Шымкент шаһарындағы келелі басқосулар
05.03.2024
417
0

26 ақпан күні Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілі, жазушы Момбек Әбдіәкімұлы мен Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының ресми қабыл­дауында болды.

Кездесу барысында Қазақстан Жазушылар одағы мен Шымкент қаласы әкімшілігі арасындағы бірлескен жұмыс жоспары, алда өткізетін іс-шаралар жан-жақты талқыланды. «Қабылдауда Шымкент қаласында тұратын ақын-жазушылар — Қазақстан Жазушылар одағының 29 мүшесіне жылына бір рет берілетін қаржылай көмек көрсету мен өмірден өткен тоғыз ақын-жазушының есімін ұлықтау және «Қазақ әдебиеті» газетінің «Қазақ әдебиеті — Шымкент» қосымшасын қаржыландыру мәселесін сөйлестік.
Қалың қазақтың сүйіктісі болған, өмірден ерте өткен дарынды журналист Бейсен Құранбектің туған бауыры, әдебиет пен мәдениетке жаны жақын Сәрсен Абайұлы Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқармасының ұсынысын қолдайтынын айтты», — дейді Қасымхан Бегманов.
Сонымен қатар 27 ақпан күні Шымкенттегі орыс драма театрында Момбек Әбдіәкімұлының 65 жасқа толу мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Кешті Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөзімен ашып берді.
Осы жиынға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының атынан арнайы барған Қасымхан Бегманов
баяндамасын оқып, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы, жазушы Мереке Құлкеновтің құттықтау хаты мен Момбек Әбдіәкімұлына қазақ әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесі үшін «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы берілгені туралы куәлігін тапсырды.
Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қоғам қайраткерлері Бекет Тұрғараев, Еркін Сатқан­баев, Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, жазушы Захардин Қыстаубаев және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысқан мерейтой шарасы өңір өнерпаздарының концертіне ұласты.
Жиын соңында жазушы Момбек Әбдіәкімұлының «Күн тұтылған мезет», «Жаманқара батыр» атты тарихи хикаяттарының тұсаукесер рәсімі өтті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір