Мың жылдық мұрат (Поэма)
05.07.2024
205
0

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ

Қазақтың Үш жүзі ошақтың үш тіреуі сияқты.
Үшеу түгел болғанда ошағы болар, оты сөнбес.
Қазақтың түтіні өшпес.

Әлмерек абыз Жаншықұлы
1658 – 1756

1. СӨЗ БАСТАУ
Жәзира жау шақырған даламызда
біз енді халық болып қаламыз ба?
Бар ма өзі,
тұлпар мініп ту ұстайтын,
Жанкешті жан баласы арамызда.

Біз туған тауымыз да, даламыз да,
Қала ма, басы бүтін баламызға?
Сұрақ бұл – жаннан безген сан батырға,
Сұрақ бұл “Елім!” деген сан абызға.
Сұрақ бұл – болашақтың мың жылына
Таң сайын жаңғыратын санамызда.

Аңыз да, абыз да өткен заманаға,
Жер куә.
Жауын өпкен жаңа ғана.
Ашады ақын келсе ащы сырын,
Бұтасы бұғып жатқан Қарадала.

Бұл сенің Қарадалаң, тақсыр халық,
Иіріліп Шарын аққан ақсұрланып.
Таң ата қызды ауылдан сері таяр,
Тоғайда тор құлынды қасқыр жарып.

Өсетін сексеуілі білеуленіп.
Тімтінер біреу кетіп, біреу келіп.
Батысын қара бұйрат басады кім?
Шығысын кеуделенді кім иемденіп?

Еңісі бұл даланың Іле бойы,
Іркілген боз көбігі – кілегейі.
Қазақтың бір абызы сонда туған.
Абыздың бірі емес-ау, бірегейі.

2. ШИРАУ
Талай жыл тау-даласын жау басқалы,
Серт сынып, сенім тозған әу бастағы.
Еркі бар жігіт­тері шетке шығып,
Жауының малын баққан маубастары.

Бір сиқыр әлде жерден, әлде көктен,
Мақсатқа шақырады арман еткен.
Шыдамын шытқа түйіп шыққан халық,
Күтетін бір хикімет Әлмеректен.

Халық кім?
Халық – Құдай.
Құдай тірі.
Құдайдың болар дейтін «сынайтыны».
Абызы тірек болған ел-жұртына.
Сол сенім сынбайтыны, шыдайтыны.

Елеусіз Абыз қалған ел ішінде,
(Бүгінгі сен үшін де, мен үшін де).
Төлеби – төбе бимен хат алысып,
Семсері шыңылдайтын жең ішінде.

Бір сиқыр әлде жерден, әлде көктен,
Мақсатқа шақыратын арман еткен.
Үш жүздің би мен бегі жиналғанда
Күтеді қандай билік Әлмеректен.

Талайдан көпке сөзін арнамады,
(Тереңдеп сөз түбіне бармағалы).
Тау тұлға – Тәуке ханның заманы өтіп,
Мойытқан тайған уақыт – тар заманы.

Баяулап сөз бастайтын мамырлатып.
Үндесіп ұйқас түссе – ол бір бақыт.
Түйіндеп, түйілдіріп, құйылдырып,
Маздатып, мағыналап, дауылдатып…

«Абыздан билік күткен –
Халық мәңгі.
Өзі үшін өзі таңдар алыптарды».
Еңсесін атан түйе қалқаламас.
Әлмерек ширатылды, шабыт­танды.

3. ШЕГІНІС
Батырдың әр қимылын білетұғын,
Төбедей Түйекүрең мінетұғын.
Аңсайды жау жапырған қайран сәт­ті
Қиқулап қысаңында Сілетінің.
Жау еді,
Шонжы ноян айлалы еді.
Шоқпардай төбесінде айдары еді.
Бір қазақ қапы кетіп жекпе-жекте,
Атағын Шонжы содан жайған еді.

Ол заман шабыс күнде, атыс күнде,
Болмайтын жайбарақат жатыс мүлде.
Сонша зор бітімімен жас Әлмерек
Сонша тез бұлтаратын ат үстінде.

Шонжымен жекпе-жекке кезек алып,
Үш құлаш қара найза кезеп алып.
«Аруақ!» деп тақым қысса, Түйекүрең
Ытқиды демі шулап, көзі аларып.

Мінгені жез тағалы, Шаңқан тарпаң,
Шабады Шонжы ноян алқам-салқам.
Шарт етіп қара найза қақ бөлінген,
Шыдатпай соққан білек, тосқан қалқан.

Шонжының ашу қысып, тарыққаны –
Әлмерек еш соққысын дарытпады.
Ақ жүзі майрылғанша көк семсердің,
Шонжыны осқылады сауыт­тағы.

Манағы қайың шоқпар қолындағы.
(Салмағы жарты батпан оның дағы).
Екпіндеп ет пісірім шайқасқанда
Қолында қалған қару соңындағы.
Тигенде қарақұстан қатқан қайың,
Соққанда қара құстан батпан қайың,
Май басы шүйдесінен шашылды да,
Қан сиді мұқылданған мойын жағы.

* * *
Әлмерек есіне алса тыныстайтын:
Жорықта
Сырымбет қой ту ұстайтын.
Шеп құрса Арғын, Найман, Алшын, Албан
демейтін “Руың кім, туыс қайсың?”
Бір тұтас мақсат етіп бір мәрені,
Саңқ етер (би мен бегі ділмәр еді).
Үш жүзге соңғы патша Тәуке хан да
Айт­қызып, Әлмеректі тыңдар еді.

Ширақ қол.
Жігіт­тің тек сырт­танынан.
Қайтпайтын қан бүркпесе ұрт­тарынан.
Әлмерек қалың жауға қарсы шабар
Сырымбет орағытса сырт жағынан.

«Ер едің,
Сырымбетім – сырласым-ай.
Тетем-ай, тебіндім-ай, құрдасым-ай!
Ішің кең, сыртың тұтас құрыш едің
Бүгілмей, сынбай өт­тің бір жасымай.
Бұл маңда жері желді, тауы сулы.
Күш-қайрат ұрпақтарға ауысулы.
Шапқанда «Райымбек!» деп бір тұқымың,
Тапсырдым байрағың мен сауытыңды».

* * *
Отырса ұқсайтұғын шөккен нарға.
Жүйткиді жүйрік қиял, шектеу бар ма?
Ойласа барша қызық қолда болған
Байлық та, батырлық та, өпкен жар да:

Қызы еді «жас иісі» Кіші жүздің.
Одан да екі ұлы бар кісіңіздің.
Махаббат, қайрат, шабыт сапырылар
Арасы өңің менен түсіңіздің.

Жас иіс – жас та болса саналы жан.
Күлгенде ай туатын қабағынан,
дәм алар қаз мойынын сәл иілтіп,
Көрініп ішкен асы тамағынан.

* * *
Шабытқа, рухқа сеніп өзіндегі.
Бір сәтке Әлмеректің көз ілгені.
Көз ілді аруақтармен көріскелі,
Сыбдырын келер шақтың сезінгелі.

Сиреген қатарымен андызданып,
Әлмерек сырласқанда жалғыз қалып.
Жетпедік жеті қабат ой түбіне,
Бара алмай,
(өлеңді де барғызбадық).
Түбінде тұңғиықтың ақын көңіл
Абыздан тереңдікті сәл қызғанып.
Қос тігіп ық жағына Әулиенің
Ер жастап, тоқым төсеп, аз мызғалық.

4. ХАН ТҮСЕЛІ
Еңсегей бойлы кенжелер – Еділ мен Жайық.
«Көзден кетсе болар деп көңілден ғайып».
Құм Нарын жақтан оралды жарты
жыл жүріп,
Нағашы қосқан сарбазбен шебін кең жайып.

Жау жайын,
достың хал-жайын бағамдай келген,
Қазағы жауға алдырмас қамалдай көрген,
Керейден, Уақ, Найманнан көп батыр бастап,
Қалың қолменен Қалбадан Қабанбай келген.
Қас батыр үшін Әлмерек әкесі сынды
Қубас атынан түседі анандай жерден.
«Армысың Абыз!» дегенде батырдың даусы
Желп етіп тиер жүзіңе самалдай келген.
Ажарлы жары Арғын қыз Майсара батыр,
Тізесін иіп сәлемін тәмамдай берген…

Сағынысқандар басады солай сарығын?
Бірінен артық көресің қалайша бірін.
Сарыарқа жақтан самсатып ту алып шықса,
Салмағы бөлек Бәсентин Малайсарының.

Наурызбай, Бақай, Өтеген, Жолбарыс, Қабан,
Хан Түселінің тізгінін қолға ұстаған.
Абыздың Қарадаласы – Түсел иесі.
Жетісу, Сарысу, Шу бойы қолғабыс оған.
Жеті Ру, Әлім, Байұлы ұранына ерген
Хан көңілі әбден қалғанда біз залым елден.
Ақалтекесін керілтіп айшылық жолдан
жас ханзадалар – Ерәлі, Нұрәлі келген.

Шығыстың шырын шертпесі жел ессе шалқып.
Үстірт­тің күйі ерлікке егеске шарпып.
Арқаның сазы Түселдің түйінін шешер
Батырды, биді ойлантып «Кеңеске» тартып.

Хан шатырында күні ертең билермен кеңес.
Ондай тартыстан абызың именген емес.
Батыр да өзі, би де өзі Әлмекең үшін
Әз Тәуке ханның кезінен үйренген егес.

Оңаша үй тігіп.
Ұқыптап, жазып ойланып.
Тебіренді Абыз, сөз түбін қазып ойланып.
Сыртынан торып күзетер ақын шабытын,
Қангелді батыр қасына Әжібайды алып.

5. СПИКЕР
Хан Абылай түскен қан құмар,
айбынды ақ шатыр,
Күншілік жерден көз тартып айдын
жақта тұр.
Хан десе көзге қан толар, қаһар елестер.
Хан үшін сенің басың доп, жаның қақпақыл.

Он сегізінші ғасыр ғой күштің ғасыры,
Айқас ғасыры – от ғасыр, ұшқын ғасыры.
Хан шатырының алдында қасқайып тұрды
Отыз мың қолы, Үш жүздің үш мың батыры.

Абылай асқақ, аңғарлы нағыз хан еді,
Хандығы үшін қан өзен ағызған еді.
Қабағын ашып қарайтын жалғыз кісісі
Атасын көрген Әлмерек абыз ғана еді.

Абылай сөйлеп, тамағын кенеп алған соң,
Найзадай тілін нығыздап безеп алған соң,
Әлмерек тұрды адымдап еңсесін тіктеп,
Абылай ханнан арнайы кезек алған соң.

Алкүрең жүзі шуаққа қанық кісі еді.
Тік тұрса атқа мінгендей алып кісі еді.
Саңқ етсе дауысы тарайды қозы көш жерге,
Қадала қалса қыран көз шалып түседі.

6. АБЫЗ АЙТҚАН
«Кесе­йін деп кескем жоқ,
өлме­йін деп бас кестім,
Басы бүтін құлдыққа көнбе­йін деп бас кестім.
Біздің заман жан беріп сақтаған бұл даланы,
Таптамасын деп едім Қазағымнан басқа ешкім.

Батысым мен шығысым, терістігім, түстігім,
Көз құрты еді қашаннан өнерлі мен күштінің.
Тәукеден соң Абылай қайта қосты басыңды,
Ендігі әрі бөліне жайылмассың, Үш құлын!
Түгел болсаң үшеуің жау жуытпай іргеңе,
Еңсерерсің уақыт­тың суығы мен ыстығын
Елің-жерің – Отаның, оты сөнбес ошағың.
Сол ошақты құлатпас, үш тірексің –
Үш Жүзім!».

Жұрт­ты сүт­тей ұйытып, ой толғаса Әлмерек.
Толғанысын сондағы айғақтайды сан дерек.
Кешегіні бүгінге біз жеткіздік, құлыным,
Өздеріңе тапсырам «болашаққа жалға» деп.

* * *
Бұдан үш жүз жыл бұрын бергенде сөз кезегін
Тұтас ұлт­тың алдында Абыз айт­қан сөз едің.
Қызыл қанын жүректің ағыза айт­қан сөз едің.
Күміс шамның білтесін тамыза айт­қан сөз едің.
Қайран абыз аңсаған Қазақ­стан қолымда.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ», сеземін.
Самалымен Арқаның желбіресе Көк туым,
Абыз сөзін қайталап, өртенеді өзегім:
Оты сөнбес ошағым, Жаннан қымбат Отаным!
Жарты жаңқам қалғанша жану менің кезегім!
Бабамыздың арманы – баламыздың бақыты.
Қазақ тұтас, сен мәңгі, Қазақ­стан өз Елім!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір