Есімде менің сол күндер…

Еркебұлан Зағыпаров
Атамның ағаш таяғы
Жаныма болған саялы –
Ескі үйге барсам баяғы,
Көзіме оттай басылар
Атамның ағаш таяғы.
Уысыңа толса – аялы,
Шым-шымдап сырын жаяды.
Бағасын сонда сездірер
Атамның ағаш таяғы.
Бастырмай қалса аяғы,
Қапталдан келіп таяды.
Есімде менің сол күндер…
Атамның ағаш таяғы.
Сен едің – қайың баяғы,
Мен едім – адам саяғы.
Төбеден құртты әперген –
Атамның ағаш таяғы.
Қорғасын болып ой әлі…
Көңілімді қозғап қояды.
Ат болдың бүлдіршіндерге.
Атамның ағаш таяғы.
Өмірі өтті жай ағып,
Өзіңді ғана таянып.
Көзіндей болып қалдың-ау,
Атамның ағаш таяғы…
Сарытолағай
Сақтардың сарбазындай сан қарағай,
Бойында сап түзеген Сарытолағай.
Құдайдың бере салған құт мекені,
Тамсанып өтпес, сірә, жан қарамай.
Кезсе де табиғатты күз аралай,
Солдырмас сұлу жүзін Сарытолағай.
Самал жел екпінімен тербеледі,
Арудай мың бұралған қыз қарағай.
Бұл жерде кие жүрер таң аралай,
Саясы шипа берер жан жарама-ай.
Жарықтық, құшаққа алсаң, қуат берген,
Діңі зор, демі жұпар – балқарағай.
Талпынсаң Сарытолағай заңғарына,
Жетерсің жан қалаған арманыңа.
Қоржынбай, Жабай мөлдір бұлағы да
Меккенің тең емес пе зәмзәмына!
Қызырдан кие қалған байлауында,
Киелі аң-құс жортқан қойнауында.
Жұмақтың қақпасындай жанға сая,
Шыбынсыз жаз өткерген қойлы ауылға.
Болмаса табиғаттың тұғырындай,
Ақынның төгілер ме жыры бұлай!
Бойынан мін табылмас Сарытолағай,
Шеберсің неткен, шіркін,
ұлы Құдай!..
Жеменейім
Бойыңда күнде жүріп елемеймін,
Жаныма шипа берген, Жеменейім.
Күндерім зулап менің өтіп жатыр,
Аңырап ағытылған жебедейін.
Кеудеме соқса сарай сары уайымды,
Жағаңнан жаным табар жағдайымды.
Қауып ішіп кеудемнің отын басқан,
Жібітер балдай суың таңдайымды.
Жалғаннан кейде сен де жабығасың,
Тамшы су бермей арнаң тарыласың.
«Аялай алмады ма, – деп, – мына көп?»
Қаңсыған қарап саған қамығамын.
Ажал жетіп, татқызса тамшы уын,
Әзірейіл тосқанда жан шығуын,
Денем от боп жанғанда, тәнім кеуіп,
Ерініме тисе екен тамшы суың.
Мен емеспін болымсыз, ебедейің,
Қасиетіңді қалайша елемейін!
Дүниеден көшсек те сені тастап,
Қияметке дейін бол, Жеменейім.