ЕЛТАҢБА ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Ел іші елеңдеп күтіп отыр
Биыл наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда елтаңбамыздың келбетін өзгерту туралы сөз болды, өйткені оны қабылдау қиын. Содан бері қазақстандықтар жаңа рәміздің қалай әзірленетіні туралы ойлануда.
«Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығы» қоғамдық бірлестігінен Мәдениет және ақпарат министрлігіне елдің жаңа елтаңбасын қалай және кім таңдайтыны туралы сауалдар жолданды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрағат, құжаттама және кітап комитеті бұл мәселе бойынша қоғамдық талқылау өткізілетінін хабарлады.
Сондай-ақ, Комитет болашақ жаңа елтаңбаға дауыс беруге болатынын да айтты.
«Мемлекеттік елтаңбаны өзгерту мәселесі азаматтардың дауыс беру арқылы қабылданады және ол саяси шешім болып табылады», – делінген аталған ведомствоның жауабында.
Талқылаудан кейін жұмыс тобы құрылып, жаңа елтаңба жасау бойынша жобаны әзірлеуге ашық конкурс жарияланады.
Қазақстанның жаңа елтаңбасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына кімдер кіреді?
Комитеттің хабарлауынша, жұмыс тобына тарихшылар, археологтар, этнографтар, суретшілер, сәулетшілер, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері тартылады. Ел тарихын зерттейтін және оның дамуына үлес қосатын халықаралық сарапшылар қажет болған жағдайда ғана қатыстырылатын болады.
Қазақстанның жаңа елтаңбасы қандай болады?
Комитет сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәмізінде нені бейнелеуге болатынын және болмайтынын айтып өтті.
Осылайша, мемлекеттік елтаңбаны әзірлеу кезінде «мемлекеттік мүдделер, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлер, халықтардың бірлігі, мәдени, тарихи, географиялық, саяси, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктер ескерілетін болады, сондай-ақ оның тарихы мен қазіргі дамуына қатысты халықтардың айрықша қасиеттері болып табылатын элементтер мен табиғи ерекшеліктер ескерілуі тиіс».
Жаңа елтаңбаны жасау кезінде қолдануға болмайтын белгілер – ғимараттардың, ескерткіштердің, өндірістік құрылыстардың, діни, рулық, тайпалық, мифтік және қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін нышандардың бейнелері.
Комитет сонымен қатар Президент Қ.Тоқаев қоғамда болып жатқан үлкен резонанстық оқиғаларға назар аударатынын және оны жеке бақылауға алу үшін Twitter-дегі парақшасында пікір білдіретінін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың елтаңбаны өзгерту идеясын «Amanat» партиясының депутаттары қолдады.
Алайда, ҚР Қаржы министрі М.Тақиев Қазақстандағы ауқымды су тасқынына байланысты елтаңбаны ауыстыру туралы шешім қабылдауды кейінге қалдыруды ұсынды. Оның айтуынша, қазір шұғыл шешуді қажет ететін өзекті мәселелер бар. Ол сондай-ақ, министрлік елтаңбаны өзгерту және жасау үшін қажет шығындарды есептеуге әлі кіріспегенін ескертті.
Сондай-ақ, Ұлттық банк басшысы Т.Сүлейменов егер елтаңбаны ауыстыру туралы шешім қабылданса, рәмізіміз таңбаланған жаңа банкноттар мен монеталар басқа дизайнға ие болатынын және бұл үшін қосымша шығындар қажет болмайтынын айтты. Ал қазіргі қолданыстағы банкноттар мен монеталар толық тозғанға дейін айналымда болады. Яғни, биылғы шығарылған жаңа банкноттар мен монеталар ауыстырылмайды.
Руслан ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау
жөніндегі ұлттық орталықтың
атқарушы директоры
Атырау қаласы