Бұлттардың терін сүртейін, Тұншығып, жылап тұр бүгін
26.09.2023
810
1

Гүлнәр ШӘМШИЕВА

Түн ішіндегі жарық

Жел қызғанар – жұпар шашсам,
мың гүл боп,
Жұлдыз жылар – «менен жарық,
бұл кім» деп.
Өмір сүрген алаңымды – Күн-жыр боп,
Тербетермін!

Түн ішінде көзді ағызған жарықтан,
Оянғам да, Сені іздеп, Ием, зарыққам!
Өмір сүре алмаған бір ғаріп жан –
Мен бе екенмін!

Жалғыздықтың желкенінде теңселген,
Жыр әкелдім, сонау көктен –
көрші елден!
Ояныңдар, мен ояндым, сол шерден,
Жаңбырымды селдетермін!

Кеудемде –
тау жылаған

Кеудемде тау жылаған,
Алыптығынан шерменде боп,
сыйғызбай мына ғалам.
Келем, шақырса мені далам,
«Жұпарымен гүлдерімді егейін» деп.

Жауһардың сырын ашып,
Көк аспан перделерін тіліп, асып.
Болғанда жүрегі оянған, тірі ғашық,
Аллам, алдыңа кеп, шөгейін деп!

Гүлдей тербеліп тұрмын,
Кетпе, самалымнан сенделіп, құрбым.
Аспанға шер болып кірдім,
Нөсерімді төгейін деп.

Абыз жыры

Күнді уыстап, күйді ме кеуде мынау?
Сағыныштан толды ма шерге бір-ау!
Жырларым – текті елде, төрде жүр-ау,
Бұл дүние түнергенде!

Жетім екен, жетіген – жүректегі,
Осып өткен тағдыр – жел, бір өкпегі.
Жанымның жапырағы дір еткені,
Оятып жібергенде!

Абыз – ана жырын әуелеп,
шалқытайын,
Әуеніме мас бол да балқы, қайың!
Хош иісін әлемге аңқытайын,
Айналама мың түсті гүл өргенде!

Ол ғана бар

Мен емес, Оның Өзі екен ғой, сөйлеп тұрған,
Гүлін шашып жіберген сұлу қырдан!
Теңселіп келем, Ол берген мас жырдан,
Мен жоқ екенмін, Ол ғана бар!

Мен емес, Оның Өзі екен ғой
есітіп тұрған,
Пәктігіне, теңдесі жоқтығына
жаным құрбан!
Ғайып ілімдері – құпия,
нәп-нәзік қылдан
Мен жоқ екенмін, Ол ғана бар!

Мен емес, Оның Өзі екен ғой көріп тұрған,
Айнала жасыл желек, сұлу қырман!
Нұрландым, Өзі берген терең сырдан,
Мен жоқ екенмін, Ол ғана бар!

Мен емес,
Оның Өзі екен ғой тірі болған,
Қазынасы – ғажайып сыры болған!
Пәк Дидары –
ғаріп Гүлнәрдің жыры болған,
Мен жоқ екенмін, Алла ғана бар!

Мәңгілікке қуанып

Жасыл көйлек жарасады,
Тауға, талға, жырға да.
Таудан лаулап таң асады,
Күн шолпысы ұқсап сырғаға!

Көшкен бұлттың көз жасын-ай,
Маржан жұтты – жел, дала.
Салқын ауа, таңға шырай,
Тұнық күлді, көл де ана!

Күміс талдың күлкісі ме?
Жүрек қылын шертіп тұр.
Жырым ұқсап, Күн түсіне,
Тербетілді, көлкіп бір!

Гүл алаңы ертегідей
Хош иісінен жыр жасап.
Жан аспабын шертеді ғой,
Күйкі күйден бір босап!

Көл жағасы, құмы күйген,
Жанды пәктеп, жуалық!
Оған қайтам тірі күймен,
Мәңгілікке қуанып!

Жарықтың сапарында

Жапырағымды үзген бұл әуен,
Білемін, Ием – Сізден бұл әуен!
Сырдан маржан сүзген бір жан ем,
Жарықтың сапарында!

Теңізін шашып кеудемнің, кеттім,
Көкке лақтырған бұл асау екпін!
Үзілердей боп дыбысы шектің,
Күн батарында!

Кәусарыңды ішіп көл болды, жырым,
Сағыныштан сел болды жырым!
Жаным хикметтің меңгерді тілін,
Ұлы таң атарында!

Заманы келді

Көзімнен моншақ төгілгенін-ай,
Домбырам тіріліп, егілгенін-ай!
Түн-дүниенің шегінгенін-ай,
Махомы-Махмуд заманы келді!

Зұлпықар қылыш қыннан шыққанда,
Суайттар құлап жерге бұққанда!
Махди әскері жүрек жұтқан ба?
Алынар тажалдың қамалы да енді!

Барым

Жұпарымен хабары жетіп,
Жаным шекара өтіп!
Інжуім шүпірлеп кетіп,
Жерге сыймады!

Жүрегім Нұрынан жанып,
Өлеңім есінен танып.
Сырымен толғанда қалып,
Жасын тыймады!
Самалым ысытты бәрін,
Жамалың ерітті, зарым!
Жан әнім – өзіңсің, барым,
Алланы ғана сүй, жаным!

Бұлттардың терін

Бұлттардың терін сүртейін,
Тұншығып, жылап тұр бүгін!
Жердің шыбыны мен шіркейін,
Жаным аялап жүр бүгін!

Көңілдің күйі жер болып,
Күрсінсем, шаң боп айналам!
Домбыра іші су-су, шер толып,
«Ән салшы» дейді, қайдағы ән!

Тау теңселді

Тау теңселді әніме бір,
Жырым таңның сәніне кір!
Моншақ тақтым бәріңе бір –
Інжу хәлдан!

Жан тербетер сәттерім-ай,
Ән тербетер көк белім-ай!
Бұл таудағы оттегіні-ай,
Ол ғой сурет салған!

Құрбыма

Періште бұлт айдап жүр бүгін,
Есігін ашқанда нұрлы күн!
Ән салдым, болмады құрбыда үн,
Жылап, тыңдады әнімді!

Кербез тау талдарын игенде,
Қайғы да өртеніп, күйгенде!
Жаным ақиқатты сүйгенде,
Көрсе ғой хәлімді!

Жарқ етті нөсер-жыр, жауа қап,
Теңселді бақ күйі – сағадат!
Құрбыма ән-жырым дауа боп,
Төккенде жүректегі балымды!

Жүрегі – Ай құрбым, жылама,
Бұл дүние – алқакөл сұлама!
Бұлақ ақпаса тұна ма?
Гүлдетсін Жаратқан талыңды!

Той күнім

Нұрлы жырлар іле берем,
бөктеріне қайғының,
Үлпілдеген гүл де ектім,
ғаріптердің шай, мұңын!
Жаббарменен кездесер кез –
болсын, менің той күнім,
Сондай күнге, Гүлнәр, жетермісің!

О, сонда мен қасіреттің
қайығынан аударылам, біржола,
Інжу болды, себеттегі,
Өзің берген сыр жаңа!
Хош иістер шығып жатыр,
жұпары аңқып мұржада,
Айналаға гүл шашып, ақын, өтермісің!
Сенің жомарт көңіліңе,
іліндім бе, бір дән боп,
Махаббаттан басқаны Сен,
сұрамайсың құлдан көп!
Рухымды тапсырса ғой,
Дәргәһыңа жылдам кеп,
«Құлым», – деп, қабыл етермісің!

Тылсым сырыңнан

Жаным жұпарыңа шомылып,
Хош гүлдеріңе көміліп.
Сұлу самалыңа соғылып,
Ұшып келемін!
Тылсым сырыңнан жасын ап,
Таудың суындай тасып ап.
Бойынан нұры шашырап,
Жүсіп – өлеңім!

Жырыма алғанда таң ғұсыл,
Ғайыпта өртеді, жанды сыр.
Жарқ етіп, самғады жан-құсым,
Дәргәһыңа зарығып енемін!

Дәптерге жыр емес, гүл шығып,
Қызғанды қара түн күрсініп.
Жүректегі гүлдің бүршігі,
Тапқанда шер емін!

Тамылжытып ән салды бақта кім?
Рухани күлуді жаттадым!
Көкке жұлдыз боп аққаным,
Асылым – сол емім!

Менің де жаным тербелді

Самал шыршаны сылдырмақ қылып,
Менің де жаным тербелді!
Бұлақ жырларым сылдырлап, күліп,
Сусындағандар емделді!

Күн екенімді ұмытып кетіп,
Айды іздеп жүрем кейде мен!
Қалсам екен деп өзіңе жетіп,
Ағылғам жұлдыз жейдемен!

Жап-жасыл кеудем сенің орманың,
Есіміңді пәктер бұлбұлым!
Рәсуи құлың жерде – сордамын,
Есі өзінде емес жындымын!

Жүрегім саған жүрелеп келді,
Сағынышынан Күн жасап.
Елесіңменен түнемек пе енді,
Жұтып құпия жыр-тосап!

Жаңбырым жылы, еңіреп жауды,
Мөлдір сусын ол жер үшін.
Жапырақтарым сабалап тауды,
Зекет боп жатыр сен үшін!

ПІКІРЛЕР1
Аноним 09.11.2023 | 18:09

Онша ұнамады, ойымды туралағаныма,ренжімеңіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір