Ақиық ақынның 10 томдық шығармасының тұсауы кесілді

11 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақиық ақын, аруақты жырау Сүйінбай Аронұлының 10 томдық шығармаларының тұсаукесері өтті.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі Қансейіт Әбдезұлының модераторлығымен өткен жиынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев құттықтау сөзімен ашып, сәттілік тіледі.
Зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысқан жиында белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нағашыбек Қапалбекұлы, белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы, академик, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, тағы басқалар сөз сөйледі.
Алқалы жиында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегмановты, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақыпты «FARABI» алтын медалімен марапаттады.
Кеш соңында Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.