Бахром ЫРЗАЕВ, өзбек тарихшысы: Ахмет Байтұрсынұлы – Түркістан халқының ар-ожданы
23.12.2022
616
0

Таяуда Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен-ді. Ғылыми жиынға Еуропаның бірқатар елдерінен, сондай-ақ Корея, Жапония, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстаннан жетекші алаштанушы ғалымдары қатысқан еді. Сол алқалы басқосуға Өзбекстан Республикасы Қуғын-сүргін құрбандарының мемлекет­тік мұражайының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы Бахром Ырзаев мырза да келіп, Ташкент­тегі Алаш тұлғаларының ғұмыр жолы хақында талай сырды ашып, көпті қызықтырған болатын. Бахром мырза – Өзбекстанның бұрынғы КГБ архивіне кіріп, ескі құжат­тармен танысуға мүмкіндік алған рұқсаты бар үш тарихшының біреуі екен. Қолға жиі түсе бермейтін ғалыммен екеуара тілдесіп едік. Сол әңгімені көптің назарына ұсынуды жөн санадық.

– Совет Одағы орнағаннан кейін Ұлы Түркістанның берекесі мен бірлігін жойды. Бүгінде Түркістан дегенде Қазақстандағы қаланың аты ғана еске түседі. Түркістанның географиялық және саяси атауынан неге айы­рылдық?
– Шындығында патша империясы Бұхара әмірлігін, Қоқан және Хорезм хандықтарын жеке-жеке талқандап, Ұлы Түркістанның байырғы қорғаушылары болған қазақ, қырғыз, түрікмен тайпалары арасында қайшылық тудырды. Орыс императоры Түркістан генерал-губернаторлығын ұлы тарихы бар Түркістан менің бір губерниям деген мағынада сақтап қалды. Бірақ ол өзінің ежелден келе жатқан қандас бауырластық идеологиясын, тарихын, мәдениетін бұрмалай бастады.
Совет Одағы Түркістан мұхтария­тын жоюмен бірге Түркістанның атын жоюды ұйғарды. Осылайша совет­тер «Түркістан, түркістандықтар үшін» деген ұранмен біріккен ұлт­тық тәуелсіздік қозғалысын әлсірете алды. 1920 жылдары «Шура» мұсылман-түрік ұйы­мының «ұлт­тық межелеу» саясатының нәтижесінде біртұтас Түркістан өлкесінде жаңа совет­тік мемлекет­тер құрылды. Түркістан атауы Қазақстанның оңтүстігіндегі шағын қала аты ретінде ғана сақталып, жат­талып қалды.
Бүгін Қазақстанда есімі ұлықталып отырған Ахмет Байтұрсынұлы – бүтін Түркістан халқының ар-ожданына, куәлігіне айналған тұлға. Ахмет Байтұрсынұлы ғұмырнамасының Ташкент кезеңін жіті зерт­теуіміз қажет. Ол Ташкент­тегі қызметі барысында орасан зор істерді атқарған-ды. Ташкент маңайын­дағы ауыл-аймақтардың баласының білім алуына жол ашқан азамат. Мектеп оқулықтарының жазылу әдістемесін даярлап, тек қазақ оқығандарына ғана емес, өзбек ағартушыларының да еңбектенуіне серпін берген ұстаз емес пе?! Ахмет атамыздың Түркістан тұтастығы туралы ойларының маңызын, парқын түсіне алмай жатқанымыз өкінішті…

– Біз ХХ ғасырдың басындағы Түркістан зиялыларын әлі толық тани алмай келеміз. Ашылмаған шындық қанша? Большевиктердің совет­тік идеологиясы төл тарихымызды бұрмалап, өтірік жазды. Тәуелсіз Түркістан мемлекет­терінің мұраты қандай болуы керек?
– Шынында да, біз ХХ ғасырдың басындағы Түркістан зиялыларын әлі толық тани алмай келеміз. Рас, ұлт­тық бағыт­та іс-шаралар ұйымдастырылып жүр, бірақ мұрағат­тар әр елде қалғандықтан, оны бір ғана ғылыми орталық жүргізген жоқ. Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев, Абдуллабек Мұсабеков, Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов сынды жүздеген батырларымыздың өмірі мен шығармашылығында зерт­телмеген тұстар көп. Асылдарымыздың көпшілігі қуғын-сүргінге ұшырап, жәдидтік қозғалыстағы орны мен Түркістан тарихындағы орасан қызмет­тері тарих бет­терінен күшпен өшірілді. Жаңа жас елдер үшін арнаулы тарихи институт­тар коммунистік идеологияның принциптеріне негізделген жалған тарих жасады. Соның салдарынан тарихи шындықтан, аталарының ғасырлық армандарынан алшақ жаңа ұрпақ өсіп келеді.
Бүгінгі Түркістандағы тәуелсіз елдер идеясы, әрине, бар шекараны мойындай отырып, «бес туды бір ел» деген ұранға негізделуге тиіс. Өйткені ата-бабамыздың қолынан шыққан әрбір қарыс топырағы, суы, даласы, шөлі, таулары, ескерткіштері, біз үшін қасиет­ті кен орындары. «Түркістан – ортақ үйіміз», «Түркістан – Отанымыз» деген ұрандар Түркістан түріктерінің – өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен ұрпақтарының әрқайсысының жүрегінде сақталуы керек.

– Түркістан жастарының шетелде білім алғанын білеміз. Жалпы Түркістан жастар қозғалысы қаншалықты зерт­телді?
– Әрине, 1922 жылы Түркістанның түкпір-түкпірінен өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, татар, тәжік, еврей жастары 1922 жылы Германияға оқуға ат­танды, оның бастамасымен құрылған «Көмек» қоғамы болатын. Еуропада оларға Мұстафа Шоқай, Зәки Уәлиди Тоған сынды түркі әлемінің белгілі ғалымдары, Сат­тар Жаббар, Сайид Әлиқожа, Ахмаджон Ибрахим, Ғазымбек Бірімжан сынды озық жастар жетекшілік ет­ті. Өкінішке қарай, бұл үдерістерді бүгінгі таңда тарихшыларымыз жеткілікті түрде зерт­теп жатқан жоқ. Биыл осы оқиғалардың 100 жылдығына байланысты Ташкент, Астана, Бішкек, Ашхабад қалаларында тарихшы ғалымдардың қатысуымен еске алу шаралары өткізіліп, кеңінен қамтылса жақсы болар еді деп ойлаймын.

– Совет өкіметі ардақты аталарымызды панисламист, пантүркист деп айыптап, түрмеге қамап, ату жазасына кесті. Сталинизмнің қылмысын әшкерелеуге не кедергі?
– Ұлт­тық тәуелсіздік үшін күрес, жасанды аштық, ұжымдастыру, «шабуыл» сияқты кеңестік саяси науқандар миллиондаған түркістандықтардың қырылуына, елінен айырылуына әкеліп соқтырған сталиндік қуғын-сүргіннің кезеңдік түрі болды, олардың шет елдерге кетуіне және қоныс аударуына әкелді. Шындығында кеңес өкіметінің мақсаты – қоғамдағы озық ойлы, өз болмысына адал адамдардың көзін жою болып, Түркістан халқын мәңгілік құлдыққа ұстайтын сұмдық жоспарды жүзеге асырды. Билік негізінен дін ғұламаларын жалған қылмыстық істерде панисламистік, ал қазіргі прогрессивті ағым өкілдерін пантүркист деп айыптау арқылы құрт­ты. Менің ойымша, ешқандай кедергі жоқ. Менің білуімше, бұл тұрғыда Өзбекстанда, Қазақстанда, Қырғызстанда ғалымдарымыз біраз жұмыс атқарды. Мәселе бұл білімнің қоғамға кеңінен насихат­талмауында. Орталық Азия елдерінің ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалында болуы да жастар арасында ұлт­тық бірегейлікті түсінуге деген қызығушылықтың артуына кедергі болып отыр.

– Өзбекстанда сталиндік репрессия қаншалықты ашық зерт­телуде?
– Өзім қызмет ететін қуғын-сүргін құрбандарының мемориалдық мұражайының қызметі мысалында Өзбек­станда мұрағат материалдары негізінде кеңес өкіметінің қуғын-сүргін саясаты кеңінен зерт­телгенін айта аламын. Алдағы екі жылда атақты ғұлама Сейіт Нәсірханның ұлы, ұлт батыры Камалханның шөбересі Ибраһимбек Лақай сынды тұлғалар бастаған 300-ден астам қаһармандарымыздың ақталғанын мысалға келтіруге болады.
– Түркі халықтарының ортақ тарихын жазудың маңыздылығы туралы пікіріңіз қандай?
– Әрине, бүгінгі күннің ең үлкен тарихи қажет­тілігінің бірі – түркі халықтарының ортақ тарихын жазу. Соның кесірінен күшпен бөлінген Түркістан тарихы коммунистік идео­логияның ықпалымен мүлде бұрмаланып, түсіндірілді. Жалған тарих ешқашан өзінің шынайы оқырманын таба алмайды. Бүгін бізге осы мәселеде біздің үкімет­терімізден байыпты саяси ерік пен көшбасшылық қажет. Ол үшін қаржының жақсы болуы, дүние жүзіне шашыраңқы газет-журнал, кітаптарды жинап, құпия мұрағат­тар ашып, үлкен тарихшыларды тарту керек. Сонда кеңес саясатының осы уақытқа дейін құпия болып келген үлкен құпиялары ашылады. Болашақта арманымыз саналатын құдірет­ті Ұлы Тұран үшін бәріміздің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымызға идеялық негіз береді. Әрине, идеологиялық негіз пайда болғаннан кейін тәуелсіз мемлекет­тердің экономикалық және саяси құрылымдары соған сәйкес шешіле бастайды.

– Қазіргі кезде Орталық Азиядағы бауырлас түркі халықтарына не жетіспейді? Бізге ең керегі түркішілдік пе, ұлтшылдық па, әлде мұсылманшылдық па?
– Қазіргі таңда Орталық Азиядағы бауырлас түркі халықтарына ең қажет нәрсе – ортақ тарих пен тіл бірлігі. Осы рет­те мемлекетаралық тіл мамандарының алқасын жасақтап, барлығына ортақ әліпбиге көшу, халықаралық терминдерді қабылдап, жалпы келісім негізінде жаңа балама терминдер жасау қажет. Өйткені жаһандану заманында бауырлас халықтардың бір-бірін оңай түсінуі қай жағынан да құптарлық. Ислам – халқымыздың мың жылдық қасиет­ті құндылығы. Балаларымызды ислами этика негізінде тәрбиелеу – қазіргі әлемді алаңдатып отырған көптеген зұлымдыққа қарсы (ЛГБТ, нашақорлық, маскүнемдік, жезөкшелік, т.б.) үлкен құрал. Сонымен қатар мешіт­тер мен медреселердің көптігі Түркістанның ислам ғұламаларының отаны ретіндегі байырғы ұстанымына сәйкес келеді. Бұл рет­те ислам әлемінің мойындауы жеткілікті негіз саналса керек. Әрине, тар ұлтшылдық – шектеулі ұғым. Дегенмен әр халықтың ұлт­тық құндылықтарын, салт-дәстүрін, ауыз әдебиетін, ұлт­тық қолөнерін, әдет-ғұрпын, халық әндерін сақтап қана қоймай, кеңінен насихат­тау қажет. Ұлт­тық ерекшеліктер ұлт­тық қақтығыстарды тудырмайды, керісінше, олар – біздің материалдық емес құндылықтарымыз. Бұл тұрғыда біз Түркістанның барлық елдерінің, сонымен қатар әр өңірдің, облыстың бірегей дәстүрлі құндылықтарын сақтауымыз керек. Түркішілдік идеологияның ең жоғарғы деңгейіне көтерілуі керек.

– Түркістан әдебиетінде ұлт­шылдық идеясы ХХ ғасырдың басында болды. Мағжан, Абдолла Қадири, Міржақып халықты оятуға атсалысты. Қазіргі өзбек әдебиетінде мұндай ұлтшылдық мотивтер бар ма?
– ХХ ғасырдың басында Түркістан әдебиетіндегі ұлтшылдық идеясының атасы деп Мағжан Жұмабайұлын, Абдурауф Фитрат пен Абдулхамид Шолпанды айтуға болады. Олар Махмұдқожа Бехбуди, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан, Міржакып Дулатұлының идеяларын Алашордадағы Түркістан халқының мәңгілік арманы ретінде өз шығармаларына сіңіріп, әлі күнге дейін миллиондаған жүректерді елжіретіп келеді.
1929 жылы желтоқсанда Парижде шығатын «Яш Түркістан» журналының бірінші нөмірінен Мағжан Жұмабайұлының «Түркістан» (Ташкент, ТурГосИздат, 1923) өлеңі және Шолпанның «Жапырақтары» жарық көрді. Осы рухты өлеңдер біздің сенімімізді тағы бір рет нықтай түседі. Кейінгі кезеңде өзбек әдебиетіндегі бұл бағыт Рауф Парпи («Үзтүрік»), Шавкат Рахмон, бүгінде жас прозашылар Джавлон Джовлиев, ақындар Джонтемир Джондор, Шахриёр Шавкат, Наджмиддин Эрматов шығармаларынан байқалады. Мұндай мықтылар Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан жастарының арасында да кездеседі деп ойлаймын.

– Түркістан елдерінің тәуелсіз мемлекет болғанына 30 жыл болды. Осы уақыт ішінде неге ұлт­тық мемлекетке айнала алмадық? Біздің болашақтағы бағытымыз қандай болуы керек?
– Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де, біріккен, ынтымағы мығым мемлекетке айналдық деп бұл тұрғыда жеткен жетістіктерімізбен мақтана алмаймыз. Мұның бірінші себебі – кеңес дәуірінде қалыптасқан элитаның бұл бірліктің болашағына сенбеуі. Әрине, алдағы уақыт­та жастар өз ойын айтатын болады. Өйткені Түркістанды білуге ​​рухани қажет­тілік қана емес, сонымен бірге үлкен экономикалық, саяси, әлеумет­тік қажет­тілік бар. Ең алдымен, шынайы тарихты жасап, жаудың тілімізге арам ниетпен қойған кедергілерін жоюымыз керек. Осыдан кейін әде­биет пен өнерімізді жақындастырайық. Музыка, театр және киноның, бейнелеу өнерінің, мүсіншілердің шығармашылық ынтымақтастығына жол ашу қажет. Ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтқан жөн, одан кейін кең ауқымды өндірістік мәселелер туындайды. Бұл тұрғыдағы басты жауапкершілік, әрине, зиялы қауымға жүктеледі.

Сұхбат­тасқан
Елдос ТОҚТАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір