ҚАЗАҚ ФАНТАСТИКАСЫНЫҢ ҚАЙНАР БАСТАУЫ
24.09.2023
474
1

Қазақ жазушыларының арасында ғылыми фантастика жанрында тұңғыш қалам тербеген де – Саттар. Рас, фантастиканың кейбір элементтері қазақ әдебиетінде бұрын да болатын, дегенмен ғылымның соңғы жетістіктерін негізге алған фантастикалық шығарманы алғаш рет Ерубаев жазды.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

  Бүгінде «Әдебиет майданында фантастика саласы кешеуілдеп дамуда» деген ұғым бар. Ұрпақ санасы Кендебай, Ер Төстік сияқты минут сайын өсетін, отқа салса – жанбайтын, суға салса – батпайтын кейіпкерлермен бірге өсіп, ержетті. Таусоғар мен Көлтауысар,
Желаяқ пен Самұрық – жақсы өмірді армандаған халық қиялының жемісі. Бағзыда көпшілік қиялдың ақиқатқа айналуын аңсады. Қазіргі технология қарыштап дамыған уақытта ұшқыр кілемді ұшақ пен зымыран, алтын құсатын есекті түрлі банктер мен банкоматтар алмастырып отыр. Роботтар, сымсыз байланыстар мен интернет желісінің жандануы да халық арманында ежелден бар еді.
Ал осындай қиял-ғажайып ертегілерін тудырған қазақ фантастикасының іргетасы қай уақытта қаланды? Әр арманында фантастика элементтері кездесетін халық руханиятында бұл жанрдың кенже қалуы қаншалықты сенімді?
«Фантастика» деген сөзді тіл ұшына алғанда көптеген адамдардың ойына Жюль Верн де қоса оралады. Себебі фантастика сияқты етек-жеңі кең жатқан шалқар жанрды Жюль Верннің жалғыз өзі талай жерге жетелеп апарған жоқ па?
Жюль Верн өзінің фантастикалық романдарымен, повестерімен әдебиетке ғылым адамдарын әкелді. Оның шығармаларын детективті ұнататын оқырмандар ғана емес, салиқалы ғалымдар да ден қойып оқыған. Мысалы, әйгілі К.Э.Циолковский: «Космос саяхатына мені атақты қиялшы Жюль Верн итермелеген еді. Ол менің жұмысымды осы бағытқа бұрып салды. Оның туындыларын оқығаннан үміт туды. Үміт ой жұмысына ұмтылдырды. Әрине, егер ғылым тарапынан қолдау көрмегенде құр ұмтылыстан ешқандай нәтиже шықпас еді», – деген екен бір сөзінде.
Кейде еліктеуден, басқалардың іс-әрекетін таңсық көруден алдымызға жан салмаймыз-ау деп ойлаймын. Өзгелер тарихын қайта жазып, өз-өзін ұлықтап жатқанда, өзіндегі жоқты басқадан алып, өзіне теліп жатқанда біз неге барымызды атап көрсетпейміз?.. Бізде бар… Тек мойындамай, мойындата алмай келеміз. Орыстың ойшыл ғалымы В.Беседин Саттардың әңгімесін оқып таңғалыпты. Ғалымның: «Қазақтың тұңғыш фантаст жазушысы – Саттар Ерубаев», – деп айтқанын да құлаққа ілмей келеміз. «Асықпаған арбамен қоян алар» деп жүргенімізде қызғалдағымыздан, қымызымыздан айырылдық емес пе? Бұлай демегенде ше… Ғалымдар айтып жүрген фантастика саласы, фантастикалық сюжет, фантастикалық бағыт, фантастикалық элемент, фантастикалық жанр – бәрі-бәрі Саттар шығармасында бар. Жазушы Абдул-Хамид Мархабаев «Қазақ фантастикалық әдебиеті» деген еңбегінде: «Рас, фантастиканың тарихын сөз қылушы бірлі-жарым қаламгерлер бар. Бірақ олардың кейбіреуі қазақ фантастикасының өмір тарихын С.Ерубаевтің «Келешек соғыс туралы» новелласы төңірегінен бастайды» деген. Басталған еді ғой!.. «Адамға тәлім айтқанда, қияға құлаш сермер адам бол… Суырдай ін аузындағы жайылысыңды ғана танып, інде туып, інде өлме» деген М.Әуезовтің сөзі Саттарға арналғандай. Жұлдыздай жарқ ете қалып, қазақ әдебиетіне жарығын шаша алған ақын, журналист, жазушы, қоғам қайраткері баллада жанрымен бірге фантастика жанрына да жол салған. Анау-мынау емес, ғылыми фантастикаға қалам тербеген. Бұл шығарма («Келешек соғыс туралы» новелла) жеке талдануға тиісті шығарма деп есептеймін өзім…
1937 жылы автор қаламынан туған бұл шығарма академик Вознесенскийдің қиялымен беріледі. Шығармадағы негізгі қимыл – Жапония империясын билеушілер төңірегінде өрбиді. Өкімет басына келген Жапон фашистері Совет Одағының Оралға дейінгі шығыс беткейін басып алуды ойлайды. Сол үшін профессор Кувясиді өлтіріп, оның өнертабысын соғыс құралы етпекші болады. Алайда, ультракүлгін сәуле таратып, адамды ұйықтатып тастайтын бұл аспапты қолданғанмен, көздеген мақсаттарына жете алмайды. Отызыншы жылдардағы, жалпы әлемдегі жаңалықтармен танысып, зерделеп отырған Саттар «Фашизм және соғыс» деген публицистикалық әңгімесінде: «Германия фашизмі мен Жапон империализмі күн тәртібіне жер жүзін қайта бөлу мәселесін қойғаннан бері халықаралық жағдай ашықтан-ашық соғысқа бет алды», – деп жаза келіп, жағдайды жан дүниесімен сезініп, түйсінген еді.
«Гитлер «Менің күресім» деген кітабында фашизмнің нені мақсат ететінін, нені көксейтінін анық көрсетті. Ол былай деді: «Ұлтшыл-социализм – бейбітшіліктің емес, соғыстың ғылымы (доктринасы). Германияға тек мықты қылыш қана көмек көрсете алады. Бұл қылышты жасап шығару – халықтың ішкі саяси басшылығының міндеті; Одақтас тауып, қамсыз ету – сыртқы саясат басшылығының міндеті»…
Германия Австралияны өзіне қаратып, Балтық теңізі жанындағы елдерді, Мемель облысын, Данциг, Ельзас – Латорингияны басып алмақшы. Данияның, Бельгияның, Чехословакияның бір-бір бөліктерін бағындырып, кеңес Украинасын, Неміс Поволжьясы республикасын тартып алмақшы. Міне, фашистік Германияның соғыс программасы»…
«Англияның ойынша, Германия теңіз флотын тек кеңестер Одағына қарсы жұмсайды деп ойлайды. Әрине, Германияның Кеңестер Одағына қарсы жұмсайтыны рас. Бірақ басқаға қарсы (мысалы, Англияға) жұмсамайды деп кім айта алады?»… Осы үзінділерден-ақ жазушының саяси жағдайларды түсіндіре келіп, көрегенділікпен болжам жасағанын көреміз. Бұл болжамның айна-қатесіз келгендігіне бүкіл әлем куә болды. Қай елдің қауіпті екендігін айта келіп, көптеген елдерге зерделеу жүргізеді. Тұжырымдай келе: «Қазір соғыстың отын жағушылар болып шығыстан – Жапония, батыстан – Германия шығып отыр», – деп топшылағаны сол тұста тайға таңба басқандай дәл айтылғанын тарих беттерінен оқып отырмыз.
Осындай қым-қуыт кезеңде үнсіз қала алмаған, заманынан оза туған Саттар «Келесі соғыс туралы» еңбегін дүниеге әкелді. Зерттеушілер «новелла» деп атап жүргенімен, бұл шығарма – қиял-ғажайыбының нәтижесінде туған нағыз ғылыми-фантастикалық туынды. Тың тақырыпқа түрен салған Саттар аталмыш шығармасында өзінің нағыз ұшқыр да ұтқыр ойлы, жан-жақты қаламгер екенін көрсетеді. Туындыны оқып отырып таңданбау мүмкін емес. Инерция заңына бағынбайтын ұшақтың көзді ашып-жұмғанша көкке көтерілуі, жүрекке жан бітіру, қан ауыстыру сияқты сол кезде ешкімнің ойына кіріп-шықпаған оқиғаларға куә боласыз. «Химия элементтерінің атомдық салмағын Исаак Нютонның байқауы бойынша, ақ түс – сансыз түрлі түстердің қосылған түрі, бұл сансыз түстер қосылып спектр түстері деп аталатын жеті түс береді: қызыл, қызғылт, сары қошқыл, сары, жасыл, көк, қара, көкшіл. Қызыл түс әуеге, суға қара, көкшіл түстен гөрі тезірек жайылады», – деген түйіні де керемет.
Мәңгілік өлмейтін жол іздеген жазушы «адам бойындағы қанды түгел ауыстырса, өмір сүру мүмкіндігі көбейеді» деп армандаған сияқты. Қазіргі медицина көз алдымызға келеді…
«Төменде жер зырылдап артта қалып жатты. Біз ұшып кеттік. Көк аспанға көтеріліп бірте-бірте жоғарылай жөнелдік. Жерде жыландай иіріліп Нева өзені қалды, сіріңке қораптарындай болып үйлер тұрды. Бірақ мотордың гүрілдеген қатты даусы жоқ, самолет қанатымен әуені тіліп, созып бара жатқан сияқты.
– Бұл не керемет, қалай ұштық, қайда ұштық? – дедім мен қорқып кетіп.
– Ертеңгі күнге ұшып барамыз, жаным, – деді ұшқыш болып отырған Лиза».
Міне, ертеңгі күнге ұшу сол кезде тек Саттардың ғана қиялына келген сияқты.
Генетика ғылымынан хабардар жазушы көбелек, камбала балығы, протер деген жәндіктер туралы зерттеулерді егжей-тегжейлі жаза келіп, мутация заңы туралы тұжырым шығарады: «Мутация заңы бойынша, қандай нәрсені болса да қоршаған орта өзгертіп жібереді», – дейді ол.
Бұл фантастикалық шығармасында да адамгершілік қағидасы, ұлт мүддесі – басты тақырыпта. Туынды желісінде жапон техникасының өте жоғары деңгейде дамығанына қарамастан, Рахметтің елге хабар беріп үлгеруі, профессор өз өмірінен гөрі Отанының тағдырын қымбат көріп, ойланбастан шешім қабылдауы, өз қанын Рахметке құю арқылы оны тірілтіп, жас ғалымға, ғылымға деген адалдығын көрсетуі – қай заманда да өзекті идея.
Өз уақытынан озып кеткен техникалардың соғысын жазушы: «Өртенген самолет, корабльдер, жарылған снарядтар теңіз ішін өрт қылып жіберді, теңіз қайнап асты-үстіне шығып жатты», – деп дәл бейнеледі. Бір мезетте бүкіл әлемге хабар жіберетін микрофонның өзі қазіргі заманның келбетін көз алдыға келтіреді. «Автожектор» атты қолдан жасаған жүрек-машинаны әкеліп жүргізді. Машинаның трубкасын Рахметтің желкесіндегі қан шыққан жеріне жапсырды», – деп, өткен ғасырда өмір сүрген қалам иесінің ХХІ ғасырдағы медицина жетістігін тап басып суреттеуі расында ғажап емес пе?..
«Қырмызыдай Қырымыңды, құлпырған Казказыңды, қазыналы Қазақстаныңды, топырағы сап алтын, тасы гауһар, меруерт, жоқшылықты білмеген, қуаныш пен бақыты бәйшешектей гүлденген бүкіл социалистік Отаныңды – самурай солдаттарының казармасы, Токио саудагерлерінің лавкасы етпекші болыпты ғой, – деді суық хабар», – деп жазғаны да тарихта айнымай орын алды.
«170 миллион адамның әрқайсысының бір-бір самолеті бар еді. Бұл бір кісілік кішкене авиетке еді. Авиетке кез келген жерден ұшып, суға да, далаға да, қырға да, ойға да қона беретін самолет әмпавия (амфибия) еді. Бұнда қанат жоқ, тұмсығы снарядтай сүйір, сондықтан әуе кедергісі аз болады да оқтай зымырайды. Соғатына 400 километр ұшады. Мұны басқару да оңайлатылған еді. Авиа­ция өндірісі орасан күшейіп, жеке адамның пайдалануына арналған кішкене авиеткелерді миллиондап шығарған. Арзан болғандықтан халық мұны ат орнына алған», – деген жолдарынан халық жағдайын ойлаған жазушының қиялының қазіргі ХХІ ғасырда да маңызын жоймағанын байқаймыз. Жол кептелісін болдырмай, қала көшелерінде түтінін будақтатып, қаланы ластап жүрген көліктерді ауыстыратын техника осы авиетке болуы да ғажап емес. Иә, бұл – болашақтың еншісінде. Ал осы көлік түрі М.Ефремовтің «Андромеда тұмандығы» романындағы фантастикалық жеңіл көлік – геликоптерге ұқсайды. Ефремовтің романы 1956 жылы жазылғанын ескерсек, Саттардың қанша уақытқа озып кеткеніне тағы да көз жеткіземіз. Оның үстіне, авиеткенің адамзат баласына пайдалырақ екенін жан-жағына тозаң себе алатындығынан анық аңғаруға болады. Күн сәулесін жерге түсірмей, ультракүлгін сәуле жерге өтпейді. Автор авиетке мен электр тозаңы арқылы қисынды ғылыми-фантастикалық шешім тапқан.
Өкінішке қарай, осындай фантастикалық туындылар жазған Саттардың есімі фантаст жазушылардың қатарында аталмай келеді. Қазақ әдебиетін зерттеушілер жазушыны әлі де терең зерттеп, оң бағасын береді деп сенемін. Өйткені қазақ фантастикасының негізін қалаған Саттар Ерубаев екеніне оқырман қауым ешқандай шүбә келтірмейді. Болашақта барлық істі техникалық аппараттар атқаратынын, ғалымдардың шеберлігі – техниканың шеберлігі болатынын көрегендікпен болжаған қаламгер әр туындысында ұлт­тық танымға да жете мән берген. Оның ғылыми-фантастикалық шығармаларын мұқият оқып отырғанда лирикалық-философиялық ой-сезімге бөленіп қана қоймаймыз, шығарманың өне бойында еске салынып отыратын жердің тағдыры, халық тағдыры көз алдыда тұрады. Қазақ перзенттерінің әлі адам баласы баспаған ертеңгі күннің иесі болуы, елін апаттан аман алып қалудағы ерен еңбектері шым-шытырық, тартымды да қызықты оқиғалармен өрілген. «Қандай жағдайда да ұрпақтар сабақтастығы, гуманизм, адам қауіпсіздігі алдыңғы орында тұру керек», – дейді жазушы.
Бүгінде жер беті өзгеріске, жаңалыққа толы. Жаңғырып, жасарып жатқан дүние… Қол еңбегі түгелдей автомат­тандырылды. Саттар туындыларындағы мүмкін еместей көрінетін детальдардың барлығы дерлік іске асты. Аз ғана ғұмырында ғылыми фантастиканың осынша элементтерін өз шығармасында бере білген жазушыны қазақ фантастикасының қайнар бастауы деп неге толғанбассың…
Фантастика – өте күрделі де ғылыммен байланысты сала. Ғылыммен айналыспаған адамның бұл жанрға кел­уі өте қиын. 1920 жылдарда-ақ қазақ жазушылары фнтастикалық туындыларды өмірге әкеле бастады. Қазақтың фантаст жазушылары:М.Сәрсекеев, А.Мархабаев, Т.Сұлтанбековтерді
Саттардың ізбасарлары деп тануымызға әбден болады. Жаңа тұрпатты ғылыми фантастикалық жанр Саттардан басталатынын дәлелдеп, қиын да жауапты саланы меңгерген жазушыларымызды айшықтай алсақ деген ойым бар. Сонда ғана ауыз толтырып айта алмай жүрген саламыз жанданады. «Ғылыми фантастика ақылды адамдар үшін жазылады» деген Дмитрий Байкаловтың сөзін ескерсек, осы жанрдың негізін қалаушы тұлғаны танып, таныта білсек, ақылды ұрпағымыздың да көбейері сөзсіз. Ғылыми фантастика ғылымның аша алмаған құпия, жұмбақтарының алтын қақпасы болуға тиіс.

ГауҺар ҚАЛИХАНҚЫЗЫ,
зерттеуші-педагог,
педагогика ғылымының
магистранты,
Шымкент қаласы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 19.10.2023 | 19:26

Өкінішке қарай, осындай фантастикалық туындылар жазған «Саттардың есімі фантаст жазушылардың қатарында аталмай келеді. Қазақ әдебиетін зерттеушілер жазушыны әлі де терең зерттеп, оң бағасын береді деп сенемін»-деп дөп басып айтылған. Гауһар Қалиханқызы өте керемет мақала жазғансыз. 20 жасында ғылыми фантастикалық шығарма жазған дара тұлғаны қазіргі ұрпақ білуге тиіс. Себебі қазіргі таңда 20 жаста үлкен қызмет атқарып, құнды дүние жазбақ түгілі тамағының тоқтығынан ойы ары аса алмайтын жастар көбейіп барады. Алаштың ардақты азаматы- Саттардың еңбегі, мәңгілік өлмес шығармалары арқылы ұрпақтарымызды ұлтжандылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелесек рухы мықты ұрпақ өсері сөзсіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір