АҚЫНДАР ТҮБЕГІНДЕ
22.02.2016
1988
0

Молдагалиев1972 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты ақын Сырбай Мәуленовтің 50 жылдық мерейтойына орай Торғайға Сырағаңды қолпаштап, әйгілі ақын-жазушылар Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев, Жұбан Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков келді. Сырағаң мен Ғафаң екібастан осы жерден, ал, Сәбең, Жұбағаң, Мұхаң Торғайға алғаш келулері екен. Олар Ы.Алтынсарин атамыз іргесін өзі қалаған мектепті, Амангелді мұражайын көріп таңғалысты. Одан кейін аудан басшылары қадірлі қонақтарды жиырма шақты ақбоз киіз үйлер тігілген Ақындар түбегіне алып келді.

Суретте: (алдыңғы қатарда, сол жақтан) Жұбан Молдағалиев, Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев, Мырзалы Өтелбаев (Сырағаңның ағасы), екінші қатарда тұрғандар: Сырағаңның туыстары Ғалым, Түсен, Сырбай Мәуленов.
Суретті түсірген: Жұмат Әнесұлы.

Менің әке-шешем ол кезде «Торғай» кеңшарында тұратын. Сыра­­ғаң бізге туыс боп келеді, содан біздің үй Ақындар түбегінде бір киіз үйін тігіпті. Менің шешем Майдан Ақындар түбегінде ақын-жазушылармен көрісіп, жыр айтып қарсы алған. Сол ерек­шелік С.Мұқановтың есінде қалыпты. Кейін «Социалистік Қа­зақс­­тан» газетінде соны еске алып жазған. Қонақтар арнайы тігіл­ген киіз үйлер орналасқан жер қазіргі «Шеген» ауылы мен Торғай қаласының ортасында, өзен жағасындағы түбек еді. Сәбит Мұқанов бастаған ақын-жазушыларға арнап сегіз қанатты үлкен киіз үй әзірленген екен. Төрде С.Мұқанов, М.Қаратаев, Ж.Мол­да­ғалиевпен тізерлесіп жыршы А.Әбіқаев, Сырағаң, Ғафаң отыр­ды. Қонақтарды қолпаштап Қ.Алматов, Ғ.Сомтеміров, М.Өтел­баев тәрізді Торғайдың азаматтары отырды. Қонақтарға әдейі сойылған жылқы еті мен қойдың басы тартылды. Арасында тор­ғай­лық термешілер жыр, ән орындап, қонақтардың көңілін көте­ріп отырды. Сәбит Мұқанов өте әңгімешіл, тарихты, шежірені терең біледі екен. Сол кісінің әңгімесін тыңдаймыз деп жұрт күннің ұясына қалай батқанын білмей қалысты. Іңір қараңғысында аудан басшылары ақын-жазушыларға «Мына жерде сары маса көп, сіздер ауданның орталығына барып қонасыздар, сонда барлық жағдай жасап қойдық» деген. Қонақтарда ерік бар ма, басшылардың айтқанына «жарайды» десіп орындарынан тұра бастаған. Сол кезде менің шешем Майдан орнынан тұрып, інісі Ғафуға (қасында келіні Бәдеш тұрған) «Ешқайда бармайсыңдар, «Мен сендерге ар­нап киіз үй тіккенмін. Осы Торғай өзенінің бойында туып-өс­ке­нсің. Мені жемеген маса, сені де жемейді!» деген ғой. Сонда Ға­фаң: «Ойбай, апам айтты, бітті. Осы апамның үйінде қонамын», – деп қалаға кеткендерге ермей қалған. Содан Ғафаң мен Бәдеш жең­геміз апамның қолынан өзі әзірлеген дәмді татып, апамның киіз үйіне қонып шыққан. Бәдеш жеңгеміз: «Сөйтіп, Сырбайдың тойында апамның киіз үйінде қонып шыққанбыз. Бізді қорқытқан сары масаны сезген де жоқпыз, апам бізге арнап үлкен масахана құрып қойыпты, тамаша ұйықтап шықтық», – деп еске алады. Таңер­тең Сәбең мен Жұбан келіп «Әй, Ғафу! Сары масаның ортасында қалай ұйықтап шықтыңдар», – деп сұрапты. Сонда Ғафаң апасының масахана құрған қамқорлығын айтқанда, Сәбең де, Жұбағаң да таңғалып, «Ойбай, біз сары масадан ана жақта да дұрыс ұйықтай алмадық», – депті.

Айтпақшы,  Сырағаның тойынан кейін сол жерді ел «Ақындар түбегі» деп атап кетті…

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір