «Талақ» ұғымы бойынша әйелдер­дің әлеуметтік құқықтары тапталуда. Олардың тізімі жасалып, денсаулығы тексерілуі керек. Мемлекет ем-дом және психологиялық көмек көрсетуі қажет. «Талақ» айтып қыздарды тастап кететін ер-азаматтарға қолданылатын жаза күшейтілуге тиіс. Мешіттегі некелер тек мемлекет беретін неке куәлігі арқылы ғана қатаң жүргізілгені жөн. Талақ ету салдарынан зардап шеккен аналардың балаларына да қолдау жасалып, психологиялық көмек көрсетілгені дұрыс;
20. Елімізде қалыптасып отырған діни ахуалдың жағдайы өте күрделі. Сол себепті Мәдениет және ақпарат министрлі­гінің құрамындағы Дін істері комитетін бөліп алып, жеке-дара дербес Дін істері агенттігін құру күн тәртібінде тұр. Бүгінде дін істері комитетіндегі қызметкерлердің зайырлы ұстанымдарына да күмәнмен қараушылар кездеседі. Дін істері агентті­гінде білікті әрі мінезді басшы және заңға сай зайырлылық ұстанымды ту ете­тін мамандар қызмет етуге тиіс. Ол жерге қандай да бір ағымның мүшесі кіріп кетіп, жақтастарының мүддесін жүзеге асыруына мүмкіндік берілмеуге тиіс. Осы жерде зерттеулер, сараптамалар, жобалар әзірленіп, оқыту жұмыстары жүргізілуі керек. Әлбетте, мұндағы мамандар жоғары деңгейдегі дайындықтан өткізіліп, үнемі сұрыпталып, аймақтағы әкімдіктерге басқарма басшылы­ғына ұсынылып отыруға тиіс.
Қо­ры­та келе, Мұхтар Әуезовтің «Ел бола­мын десең – бесігіңді түзе» деген ұла­ғат­ты сөзін есімізге алғымыз ке­леді. Бұл сөздің астарында ұлттық тәр­биені ұлықтау керектігі туралы үлкен мән бар. Балабақшадан бастап ұлт­тық құндылықтарды, ғылым мен білімді насихаттап, жас толқынның бойына сіңіретін ауқымды жобалар, іргелі жұмыстар жүргізілуі керек.
Ел болашағы үшін бүгін әрекет жасамасақ, ертең мүлде кеш болмақ.

Қол қоюшылар:
Досмұхамед Кішібеков, ҰҒА академигі
Оразалы Сәбден, Қазақстан ғылымдар одағының Президенті,
ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик
Ермұрат Бапи, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты
Қазыбек Иса, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты
Ринат Зайытов, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты
Самат Нұртаза, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты
Баян Рақышев, ҰҒА академигі
Ясин Ұзақов, Кеңес Одағының еңбек сіңірген өнертапқышы, академик, т.ғ.д., профессор
Хангелді Әбжанов, ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Бағдат Мүптекеқызы, этнограф, «Қыран» бүркітшілер федерациясының атқарушы директоры
Әбдірашит Бәкірұлы, этнограф, философ
Мұхтар Тайжан, саясаткер, экономист
Сұлтан-Хан Аққұлы, алаштанушы, әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры
Ахметбек Нұрсила, кәсіпкер, мотиватор
Жанұзақ Әкім, экономист, қоғам белсендісі
Ашық хатқа қол қою науқаны әлеуметтік желілерде жалғасып жатыр.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 23.10.2023 | 15:03

Қолдаймын!

Аноним 23.10.2023 | 15:03

Өте орынды мәселе,қозғалып жатыр.

Аноним 25.10.2023 | 06:04

Қолдаймын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір