МЕНІҢ ФАРИЗАМ
Сол жылдары «Қазақстан пионері» газетінде жұмыс жасаған ақын Ырза Қунақова бір күні қоярда-қоймай ауылына шақырды. «Алдағы сенбі-жексенбінің бірінде ауылға барып аунап-қунап келейікші», – деген. Фариза маған: «Ертең Ырзаның ауылына барамыз, өзі кеше кетті, күтем дейді. Дүкенге соғайық, не аламыз?», – деді. Сен барасың ба, бармайсың ба деп сұрамайды да. Өзі шешім шығарады, өзі қояды. Ал маған бұл демалыста Қуанышкерей деген немере ағайын отбасымен келмекші еді. Оларды шегеріп қоюға тура келеді. Өз ағамды кейінге қалдырып, Фаризаның дегені болмақ. Оның көңілін қалдыруға болмайды деген түйсік мені бас изеуге мәжбүр етеді. Оның үстіне, ауылда Ырза ақын күтіп отырса, оның да пейілін сыйлау керек қой.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА
Сонымен, Тарғап жаққа Сашамен жолға шықтық. Таулы, қырлы, жап-жасыл Жетісу даласы сұлу ғой, шіркін! 108 нөмірлі қара «Волгамен» кірдік ауылға. Сұрамай-ақ таптық Ырзаның бауырлары тұратын үйді. Төрге оздық. Фариза Сашаға: «Жүре бер! Ертең түстен кейін келіп, алып кетесің», – деп қоя берді. Ағайындар мәз. Бір үйге үш ақын қыз жиналдық. Аман-саулық сұрасып болып, жерге жайылған дала дастарқанынан бауырсақпен шәй іштік. Түйіліңкіреп отырған Фаризаны түрттім де: «Бұл жерде редактор Фариза жоқ, жай қонақ қыздармыз. Кішкене қабағыңды жазып отыр», – дедім. Ол сәл күлімсірегендей болды. Бірақ ұзаққа бармады. Кешікпей осы елдің салты бойынша есікке бұйра-бұйра ақ тоқтыны сүйреп әкелсін екі жігіт. Ырза жүр мәз болып: «Бауырларым бата сұрайды, Фәке»,– деп. Ол кезде Фариза бұл салтты біле бермейтін. Маған қарап: «Бұл немене? Мынаны да бұлдап соя ма? Кешеден бері қуырдақ дайын шығар десем», – деп күңк етті маған. Бата беретін түрі көрінбейді. Мен орнымнан лезде тұрып, «Сәл шегініңіздер, мен бата берейін», – деп есікке жылжыдым. Білгенімді айтып, бет сипап келдім. Фариза-мінезге үйреніп болған Ырза құптап жатыр. «Мен екеуіңізді бөлмеймін ғой, бата қабыл болсын! Бұл біздің елдің салты», – деп күлімсірейді. Сонымен, ауыл сыртындағы бұлаққа барып қайтуды ұсынды Ырза. Тамақ дайын болған соң өнерлі жастар келмекші, ән айтқызбақ жоспары бар екенін де аңқылдап жайып салды. «Бүгін біздің үйде кішігірім той» деп алақанын бір-біріне үйкеп қояды. Бұлақты көріп, ауа жұтып, үйге қайтарда Фариза тұп-тура кіп-кішкене балаша маған: «Ақұштап, менің қарным ашты», – десін. Мен Ырзаға келіп, «Шәй даярла» деп сыбырладым. Қазан далада қайнап жатыр екен, қуырдақ әзір дайын емес. Тандыр нан, өрік-мейіз, ауылдың майы мен талқаны қойылған дастарқаннан тағы дәм таттық. Ең қиыны – демдеген шәй емес, Фаризаға шоққа сарқылдап қайнаған қою шәй керек еді. «Ақ құманыңды шоққа қойғыз», – дедім Ырзаға. Қарны ашқан Фариза екі кесе ғана шәй ішті. Қабағы қатыңқылау. Ауыл жайлы, мектеп жайлы бір-екі сұрақ қойды. Үнсіздігі ұнжырғамды басып барады. Тамақты түртіп ішетін әдеті маған таныс қой, бірақ осы жолы қуана күткен ақынның үйінде өзін қалай ұстау керегін мен де білмей дал болдым, мазам қашты.
Кеш түсті. Ас келді. Ауылдың өнерпаз жастары келді. Олар да аңқылдап келгенмен, пәстеу сөйлесіп, тыныш отырды. Ырзаның бауырлары ет турауға кірісті. Ауылдас ағасына бас тартты, Фаризаға төс берді, маған бір жілік тиді. Фаризаның дастарқанға ұмтылатын түрі жоқ, мен ұялып барам. Қарным ашты дегені де есімде. Негізі, әлгі шәйда жеген бір үзім тандыр нан мен екі қасық қаймақ оған бір тәулікке жетіп қалатынын білемін. Ал төсті ұстамағаны өте ың-ғайсыз болды. Табақтан екі-үш рет ұмтылып, іңкәл алып жеді де, қашықтап отырып алды. Сонымен, қонақ күткендер де мезі, мен де мезі болып, сорпа ауыз тиіп, дастарқан жиналды. Ауыл өнерпаздарының бір-екеуі ән салды. Жетісу даласының майда қоңыр дауыспен айтатын халық әуендері. Мен қатты шаршап кеттім. Ырза болса, Фаризаның бір жері ауырып тұрған шығар деп жорып, қонақтарымен қош айтысты. Мен оңашаға қалғасын Фаризаға жақындап, құлағына: «Енді сен менімен өлең оқымайсың, мен сенімен қонаққа бармаймын», – дедім. Ол үндеген жоқ.
Көрпеге толы ауыл бөлмелерінің төргісіне жерге жатып ұйықтадық. Таңғы шәйдан да бір-екі кесе ауыз тидік. Ауыр мінез бәріне де әсерін тигізді. Үйдегілердің көбі үнсіз отырып шәй ішті. Тағы бұлақ жаққа кеттік. Саша келгенше уақыт өткізу керек еді. Жолда аздап ақыл қостым.
– Адамдар пейілін таптамау керек. Келдің, енді шыда! Патшаның қызы емессің, құм бораған Гурьевте қазанға піскен балық жеп өстің ғой, – дедім.
– Қайтейін, мінезімді қайта жасай алмаймын. Түріме қарамай осындаймын. Ұнатпасам, өзімді өзгеше көрсету қолымнан келмейді, – деді маған.
Түс ауа Саша келді. Алматыға қайттық. Не болды, не ұнамады, ол жайлы әңгіме болған жоқ. Ырза болса, «Фаризаш ауырып қалды-ау осы» деп қиналған кейіп білдіріп, қала берді.
Мен бір апта бойы Фаризаға хабарласпай, жұмысымда жүріп жаттым. Түрлі шаруам, жазуым бар емес пе?! Сенбіге дейін ол да шыдады. Бір күні телефон шалды.
– Асқар сенің мантыңды сағынып отыр, – деді.
– Келіңдер, түске манты дайын болады, – дедім мен.
Келді. Жазу үстеліме бір бет қағазды қойды. Менің шағын асүйімнен үшеуміз шүйіркелесіп тамақ іштік. Асқар мәз болды. Фаризаға баланы қуантқан қатты ұнайтын. Қай баланың да бар дегенін жасауға даяр тұратын. Түс ауа Асқар киноға бармақшы екен, екеуі соған кетті. Столға тастағаны жаңа жазылған мына өлеңі еді:
***
Бір жүрейік,
Қос дауыспен «Аққұмдай» бір ән салып,
Тұтқындасын ақынды қылаң шабыт.
Мұңдылар да еске алсын бақыт күнін,
Жанарларды тұрмасын тұман шалып.
Өмір – жасыл бақ емес, арналы құз,
Таба алмайтын сәттер бар қарманып із.
Бұл тірлікте түк емес кейде біздің
Ұғыса алмай, керісіп қалғанымыз.
Несі қызық, бар дәмін
Татпай кетсек, өмірге келіп тұрып,
Қуантпаса ол, жылатып, еліктіріп,
Кейде дауыл соқпаса, тыныштық та
Жібереді емес пе зеріктіріп?!
Бір жүрейік,
Жүзімізден арайлы арман ұшып,
Жанымыз дәл гүл құшқан таңдағы шық.
Бізді көріп, секемшіл мына жұрттар
Бас шайқасып, дал болсын таңданысып.
Осы өлең менің столымда ұзақ уақыт жатты.
Ол жылдары Жазушылар одағының әдебиетті насихаттау бюросы жемісті жұмыс жасады. Үш қаламгерден тұратын ақын-жазушы ел аралайтын. Қызықты кездесулер, оқырманмен әңгіме, «Ақындар айтып кеткен» деген тапқыр ойлы шумақтар ел аузында гулеп тұратын бір қызық дәурен еді.
Бір күндері жазушы Шәрбану Құмарова сондай сапардан көңілді оралыпты. Қызылорда облысын аралаған қаламгерлер Аралға соққан. Қызықты кездесулер мен ән-күйге бөленген думан-кештерде ән салған Шәрбану бір өнерлі жігітке ұнап қалады. Махаббат деген де ойламаған жерден жабысатын дерт қой.
Ол кезде Шәрбану Ырза Қунақовамен өте сырлас, арасынан қыл өтпейтін дос болатын. Ал Ырза Фаризаның редакциясында жұмыс жасайды. Мен «Жұлдыз» журналында ақын Мұқағали Мақатаевпен бір бөлімде отырам.
Таңертең жұмысқа келген бетте Фариза телефон шалды.
– Бүгін түскі шәйді біздің редакцияда ішеміз. Дастарқанды Ырза дайындап жатыр. Шәрбану әдебиетті насихаттау бюросымен елге барып қайтқан, бір жаңалық әкелген дейді. Анық-қанығын өз құлағыңмен өздерінен естірсің, – деді.
Қазіргі Көкбазар жанындағы Баспалар үйі ол кезде ғажап көңілді сияқты болатын. Қалам ұстаған журналистер мен ақын-жазушылар, газет авторлары бірі кіріп, бірі шығып, пікірлесіп, сөйлесіп, жазғандарын редакцияларға апарып, сәлемдесіп, сырласып, у-шу боп жүретін. Жиналып шәй ішетін де уақыт табылатын. Біздің де шәйіміз бұл жолы әрі дәмді, әрі көңілді болды. Шәй үстінде Ырза қуанышы қойнына сыймай тұрған адамша ынтыға сөйлеп, көзі күлімдеп:
– Қыздар-ау, сіздерден мен сүйінші сұрағалы тұрмын. Біздің Шәрбан сыңарын тапқан! Осы сапарда бір ғажап өнерлі жігітті кездестірген, оны ұнатқан, өзі де ұнаған. Серт берісіп, сөз байласып қайтқан. Міне, өзі отыр, кешікпей той жасаймыз! – деді.
Шәрбан да жылы жымиып, бақыттың құшағында балқып отыр. Бір қаламдасымыздың жар тапқанына неге қуанбасқа?! Біз де құптап, қуанысып қалдық. «Әйел – қырық шырақты» деген ғой, өзі әнші, өзі биші, қаламы бар, келбеті де келісті Шәрбану бақытты болуға лайық деп қуанып тарадық шәйдан.
Кешікпей, күткен күйеу де жетті. Алматының бір ресторанында шағын той өткіздік. Тойға Әбіш Кекілбаев бастаған Шәрбанудың курстастары келді. Асанәлі Әшімов Майрасымен болды. Жазушы, әртіс, ағайын-туыс Шәрбанның анасын ортаға алған көңілді кешті бірге өткіздік. Күйеу Аралдан келген Төлеу Қосанов деген сөз десе – сөзі, ән десе – әні бар, пішім де мол, шешен сөйлейтін, адам жатырқауды білмейтін көпшіл, пысық жігіт болып шықты.
Кештің орта тұсында ұлы сатиригіміз Оспанхан Әубәкіровке сөз берілді. Көңілді қауым жымыңдап күле бастадық. Оспанхан аға, негізі, шаршы топта суырылып сөйлемейді. Өзі жазған Ыдық-быдық – оның өзі. Ыдық-быдық сияқты бірер сөйлем айтады, ал жазғанын оқысаң ғой шегің түйілетіні. Жұрт назары түгелдей сатирик жазушыға ауған, тыңдап отырмыз. Ол болса, бір қорапты ашып әуре. Бірнеше қағазға оралған сыйлығын «тауып алды». Шыдамсыз біреу айқайлап жатыр. «Әй, Оспанхан, болсайшы! Ол не сыйлық таптырмайтын соншама?». «Асықпа», – дейді сатирик.
Одан төсқалтасын іздеп, арнау өлеңін тауып, оқуға кіріседі. Сондағы өлең:
Шәрбанжан, түстің бүгін келін болып,
«Танкібай», сен де жеттің ебің болып.
Екеуің бұдан былай ажыраспай,
Мәңгіге қалыңдаршы желімделіп.
Сыйлығым – «Суперцемент» деген темірді де, ағашты да қатырып тастайтын клей.
– «Танкібай» дегенім – Төлеу. Мен оны танкі деген сөзден алдым, – деді.
Сатирик ағамыздың сөзіне Фариза көзінен жас аққанша күлгені есімде. Бұл тойда мен Фаризаның өте көңілді болғанын бірінші рет көрдім десем, өтірік емес. Сол кеште күлкінің жоспарын бәріміз де орындадық. Өйткені, той қонақтарының арасында «бөтендер» болған жоқ. Жазушылар, ақындар, әртістер, ылғи таныстар.