Бар игілік әділеттіліктен бастау алады

Соңғы жылдары елімізде «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік басқаруды жаңғырту, экономикалық өзгерістер арқылы тұрақты даму және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында кешенді реформалар қолға алынды.
Демократиялық басқару, заң үстемдігі, өміршең экономика, әлеуметтік теңдікпен сипатталатын әділетті мемлекет құруды көздеген стратегиялық бағдарымызға сай маңызды басымдық – жоғары құқықтық мәдениет қалыптастыру, азаматтық жауапкершілік идеологиясын орнықтыру. Өйткені «Заң және тәртіп» қағидаты қоғамның әрбір мүшесінің жауапкершілікті сезіну мәдениетімен тығыз байланысты. Осыдан келіп заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес, керісінше, әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны екенін түйсінеміз. Әрине бұл құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, заң үстемдігін орнатуға қаншалық мән бермегімізге байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде атап өткендей, «тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мемлекеттік аппарат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Озық ойлы ұлт болу үшін әдептілік, өзара құрмет, ұстамдылық, сыпайылық сияқты қасиеттерді барынша дәріптеген жөн. Азаматтарымыз әдеп пен заңды мәжбүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек».
Осы мақсатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыру ісіне өзіндік үлес қосар жақсы бастаманың бірі – «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында іске қосылған «Әділ қоғам» жобасы. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығымен бірлесіп бастамашылық жасаған осынау қоғамдық жоба тұрақты даму мен рухани жаңару негізі ретінде әділеттілік ұстанымдарын орнықтыруға, мәдени және білім беру бағдарламалары арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыра отырып, адал қоғам үшін берік іргетас қалауға бағытталған. Осыдан біршама уақыт бұрын Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен жобаның таныстырылымына қатысушылар халқымыздың әділдік, парасаттылық, ізгілік пен адалдықты ту еткен рухани мұраға бай ұлттық мәдениеті ел ішінде адамгершілік қасиеттер мен қағидаттарды құрметтеуді тәрбиелеуге негіз боларын, осы ретте «Әділ қоғам» жобасы ел игілігіне айналар әділеттілік жолындағы нақты қадамдардың бірі екенін атап өтті. Иә, әділдік салтанат құрған елдің іргесі берік, ынтымақ-бірлігі жарасымды, әл-ауқаты жоғары болмақ.
Өз тілшімізден