АРДАҚТЫ ӘЗ-АҒА РУХЫНА ТАҒЗЫМ!
Мен Әз-ағаңмен (Әзілхан Нұршайықов) шығармалары арқылы таныстым. Ұлы Отан соғысына қатысушы, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың лауреаты, 40-тан астам кітаптардың авторы Әз-ағаңмен 2009 жылдың 27 шілдесінде кездестім. Әдейі іздеп, Астанадан Алматыға барып, Кеңсай қорымындағы Халима апамыздың «Ақкүмбез» кесенесінде Әз-ағаңмен бірге дұға оқыдым. 2009 жылдың желтоқсан айында Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдық тойына келген Әз-ағаңды отбасыммен таныстырудың сәті түсті. Атақты жазушы зайыбымның мәртебесін өсіріп, әйел затына қатысты тағылымды сөздер айтып, балаларым мен немерелеріме шалқыма батасын берді. Әз-ағаңдай дархан да дарынды, адамгершілігі мол жазушының ыстық мейіріміне риза болдық. 2011 жылдың 12 ақпанында асыл ағаның жүрегі соғуын мәңгі тоқтатты. Бүгін қайтыс болғанына 5 жыл толуына орай «Мәңгілік махаббат» жырындағы «Сағыныш саздары» ақ өлеңі есіме оралады:
Ақ күмбез-ау, ақ күмбез!
Алыстан саған қараймын.
Сені өзімнің мәңгілік
Мекеніме санаймын!
Ақ күмбез-ау, ақ күмбез!
Көңілге ой саласың.
Халиманың қасына,
Мені қашан аласың?!
Ақ күмбез-ау, ақ күмбез!
Мен де саған барамын
Содан кейін үн-түнсіз,
Мәңгілікке қаламын!
Кеңсай барсаң – биікте,
Ақ шағала күмбез бар.
Соған қарай бір рет
Көзіңді сал, ұрпақтар!
54 жыл отасқан жан-жарыңыз Халима апамызды 10 жыл жоқтап, есімін «Алашқа» жайдыңыз. Оған да бүгін
5 жыл өтіпті. Топырағыңыз торқа, жаныңыз жұмақтың төрінде болғай! Әз-ағаң қазақтың бір асыл перзенті болып, біздің жүрегімізде мәңгі сақталады!
Оразбек АЙМАҚҰЛЫ.