ЖҰЛДЫЗДАЙ ЖАРҚЫРАЙТЫН ЖАҢА ЕСІМ
10.07.2023
231
0

«Ымырттағы кітапхана» мәдени-әлеуметтік шарасы аясында Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Ұлы дала прозасы» номинациясы жеңімпазы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жас қаламгер Әлихан Жақсылықтың «Жұлдыздай жарқырайтын жаңа есім» атты әдеби кеші өтті.

Қазіргі қазақ прозасының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жас жазушы Әлихан Жақсылық «Алты құрлық», «Төрт мұхит» кітаптарының авторы. Республикалық, облыстық, аймақтық ақындар айтысының жүлдегері. Ол «Балапан» арнасындағы «Ырысты ыдыстар», «Қаһарман» атты бірнеше сериалы мультфильмдері мен «Үкілі әуен» балаларға арналған көркем фильмінің сценарийінің авторы.
Жазушы «Ақтөбе» газетіне берген сұхбатында:  «Ойыл ауданы Саралжын ауылының баласымын. Анам ауылдағы мектептің кітапханасында жұмыс істейтін. Әлі де сонда жұмыс істейді. Бұрын мектепте оқыған кезде сабақтан шыққаннан кейін кітап­ханаға, анамның қасына барып, ол жұмыстан шыққанша күтіп отырушы едім. Сол кезде «Айгөлек», «Балдырған» журналдарын тап­жылмай отырып оқитыным есімде. Кейін «Аңыз адам» журналымен дос болдым. «Аңыз адамға» шыққан Махатма Ганди, Нельсон Мандела, Фидель Кастро секілді үлкен сая­си тұлғалардың тағдырлы өмірі туралы қызыға оқитынмын. 9-сыныпта Ақтөбедегі Мақсот Құсайынов атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына ауыстым. Мектеп директоры бізді Шығармашылық үйіндегі айтыс ақыны Оралбай Кәметия жүргізетін айтыс үйірмесіне жаздырды. Оралбай ағамыздың қолдауымен бірнеше рет республикалық ақындар айтысына қатыстым, жүлделі орындар да алдым. Осы үйірмеге барып жүргенімде оқуға жазуға деген ынтам оянды», – деп өзінің шығармашылыққа деген қызығушылығы мектеп жасынан басталғаның айтады.
«Ақ желкен» газетіндегі «Үздік жас қаламгерлер кімдер?» мақаласында жазушы Сәкен Сыбанбай: «Әлихан Жақсылықтың «Жан азасы» мен «Алты құрлығы» – ойлы шығармалар. Мұнда көркем шығармадағы психология мен философияға ұмтылыс бар. Ой тартысын мықтай түсу, сюжетті шие­леністіру, диалогтарды жүйелі де шынайы құра білу жағынан ақсап жатқан тұстары жоқ емес. Алайда ізденісіне ризамын. Шеберлік жазу барысында шыңдала береді», – деп пікірін білдірген. Қаламгердің «Алты құрлық» кітабына «Жан азасы», «Ерте солған гүл», «Ақмаңдайлым, Ақбаяным», «Пердесіз көз», «Мәдениетті өлім», «Тамұқтағы жалғыздық» және «Алты құрлық» әңгімелері енген.
Кеш шымылдығын ақынның қазақ даласындағы киелі мекендерге арналған «Кие» өлеңімен кітапхана қызметкерлері ашты. Шара барысында оқырмандар назарына жазушы шығармашылығына қатысты презентация ұсынылып, «Ырысты ыдыстар», «Қаһарман» мультсериалдары мен балаларға арналған «Үкілі әуен» телесериалынан үзінділер көрсетілді. Оқырмандар сұрақтар қойып, қаламгердің өмірі мен шығармашылығымен толық, жан-жақты танысты.

Аяжан АЛДАНАЗАРОВА,
Н.Байғанин атындағы облыстық
балалар кітапханасының кітапханашысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір