ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
29.08.2022
602
0

Белгілі маман, тарихшы-музеолог София Жұмағұлованың дүниеден озғанына 1 айдан асып барады. София Тұланқызы еңбек жолын өзі үздік бітірген С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетінде ең алғаш ашылған археология және этнология кафедрасында бастап, университеттің ректорат құрамындағы ҚазМУ-дың гуманитарлық факультеттерінің оқу бөлімінің басшысы қызметтерінде ұзақ жылдар бойы еңбек етті. София Тұланқызы сол кезеңдерде Алматы шет тілдері институтының шақыртуымен 3 жыл оқу басқармасының басшысы қызметін абыроймен атқарып, аталған институттың оқу-әдістемелік жұмыстарының жандануына үлес қосты.
1985-1996 жылдары Алматыдағы Қазақстанның Орталық Республикалық Музейінде бөлім басшысы, Ғалым хатшы, директордың ғылым жөніндегі орынбасары міндеттерін мінсіз атқара жүріп, Орталық музей жұмыстарында да жаңа экспозиция құрастыру, музей қызметкерлерінің ғылыммен айналысуында да бел ортада жүрді. Осы жылдар ішінде ол қандай қызметте жүрмесін, ең алдымен сол ортадағы әріптестерінің алдында сыйлы, абыройлы бола білді.
София Тұланқызы 1996 жылы өзі білім алып, маман атанған оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне қайта оралды. Ол – археология және этнология кафедрасында аға оқытушы, білікті, тәжірибелі маман ретінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып, «Мұражай ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығының «бакалавр», «магистратура» деңгейінде қалыптасуына зор үлес қосты. София Тұланқызы музеолог-маман ретінде аталған мамандықтың Мемлекеттік Жалпыға міндетті Білім беру стандартын жасау­шылардың жетекшілерінің қатарынан табылды. Оның стандартқа енгізген «Музейдің ғылыми-зерттеу қызметі». «Музейдің ұйымдастыру, басқару қызметі», «Музей экспозициясы», «Музейлердің қор жұмысы», т.б. пәндер мамандықтың негізгі құрылымын әлі күнге дейін ашып, жалғасын тауып жатыр. Музеолог-маман София Тұланқызы факультеттегі музеология, этнология саласында аянбай еңбек етіп, кафедраның, факультеттің дам­уына бар күш-жігерін арнады. Ол студенттерге сапалы білім беруде де жалыққан емес, оның дәрістерін, тәжірибемен астасып жатқан практикалық сабақтарын студенттер қызыға тыңдайтын. Өзінің ойын, өмірден, қызметтен алған тәжірибесін, түйгенін жастарға айтудан, білгенімен бөлісуден жалықпаған ұстаз бірқатар құрмет грамоталарымен, медальдармен, алғыс хаттармен марапатталған.
София Тұланқызы танымал тарихшы-ғалым, профессор, отандық және шетелдік университеттерінің құрметті профессоры Қалқаман Жұмағұловпен қара шаңырақ қабырғасында студент кезде танысып, 52 жыл бойы тамаша, тату-тәтті өмір сүріп, сүйікті жар, ардақты ана ретінде бақытты ғұмыр кешті. Екеуінің отбасылық ғұмыры да кімге болса да үлгі-өнеге еді.
Сыртқы сұлулығы мен ішкі сұлулығы қабысқан ардақты ана, аяулы жар, тәжірибелі маман, ұлағатты ұстаздың жарқын бейнесі отбасының, туған-туыстарының, әріптестерінің, шәкірттерінің, студенттерінің жүрегінде сақталады.

Бибизия ҚАЛШАБАЕВА,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір