ҰЛТ­ТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ НЫҒАЙТУ – ҰЛЫ МҰРАТ
01.04.2025
90
0

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Абылай ханның ақ туы тігілген сұлу Көкше төрінде, бауырмал Бурабай баурайында өткен Ұлт­тық құрылтайдың төртінші отырысы бүкіл қазақ­стандықтардың көке­йінде жүрген мәселелерді кеңінен қозғады. Шын мәнінде, ұлт­тық мұрат­тарды қайта жаңғыртуға бағыт­талған алқалы жиынның ой саларлық тұстары жеткілікті болды.

Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелер баршылық. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып айт­ты. Соның ішінде, «Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы — ұлт­ты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін рет­тейтін құжат­тар осы талаптарға сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек» дегені қоғамды алаңдатқан түйткілдер тармақтарының тамырланып бара жатқанына алаңдаушылықтан туған ой екеніне талас жоқ. Рас, еліміздегі теріс ағымдар талай шаңырақты шайқалтып кет­ті. Алысқа бармай-ақ Қазығұрт ауданындағы бір оқиғаны еске алайықшы. Мектепте мұғалім болып еңбек етіп жүрген көкірегі ояу, санасы сергек деген азаматымыз жат ағымдардың жетегінде кетіп, бүкіл отбасын ілестіріп, Сириядан бір-ақ шықты. Соңы не болды? Отбасы шаңырағы шайқатылып, ортасына түсті. Балалары зардап шекті.
Менің бір танысым болды. Бір шағынауданда тұрушы едік. Әр күн сайын аялдамада кез­десіп қалатын­быз. Адамдар көп жиналған жерде әлгі адам әлденелерді сандырақтап тұрғанын байқайтынмын. Бірде ол маған ойламаған жерден тосын сауал қойды. «Егер дүниеден өтіп кеткен жақындарыңыз тіріліп келсе қуанасыз ба?» – деп сұрады ол. «Ондай болмайды ғой», – дедім мен. «Болады. Ол менің қолымнан келеді», – деді жат ағым жетегіндегі танысым. Содан бері одан бойымды аулақ салатын болдым. Әлгі әпенді қалталарына діни кітаптарды толтырып алып, автобус салонындағыларға тарататын. Ол кітапты алып жатқандар да жоқ. Сонда да әлгі адам кітап таратуын, уағыз айтуын тыймады. Ке­йін естідім, ол анасын да осы ағымға кіргізіп алыпты. Соңғы уақыт­та осы уағызшы көзден ғайып болды.
Қазір ғой, бақылаудың болмағандығынан мешіт­терде бесіктен белі енді ғана шыққан, аузынан ана сүтінің дәмі кетпеген балақайлар қаптап жүр. Құдайым-ау, олар дін жөнінде не біледі? Жалпы, мешіт­терге жасы балиғатқа толған, оңы мен солын танитындар баруы тиіс емес пе? Бейкүнә бала нені біледі? Ол ақылы толып, есі жетілген соң өз жолын өзі табады. Бірақ үлкендер балаларды еркінен айырып, ерте ноқталайды. Жасыратыны жоқ, жат ағымның жетегіндегілер жеткіншектердің санасын улап, өзіне-өзі қол салуына да себеп болғаны туралы деректер бар. Ал басына тақия киіп алған балақайлар «о дүниенің рақаты бұ дүниеден де жақсырақ екен» деп алданып қалмасына кім кепіл? Иә, баланың басы тақияны көтерер, бірақ діннің салмағын көтере алады ма? Ғұламалардың өзі «дін- ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» демеп пе еді? Сондықтан ата-аналар балаларымызды жастайынан имандылыққа, діни сенім-нанымға бейімдейміз деп босқа арамтер болмағанын қалар едік. Бұдан да гөрі ата-аналар перзент­терін жастайынан білімге, Ұлт­тық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткен ұлт­тық құндылықтарды бойына сіңіруге, бет-жүзін тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлт­тық киімдерімізді киюге, жасанды интеллект жетістіктеріне, туған ел тарихын жете білуге, табиғат­ты аялауға, спортпен айналысуға, өзін-өзі дамытуға бейімдесе бұдан ұтпаса, ұтылмайды. Әр ата-ана ұлт­тық бірегейлікті нығайтуға үлес қосуы керек. Жат ағымның салдарынан «келін сәлем салмауы керек», «беташар жасаудың қажеті жоқ» деген сияқты қазақы болмысымызға қарсы әрекет­тер бой көрсет­ті. Осы пікірді іліп әкетіп, насихат­таған пенделерге өкпеміз қара қазандай. Бұл сауатсыздық, керікеткендік тойларда да байқалып қалып жүр. Мәселен, ұзатылар қызды ортаға әкесі мен анасы екі қолтығынан демеп әкеліп, күйеубалаға табыстау деген қай салтымызда бар еді? Ұзатылар қызды күйеубалаға жеңгелері көрсетіп, «қол ұстатар» алмайтын ба еді? Осындай санаға жат әрекет­тер салт-дәстүріміздің қадірін қашырып жүр. Сондықтан Ұлт­тық құрылтайда айтылған ұлт­тық ой-санамыздың мықты болуы керек деген тұжырымды барынша қолдаймын. Кемел ұлт болудың алғышарт­тары бабалар өсиет­теріне адалдықтан тұрады. Мұны ешқашан ұмытпауымыз керек.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір