Жыр оқылып, сыр ақтарылған кеш

6 қараша күні Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында университетіміздің «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығының бітіруші түлектері, 4 курс студенттері және филология ғылымдарының докторы, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Гауһар Саяділқызының ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жастар одағы және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Қасымхан
Бегмановпен кездесу өтті.
Кездесу барысында ақынның өлеңдеріне талдау жасалып, поэзиядағы әдеби компоненттерді студенттер жарыса талқылады. Ақын туындыларындағы этнографиялық сарын мен отбасылық құндылықтарға, сағыныш сезіміне, жалғыздық пен жатсыну мәселесіне ұлттық таным, ұлттық рух тұрғысынан үңіле ой қозғады. Қасымхан Бегманов өз өлеңдерінің осындай әдеби тұрғыда, көркемдік компоненттерге негізделе талданғанын алғаш рет бақылап, байқап отырғанын айтып, өз ілтипатын білдірді. Кеш барысында факультетіміздің 3 курс студенттерінің орындауында қаламгердің сөзіне жазылған «Ол көктем оралмайды» әні шырқалды. Сонымен қатар кеш қонағына университетіміздің ақын қыздарының жүрекжарды арнау шумақтары оқылып, студенттер тарапынан қызықты сұрақтар қойылды. Өлеңдерінің шығу тарихынан бастап, кімге арналғанына дейін ақтарыла айтқан шайырдың әсерлі әңгімелері студенттерімізді рухани тұрғыда байыта түсті деген сенімдеміз. Кеш соңында студенттерге естелік ретінде ақынның «Көкжиек» атты жыр жинағы табысталды.
Аяулым АЛМАСҚЫЗЫ,
«Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығының 4 курс студенті
ПІКІРЛЕР1