Ақын мұрасына арналған ғылыми жиын
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен, «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының қолдауымен 18 сәуірде Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, белгілі ақын Асқар Құрмашұлы Егеубаевтың 75 жылдығына арналған «Әдебиет пен әдебиеттанудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференцияның басты мақсаты – әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Егеубаевтың ғылыми-шығармашылық мұрасын зерделеу, ұлттық әдебиет пен әдебиеттану ғылымының дамуындағы өзекті мәселелерді талқылау. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик Кенжехан Матыжанов жүргізген ғылыми жиында Асқар Егеубаевтың әдеби және ғылыми мұрасы, қазіргі қазақ әдебиетінің даму бағыттары мен тенденциялары, әдебиеттану ғылымының теориялық және әдіснамалық мәселелері, әдеби аударма және оның көркемдік сапасы, ұлттық әдебиетті зерттеудегі жаңа көзқарастар мен заманауи әдістер тақырыптары кеңінен қамтылды. Конференцияның алғашқы бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым Ғайникен Бибатырова, ақын Ұлықбек Есдәулет, публицист-журналист Жанболат Аупбаев, аудармашы Заманбек Әбдешев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Бекен Ыбырайым, жазушы Нұрдәулет Ақыш ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Жиынның екінші бөлімінде «Ақын Асқар Егеубаев поэзиясындағы ұлттық рух», «Асқар Егеубайдың түркі жәдігерлерін зерттеудегі рөлі және олардың қазақтану ғылымындағы маңызы», «Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» энциклопедиялық еңбегінің қазақ тіліндегі тұңғыш аудармасы (профессор А.Егеубаев) және 1074 жылғы әлем картасы», «Жетпісінші-сексенінші жылдардағы әдеби процесс», «Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанының әдеби сөздігі мен М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасының тұңғыш аудармасы туралы», «Асқар Егеубаев және қазақ әдебиеті», «Асқар Егеубаевтың қазақ әдебиетін зерттеуге қосқан үлесі», «Махмұт Қашқаридің «Түркі сөздігі» еңбегіндегі Оғыз хан бейнесі» тақырыптарында баяндамалар жасалып, Асқар Егеубаевтың қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі жан-жақты қарастырылды. Жиынға қатысушылар Орталық ғылыми кітапхана ұйымдастырған ақын мұрасына қатысты кітап көрмесімен танысты.
Нұр МАҒАЗБЕКОВ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының баспасөз хатшысы